КӘРІБАЙ МЕН ӘСЕТ
Кәрібай:
Алланың бір – Бісмілла – есімі, заты, Пенденің Хаққа міндет ниғыматы.
Сөйлейін саясаттан біразырақ, Бар болса, тыңдаушының иқуаты. Сыпырған томағасын қыран құстай, Жақсының көпке жеткен шарапаты. Қызыл тіл қалай тартсаң – солай кетсе, Жастықтың сол емес пе талап аты?!
Ал, енді, шіркін, көмей бипыңдасын, Сөзімді дәмсіз айтқан кім тыңдасын?! Қынаптан суырып алған наркескендей, Қызыл тіл отыз тістен жылтыңдасын.
Қалмасын жаңа сөзім ескідей боп,
Орғиын күрең төбел бестідей боп. Халайық, мені көрсе, бір таңырқар, Бау көрген ақсабанда ешкідей боп.
Атадан Хақ бұйрығы бізге тумақ, Атаның жұртқа мирас жолын қумақ. Жылмиып жай отырсам, кім сыр білер, Кетейін арғымақтай серпе зулап.
Ыңғайлы қанат – қолым сап алуға, Жақсының жуық едім жамалына. Азырақ жастан қалған бұл қыйқуым, Үйренген ғадет қылып қамалымда.
Сөзімнің қала берсін ұмытылғаны, Құп тыңда, мәжілісте елдің отырғаны.
Сөйлейін саясаттан білгенімді, Демесең, қай Мұрынның құтырғаны.
Әуелі сыйынамын патша, құдай,
Шайтанның шариғаттан жолы былай.
Жеріне тоқты сойып, топыр қылған, Бұлбұлы Орта жүздің мен – Кәрібай.
Біздің ел өсіп-өнген Қалба жайлап, Сонылап, ел үдерер малын айдап.
«Тамызда Көктұмада сияз бар», – деп,
Бұл істен хабар тапты түгел аймақ
Бойында Көкпектінің көк шалғында, Отырған Әуелекең бие байлап.
Сол кезде жиырманың төртіндемін, Асыр сап жүрген кезім, құлынша ойнап. Жетекте жас тайлақша жүрген кезім, Кете қойған жоқ едім шығып бойлап.
Жайсаңға біздің болыс қарайтұғын, Ояз деп он бесінші санайтұғын. Десетін Нарын елі – Жанболатты, Хабарасу болысын жанайтұғын. Молайып, Байжігіттің өскен кезі, Өзінен екі болыс тарайтұғын. Жарымы – Байжігіттің арғы бетте, Қытайға екі үкірдай қарайтұғын. Осылай үлкендерден ұғуымша, Санатқа кезім емес жарайтұғын.
Сиязға жүрмек болды болыс, билер, Әр жерге дайындық қып тігілді үйлер. Бәрінде тамашашы, әнші, күйші, Әр жерде сыбызғы мен тартқан күйлер.
Көктұма жалғас екен Еміл, Бақты, Жігітке жердің жөнін білген жақсы. Қытаймен шекаралас орын – дейді, Мәлімсіз сияз күні қанша, уақыты.
Байжігіт араласып Мұрынменен,
Санасып ерлер жағы білімменен. Жүруге бір жүз кісі дайындалды, Біреуден біреу естіп, білуменен.
Жүз кісі тәуекел деп түстік жолға, Кейі аяң, кейі мінген кекек жорға.
Жүйріктен тұлпар шауып, бәйге алатын, Будақтатып шығарған кез шаңды аспанға.
Жаңадан жүрген кезім өлең дарып, Қолыма екі ішекті домбыра алып. Атақты Көктұманың сиязына, Дәм тартып, мен де бірге қалдым барып.
Көргенім сиязды осы қадам басып, Именіп көрмеп едім, көңілім жасып. Жылында мың сегіз жүз жетпіс екі, Келіппін дүниеге есік ашып.
Келгенде он жетіге өлең айтып, Үн қостым, домбыраға перне басып. Ел жайын, ата жөнін, халық салтын, Үйретті көп өнеге ақылдасып. Алаңдап, бойым қызып тоқтамаймын, Тұрғандай бір керемет жақындасып. Келіпті Әсет деген ақын жігіт, Мүмкін, – деп, – айтысуың болса нәсіп.
Барып ем Тоқжігіттің қасына еріп, Атын баптап күтемін, бағып беріп. Қажеті кезегінде боп қалар, – деп, Үйреткен ата жөнін маған теріп.
Қазақша дәл тамыздың он бесінде, Бойына Көктұманың түстік келіп. Қатарлап тігілген үй, қайысқан қол, Қарасаң, таңғажайып көз жіберіп.
Найманның өскен жері – Қаракерей, Дұшпанның көңілін басқан теңдік бермей. Бәйгеге Найман баптап сан қосқанда, Жері жоқ Кәрібайдың қалған келмей.
Болғанда атам – Байыс, анам – Мұрын, Жеті атам Жолымбетке құйған нұрын.
Алдында қырық сан Қырым дес бермеген, Қай қазақ сөз сөйлеген бізден бұрын.
Жігітке оңай емес дүние қумақ, Нарқы бар осы сөздің талай тармақ. Арғынның Қаракесек Әсетіне, Сиязда тәуекел деп, салдым қармақ.
Табылмас жүйрікке ақыл жан сасқанда, Ақылдың сабыры – жерде, кілті – аспанда.
Бір жігіт Қожағұлда опат болып, Сияз қып, қытай, орыс бас қосқанда.
Арғын мен Қаракесек сөз сөйлестім, Алты арыс қырық сан Қырым бас қосқанда. Бас қосқан төрт үкірдай, елу болыс, Ұстады екеумізді қолдан-қолға.
Тағы бар жесір дауы, жердің шегі, Келіпті бұған бола елдің көбі.
Бітімге келу үшін бас қосыпты, Атақты Керей, Найман бай мен биі. Сараппен осы жолы теңелмекші, Арада бұрын болған өштік кегі.
Ту алып, тұлпар мінген елші халдай, Егескен күндер болды-ау екіталай.
Шығысып екі ханнан сексен шерік, Құрыпты патшалықты тартып сырнай.
Егесі екі жұрттың болып алды, Сүлеймен даулы болып ер Жалбағай. Ат шабыс, қыз қуар мен көкпар болып, Көрсетпек күш өнерін ер Молдабай. Қобызын дуылдатып Бұйдаш келді, Көрсетті екі жұртқа не өнерді. Осындай қызық, думан жиын болып, Таңқалдырды орыс пен қытай елді.
Атақты Ақсуаттың тышқан көзі,
Қысы еді-ау, қасиетті асыл сөзді. Пар ат жегіп, салтанатты пәуескемен Келгенін бұл жиынға елі көрді.
Сөйлейтін енді келдім біраз күйге, Жандарал алтын сурет таққан түйме. Күнін кес, мына дауды тез бітір, – деп, Кіргізді он екі би сияз үйге.
Кіргізді Бөкенші мен Мамырбекті, Демежан ғарып шешен, абзал текті.
Жайылған екі патша ел сиязында, Қаратты ауызына талай көпті.
Алдында Сүлекемнің ән шырқадым, Жинадым айқайменен тамам жұртты.
Байысқа болды ақсақал Бөкенші – нар, Білеуші, Тілепалды, Әзібай да бар. Асылбек, Қыдыр молла, би – Бекбосын, Омары Мерекемнің өңшең дегдар.
Тілеген, Қабдылсамит, Қалым болыс, Жапабай асыл бекзат – өңшең салдар. Ел дауы, ер құнына кесім айтпақ, Құралған сайыпқыран өңшең көкжал.
Арыстың өстіп кірдім қайырына, Бас қосқан қытай, орыс жиынына. Найманның шарықтаған қыраны едім, Түсем бе, байқаусызда жайған торға. Алаштың әлібі едім бейне алмастай, Құдайым, сапарымның артын оңда.
Сөйледім тыңдаушының қалағанын, Қалауға қасиеттеп жарағаным. Осындай шаршы топта жүлде әпер деп, Құрыштап, Төлегетай тағаладың.
Әсетпен сөз сөйлесіп осы жерде,
Арыстың сөз тыңдаттым даналарын.
Сүйтсе де, аты шыққан жампозбенен, «Тәуекел», – деп, өз ісімді шамаладым.
Жаратқан ғаршыл-күрсіл лауһүл ғалам, Біткен жоқ бұл туралы сөзім тамам. Халқым қалап, сенім артып, сөз берген соң, Сүйсінерлік сөз моншағын мен де табам.
Ісімді өзің оңда, Хақ Тағалам, Сиынар жарлыққа – деп, – ғалам саған. Бал жұтқан бармағынан ер еді, – деп, Келдім де, Сүлекеме бердім салам.
Сүлеймен Қабанбайдың баласы еді, Сауыттың оқ тимеген жағасы еді. Аралас, сүйек-шатыс, құдандалы, Солардың жолдастығы рас еді.
Бұрын да біздің жаққа келген еді, Азырақ ән тартқызып көрген еді. Аулына Шерекеңнің ертіп барып, Батасын ықыласпен берген еді.
Сүлекем, сәлемнен соң сөгіп кетті, Көрмеді бұрынғындай, сыртқа тепті.
«Ерім өліп, ырысым бұзылғанда, Кәрібай, көңіл айтпай, саған нетті?! Ақырып, төре, қара жинап бер!» – деп, Алдырып, бір домбыра жарлық етті.
Алдырып, бір домбыра қылды әмір, Қоймады ән салмауға Сүкем сабыр. Ішімнен Хаққа жылап: «Тәуекел», – деп, Жағынан күншығыстың соқтым дабыл.
Шақырдым Қабанбайдың аруағын, Жерді ойған Төлегетай салмағын.
Отырған он екі би, сияз үйге.
Көрсеттім ата заттан сөз ырғағын,
Ерлігін Сүлекемнің «Көл» деп айттым. Қозғалтпас талай жайын қарымағын, Әркімге тыйып жүрген зар-ылажын.
Жақас пен Әділбекті тең сөйледім, Алашқа өлшеу қылмай дәулет жағын.
– Ұрпағы Қабекемнің батырларым, Дәстүрін ұстаған ел ата бағын.
Қаракөк тұқымынан үзілместен, Ұстадың Қабанбайдың алтын тағын.
Ту алып, тұлпар мініп, ер Қабанбай, Күніне қырық сан қолдың жолын ашқан.
Тақ мініп, тәжі киіп Әбілпейіз,
Ұрандап, мұсылманға жарлық шыққан.
Қақ жарып қара қылды, қиып айтқан, Боранбай өз тұсында билік айтқан. Хан Қамбардың артынан ер Ботабай Алты алашқа әділ сөз түйіп айтқан.
Найманда ие болдың алтын таққа, Жерің жоқ есең кетіп жүрген жатқа. Сүлеке, ашуды қой, көш ақылға Ісінді бергеннен соң шариғатқа.
Бөкенші, Мамырбек пен елдің басы, Құн келсе, қалдырмайды жаман атқа.
Осындай ұлы жиын ойпаң жерде, Жарап ем сол ерлерге қолғанатқа.
Естіпті Әсет ақын бізді қазір, Сол жерде болған екен ол да әзір.
Екі айғай хан сиязда душарласып, Жиылып, мың жарым қол болды кәміл. «Бір Алла таразысын ауғызба», – деп, Дұғаға қол көтерді аға-бауыр.
Бас қосқан зор жиыны екі ханның,
Бірлескен мәжілісі хан, сұлтанның.
Ер кұны, қазақ жолы – ереже бар, Және бар шариғаты мұсылманның.
Дүниеге ойлап тұрсам, ғапыл едім, Аллаға құлшылыққа жақын едім. Сымпиып, сұр жыландай Әсет келді, Сөз сайлап, осылайша жатыр едім.
Тысы – ләмбік, іші – құндыз, камшат бөрік, Өзіне келді өзі, сәулет беріп. Үстінде шағи-шапан, қүлдәрі белбеу, Құбылып келді Әсет қырын беріп. Жиналған Керей, Найман құмарланды, Жүйрігі екі арыстың душар келіп.
Сүлекем оны-дағы сөгіп кетті.
«Сен де ән сал! Сауық қыл», – деп, жарлық етті.
Ол-дағы әзір жауап, бейпоз екен, Қиқулап, қоңыр қаздай сөйлеп кетті.
Ән салды буырқанып Әсет ақын, Байқаған оқып, тоқып сөздің парқын.
Төрт ұлын Төлегетай тең сөйлейді О да жаттап алыпты елдің шарқын. Ер екен, айтса, айтқандай жүз құбылған, Сыпайы сөзге шешен, ашық-жарқын.
Іркілмей салған жерден кетті желіп, Сезіндім шын тұлпардай бар деп қарқын. Алдынан екі ұлықтың ән шыққан соң, Қалың ел басып кетті қара барқын. Бір жазым сөзден оқыс бола ма? – деп, Бойсырап, көп толғанды біздің алқым.
Дүбірге көп қосылған ол да жүйрік,
Көрсетті сөзбен сөйлеп елдің нарқын.
Домбыраны Әсет шертіп, маған берді. Майысып, тілін тежеп, қасын керді.
Байқағанға тартымды, сөзі жүйелі,
Шығарды мандайынан ашшы терді
Сөзінің басы – мақтау, түбі – кекеу, Порымдап, осылайша сөзін терді.
Әсетпен айтысарлық түстім жолға, Мен сонда домбырамды алдым қолға.
Әсеттің кекесінін көргеннен соң, Намыс қып, барлық Найман отыр зорға.
– Сүлеке, біз Найманда мазалымыз, Түседі жатты көрсек ажарымыз. Перімнің ғайыптағы бәрін жидым, Келсе де, қазір жаудан ажалымыз.
Секілді қараңғыға сәуле берген,
Найманның жанып тұрған панарымыз.
Тез тапсақ, ақы иесін, сөз жүйесін, Көрінеді алынатын қамалымыз.
Көсілген кексе жүйрік болмасақ та, Көк зеңгір асқар таудай талабымыз. Аз сөзден көп мағына, – дейді халық, Таразы – алдыда тұр, сарабымыз.
Тындады екі патша, ел көзбен көріп,
Бола алмас, шіркін, дүние, жасқа серік Сонда Әсет домбырасын жұлып алды, Сөзімді ажал деген шажы көріп. Айғайлап, Әсет дауысын көтереді, Ақыл мен парасатқа бермей ерік.
Ән салды сонда Әсет шығанақтап, Кемсітіп Қәрібайды, өзін мақтап. Асылы ат пен құстың өзі болып, Қарғаны кетпек болды жерге таптап.
Түк қоймай аты-үстімді айналдырып, Сімердің балғасындай мыс қып қақтап.
Арындаған аптығын бір басайын – деп, Мен де ағыттым, сөз сарасын іле жалғап.
Кездескен дәл осындай хан сиязда,
Қытай, орыс патшалығы келген мұнда.
Айтысқа Әсетпенен сол жиында, Кәрібайдың маржан сөзін, халқым, тыңда.
Ел білді енді Әсетпен айтысарды, Жанжал қып, жағаласып, тартысарды.
Кәрібайдың бар көргені Әсет емес
Тарқатқан айғайменен сан базарды
Өзінен шерік төмен өлшеген соң
Бұл сөзге Қаракерей намыстанды.
Іздеді біреу шауып, мінә ағашты. Минутта алып келді қу ағашты.
Ішімнен Хаққа жылап, тәуекел деп Дауластым, жүдетпен деп қарындасты.
Әсет те буырқанып, әнге басты, Сөз тыңдап, жиналған жұрт анталасты.
Жүйріктен су төгілмес теңселгенде, Жау алар, батыр жігіт белсенгенде.
Әсеттің айғайынан шошымадым,
Мен-дағы «Келсең – кел», – деп шендескенде.
Тыңдады сөкпей, соқпай қытай, орыс, Жайсан – қала, Лепсі – ояз, Семей – облыс. «Кәрібай, қара басып отыр ма?», – деп, Ақнайман түртіп қалды Қалым болыс.
Айтысшы, бұл қашқынмен ұрыс салып, Тойпаңсып, неге отырсың шалыстанып?
Көкітпей бұл бәдіктің жазасын бер, Сөзімнің кем-артығын көрсін халық. Шабандама, біз – Арғыннан қалыспалық, Сөзіңді жақсы-жаман қарысталық. Осындай хан, халайық дулаған соң, Қалайша екі жүйрік жарыспалық?! Әсеттің даңқын білген бұрын халық, Бұрыннан да жүреді екен есіне алып. Бапталған екі арыстан, екі тұлпар, Таласып, бәйге обаға барысалық.
Жарқырап ақ маңдайы кім озады, Санасып, ер өнерін танысалық. Әсеттің сөзі биік көрінгенде, Бар Найман қалған екен намыстанып.
Әсет:
Мұсылман қайтарған жоқ қабағымды, Дағды алған көрсетейін амалымды. Қалым түртіп, бар Найман қостай қалдың, Көрсетші, кәне, маған зауалыңды. Жөн білсе, сені, Найман, қой, – деп айтар, Көтеріп, бос терлетпей обалыңды.
Отыр ғой сені Найман шағыстырып, Бір көрсін меніменен жарыстырып. Каңтарда қалшылдаған қарт бурамын, Байқасын жас тайлағын алыстырып.
Жұлайын екпеттетіп иығыңнан.
Бар Найман жер шұқысын, намыс қылып. Азуым бір тиген жер оңалмайды, Ойлама емдеймін деп, шатыстырып. Аруағым арындаған Арғын – Әсет, Қарамаспын Қарабайыңа мойын бұрып.
Қой, болмас, қорыққанменен кекесінің, Бір зорлық көрсетейін сөз ершімін. Ербеңдеп, иығыма шыға қалдың Үйреткен өзім тәлім, текешігім.
Кәрібай:
Мұнда мен ләбіз қылдым, «Иә, Құдайлап», Шақырдым екі ұранды Боранбайлап. Түйіліп, бұл қашқынды бір ілейін, Тас түлек – ақ иықтай көзім жайнап. Қондыбай Дүйсенбінің баласы, – деп, Бір күні Найман сені алар байлап.
Боқ-жының араласқан, пітіна құл, Қаларсың ат үстінде сорың қайнап.
Сыймаған ел-жұртына сен бір безер,
Емес пе жалған десең, халқым – айғақ.
Арғынның қаңғырғаны талай келген, Біреуі, мынау – Әсет, көзім көрген.
Бүтіндеп, Найманға кеп «ит көйлегін», Таңлақсыз «Жалғыз жүйрік – менмін! – деген!
Мың қойды өткіз судан серке болсаң, Былпылдақ жүз кісілік көрпе болсаң. Қазы шайнап, қаз мойынды сұлу жайлап, Өз еліңде жүрсең нетті ерке болсаң.
Әсет:
Ақынның ел таңдайды тамашасын, Ақылың – бойға қонған арашашың. Ежелден Арғынды артық жаратты Алла, Қалайша бәсеке қып таласасың? Қол созған қара нарға, сен, бір қанден, Өзінің байқамайтын аласасын.
Арғынның ауылы алты болғанда, Толықсып малы мен бас толғанда. Шошайған Найман екен жалғыз ауыл, Шамасыз арлы-берлі толғануға. Найманға Арғынекең пана болған, Жығылып туысы бір болғанына.
Кәрібай:
Найманнан – Белгібай бай жалғыз туған, Ескі сөз естуім бар бұрынғыдан.
Жасы кіші болғанмен берекелі, Келіп жүр Арғын жақтан көп қаңғырған.
Туыпты Белгібайдан тоғыз бала, Бәріне пана болған Хақ Тағала.
Барлығын әлпештеген Назым еді Берген соң қадір Алла артық сана. Арғынның алты ұлына есе бермей, Ел болып өз алдына жүрген дара. Білетін үлкендерден ұққан едім,
Бір жері бұл сөзімнің емес шала.
Әсет:
Арғыннан талай ақын шыққан кеше, Ешбірі берген емес Найманға есе.
Арысқа аты әйгілі бұлбұлдарым, Орынбай, Жанақпенен ақын Шөже. Сен де жолда қаласың шаң астында, Абайлап, өз әліңді біл ендеше. Құдай берген жел сөздің қазынасымын, Ешкім қарсы келмейді Әсет десе.
Әуелі сыйынамын бір жалғыз Хақ, Екінші, қолда мені, жақсы аруақ. Алмаған сөзден жүлде Сабырбайың Жеңіпті өмірінше біздің Жанақ.
Кәрібай:
Төреші бұл сөзіңе Арғын, Найман, Жеңілген ол Жанағың Нұрлыбайдан. Бас қосқан жеті болыс ел, ер Тана бар, Бойында Қарамола жеңіліпті.
Айтысып Орынбайың Кеншінбайдан.
Алмаған сөзден жүлде ақымақ Арғын Бейшара-ау, бейнет айдап келдің қайдан?
Алдыңда ақын аға, Кәрібай отыр, Ғибрат қып үлгі алсаңшы осы жайдан.
Бұл елге сұлтанбысың, ұлтанбысың, Қаңғырып, ей, бейшара, жүрсің қайдан?
Сыналар ер өнері – ел алдында, Кез болды екеумізге мына майдан.
Естісем, ақын Шөжең соқыр екен, Шыға алмай өздігінен отыр екен. Сандалып жоқты әкеліп қыстырасың, Ақының топ көбейтер осы ма екен? Жанұзақ, Сұртай, Жылтыр, ақын Түбек, Керіліп кер маралдай шыққан үдеп. Маржандай сөз кестесін жіпке тізіп.
Бәйгеден келген сызып түйдек-түйдек.
Естісең осылардың аруағын, Қаласың ақыл таппай, бекер жүдеп.
Әсет:
Арыстың жігін бөлген Сара бейбақ, Біржаннан о да көрген сөзден зардап.
Не шабақ, не шортан боп өшінерсің, Жазылған қашан сенен біздің қармақ?
Еріксіз ақырында тұралады, Қаншалық сайраса да, сілеп-қарғап.
Жеңіліп, шын масқара болмады ма, Басында ысқырғанмен, жыланша арбап. Білмейтін сөздің жөнін, елдің жайын Әкепті Найман сені маған арнап.
Емессің менің теңім сөйлесетін, Кәрібай, сен – тобышақ, мен – бір саңлақ. Әкелген қолдап-қорғап, би мен болыс, Мынаны әкетіңдер менен аулақ.
Кәрібай:
Ол – Сара бейбақ емес, анық саңлақ, Бетіне бар Арғының салған таңлақ. Біржанды қаңғып келген итше керіп, Әлі сенен кеткен жоқ өткен зардап. Сараның жауабының міні бар ма, Айтпапты қарағайды талға жалғап. Біржанды сең соққандай мықты жеңіп, Батыпты сүйегіне өткен зардап.
Сен үшін ел мақтаған үлкен олжа, Алсаң да, жалғыз тиын бірер жармақ.
Күн көріп кайда жүрсің, кімге сіңіп, Кім-кімге тең келмейді ойла, барлап.
Кімдікі ішкен асың, татқан дәмің, Сілеме, тіл тигізіп ел адамын. Көметін бүгін өлсең, Арғын бар ма, Адамсың ақылың аз, ойың шағын. Арғынға неге сыймай, қаңғып жүрсің, Бар болса, адамшылық баста бағың.
Әкелген құштар болып Найман бар ма, Сарнаған неге керек тіл мен жағың?!
Әсет:
Делбе ақын ұран салып ел мақтайды, Үйірін байсалды айғыр ат жақтайды. Қолыңды көрінгенге тарбайтасың, Көтеріп иығыңа қу тақтайды.
Көпіріп, ақынсынып елді алдайды, Ершімді ел ұғарлық сөз таппайды. Мінерге – ат, киерге киімі жоқ,
Көпестей мыңды айдаған алшақтайды.
Емініп, ешкі сауып, ескі киіп, Күн көріп, әрең-пәрең жан сақтайды.
Кәрібай:
Жүреді әркім де өзі пайдасына, Алланың рыздығын алмасын ба?! Бетіме қу тақтай деп қылдың салық, Қолыңдағы әкеңнің найзасы ма?
Арғыннан жалғыз тиын алғаным жоқ, Тентіреп елдеріңе барғаным жоқ. Жарыдың Найманға кеп, Әсет, атқа, Кетсең де, қазір өліп, арманың жоқ. Найманның садақасын күнде алсаң да, Екен деп анау-мынау арлану жоқ. Өзіңе келер сөзді түсінбейсің, Екенсің шын есірік, саңлауың жоқ.
Әсет:
Арғынның алшаңдадым еліменен, Ен дәулет еркіндеген беліменен.
Кәрібай, ауданыңды қойдым байқап, Қой жолдас бола алмайды бөріменен. Далада құс қонбаған бір шалшықсың, Боласың қайтіп теңдес меніменен? Жетпейсің шабыс түгіл желісіме, Сөйлесу маған ұят сеніменен.
Шыңғыстың ат жүгірттім көліменен, Байқасып ед талай саңлақ меніменен. Найманда сен де алмас, семсер едің, Тәңірім айтыстырды-ау сеніменен.
Кәрібай:
Арысым бір тыңдап қал сөз орайын, Жаратқан шопанды артық бір Құдайым. Қасқыр қылмай, шопан кылғаныңа разымын, Байлардың ұрлап жейсің арық тайын. Көрсетіп сол шопанның қасиетін, Құланың айғырындай қаңғыртайын.
Келсең кел, айтысуға сөзім дайын, Жеңіліп қалып жүрме, жеп уайым. Қасқыр болсаң, қанжығада көрісерсің, Ит қосып, тірсегіңді қидырайын.
Арғынның алшаңдаған ұлы десем, Сұранып нағып жүрсің аттың майын? Найманның шалқып жатқан дәулетінен, Жалғайсың жүрегіңді келген сайын.
Әсет:
Кім жетер ән-жырымның орамына, Ұлытау бір келтірер боранына.
Сені мен ермек үшін айналдырдым, Шын шапсам, жете алмайсың бараныма.
Кәрібай:
Құданың құдіретіне таңғалғандай, Ертеде Ғәзірейіл жанды алғандай.
Қырымның қызыл желін мен де жидым, «Сен тұр ғой», тамам Арғын сандалғандай. Сөз берген сөйлеу үшін патша–құдай, Сөз тізген маржандай қып тіл мен таңдай. Өрме жал үш Назардың жүйрігі едім, Көрген жан дүбірімді аңғарғандай.
Әсет:
Найманның тіл бұлғаман делбесіне,
Көрген жоқ қазақ шыдап сермесіме.
Алдына ақ патшаның ән салғамын, Сүйсінген жеті болыс ел кеңесіме. Қайраулы Қарқабаттың қанжарымын, Жүрмісің көзің жетіп өлмесіңе?
Арғында асыл текті адамым көп, Мен кепіл қолдан намыс бермесіме.
Кәрібай:
Арғынның тіл бұлғаман шатпасына, Үйтентек қазан бұзар от басында.
Жасыңда жарты мата көйлек киіп, Жылаушы ең Белгібайдың қақпасында. Найманда екі жүзді, мен – наркескен, Тұр ма екен көзің жетіп шаппасыма?
Әсет-ау, әлі-ақ сенің көзің жетер, Асыл кездік қын түбінде жатпасына.
Әсет:
Тұсы бір, заманы бір, тұрғысы бір, Тұлпардың бағы өлшеулі тауаны бір.
Ұлы жүз, менің теңім Үйсін екен, Кезікпей өз теңіме, құр мысым жүр.
Сөзімді өңменіңнен өткізейін, Жауапқа, жас тайлағым, сен дайын тұр.
Кәрібай:
Менің де атағым бар, аруағым бар, Даңқымды естіген жан болған құмар. Қалайша мен Арғыннан кем боламын, Кенжесі Жолымбеттің атам – Назар.
Арғындар дауысыма құлақ салар, Жарысса, бәйгені озып, Найман алар.
Тарихтың тамырына көз жіберсек, Арғыннан Найман ылғи алда болар. Арғыннан сөзге жетік ұл туған жоқ, Найманды сөзге жеңіп, жүлде алар. Байқарсың, мен – Найманның алтын тезі, Кезбені шекеге ұрып, жөнге салар.
Әсет:
Кәрібай, ұзын қандай, шолақ қандай, Қадірлі байға қонған қонақ қандай?! Сиықсыз, сипатың жоқ қайдан келдің, Жапанда жалғыз жауға тонатқандай? Секілді жүнін жұлған тырнадайсың, Маңыма түрің бар ма жолатқандай? Надансың, ғылым жақтан хабарың жоқ, Мінің көп айта берсем қолақпандай.
Кәрібай:
Батырлық, патшалық – бәрі байлық, Жігіттің қолын байлар, шіркін, тарлық. Кімде-кім өз елінде мырза болса, Болады сонда айтуға бойға салық.
Серілік, әумесерлік – бойға қорлық.
Жоқ болса үйде қажет нан мен шайлық. Бұлданып, қаңғып жүріп неңді алып ед, Басыңда баспана жоқ меймандарлық.
Әсет:
Есеп қыл, Арғын бай ма, Найман бай ма, Бақ-мүлкі бар Найманның Қарпықтай ма?!
Тоқсан құс, тоқсан қақпа аброты бар, Қай Мұрын өлшеседі Шорман байға? Баласы сол Шорманның кеше Мұса, Сермесе, қолы жеткен Күн мен Айға. Азулы Қарқабаттың арғымағы ем, Кез болдым өлшеспейтін қолау тайға.
Азулы ел айшылық жол өлеңім бар, Қаларсың түстік жерден сілең катып. Қаптал тонның битіндей бір жабайын, Аларсың сол арадан дәмін татып.
Кәрібай:
Есеп қыл Арғын бай ма, Найман бай ма, Бақ-мүлкі бар Арғынның Назардай ма? Қаңғыған Найманда Арғын толып жатыр, Қотыр ат арба шеккен қолау тайға.
Туысын сен сияқты тентіреткен, Жақының Мұса, Шорман ар қылмай ма? Ішінде Керей, Найман сөз таластық, Өнерді көрсетелік осындайда. Секілді Мұса, Шорман бар мақтаның, Шашатын тантық сөзді әлдеқайда. Шорманың Мұсаңменен тең келе ме, Баласы Келгенбайдың Шерубайға. Ұсынған шүйіншіге үш жүз жылқы, Танадай Орта жүзде мырза кайда?
Тыңдаған сөзімізді жан мысқылдар, Сауданы тез қайырған дәл қылмай ма?
Әсет:
Тең келер қай жақсың бар Жексенайға, Дұғасы қабыл болған Күн мен Айға. Баласы Жексенайдың мырза Айтқазы, Міскінге ен сап берген тоқсан тайға. Байлығы, жомарттығы, міне, осындай, Деушедім өлшемейін бұл маңайға.
Кәрібай:
Енді іліндім Тойке мен Көкебайға, Қалмасын кезегінде бұлар жайға.
Саны бар қошқарының дәл екі жүз, Тең келмес Жексенайың Кененбайға. Сүйкімді болсаң, мұнда неғып жүрсің, Еліне ер қадірлі деген қайда?
Әсет:
Шығарды Арғынға ұран – Қарқабаттан, Кәрібай, сөйлесеңші парасаттан. Болғанда Найман –жалғыз, Арғын – алты, Сол күннен кемшіл едің тізе қаққан.
Ежелден жер мен көктей ағалығым, Құр бекер сөйлесесің, Тәңір атқан.
Әрдайым айтқан сөздің өлшеуі бар,
Ем болар артық сөзден ауыз тартқан.
Кәрібай:
Шығады Найманға ұран Қабанбайдан, Саналы ақылды би – Боранбайдан.
Жолымбет оң қанатын мыңға жайған, Мал басы бірдей өсіп тау мен сайдан. Көшкенде тоқсан нарға жүгі сыймай, Озбаған қазақ халқы Бұланбайдан. Мүлгіген жүз жаяуға ат мінгізіп, Әбіштен оза алмаған Арғын-Найман. Затыңның қомағайлық – құлдығынан, Жеңілген Тіленші ағаң Кегенбайдан. Бөлінсе, тоқсан ауыл жоқтамайды, Қай Арғын басқа өсімді Тоқабайдан?
Әсет:
Кез болдың ажалыңа сен, Кәрібай, Шықпайсың топтан тірі жалбырамай. Ат сауырын бермеген мұсылманға, Итқұсты, Нұрмұқан мен Досан, Жанай. Найманға сөзден есе берген емес, Байлығы, батырлығы ұшан-теңіз.
Ол түгіл бір шабақтай болсаң қалай? Баяғы Сартай, Құсбек, Шыңғыс төрем, Жол айтқан мұсылманға талай-талай. Жиылса, қырық сан Қырым жол бермеген, Барында Мұса-Шорман, ер Құнанбай.
Кәрібай:
Ел озбас алты Байыс ұруынан, Айтпаймын өзге Найман қырымынан. Басы – мұхит, аяғы – Қара теңіз, Дариға ғайып ерен тұқымынан. Аттанса, ертең ерте кешке жетер, Желіде ұзын жатқан құлынынан. Ел екен, Уәли мен екі Құтым, Аспаған қалың тоғай құрығынан. Ер Қасен, бай Мұрсәлім, мырза Ыдырыс, Күйзелмес алты мың үй ұлығынан. Айтайын Жолымбеттен бері қарай, Жауапқа дайын тұрмын ұруымнан.
Құнанбай, Құсбек, Сартай, Шыңғыс, Мұса, Талай кедей зардап шеккен болып құса. Шорман – Мұса зорлықшыл қылығынан Жер ауып не көрмеді Жаяу Мұса? Байларың көп, бірақ та қайырымсыз, Нашар мен кедейіңді сор қайнатса.
Әсетжан, бәрін айтсам жабырқарсың, Салтанатына Найманның таңырқарсың. Қашып кетіп, өкпелеп, көңілге алып, Әзірге доғарайын сөздің артын.
Ер Молдабай мәнжүрмен күрес алып, Орыс, қытай таң қалды көрген халық. Қысырақтың үйірі ат пен түйе, Бас жүлдеге ақ жамбыны кетті алып.
Жылқысы Ақшабайдың алтын шұбар, Ақ-қара, қоңыр-жирен, көп түрі бар.
Құланның айғырымен шағылысқан, Күміс құндыз жалтылдап, көз тұндырар. Көненің көзі болған асыл тұқым, Тарбағатай, Ақсуатта әлі де бар.
Жат елдің адамдары таңғалысып, Жылқыны бір көруге болған құмар. Жүз тайлақ атанған Бәтіш сұлу, Шөбересі Ақшабайдың қызы болар. Құр бөсіп мақтанасың, «Арғынмын», – деп, Бұларға тең келетін қай жақсың бар?!
Тізсем бәрін жақсыларым таусылмайды, Найманға арғындарың тең келмейді. Онан да жеңіл-дағы жолымды бер, Ұмытпай Тәңірменен бір Құдайды.
Әсет:
Сүйіндік сөз сөйлейін Қарашордан, Түстікке көше алмайды дәулет молдан. Олжабай Орта жүздің батыры екен,
Құтқарған неқиратты түскен тордан.
Жарайсың бір сөткелік тоятыма, Қанатым аю ілген, бұған қомдан.
Арғынның осы бір ата озған жері, Анықтап, үзілместен кыдыр қонған.
Баласы Бекболаттың Тіленші би, Кезінде Орта жүзге болған қорған.
Төбемді аздан кейін көре алмайсың, Саулатсам бейпіл сөзді оң мен солдан.
Айдос, Қайдос, Жігітек – әкесі Олжай,
Бұларға кім тең келер білсең, болжай? Төртеуі бір атаның баласы екен, Ырғызбай, Көтібақ пен Топай, Торғай. Салыстыр осыларға болса аруағың, Өз обалың өзіңе, қалсаң, томай.
Кәрібай:
Салайын «Қарашорыңа» Байжігітті, Шаянбай, Ботабай мен екі құтты.
Қазақ жоқ малы халал Шайекендей
Ұстаған қажы Бөгіс жомарттықты,
Ұрқынан дәл он екі қажы барып,
Мақтан емес болып тұр дінге мықты, Жақастың мына отырған Сүлеймені, Қалмақтар Құлыстайдан қойдай ықты.
Бұл күнде хан Тоғастан Сасан шықты, Баласы Еркенженің Құрманқажы,
Бір күнде қырық сан қалмақты жерге тықты. Ерлікпен көп қалмақтың қанын төккен, Арғында батыр бар ма тыңғылықты? Еңсе үкірдай, шотайда Қонжа батыр, Қай қазақ өлшесуден үзді үмітті.
Жаз-қысы өлдік қой деп қу қаладан, Арғында жылап жүрген газет шықты. Барларың жоқтарыңа қайыр қылмай, Кереку, Семей жаққа елің ықты. Еліңнің ескі салты болған кекті, Кебек өліп, Қалқаман қайда кетті?
Рақымсыз, бауырсыз ел, ол – Тобықты.
Ежелгі ел тарихтан сабақ алмай,
Неге жимайд, қаңғығанын болса, мықты.
Олжабай заты – сіңбе, қырғыз еді.
Арғын да шикілігін білгізеді. Батырлығын, палуандығын қайрап салып, Нашарларға жуандығын білгізеді.
Тобықты Саптаяқ та батыр еді, Қалмаққа қолға түсіп жатыр еді. Құтқарған сол бұғаудан, түскен тордан, Найманның Тәукесі мен Тоғас еді.
Бағалаған қасиетін Найман елдің, Батырды Саптаяқтай естіп педің. «Тәуке мен [ен] Тоғастай батыр бол», – деп, Атапты екі бірдей немересін.
Әсет:
Арыстың асқан жері Ырғызбай бай, Арыста қай ұлың бар Ырғызбайдай?
Меккеге екі барып, дәурен сүрген, Бай ұғылы Өскенбайдың қажы Құнанбай. Меккеге Құдай үшін үй салдырған, Сауапты адамың жоқ сенің ондай. Алдында қажылықтың қылды жарған, Билеген әділдікпен төрт дуанды-ай. Тұсында Мұса бала қатар шығып, Жүрісі екеуінің кер бұландай.
Арапша, орысша оқып, түгел жеткен, Озып жүр Орта жүзде мырза Ыбырай.
Ұрхымен болыс болып ел биледі, Найманда дәл кімің бар осыған сай?!
Ғалымды білімменен қатар ұстап, Ақылы Орта жүзге жанған шамдай.
Таба алмай бұған орай сандаларсың, Қаншалық болсаң-дағы құр жез таңдай. Ойлама Арғын жөнін білмейді, – деп, Елінен осы күнде жүр деп шалғай.
Еліңде бұған орай кісі бар ма, Әйтпесе, тарт тіліңді былжырамай.
Тәкежан қатар шықты Оспанменен, Өзінің дізе қосып достарымен.
ІІІұбар, Ысқақ дегендер қатар жетіп,
Дұшпанын жексен қылды топтарымен.
Бәрінің жүлдегері Абай болып, Дұшпанын құрта соқты тосқауылмен. Көрдің бе жүлде алғанын өзің естіп, Бәйгеге мәстекті әкеп қосқаныңмен.
Кәрібай:
Тілеміс, құт Шаянбай, Танасымен, Боқбасар үлгілі би Жарасымен. Найманды арғындай қып жау алған жоқ, Барақтың қыбыладағы панасымен.
Билеткен Тобықты кеп Қаратайға, Көп жеген Құнанбайдың парасынан. Қали, Орман Қарамолла сиязында, Ұстаған Ыбырайдың жағасынан.
Саламын Ырғызбайға Тоқабайды, Орайын тарихыңа үш Жанайды.
Жамантай, Назарбелі, құт Бәйтеке, Түп-түгел жисаң, Арғын арзымайды. Ырсақ, Сары, Қарабай, Қожетпен – төрт, Көрдің бе Жанболаттай өскен байды?
Найманның Сарыарқасын сая қылып, Өз елін мақтауды Әсет ар қылмайды. Наймандай қоңыр көрпе халық қайда, Біріне-бірі өшігіп, қар қылмайды.
Тілеуберді, Әлқанның заманында, Ыбырай озып па еді одан Мұса.
Тозбай ма Тобықтыдай саржомартым.
Еліне Ыбырайдай обыр туса.
Кәрібай қара даудан алғызбайды.
Осындай жерден санап, өрен қуса.
Қаратай Тобықтыға болыс болды.
Бар Арғын бұл сөзіме болар құса. Арғын келіп, Найманға хан болған жок, Мінеки, озғандығын білсең нұсқа.
Ей, Әсет, саған өлең біткен дарын, Мұндайда кім аяйды қолда барын? Сөйлесіп Ыбырайың Бекбосынмен, Аузының білмеймісің буылғанын. Бөкенші Қаратайды қатты сөгіп, Апшысын естімеп пе ең қуырғанын. Жалмаған бірін-бірі бөрі бауыр, Осы ма бар мақтанып, бу кылғаның?
Бес ұлы Құнанбайдың болыс болып,
Шоқынып, бәрі бірдей орыс болып, Семейге Ыбырайды қаматты елі, Тұра алмай, Тобықты іші қоныс болып. Бура қызы Уазипа кепілге алып, Босатқаны бар шығар есіңде анық. Залок төлеп, бес жүз сом алып шықты, Сүргінге айналғанда кетуге алып. Арғын тұр ғой, Тобықты жоламады, Іздейміз деп Абайды несін барып. Бөрі бауыр, қандықол, өңкей жемқор, Осыны да мақтайды-ау есіл халық.
Әсет:
Бір бай бар біздің елде Иса деген, Жылына жүз ту бие соғым жеген.
Өзге бақтың қисабын не қыласың, Кәміл бар жылқысы да бірер түмен. Үйіне келген жаяу атпен кайтқан, Найманда болған емес ондай шүлен. Бар болса, бұған орай дәлдеп сөйле, Тұқымы қаракөктің жаппай кілең.
Кәрібай:
Манақтың сен естіп қайт мың мен санын.
Кәміл бар алты жүз мың ақшалары.
Ескі ақшаны жаңа ақшаға айырбастап, Семейдің құртқан жетпей төрт дуанын.
Еліңнің қаражатпен қараспаған, Қайырсыз неге керек жиған малы?
Түйесі қар үстіне боталаса,
Қастық қып, қасқыр жемес қозы-лағын. Ауылынан мың сан қонақ аттанады, Арғынға теңемеймін дәулет-бағын.
Үйірлі бай боп өткен бабасынан, Шұрылдап үйрек ұшқан сабасынан. Он мың қой, үш мың жылқы, бес жүз түйе, Бақ-дәулет қыдыр қонған о басынан.
Дөртуыл Омар батыр, Көпен болыс, Дұшпанның әлі аман жүр табасынан.
Ей, Әсет, түк шықпайды таласыңнан, Сен қарыз, құтылмайсың аласымнан. Ботабай, Құт Шаянбай – екі құтым, Аумаған алтын тағы баласынан. Жамболат, Сұрша, Байбол, Ер Қаптағай, Ескі үлгі адаспаған жобасынан.
Боқбасар, Қоман, Сасан обасынан, Әділдік билік айтқан турасынан. Бекіткен жүз түйе деп ердің құнын, Айталық куәлік сөз расынан.
Әсет:
Қаржаста бір құтым бар – Мұса-Шорман, Үзілмей келе жатқан ескі қордан.
Қазының бел баласы – Сәдуақас, Бағы өрлеп келе жатқан елде қайдан.
Кәрібай:
Ей, Әсет, арғыныңды арқаланба, Жақсы деп кісілерің шалқаланба.
Дүние үшін, мал үшін арын сатқан,
Мәнсап үшін жанын қиған жақының да.
Мен айтсам, адамымды жарасады, Қай Арғын бұл сөзіме таласады?
Ақылды, адалдығы, санасы мол, Кедей-кепшік, кемтарына қарасады.
Тағы да есіме түсті мына бір жай, Арғында болған емес дәл мұндай бай.
Гүберналық, үйездік, жандаралға, Ақшамен шай қайнатқан Ақшабай бай.
Ақшамен самаурынды қайнатқанда, Петрдің шыдай алмай шыбын жаны.
Боғастың суы ақпай қалады екен, Бұланның суға түссе жылқы-малы.
Әсет:
Антұрған, Құдай ұрған, Тәңір атқан, Осыған қайтып сияр мұнша мақтан? Байжігіт беріп жылқы, саумал ішті, Зәлім де одан бұрын қулық артқан.
Көңілге келген істің бәрін мақтап, Менімен сөйлестің-ау әбден шатпан.
Өз іші Байжігіттің ала болып, Шабылып, Қамбар төре түсті тақтан.
Еліртіп Байжігіттің надан елін, Жолына ер Қамбардың құрды қақпан.
Кәрібай:
Естідік қой Ақсуаттан Тышқанкөзді, Атамыз қасиетті шешен сөзді. Салып ед Ақсуатқа алтын сарай, Мінеки, оны-дағы көзің көрді. Ақ бөлке, ақ тоқаштың исі мүңкіп, Дүрілдеп жүріп жатқан диірмені.
Прауиласы ағаш үйде орналасқан, Бас қосатын Жанболаттың жиын жері.
Саялы қалың тоғай көлеңкелі, Моншасынан тазаланып кеткен кірі. Мысырдың шаһарындай сайрандайтын, Масайраған Жолымбеттің қалың елі.
Әсет:
Кәрібай, хат білмеген сен бір надан, Наданның ғылымы жоқ көңілі қараң. Әуелі Хақ, одан соң Нұқ пайғамбар, Менімен сөйлесесің қай арадан? Талғаусыз дін исламнан караңғысың, Түсінбей шариғатты қалған надан. Көрінген әр жұмысқа жармасасың, Кісідей суға кетіп, тал қармаған.
Жынды бота секілді бір делбесің, Сені де ақын дейді-ау аңғармаған.
Кәрібай:
Бола алман енді молла сенен оқып, Өз дауымды аткелдейін іштен тоқып. Ғылымды молла болсаң, әкеңді күт, Зар илеп жүр, өкпесін кене шоқып.
Мінген ат, үстіңдегі киген киім, Былтыр емес, сөйлеші, биыл кімнен? Өлетін баладайын көрге қашып, Бар болсын күнің бүйтіп ғылым білген. Елден тілеп аласың тоқты-торым, Бүтіндейсің жейдеңді жетсе қолың.
Халифа болсаң, күтсеңші ата-анаңды, Арылтсаңшы басынан соның сорын.
Қу мүйізді құшақтап әкең жүрсе, Қайтіп қана болады сенің жолың?
Әкең қоян болғанда, сен – бір көжек, Осылай деп айталық, келді кезек. Өз әкеңді алдымен сыйлар едің, Ғалым болсаң оқыған алтын өзек.
Әсет:
Кел бері, сөйлеселік шариғаттан, Фанихат, мағрифат, тарихаттан. Есесі әлгі сөздің бұл емес қой,
Барасың қайда лағып, Тәңір атқан.
Оң сөйлесем, лағасың теріс сөйлеп, Әдетің бе үйренген бала жастан? Қарапайым дал ұрған делбе екенсің, Ақын ғой деп ойлап ем елден асқан.
Кәрібай:
Баққаны патышаның жаяу солдат, Жегені құйрықты қой, сұлу жалды ат.
Әкең менен шешенді күтпеген соң, Кірмейсің түстік жерге келсе жаннат.
Ей, Әсет, сенің өзің пәкене құл, Емессің нақтылы Арғын, шәкене құл. Кеміртіп қу мүйізді жылатқанша, Қалпелігің бар болса, әкеңе қыл.
Хадисте Хақ бұйрығы осылай ма, Беруге шариғатқа қылдым қимыл.
Сөйтсе де, маңайымды шала алмайсың, Өйткені, саған біткен кәпір – пиғыл.
Бар-дағы күшігенге шоқына бер, Болсаң да, тең келмейсің қанша білгір.
Білмейді деп ойлама Кәрібайды, Бармасам да еліңе, білем жайды.
Өзіңмен бірге оқыған ер Асылбек, Ерте күнде ұқтырған бұл ыңғайды.
Тапқаныңды үстіңе жапсырасың, Есті болсаң, сөзімді жақтырасың. Ата-анаңды қаңғыртып жүрген байғұс, Өстіп жүріп, кімге опа таптырасың? Өркеудесіп, өрекпіп, қиқаңдама, Сөзіміздің дұрысын ел сынасын.
Екеумізге төреші ел емес пе, Бірі өледі екі ердің, ерегессе.
Төрелігін күтуге сарапқа сап,
Сынға беру жұртшылық жөн емес пе?
Әсет:
Үш жүздің қыранымын шарықтаған, Емеспін қараторғай қалықтаған. Сөзім – бал, үнім – бұлбұл, көмейім – күй, Ақын деп атақ берді халық маған. Күнде той, күнде жиын жүрген жерім, Көтеріп ұлы думан сауық салам. Кәрібай, кейпің қандай нашар еді, Секілді күрең мәстек арықтаған. Өнермен ел ішінде жүрмін шалқып, Ұсынад күнде бір ат халық маған.
Көпестің қазыналы біріндеймін, Бақшаның жайнап тұрған гүліндеймін. Тұлпармын айлық жолды алты аттаған, Үш қабат ор қазсаң да, сүрінбеймін.
Өзің біл, мақтасаң да, сөксең-дағы, Ашу қып, ыза тартпай, күлімдеймін.
Кәрібай:
Ей, Әсет, сен немені сор қамаған, Жүйрік жоқ дәл өзімдей жорғалаған.
Арқаулы ой, асыл сөздің иесімін, Тамылжып, үнім көкте сорғалаған.
Екенсің өз сөзіңде қазыналы бай, Күніне мың мен санды олжалаған. Дейді екен орны тозақ шариғатта, Ата-анасын өмірде сыйламаған.
Алдымен ата-анаңды жиып алып, Ей, Әсет, сөз айтсаңшы сонда маған. Өз әкесін күтпеген шын надансың, Онан да үш айналып, бол, садағам. Жылқы емес, Байжігітім жамбы берді, Арғынға мал қажет деп іздеп барман.
Атамыздың байлығы сол емес пе, Қойнына сендей жетім қорғалаған. Қырып бәйге Қырымнан алдым, – дейсің, Әкеңді Көктұмада ит талаған.
Шақшамен әкең сатқан насыбайды, Бұл сөзді Айтмұхамет елге жайды. Мен Арғыннан Найманға барғаннан соң – Депсің ғой, – сөйлетпеймін Кәрібайды. Баянды пайда келер абайламай, Мына Әсет серілікпен жалтырайды.
– Мына дауды ұстасын би Тілеген, Жетісудың төресі Қоңыр деген.
Бар екеуің имамға жүгініс – деп, Ерегеспей, қой – деді хан Сүлеймен. – Оң, терісін айырсын шариғатпен, Қазылардың алдына барғаны жөн. Отырған он екі би кеңеске кеп, Шешілсін шариғаттың өлшемімен.
Әсет:
Сүлеке, жолдастықтан тайғандығың, Әсеттің сырын сыртқа жайғандығың. Артық-кемді өз алдыңда қарыстамай, Болысқан Кәрібайға наймаңдығың.
Кәрібай:
Ежелден сөзге жуан арғындығың, Палуансып тарлан мінген тарғындығың. Әкең менен шешеңді жегжат етіп,
Сұраған менен қисап малғұндығың.
* * *
Осындай ұран болды ақырайлап, Хан сияз қарап тұрды тамашалап. Қашты имамнан, мына Әсет жеңілді, – деп, Төре Қоңыр ұран салды одағайлап.
Тоқтатты Кәлім болыс, молла Қызыр, – Екеуің би сынарлық сөз айттың, – деп. Келіп елу теңгемен бетімді сүртті, Шықшытың талды ғой деп көп айғайлап. Бар Найман ұран салып, хан көтеріп, Бөленді тамашаға бүкіл аймақ.
Жігіттер Көктұмаға барған жерім, Дәміне Шұбарағаш қанған, жерім. Ер өнері кем болмай тауып емін, Әсетті сүріндіріп шалған жерім. Әсет тоқтап, Кәрібай жеңді – деген, Атақты хан сиязда алған жерім.
Сол жиында көрдім алғаш Әсет ерді, Аршыстық азды-көпті ішкі шерді. Адамда өз теңдестің жампозы екен, Намыс үшін шырқатып, төкті терді. Мен айтысқан ақындардың дүлдүлі екен, Ел-жұртым және өзімнің көзім көрді. Өнерді салыстырып сан жүйрікпен, Аралап көріп едім талай жерді.
Орыс, қытай бас қосқан сол сиязда, Таңқалысқан Керей мен Найман елі. Екі ұлы патшаның жиынында,
Атағым алты арысқа жайылып еді.