КЕНШІМБАЙ МЕН АҚСҰЛУ

КЕНШІМБАЙ МЕН АҚСҰЛУ
Кеншімбай:
Сиыр жыл Сырдан шығып, бардым Орға, Хат жаздым темір қалам алып қолға. Жағалбайлы елінде бар екен деп, Есіттім ақын қыздың даңқын сонда.
Ор өзенін жағалап, Рай келдім, Аулын ақын қыздың сұрай келдім. Сол қызбен айтыспаққа құмар болып, Аулында таныс болып, бір ай жүрдім.
Әдемі мінген ат пен киген киім.
Білгенше қыздың мінін болды қиын.
Бір адам қыздың сырын айтып берсе, Бергендей болып жүрмін түрлі бұйым. Құмар боп айтыспаққа бардым іздеп,
Әйтпесе, жұмысым жоқ жалғыз тиын.
Жиналып, көп әлеумет әр тараптан. Той болып жатыр екен ұлы жиын.
Жұрт маған: «Мына тойды баста!» – деді, Айтысып, ақын шықса, баспа, – деді. Бір қыз бар, аты – Ақсұлу біздің елде, Он жеті осы биыл жаста, – деді.
Айтысып, осы қызды жеңе алмасаң, Сен онда ақындықты таста, – деді.
– Қойып па ең, ақыныңды маған сақтап. Қашады айтысудан қандай ақымақ?! Жағалбайлы – Жетіру, жаман елсің, Шуылдап, бір қызыңды сонша мақтап.
Бір жігіт сонда маған келді шеттен, Ол қызбен егес екен бұрын көптен. Бұл да бір ақынсынған жігіт екен, Екі рет қыз айтысып, жеңіп кеткен.
– Бұрын да неше ақындар келген, – деді, Бәрін де қыз Ақсұлу жеңген, – деді. Ол қызбен айтысам деп, әуре болма, Болмасаң өнеріңе сенген, – деді.
Сенің де бастан-аяқ оқиғаңды, Есітіп қыз да бұрын жүрген, – деді. Қайыны Есерқожа – Адай, – деді, Лайық берген жері оған, – деді.
Бес жүздей бір аулынан жылқы өреді, Байлығын сұрасаңыз солай, – деді. Аққожа, Балқожадан асқан бала Өзі де артық көркем, шырайлы еді. Сымбаты өзге қыздан озығырақ, Аққұба, бидай өңді, қынай белді.
Ол қызбен айтысам деп әуре болма, Айтысып, жеңе алмайсың оңай, – деді. Ол қыздың еш міні жоқ өз басында, Қарасаң, хор қызындай тұлғасы да. Он-он бес (қошаметке сәндік үшін), Ереді, барса, тойға қыз қасына.
Дәрежесі өзімен тең болмаса, Керіліп, сөз айтпайды болмашыға. Өзіне сенген адам айтысады
Жетсе көзі, жеңіліп қалмасына.
Көрген жан ішпей-жемей болады мас, Ақкұба, бидай өңді, бір қиғаш қас.
Өзі нақ осы биыл он жетіде, Бойында жалғыз міні – күйеуі жас.
Болғаны күйеуі жас – жалғыз міні, Жарымжан қыздың көңлі осы күні.
Және де түсі қара, ерні жырық, Айтыссаң, бір тоса гөр, айтып мұны.
Ал сонда мұны есітіп, қалдым ойға, Мін тағып, сөйлетпес деп жүрдім бойға. Сол жерде көп жамағат ортаға алып, Еріксіз не қылсам да, бардым тойға.
Баласы Балқожаның Төлеміс-ті, Жігітке өнер деген керек іс-ті.
Айтысын екі ақынның көреміз деп, Үш жігіт, төрт-бес қызбен жөнелісті.
Үш жігіт, төрт-бес қызбен барып келді, Ақынды Ақсұлудай алып келді. Қызығын екі ақынның көреміз деп, Жиылып, тамашаға халық келді.
Қарасам, қыздың түрін енді байқап, Манағы жігіт сөзі анық келді.
Отырмын жүрексініп айтысуға, Артықша қыздың өзі дәріпті еді.
Ақсұлу әлеуметке сөйлей келді, Халқы да қошаметтеп, көңіл бөлді.
«Сен едің, қыз да болсаң, алтын дарақ.
Айтысып, жаным, сені жеңемін деп. Тілімен біреу отыр орып орақ.
Өзі де ақынмын деп мақтанады,
Біз әзір көрген жоқпыз сөзін сынап»,– Жақсы деп, әлеуметке бір сөз айтып, Қыз сонда өлеңменен берді жауап.
Ақсұлу:
Мақтаншақ жігіт болса, мастан шығар, Мас болып, өнеріне тасқан шығар.
Сүйенген тіл-жағына нағыз ділмәр, Болмаса, жаман жігіт қостан шығар.
Болғанда ол іздеген, мен сұраған, Құдайым екеумізді қосқан шығар.
Құйрығын жатқан жылан өзі басса, Арам тер ақыныңды қысқан шығар.
Келемін төмен жақтан жоғары өрлеп,
Өлеңмен әрбір жұртқа салып өрнек, Мен-менсіп талай ақын келгенімен, Есектей жуаситын мінген ерлеп.
Бұрынғы үлкендерден қалған нақыл:
«Жақсының жарым ырыс жүзін көрмек,
Дидарын мың кісінің танығаннан
Артық қой бір жақсының атын білмек»,
Атыңыз, ақын аға, кім болады, Сұраймын және-дағы затың кім деп?
Кеншімбай:
Ақсұлу, артық бала сөйлер сөзге, Ақынсың дара туған көрер көзге. Мүләйім сөзің жатық жан екенсің, Жасанып, шыға берме аса дүзге. «Ақынды пәлен түрлі жеңуші ем!» – деп, Кісіге айт бұл сөзіңді менен өзге.
Мақтаншақ жігіт емен мақтанатын, Ешкімнен қорқып-сасып сақтанатын.
Дегенді: «Пәлен айтқыш!» мен де көрдім. Олар да жауап таппай, тоқталатын. Бәйгіден озып жүрген наз бедеумін, Көңліне жабылардың дақ салатын.
Ішінде Қаракөздің Құрманаймын, Бес Жаппас Сыр бойында бар-ды халқым.
Жетіру Жағалбайлы таң көреді,
Жаппастың көрсе көркі-салтанатын.
Жақсысын сіздің елдің көріп жүрмін, Білмейді сыпайылықтың ешбір парқын. Парықсыз істеріңді баян етсем, Тартпай ма мәлел келіп көңлің салқын. Тең құрбым өнеріме тең келмеген, Бұл жаққа келген жоқ па менің даңқым?! Жүйрікпін өрге шапқан өнеріммен Белгілі Кеншімбай ғой менің атым.
Ақсұлу:
Кеншеке, айтар сөзге кен екенсің.
Еліңнен шығып жүрген ер екенсің. Арамза, аңқау елге заңқой болған, Кеншімбай деген ақын сен екенсің. «Кенді төкпе, елді сөкпе» деген қайда?» Байқадым ақылыңды, кем екенсің.
Атадың Иса менен Қаракөзді, Айтасың маған неге жаман сөзді? Еліңе сыймай жүріп жалғыз басың, Осының лайық па көрер көзге?!
Сен, үйтіп, біздің елмен болма қасты.
Қас болсаң, салар жөнге сендей масты. Парықсыз деп ешбір адам айтқан емес, Аралап жүрген жігіт алты алашты.
Жаппастан біздің елдің байлығы асты, Садақа, қайыр-зекет болмаған соң,
Береке сіздің елден Қыдыр қашты.
Еш мінді біздің елден таба алмассың, Болмаса, сендей Жаппас жалғыз басты.
Кеншімбай:
Ақсұлу, мұнша сөзді айтпа тасып, Мен саған сөз таба алмай қалман сасып. Көрген жоқ, қанша айтсаң да, Жағалбайлың Жаппастан бұрын-соңды байлығы асып. Таласпа біздің Жаппас баласына, Айтар ма мұндай сөзді ағасына? Үйлер бар Мырқы салған өз күшімен Ақмешіт, Перовскі қаласында.
Ол үйдің әр бөлмесі біткен деді, Отыз бес-қырық мың теңге шамасына.
Үйлерін сіздің елдің көріп жүрмін, Жаппастың жете алмайды қорасына. Еліне бес Жаппастың асып айтпа, Жаратқан Құдай артық о басында.
Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі Меймандос келеді оның барша жұрты. Шығады қыз-бозбала серуенге Үстіне масаты мен киіп құлпы.
Нүреке, Жүсіпбегім жүйрік заңға, Бұл күнде жол бермейді жүрген жанға. Тәрбие неше түрлі дәрежесін, Көргенде салтанатын қалар таңға. Меймандос мырзалығы асып кеткен Бөгейді қонақ қонса, жал-жаяға. Жақсысын Жағалбайлы көріп жүрмін, Пар келер осыларға кісің бар ма?
Ақсұлу:
Жаппасым, мақтай берме Мырқыңызды, Алдымен Мырқы бұзар шырқыңызды. Байлықпен бар адамын әлек қылып, Неше жыл бүліндірген жұртыңызды.
Етпейді бір-біріне ешбір рақым,
Аударып арамдыққа құлқыңызды.
Нүреке, Жүсіпбек пен Әлім болыс, Біздерге үшеуі де мәлім болыс. Сүгір мен Батырбайды ұстап берген, Ары жоқ адамдықтан зәлім болыс.
Мақтама Нүрекедей дөң жігітті, Мақтайсың қайдағы бір кем жігітті. Жаппасың адасқан жұрт ақылынан, Ақылға таппадың ба мол жігітті? Жігерлі – қатарынан асқан жігіт, Мақтасаң, әні, мақта сол жігітті.
Жарастың болыс қойдың Нүрекесін, Әкім ғып Нүрекені тұр екенсің. Қай күні Нүреке болыс болғаннан соң, Еліңнің алған жоқ па берекесін?! Қашанда желіккенді адам санап, Ақылсыз Жаппас деген ел екенсің.
Жаппасым, сен мақтама пәс адамды, Мақтайсың қайдағы бір нас адамды. Ысырап қайта малын шашып жүрген, Мақтама дәулетіне мас адамды. Берәлі, Дербісалы, Есқожаны, Сен, Жаппас, білмеймісің осы адамды?!
Үйінде кім болса да, кет демейді, Ешбір жан қайратына беттемейді. Кем емес әділдігі Наушаруаннан, Біреуден алып пара, ептемейді.
Жүз кісі маған десе қонақ келсін, Ұлыққа тапсырма деп, өктемейді. Сүгірді, Батырбаймен ұстап берген, Нүреке, Жүсіппегің көктемейді. Сұрасақ ишандар мен молдалардан, Тегінде ол кісіні тек демейді.
Кеншімбай:
Ақсұлу, айтар сөзді аңдамадың, Аузыңа келген сөзді талғамадың. Әкесін, шешесімен нандырады
Көп болса өтірігі қыз баланың. Қыз бала елдің жайын қайдан білсін, Білмесе қыз бен жайын біз баланың. Ақсұлу, қайыспайтын жас баласың, Тәңірі алғыр, болмашыны еске аласың. Патшаға Қоран болыс ұстап берген, Кінәсіз Боранқұлдың бес баласын. Айдатқан қысастықпен алты адамын, Еліңнің білмейсің бе масқарасын?! Балтамен шапқандай мін басында тұр, Мініме пышақ жонбас көз саласың.
Мініме назар салма пышақ жонбас,
Сіздің ел біздің елдей, сірә, болмас. Патшаға өз жақсысын ұстап берген, Екі бірдей дүниеде Қоран оңбас.
Жазылып молдалардың хаты қалған, Өзі өлсе, жақсылардың аты қалған. Білемін Дербісәлі, Есқожаңды, Әр шендерін ер құнына сатып алған. Кісі бар сіздің елде Мәмбет деген, Ол шенді беделі елден асып алған. Есепсіз қайраты да асқан адам, Жылқысын Қазыбектің тартып алған. Бұларға ешбір адам таласпайды, Бәріне орыс, қазақ даңқы барған.
Емберген, Шілдебай мен Қалыбай да, Бұл елде ол байлардың малы қайда?
Байларын сіздің елдің көріп жүрміз, Қыс – қызыл, жаз қымызға жарымайды.
Алады ағаш кесіп, авансы деп, Он сомға сатады оны базарға әкеп. Шанаға екі мәстек жегіп алып, Жүргені ол ақшаға арақ іздеп.
Мас болып, тапқан пұлмен арақ ішіп,
Балықтай торға түскен жатады ыршып. Қалпыңа қазақшылық бұл дұрыс па?
Кетеді көрген адам мазақ қылып,
Тоқтарсың осыныма санаң болса, Қайтеміз бұдан әрі ұзаттырып.
Ақсұлу:
Жаппасым, өтірік айтпа, дінің күйер, Халқымды жамандасаң, тілім тиер. Баласы бес Жаппастың жайы мәлім, Сенің де мінезің жоқ Құдай сүйер.
Сыр бойлық, сен ежелден ғарып едің, Сен қашан қыр еліндей жарып едің?
Бір жылы сіздің жақтан дәм бұйырып, Мен-дағы Сыр бойына барып едім. Жағалай Сырдың бойы халық екен, Ішкені су, жегені балық екен. Кәсібі болғаннан соң балықшылық Кигені аяғына шарық екен.
Кедейлер Сыр бойында толып жатыр.
Жаппасты бай ел деген дәріп екен. «Бәленің мыңы Сырда, бірі – қырда», – Деген сөз, көзім көрді, анық екен.
Келеді күн шыққан соң арығына, Барады түстен кейін балығына.
Бір тыным қысы-жазы көрмейді екен, Жаппастың көңілім қайтты қылығына. Жаққаны кешке дейін қамыс екен, Өткізіп шуда жібін шарығына.
Тары көже ішеді тұзын салып,
Ішіне сапырады мұзын салып.
Жабады нақақ жала бір-біріне, Отырар жақынына көзін салып.
Жаппастың штаты бар және қызық, Штатқа жиналады өңшең бұзық.
Біреуі біреуіне бәле салып, Жатқаны күні-түні қағаз сызып. Патшаға мақтанбаққа ұстап берер, Айдатып, азаматын қойдай тізіп.
Болыс болдым дегені мал береді, Жаямен, кім барса да, жал береді. Ақшаға он сөлкебай дінін сатып, Нақақтан бір-біріне жан береді. Бұл жақта ондай істер болмаған соң, Біздің ел сіздің елді таң көреді.
Қоймаса, егер халықтың өзі қалап, Әкімдік сатып алғанды ар көреді.
Мақтанғаның Қалыбай мен Шілдебайың,
Білемін мақтасаң да, оның жайын, Арқадан бір теңгеден алып келіп, Сатады үш теңгеден Сырға шайын. Секілді сусыз арық қайыры жоқ, Бермейді қонақасы, аттың майын.
Баласы Меңдіқұлдың Ермағамбет, Нияз бен жұртқа мәлім Меңдібайым. Жеріне Жаманқала мешіт салып, Бір мың сом қайыр берер әр жыл сайын. Байлығы, мырзалығы, әділдігі, Алашта жан бар ма екен солардайын?
Жаппастың түрлі міні толып жатыр, Бұл жерде бәрін айтып, не қылайын?!
Шығады не жақсылық Есбергеннен, Келеді сараңдықпен ес білгеннен.
Үйіне жалғыз қонақ қондырмайды, Жұрт бар ма оның жайын естімеген?
Кеншімбай:
Ақсұлу, Жағалбайлы, Жаппас қандай, Жаппастан ел өтпейді мақтасқандай. Әлемге әл білмеген таң болады, Сен – бота, ойнақтаған от басқандай.
Ор менен мен де көрдім Жайығыңды, Саласың Жайығыңа қайығыңды.
Артық мін айта берсе, толып жатыр, Жимаймын айтты екен деп айылымды.
Сен кімге теңгересің Байұлымды, Сөзіңді өзің айтқан қайырмалап, Білгенше мен де айтармын айыбыңды. Жағалбайлы – Жетіру – арпа ішеді, Шамалап, тақыл-тұқыл тарта ішеді. Қаспағы қазанының екі елі боп, Жумай-ақ, кір ыдыстан қайта ішеді.
Белгілі Жағалбайлы бойдақтары,
Қызы көп, кірлі мойын бейбақтары.
Жүреді алтай жазға пішен шауып.
Қап-қара балшық болып сирақтары.
Таласқан Нияз бенен Меңдібайың, Шашылған ысырап боп қанша малың?
Екі айда үш қайтара штат құрған,
Тынымбай, Қоранменен болар мәлім,
Ант беріп, он бес кісің судьяға, Бекерге олардың да күйді жаны.
Меңдіқұл, Ермағамбет, Төлемісің, Соларды мақтайын деп келемісің? Еліңде мен білмейтін кісің бар ма Айтпасаң, өтірікті өлемісің?
Меңдіқұл мешіт салса, бір қалаға, Ол үшін сен мақтанба құр далаға.
Мекке мен арғы шеті Мәдинеге Салдырған Мырқы мешіт әр қалаға. Мың сомдық әрқайсының дағбыры бар, Сауабы пайғамбардың аруағына.
Жылгелді болыс болды он бес жаста, Жайылған оның даңқы алты алашқа. Халық билеп, он екі жыл әкім болды, Тиген жоқ еш залалы қарындасқа. Тағы асқан оның жұрттан салтанаты, Көргендер өнеге ғып, алған нұсқа.
Бұл ерді ешбір адам қылмайды өсек, Жақсыны күнә болар жаман десек.
Үйінде алтын аяқ, күміс табақ, Жинаған қазынада болмас есеп. Тай сойып, қозы орнына қонағына, Төсейді қалы кілем, қымбат төсек.
Бұларға ешбір адам таласпаған, Болмаса Қара Мәмбет, Қабақ Есет.
Айрықша Жылгелдінің салтанаты, Нашарға және қандай мархабаты. Байлығы, мырзалығы – бәрі сай кеп, Патшаға Петрборда білінді аты.
Әкесі бай Тұрғанбай Мекке барған, Жаппастан байлықпенен жеке барған.
Дабысы Орынбор мен Теке барған, Жырауға бірлі-жарым ат мінгізіп, Сонымен жақсымын деп кете барған. Байлығың, мырзалығың, әділдігің, Жоқ екен біздің елге жете қалған.
Ақсұлу:
Жаппасым, біздің мекен – Құмақ пен Ор, Екі су – Еділ, Жайық – онан да зор. Әлемге әл білмеген таң болады,
Ер жігіт әлін білген болмайды қор.
Кеншеке, бұл жерлерде не ғып жүрсің? Ер жігіт елден шықпас ақылы мол. Болмаса, ел қыдырған сыншымысың, Сапарың осы жүрген не деген жол?
Еліңде бар шығар ғой жақсы адамдар, Зейін сап, менің айтқан сөзімді аңғар. Қорғалап қойыныма күн көреді, Елінен қашып шығып жүрген мұндар.
Жаппасым, маған мәлім барлық ісің, Менімен ерегіске шығармысың?
Еліңде қадірің бар жақсы болсаң, Ол жақтан не ғып келдің қашып түсің?
Қаштым деп Ақмешіттен Арқа келдің, Алыстан арып-ашып, зорға келдің. Арамза аңқау елге заңқой болып,
Келдің де, біздің елге күнің көрдің.
Қадірлі жігіт болсаң, нешік қаштың?
Жазғы су жалаң аяқ кешіп қаштың,
Өкіметке орасан жазықты боп Патшаның палитсасын кесіп қаштың.
Еліңе жарты тиын қадірің жоқ, Келдің де, біздің елге көзіңді аштың. Білмедің ел қадірін, сыйлағанын,
Көз салдың қайда сұлу ажарлыма.
Бұл елде болыс та жүр, мырза да жүр, Мас болдың жазған қағаз-қаламыңа. Мен сенің бұл мініңді айтар ма едім, Отырсаң әлің біліп манағы да.
Барады басымыздан дәуір өтіп, Жат елді жүрдің қанша бауыр етіп? Елінен ауып жүрген мүсәпір деп, Сыйлаған халқым сені тәуір етіп. Сырыңды жасырынды білсе-дағы,
Патшаға көрсеткен жоқ зәбір етіп. Баласын Сопекемнің алып қаштың, Бірталай қыздың басын әуре етіп.
Масқараң бұл сияқты болса-дағы, Бөтенге білдірген жоқ дабыра етіп. Әшейін бір қаталық іс болды деп,
Сыртқа жұрт шығарған жоқ дабыл етіп.
Сопы мен қадірлі еді Тынымбай да.
Аузыңнан шыққан сөзің қабыл етіп. Жарымес екеніңді және айтайын, Отырсаң бір азырақ сабыр етіп.
Жаппасым, осы қылған мақұлың ба, Болмаса, біліп қылған ақылың ба? Бір үйдің баласындай болып жүріп, Көз салдың қызы менен қатынына. Бар ма екен сопылардың әдетінде, Жақсы адам көз салатын жақынына? Жетіру Жағалбайлы мінін айт деп, Еліңнен сені мұнда шақырды ма? Қоймасаң бұл сияқты әдетіңді, Табарсың мұнан кесел ақырында.
Песір боп тұрдың тәулік Тынымбайға.
Болып ең мұндай адам бұрын қайда?
Біреудің ақ некесін айырыпсың Берер ме ақыретте мұның пайда?
Білмедің ел қадірін, сыйлағанын, Жүрмесін кесір болып өз басыңа.
Білмейтін ел қадірін есер болсаң,
Бұл елде, қолыңды әкел, тұрмасыңа!
Кеншімбай:
Ақсұлу, маған таққан мінің сол ма?
Айтқаның соны мін деп, бұл да жол ма?
Кемітер ерді әйел деген сөзбен, Бұл жерде өтірік айтып, дұшпан болма! Қолымнан Тынымбайыңды болыс қылдым, Өнерлеп, арыз жазып Орынборға.
Мереке жүрген жерім, күнде сауық, Нәсібін теріп жүрген мен бір тауық.
Ақсұлу, сенікі рас бола қалсын, Жастар жақын болмай ма, көңілі ауып? Ұстаған Нияз бенен Меңдібайың, Нақақтан бір-біріңе жала жауып.
Арызын олардың да өнерменен, Қолымнан жазып бердім, закон тауып.
Ағайын, туысқаным жоқ болса да Жүремін жатырқамай таныспенен. Елімнен кісі өлтіріп шыққаным жоқ, Бұл жаққа келіп едім ақ іспенен. Екі жыл елдеріңе мейман болдым, Кешегі өткен сиыр, барыспенен.
Басы уйез барша халықтың тілін алмай,
Кездестім, ерегісіп бір іспенен, Ұстасып, уйезбен де беріспегем. Құдайым, жалғыз көрген бір бұл емес, Айқастым мұнан гөрі зор іспенен.
Айырған елде жесір жалғыз мен бе? Өзің де күйеуіңмен дұрыс па едің? Мен-дағы бастан-аяқ баян етсем, Мінің бар, шапса кетпес, қылышпенен. Ақсұлу, көп баладан келімді едің, Айтуға өтірік сөз ерінбедің.
Жетіру, Жағалбайлы мақтаса да, Білгір қыз онша маған көрінбедің. Қанықпын көрмесем де, хабарыңа, Адайға Есерқожа келін бе едің?
Болсаң да өзің тәуір, жарың жаман, Оңбаған жолдас бопсын көрімменен. Теңіңді жалпақ елден таппағандай, Жолдас бопсың бір жырық ерінменен.
Еріні күйеуіңнің жаман екен,
Қоймасаң жабыстырып желімменен. Әр түрлі масқараңды шығарармын, Жарқыным, ерегеспе меніменен.
Даңқымыз шыққан жүйрік баяғыдан, Ат міндім, жылқы айырып саяғынан. Ертерек, уақытың өтпей, теңіңді тап, Айтамын бұл сөзімді аяғаннан.
Осыны айтып болған кезде, бұрынғы жеңіліп жүрген жағы қызға сөз кезегін айтқызбай, Кеншімбайды жеңді етіп көтермелеп, алып кеткен.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *