ӘСЕТ ПЕН ЫРЫСЖАН

ӘСЕТ ПЕН ЫРЫСЖАН

Ырысжан:
Бір таудың жан салмаған тағы кері, Шыдайды егес жерде ердің ері. Сыпайы, сынық қылмай, келтіріп айт, Болады өлеңнің де оқа-зері.
Сіз – Әсет, мен – Ырысжан, әлем білген. Екеуіміз тартысалық әрі-бері.
Қорғалап не қып отыр, бойын бағып, Жұрт бұлдап, тұмарлаған белгі тағып. «Адырға атар киік» дегендейін, Атпасаң, нысанаға келдің не ғып? Аянып өлеңіңді отырмысың,
Жұрт көңіліне құмардың отын жағып. Бара-бар Ырысжанмен деуші еді жұрт, Жүр екен өсекшілер босқа лағып.
Осы ма атақтыңыз Әсет деген, Бере ме өнер пайда көрсетпеген?! Топастау тор шолақтың біреуі ғой, Мұны кім сөз білгішке есептеген? Үрейің мұнша неге ұша қалды, Бұл жерде жалмауыз жоқ кісі жеген. Шаппайтын, желмейтұғын жорға десем, Семірген ақша майға екен көбең.
Әсет:
Басында нұрын мақтап, нәзік белден, Сөз ұғар нәсілі таза айтқан жерден. Қатты, жұмсақ сөзінің бәрі әдемі, Шыққандай тыңдаған жан қайғы-шерден. Алдыңнан адам шығар болмаған соң, Үйрендің қатаң шауып ылди-өрден. Тірі жан менен өзге туған жоқ деп Алыпсың күпір мінез әзәзілден.
Шөпжелке, шошаңдатпа таяғыңды, Дәндеген бастай берме баяғыңды.
Шарам кеңнен шабылған қара шормын,
Асықпасаң тартармын табағыңды. Албастыңды соғатын әкең менмін, Аңдап-аңдап басқайсың аяғыңды.
Ырысжан:
Сөзің қалай шығады қардан суық, Қасыма ақырындап келдің жуық.
Тасымалдап артынан әзер таптың, Апшыңды қуырайын сөзбен буып. Бес қазылық ой теңдік Сарыарқада, Арғын теңдік алып па менен туып. Алты ақын Аязбай мен Шашубайлар, Артымнан жете алмаған құстай қуып.

Дау айтып күні бұрын көрсетпелік,
Майданда озса жүйрікке есептелік. Орта жүз түгел білген Ырысжанмын, Үш кессе, қаукерім бар кесірткелік.
Әсет:
Дәндеп қапсың Аязбай, Шашубайдан, Болыпсың өнегелі үлгі жайған.
Қиюсыз мақтан сөзді сөйлегенмен, Қыран бүркіт жасқанбас бозторғайдан. Бошан түгіл Орта жүз түк қылмайды, Уақ, Керей жеңілген Арғын, Найман.
Сәулелі ой бар аңғарар сөздің түрін, Аңдамай бір сынайсың елдің сырын. Қарқаралы, Семей, Омбы, Қараөткелмен Білемін он дуанның ойы, қырын.
Екінші сөзін тектеп сөйлесін деп, Көрсеттім алты қырдан әннің түрін. Мінезіңнен, бойыңнан мін таптырдың, Қабағым емес еді қызға қырын.
Екі ердің ерегессе, бірі – өлер, Тең тартсаң, желқомыңнан қойман жырым.
Ырысжан:
Осы жерге бата беріп көп әкелген,
Айтыс, сен, Әсеағаңмен деп әкелген.
Кекетіп келген жерден ұрынады, Бойына таудан үлкен кек әкелген. Жар қадірін білмейтін әулекіге, Өлшемей, осы жұртым неге әкелген?
Әсет:
Бұ сөзің дұрыс емес, тәйір атқан, Байқадым шымбайыңа сөзім батқан… Тату дос шын ниетпен саған теңмін, Асылын өлшеп сөйлер жөнін баққан.
Айыр көмей, жез таңдай, қаусырма жақ,
Алты арысқа білінген әкең менмін,
Сөз тамырын байқармыз тартысқанда Жығылмай, түзу кетсең, ақын дермін.
Ырысжан:
Рас, ақын осындай дүрден шығар, Соқтадай сорақы сөз кімнен шығар? Қасқыр болса, қой жейтін анық сырттан, Арлансып, өз ойында жүрген шығар.
Арлан қасқыр екен деп жасқанам ба, Қайдағы қу сұмдық сөз сізден шығар.
Мен – Ырысжан екенін байқай алмай, Әншейін бір қыз ғой деп кірген шығар.
Әсет:
Тиер сөздің тиегін айттың шенеп, Көтермелеп өзіңді өрге демеп.
Кеудесі кең өрескел, албыт ауыз, Әдептен аттаған соң солай демек.
Ырысжан:
Ақынның тура келмей данасына, Соқтықтым жанып тұрған шаласына. Қоржын толмас бойыңның кескіні бар, Бойыңның көзім тоймас қарасына. Осы жұрт жөнін білмей соқтырады-ау, Майқының жұдырықтай баласына. Табысып, татулықпен сөйлеселік, Қыстырмай ұят сөзді арасына.
Әсет:
Топанның тура келдің тасқынына, Тасыған Ніл дарияның басқынына.
Бұйырған қай жұмысың толмап еді, Не кінә тауып отырсың жастығыма? Жанарлы жас кәдірін білмейтұғын, Жетті ғой жаңа көзім настығыңа.
Ырысжан:
Әсеттің біліп едім бала екенін, Жарқырап, жанып тұрған шала екенін. Жеткен жоқ жиырмаға жасым әлі, Ырыстың қайдан білдің кәрі екенін? Шалығын әр сөзіңнің абайлаймын, Шекеңнің ашуланшақ тар екенін.
Бағана көрген жерден байқап едім.
Бойыңда зор кесапат бар екенін.
Әсет:
Абайла, қызға жігіт дәрі екенін, Сүйікті, сұлу болса, жар екенін. Атжақты, албыт ауыз, көкіме қыз, Өңіңнің жаңа көрдім сары екенін. Мен қашан әжетіңе жарамап ем, Баланың қайдан білдің бала екенін?
Ырысжан:
Жіңішке бойың нәзік қылдырықтай,
Сүйтсе де, сөзің ұшқыр бұлдырықтай.
Қу бала-ау, бала демей, не деуші едім?
Көзіме көрінесің жұдырықтай. Қалай қашсам мойныма түсем дейсің ЬІңғайлы қашағанға тал құрықтай.
Қызығып, қыз екен деп далбаңдама, Тұйғынның жемін қуған кезқұйрықтай!
Әсет:
Өзіңе өзің болдың әулиедей,
Бақсыға аруақ қонбайды ел сүйемей.
Бәлендей затың таза көрінбейді, Болса да, бетің қызыл қан шиедей.
Ырысжан:
Қой, Әсаға осы сөзден адасалық, Азғана ақыл сөзбен жанасалық. Біреу үлкен, біреуіміз кіші болмай, Кел енді жасымызды санасалық.
Әсет:
Кәрі, жас айырамын беттің нұрын, Білемін жауабыңның бақсам сырын. Сынаспақ болсаң егер шамамызды, Жасымды мен айтпаймын сенен бұрын.
Есітіп алып, кетерсің кішірейіп, Қылт еткізбей білемін қыздың сырын. Ет пен сүйек толықсып түгелденіп, Болған жоқ анық толып түгел сыным.
Ырысжан:
Қараңыз, келістіріп келбетіме, Дауа жоқ сұрап алған бейнетіме. Әсаға, анық жасым баян болсын, Шығып ем он алтыдан он жетіге. Жастығымды танымай бет-бейнемнен, Жұртым-ау, жолығып па ем әулекіге? Қалайша көңлің толмай, олқысындың, Талай ер мас болушы еді сәулетіме.
Әсет:
Тағады теңге шашбау қыз артына, Жаққанмын жас күнімнен өз халқыма. Ырысжан, ынтаменен сырласайық, Шығып ем он бесімнен он алтыға. Басымнан сөз асырып көрмеген соң, Күйдірдім кәрісің деп сөз салтына.
Орнығып, ойқастамай сырласалық.
Екі сөз түгел келсін бір шартына.
Ырысжан:
Біреу ойда, біреуміз қырда екенбіз,
Мұқтажы көңіл, бара-бар мұңды екенбіз.
Көркем сөйле, жұрт тыңдап көңілденсін, Отырған халайыққа үлгі екенбіз.
Шешен тілі, шебердің өнері ортақ, Әр жерде ақылдыға жолды екенбіз.
Әсет:
Өлеңге ағып тұрған жел екенбіз, Жиылып тыңдаушыға мереке – біз.
Он алты, он жетіде айырма жоқ, Арамыз бір-ақ жылдық төл екенбіз. Көңілің баласынбай, жаңа орнықса, Қашалық Семей жаққа, кел екеуміз.
Ырысжан:
Қарқабат, Қаракесекті етпеймін бел,
Аузымнан ә дегенде заулайды жел,
Жігіттің қыз алатын түрі қандай, Нарқыңды айырайын, қасыма кел.
Әсет:
Мирасы қыз-жігіттің алған, берген, Басынан заман өтсе, арман көрген.
Құда түсе келгем жоқ, қыз айттыра Түріңді көрем дейсің салған жерден. Қасына сендей қыздың бармаушы едім, Бересің, барсам орын, қандай жерден?
Ырысжан:
Көшкенде жылқы айдаймын күрең кермен, Бозбала айқай салса сүрен бермен. Қасыңа қыз шақырса, тартынбай кел, Аласың қыздан орын сүйген жерден. Босағада отырып үйреніп пе ең.
Арқада аты шыққан хандарым бар, Ел кезген кедейлікпен аңғарың бар.
Әлде сен сонан қорқып отырмысың
Бұтыңда жыртық-жыртық шалбарың бар.
Әсет:
Өнерлі би, үлгілі хандарым бар,
Қадірлі, қасиетті жандарым бар.
Тұсыма шыдамастан сауда қылдым.
Әйтпесе, күн көретін малдарым бар. Жақсының жамансыз дос күні болмас, Бір киген қорушыға шалбарым бар.
Семейдің бір мырзасымен таныс болып, Осы жерде өліп кетсең, не арманың бар?
Ырысжан:
Қу бала-ай, сөз табасың не керектен, Қай сөзің дәл тиеді зеңбіректен. Олай десең, қасыма қорғанбай кел, Танимын ер сүйегін кебенектен.
Әсет:
Қол қойдым осы қыздың данасына, Көздеріңмен көрмесең, нанасың ба?
Алдап айтқан сөзіңе аңқау басым,
Аңдамай бардым жетіп дәл қасына Дұспаны өз алдына келгеннен соң, Бетімді тырнап алмай аясын ба? Әркімнің өзі шыққан тауы биік, Әсеттің беделіне қарасын ба?
Ырысжан:
Шапқан бірдей болмайды желгенменен, Мен жар болман көңіліңді бөлгенменен.
Алдағанға келесің адыраңдап, Қасыма не бітірдің келгенменен?
Ел аралап, бір жүрген сері десем, Бар екен талай мінің жөнделмеген.
Қарасам шалбарыңа жалбыр-жұлбыр, Алдағанда көнесің надан қылжыр.
Әншейін келемеж қып, кел дегенге,
Келуін шын өңмеңдеп, Құдай ұрғыр!
Әсет:
Сүйкімсіз қай-қайдағы сөзге барсың Құрбыңа қызыл гүлдей ынтызарсың. Итті де шақырып ап, ұрмаушы еді, Сен қандай екісөзді майталмансың?
Кигенің аяғыңа шегелі етік, Сылқым қыз жаралар ма сенен өтіп?! Әлгіде шақырғанда сүйдемеп пе ең, Заматта бұзыласың қылт-сылт етіп. Қасыңа сырыңды алса, шайтан келмес, Сен алдарсың әзәзілдей бір бұлт етіп. Сыртың адам, шақпалы тілің жылан, Барасың, қараң қалғыр, қайда кетіп? Қос түйме омырауда жарасып тұр, Келіп ем ұстайын деп, әуес етіп.
Ырысжан:
Қой бала, бұл сөзіңе сыналмаймын, Тіліңе жалған айтқан көне алмаймын. Иесі бар түймемнің, қолқалама, Құның жетпес қымбатты бере алмаймын.
Семейден бір салт атты келіпті деп,
Соңынан жолаушының ере алмаймын.
Қайда сенің қу мінезің көрінбейді, Бір кетсең, Қарқаралыдан көре алмаймын.
Әсет:
Қарашы, мына қыздың айтқан сөзін, Аудармастан қарайды екі көзін.
Кәрі қыз кәдірменен отырмаған, Маған түйме бермейтін кімсің өзің? Сен, құрғыр, жолаушыны менсінбейсің, Ежелден тар болмаса, сыр мінезің. Байқағанға паңдығың толып жатыр, Ұсайды Ебліске бой күйезің.
Ырысжан:
Аяулы Әсағаңның санасы бар.
Бойымда түйме деген жаласы бар.
Түйменің жөнін тапсаң, ұстар едің, Санаулы төрт-ақ жұмбақ бағасы бар.
Жол тауып, жүре алмасаң, көзіңнен көр, Сөз тауып, шеше алмасаң, өзіңнен көр. Төрт сөзім түгел тамам таба алмасаң, Түймем саған тимейді, өзіңнен көр.
Ізденіп, таба алмасаң, далаға кет, Екі көзің телміріп, қалаға кет. Түймемнің төрт-ақ ауыз жұмбағы бар, Таппасаң, шұлғауымнан садаға кет.
Әсет:
Ерегіс майдан құрдық екеу ара, Соқтығып, алаяқпен жеке-дара.
Қорғанып қыз жеңер деп отырғам жоқ,
Жұмбағың төрт мың болсын, сөйлеп қара, Байлап қой, төрт сөзіңе уағыдаңды, Сертіңнен жұмбақ шешсем, тайқақтама.
Ырысжанның жұмбағы:
Қыз айтты әуелінде бір жұмбағым, Ауызыма ағытылып, кір, жұмбағым. Отырған Қарқараның хан, қарасы, Жүйріктен екі қыран сөз тыңдадың.
Бір сарай нұрланады жалғыз «миммен».
«Ра» мен «нұн», «хи» менен «зи» оған ерген. Бұл бес әріп бес сөздің бесеуінде, Білдің бе мағынасын қайдан келген?
Және де бір бәйтерек шыққан биік,
Көрінер көлеңкесі көкке тиіп, Жемісі мәуесімен жарасулы,
Сенімді сегіз бұтақ тұрған тиіп.
Ол бұтақ қорқытады жүрек шайып. Теректің жапырағын елге жайып. Жұмыртқа шайқап ішіп екі ителгі, Өргізіп ұшырады бір бидайық.
Аз атаның баласы жалғыз қыран, Сегіз-тоғыз лашындар жүрер баулап. Ішінде отыз-қырықтан құзғындар бар, Үш жылда бір нәр татар өліп талып. Баршасын таратады бір ителгі, Жапалақ жалбаң қағып, шыр айналып. Аса ақын даңғайыр болсаң-дағы, Әсеке, таба аласың мұны не қып?
Ішінде жүзден аса күйкентай бар, Олар да қорек алар тышқан қағып. Бір теректен осынша құс өрбітіп, Алып кел, бәрін атап белгі тағып.
Әсет:
Бір сарай нұрланады Мекке дүрмен, Қажы парыз бай кісіге Хақтан келген. Нұн-намаз, ра-риза, зи-зекет дұр, Парыздың енді бірі иман білген. Қажы исламның бесіншісі парызын сол, Канзарақ мағынасында көзім көрген.
Сұрасаң, әділ кеңес көпке жеткен, Көңіліңді сөз кемітіп өкпелетпен. Бәйтерек жапандағы ақ падыша, Көңлі ұлықтықпен көкке жеткен.
Ұлық тақтан таймайды, елге жақса, Қатын байға еркелер, бала тапса. Иілген сегіз бұтақ – сегіз санат,
Жайылған жапырағы – қағаз ақша.
Пәнденің Алла деген тұрар бағы, Ақынның жарамайды сыңар жағы. Бәйтеректе жұмыртқа шағып ішкен – Ояз бенен би, болыс дуандағы.
Қазақтың Сарыарқада елі жиі, Жетіп тұр қызыл тілден сөздің иі. Бір бидайық – ел жейтін жебір болыс, Баулыған сегіз лашын – сегіз биі.
Бақты кісі күледі бағы кемге,
Құдайдың риза боп берген демге.
Отыз-қырықтай құзғындар – елу басы. Үш жылда нәр татқаны он бес теңге. Сайлауда шарын салып, соны алады, Оларға не пайда бар онан өзге?
Ел мазасы кетеді мұндайлардан Халыққа тынышталмас ыңғайлардан. Жемтік жеген құзғындай жел өкпелер, Он қаршыға – онбасы ыңғайланған.
Сот бізді түзеткен бір әділ – қазы,
Жапалақ – жағымпаздар шырайланған.
Таппағанға жұмбағың қиын екен, Көлігі жоқ қылады үйін мекен. Жүзден аса күйкентай – онбасылар, Қағып жеген тышқаны тиын екен.
Хан, қара, би, болысты сипаттаған, Жұмбағың ақиқатқа сыйымды екен.
Ырысжан:
Жұмбағым сыры терең, сөкпе деймін, Әліңнен артық сөйлеп кетпе деймін. Азырқансаң, әлі төрт жұмбағым бар, Мен сені кіргізейін көпке деймін.
Қос әйнек – шыны да емес, темір де емес, Жан адам түзете алмас болса көмес.
Ашылып, жабылады пружинасыз,
Ол – өзі қымбат нәрсе, арзан да емес.
Ол үйдің екі тесік бір пешінде, Қаланған кірпіші жоқ іргесінде.
Сырттан ауа тартады магнитпен,
Қалқиған екі ұра бар терезесінде.
Өзіңдей жөнді ақыннан сұрамап ем. Әсаға, мұның жайын білесің бе?
Ол үйде машина бар неше бөлек,
Қозғалар градыспен әр дөңгелек.
Талай жан таң қалатын сол машина,
Бір кезде сап-сасық боп, қалады өліп.
Сол үйде майсыз лаулап, жанады шам, Әртүрлі машина бар қаларлық таң. Шам сөнсе, біткен тетік бұзылады, Жаға алмас қайта өзіндей ешбір адам.
Түгелдеп, осы сөзді шеше алмасаң, Түймемнен үш айналып, кет садағам!
Әсет:
Түп-түзу оқтан өткір айтқан сөзің, Осы көп сөз шешуі жалғыз өзің. «Қос әйнек шыны да емес, темір де емес, Қалқиған екі ұра» – екі көзің.
«Ол үйдің бір пешінде екі тесік – Желбезек – қос өкпе тұр ауаны есіп – Ол тыныс – дем тартатын мұрыныңыз.
Бұл сөзді сынамаққа сұрадыңыз, Шешейін қабыл болса мұрадыңыз.
Сырттағы тамам сөзді есітуші — Екі үңгір дегеніңіз — құлағыңыз.
Адамның көре алмайсың ішін ашып, Тәні тұр перде болып, сыртын басып.
Машина әр түрлі шек, өкпе, жүрек, Шықпассың бұл сөзіме қарсыласып.
Пружинамен жаратқан адам тәнін, Себеп қып тіршіліктің татар дәмін.
Майсыз лаулап жанған шам дегенің ол: Қан, қуатпен қозғалған жалғыз жаның. Бұл бір оңай жұмбақ қой көңілдегі, Дұрыс па қыздан Әсет жеңілмегі.
Арғын, Найман, Алты арыс, Уақ, Керей. Сап жүйрікпін Сарыарқа өңірдегі. Адамның бар денесін жұмбақ қылып, Бар ма еді мұнда әкеңнің кеңірдегі?
Ырысжан:
Әсаға, сыртыңыздан көп естуші ем,
Халық жалған айтпаса, неге естуші ем?
Бұтып-шатқан ақынның бірі ме деп, Күнәңді бөле-жара, жеп естуші ем.
Жұмбағымның айтайын үшіншісін,
Сөзімді түгелдеп бер, жетсе, күшің. Төрт сөз түгел болғанда, түймем – сіздік, Жалғанда жауап сұрап, түскен ісім.
Арықтап, бір түйе өлді, жетіп ажал, Алты батпан бұлы бар, безбенге сал.
Сүйегі жерден, көктен табылмайды, Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?
Артылған мәртебеңіз талай жұрттан, Көрген жоқ сізді сөгіп біреу сырттан. Алты батпан көтерген алып малдың, Санасаң, әр батпаны жеті бұттан.
Жілігі жиырма төрт, топайы бес, Шамалап, өлшеп байқа ерте мен кеш. Осыны нажағайдай жарқылдатып, Тегістеп бас-аяғын анықтап шеш.
Әсет:
Ырысжан, бұлбұл қызсың жаннан аса, Сүйтсе де, бір сырың бар менен таса. Менен өзге бір адам таба алмайды, Мұны да бір күн, бір түн ойламаса. Домбыра – саған ерген – бұлбұл екен, Ырысжан қара сөзге қырғын екен. Арықтап, оттай алмай, өлген түйең, Ақылмен абайласам, бір жыл екен.
Ол түйең арық емес, семіз еді, Халыққа түрлі нығмет жегізеді. Жылды өлтіріп, өтірік арықтатып, Осынша жалған сенің неңіз еді?
Болады осылайша сөздің жайы,
Ақынның жарамайды құр айқайы.
Әлгі бір алты батпан артқан малың, Санаулы бір жылдағы жаздың айы.
Тамаша тапқан сөздің бар ма міні, Болады осылайша сөздің шыны. Әр батпаны жеті пұт деген сөзің, Оралған бір жұманың жеті күні.
Жүрекке таппаған сөз жүда болар, Бір үлкен жалған айтсаң, күнә болар.
Жілігі жиырма төрт деген сөзің, Оралған алты айдағы жұма болар. Жыл сүйегі жер менен көкте де жоқ, Атын бар ғып жаратқан Құда болар.
Белгілі маған сол мен оңқайыңыз, Таба алмасам, өкпелеп, томпайыңыз.
Бұл арадан намақұл болып жүрме, Бес намаз – бесеу деген топайыңыз.
Ырысжан:
Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын, Кім сөгер Орта жүздің қолқанатын.
Сөз көшесін қыдырған көрегенсің, Жерің жоқ, бір мүдіріп толғанатын.
Мәселе бір-ақ ауыз жұмбақ қалдым, Орын жоқ онан ары зорланатын.
Алты мың жан иесі хайуанаттар, Олардың қандай адам қойған атын? Хайуанат набат атпен, нажас атпен,
Әлемнің он сегіз мың білген затын. Есім берген ұстаздан өзі үйренбей, Ұнатқан оймен тауып үш қажатын.
Ол өзі қай есімді таққа мінді?
Ол адам қай пірқадан, қандай дінді?
Періштелер білмеген ғылым еді,
Ойменен соның сырын қайдан білді?
Он сегіз мың әлемге ат қойған кім, Иесі кімге ат қой деп әмір қылды?
Онан әрі сұрайтын жұмбағым жоқ, Ашып бер, шамаң келсе, бұл мүшкілді.
Әсет:
Айтпассыз, ағат сөйлеп, білсек қата, Ақын деп қазақ маған берген бата. Әлемді он сегіз мың үшке бөліп, Ат қойған өз ойымен Адам ата.
Ол өзі Рас-Рап деген таққа мінді, Анық Хақ та таныған асық дінді.
Бірі – жарық, біреуі қараңғы деп, Аспанға мәжбүр еткен Ай мен Күнді. Құрт-құмырсқа, ұшқан құс, мал хайуан, Жан иесі адамзат, пері, жынды.
Көкте жұлдыз, Ай мен Күн, періште, аспан, Жансыз нәрсе, тағы ағаш, шөп пен құмды. Қар, жаңбыр, қыс пенен күз, жаз пасылы, Оларға ішін ашып, ізет қылды.
Енді қыз, боп жүрмесін еңбегім жер, Осы жұрт бірімізді уәдесіз дер. Төрт сөзің түгелденіп, бітіп отыр, Аттамай әдебіңнен, түймемді бер.
* * * Сонда қыз әдебінен аспай келді, Аяғын титтей қия баспай келді.
Шетіне орамалдың жүзік түйіп, Алдыма бір торғынды тастай берді.
Торғынға түйген екен алтын жүзік, Майданда екі қыран қандай қызық. Бозбала айғай салып, еркек жыныс, Омыраулап барады үйді бұзып.
Мен келгенде қызыл үй сегіз қанат, Сүйрелеп, түк қоймады түңлік, үзік.
Басында бүржің қағып отырсам да, Жүлде алдым, аяғында қамал бұзып.
Осындай Қарқаралыға барған жерім, Серуенді қыз-қыранмен салған жерім. Түбінде ақындықпен жеңгенім жоқ, Уәдемше тоқталып қалған жерім.
Серт бойынша белгілі боп екі түйме, Алтын жүзік, бір торғын алған жерім.
Заты ұрғашы демесек, уа, жігіттер, Әйелдің көрдім сондай бағлан керін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *