ИМАНЖАН МЕН БИБІҒАЛИ ҚЫЗ
Иманжан:
Күн ыстық, июль айы, жаз күн шілде, Жайлаған Есіл өтіп, салқын көлде. «Дәуімбай қыз ұзатып, той қылад», – деп, Құлаққа хабар тиді пәлен жерде.
Шақырды сәрсембі күн тойын сәтке, Той десе, бозбаладан кебеді өкпе. Жиылып, шақырған соң тойға бардық, Той екен сауын айтқан жалпы көпке.
Ат ұстай дәйекшілер түсірді үйге, Шалқытып, қарттар кіріп, шықты төрге.
Иіндеп, қара саба ортада тұр, Құй, – деді дияғашы жігіттерге.
Той десе, ел жабыла қалмай гулер, Кеп жатыр сәлем бере пәленшелер.
Шөлдеген аңызаққа ат үстінде, Шақырды қымыз іш деп дәйекшілер.
Үйге еніп, қол алысып, сәлемдесіп,
– Төрге шық, қымыз іш, – деп, шауқылдасып. – Қайырлы жиын болсын, мереке, – деп, Күлісіп, қарт пен қарттар қауқылдасып.
Сөйледі сонда біреу тұрып шеттен, Гулеген басылды жұрт төңіректен. Болмайды тойдан тойым тапсын деген Жайлаулас қатар елміз, қалар өкпең.
Көкпары, палуаны бар, құнан, аты, Бай еді құдасы да мол қуаты.
Дәкеңнің бұл ұзатар кенже қызы, Қартайды қызығының ақырғы арты.
Және де осы тойға палуан келген, Адақтап жыққан екен талай елден.
Пілтабан Ералының інісі екен, Адамның зор, жуаны өзім көрген.
– Сіздерге түсіндіріп айтамын сөз, Жайлаулас, дәмдес қатар болдыңыз кез.
Тойымды тамашалап тарқатам, – деп,
Дәукең бай алдырыпты бір жыршы қыз.
Нәзік бел, қасы қара, қызыл жүзді,
Балдызы Дәуренбайдың нағыз өзі. Әрі әнші, домбырашы, суырма ақын, Ақжарқын көңіл ашар қыздың өзі.
Айтысқан талай жігіт іздеп келіп, Қайтарған айтысқанның бәрін жеңіп.
Артылған жиырмадан жас шамасы, Бармай тұр қайнысына, күйеуі өліп.
Ел шықты, мерекеге атқа мініп, Қарақшы тіккен жерге тұрдық келіп. – Күреске палуан шықсын, – деді жаршы, Болған соң жарысуға ат жіберіп.
Дәйекші бұл хабарды айтқан заман, Халық көп, шыға ала ма жаман-жұман?!
Ұзыны, көлденеңі бірдей болып, Майданға келді жүріп бір пілтабан.
Қарады тамашаға халық дулап, Майданда қара үлектей жатқан аунап. Балтыры нар бураның санындай боп, Жалаң бас, жалаң аяқ жатты сұлап.
Көрінед түсі суық, түрі мықты, Дембелше, орта бойлы, кең иықты. Кезі еді жиырмадан жаңа артылған, Дәукеңнің қарсысына Нияз шықты.
Осы той күрестірді қарт пен жасты, Екеуі бара сала, жағаласты.
Үсті еді бір төбенің айдай тақыр, Ұшырды топырақ борап, майда тасты.
Көтерді Ниязды әуел ол да бастап, Белбеуден, сүбеліктен алған ұстап.
Діңк ете қалды, Нияз жығылмады,
Үйіріп, жанбасқа алып, кетті тастап.
Екеуі түсті алысып қара терге, Тең келген күштері сай бірме-бірге. Сүбелік қабырғасын бірге ұстап, Бұл дәуді Нияз келіп ұрды жерге.
Әкеліп атан түйе бәйгі малды, Бәйгіні көк ат келіп, тағы да алды. Ал енді шабыс тарап, бозбалалар, Отауға аужар айта ел жиналды.
Аужарға төңіректен келді халық,
Ақ киіз, масатыдан ою салып, Орнатқан дөдегеге алтын оқа, Жарқырап, ақ отау тұр ажарланып.
Үзігін ақ отаудың кейін түріп, Қақ жарып, қалың топты ішке кіріп. Қолға алып, домбыраның шегін бұрап, Ақын қыз отыр екен әзірленіп.
Іркусіз ойдан шығар сөз дегенің, Ісім жоқ тойдан бөлек өзге менің. «Баста», – деп, осы тойды халық ұнатып, Япырм-ай, болды қалай өз дегенім?!
Барады керуен мысал сапарға ауып, Ойласаң, аз күн мейман қыз дегенің. Тойыңыз құтты болсын, ел жинаған, Сәт-сапар тойыңызға кез келгенім.
Тойыңыз құтты болсын, жұртты жиған, Тамаша, бозбалаға бұл бір думан. Жүздеспей, аужарды айтып тұрмын шырқап, Көрісерміз түнгі ойында неке қиған.
Бибіғали қыз:
Жарайсыз, құтты болсын, айттың келіп, Алдың ба тойдан мүше, еттен жілік?
Жалғанда қыз баладан мұңлы бар ма?
Болмайды өмірінде басында ерік.
Несіне қуанамыз той болад деп, Айырбас болып барам, малға беріп. Қыз бала жез бұйдалы тайлақ тағы, Біреудің жетегіне кетеді еріп.
Иманжан:
Замандас, олай деме, шаттық күнің, Қайырлы болсын, құтты, барған жерің. «Келед деп балаларым» қарауылдап, Күтіп тұр қуанышпен ондағы елің. Қыз туып, ұзатылып, той болмаса, Халықты кім қосады ұлы жиын?
Ата, ана, туған-туыс онда да бар, Қуандың екі жақсы, қай жер қиын?!
Бибіғали қыз:
Ау, құрбым, сөзің шырын, лебізің балдай, Тыңдаған ләззәтыңа жатыр қанбай.
Ұл болсам, отырмас па ем өз үйімде, Қор қылды-ау, малға сатып, мені мұндай! Жазуда тең теңіне қосылып жүр, Болмай ма, сондай қылса, мені Құдай? Мұңы бір замандастың деген бар-ды, Себепкер сіз боларсыз бұған қандай?
Иманжан:
Құдаша, лебізің – бал, сөзің – шырын, Ер, әйел жұпты болған әуел бұрын. Жаралған Адам ата, Хауа анадан, Қалдырған ұрпағына жұптылығын. Бозбала – елдің көркі, қыз-келіншек Асылдың қиқымындай өрнектігін.
Жалғанда қыз, бозбала қосылмаса, Таралар халық болып, қайдан өнім? Аз емес бұл қызығың бір басыңа, Жарқыным, қысқа пікір бұл тілегің.
Бибіғали қыз:
Ау, құрбым, бұл қызық па малға сатқан?
Айырып, өз жұртынан зар жылатқан?
Бұлаңдап, еркін ойнап өскен оң жақ, Айрылар жатқа барса, бұл сыйпаттан. Иіліп, келін болып, төрге шықпай, Қызық па су әкеліп, отын жаққан?
Иманжан:
Қыранды желге қарсы асырмас шың, Естідім, құдашажан, айттыңыз мұң.
Ұлын үйде қалдырып, қыз ұзатқан, Обалың болсын соған басында кім!
Биопа дүниеде ерге шықпай, Келіп пе ед, жарықтығым, үйде отырғың?
Бибіғали қыз:
Қойылған жаралғанда атымыз – қыз, Лақапқа ие болған бозбала – сіз. Сүйіп алған қызын місе тұтпай, Кетеді жүріп, тастап ер опасыз.
Қайтесің, талпынғанмен, бағаң төмен.
Қайран күн өтеді солай теңгерусіз.
Иманжан:
Құдаша, күдігім бар осы сөзден, Сөйлейсіз нақ кісідей көрген көзбен.
Ірияны басыңызға қатты тиіп, Адамдай зәбірленіп, ерден безген. Зыр етіп, еркек десе ышқынасыз, Сұрайын сөз мәнісін өзіңізден.
Кісідей ері тастап, ел бүлдірген, Кетпестей көрген зәбір есіңізден.
Құдаша, аты-жөніңді баяндашы, Бірінші кездескенім бүгін сізбен.
Бибіғали қыз:
Сұрасаң, менің атым – Бибіғали, Атаған Бибікен деп елдің бәрі.
Оңғарбай – әкем аты, дәулеті сай, Халқыма қасиетті сөзі дәрі.
Ер, әйел қосылғанда, Алла қосып,
Өзімен бірдей болса сүйген жары. Талжібек той иесі жиенім кеп, Шақырып мені алдырған, жездем, бәрі. Осылай менің жайым, сіз айттыңыз, Танысып, білісейік сізбен-дағы.
Иманжан:
Бибіхан, бердің бізге жауап толық, Басың бос, саяхатта, халық танып. Жылқайдар – әкем аты, мен – Иманжан, Талпынған арманыма қанат қағып.
Келдіңіз бұл жиынға не жайменен, Жүрсіз бе елді шолып, жерді шолып? Бұл маңға сіз келгелі көп күн бопты, Таныстым, жүзіңізді енді көріп.
Бибіғали қыз:
Ау, құрбым, жаңа білдім атыңды анық, Жүруші ем көрмесем де, сырттан танып. Талжібек айттым мана жиенім деп, Танысып, ертіп келді өзі барып.
Сізде де серік бар деп естіп едім, Құрбыжан, жүрсіз бе, алмай серік тауып?
Иманжан:
Жасымнан өлең айтып, жыр зерледім, Әр жерде сіздей қызбен бір жүргенмін. Ат арытып, тон тоздырып іздемей-ақ, Сүйсе қыз, іздеп, келер деп жүргенмін.
Бибіғали қыз:
Жігітке қыз келе ме іздемесе?
Алар ма таңдап тауып көздемесе? Үйіңде жатар ма едің шал болғанша, Өзіңді сүйетұғын қыз келмесе?
Иманжан:
Осы ма, жаның ашып, айтқан себің? Іздеме, өзің қам қыл, менің мұңым. Әдейі ерден безіп шыққансыз ба, Өзіме жар болар деп өлең-жырым?
Көрінед асқан жасың жиырмадан, Ойлашы, боп жүрмесін өлең қиын. Отызда от басында отырарсыз, Кәрі атақ алып қалсаң, бітіп сыйың. Мен әлі, жиырмаға жеткенім жоқ, Сізден көп кіші, жүрмін жасым кейін.
Бибіғали қыз:
Шаяндай шағып-сорып барад тілің, Атымды Бикенім деп атайды елім. Сен үшін қалай, құрбым, қысыламын, Түсті ме ел таусылып, саған күнім? Мүше алар жас санап орын емес, Түсейік қара өлеңге, ақын інім.
Мақпұзда Хақ жазғаны болар деген, Сіз оқып, көрмеп пе едіңіз Құран сөзін? Жаманға сағың сынар, сан соғарсың, Болмаса, шын сүйетін өмірлігің. Жолдасым оң жағымда қайтыс болып, Алғалы үш жыл болды, шіркін, өлім.
Орнында інісі бар он бес жаста, Ата, анам деп айтады соған берем. Баруға ырза емен жас балаға, Мен үлкен, ол кіші ғой, не деп сенем? Көз жасын екі жұрттың қимай жүрмін, Болмаса, таппай ма жас іздеп теңін?!
Иманжан:
Бибікен, жаңа таптым, сөз расын, Бұза алмай жүр екенсіз ымырасын. Мақпұздың басындағы жазуы да Жазбаған қосылуға шын жолдасың.
Жүректің өзі білер нақ түйінін, Біреудің біреу білмес тоқ пен ашын. Базарлы бақытқа бұл кім қызықпас, Миуалы пісіп тұрған жас алмасың. Жас өсер, жіті кесер деген бар ғой, Қайтесің жауықтырып ел арасын? «Он бесте – отау иесі» дейді халық, Ата, анаң тәрбиелер өз баласын.
Бибіғали қыз:
Атыңды естуші едім, құрбым, көптен, Кез болдық арқасында тіріліктің. Құтылар дау-жанжалдан құлақ тыныш, Жасында бойға жетпей, өліп кеткен.
Сұрайын молда болсаң, ақын інім, Дүниеде неше қатын байсыз өткен?
Иманжан:
Апайдың қандай оймен сөз сұрасы, Айтылар сөйлей берсе, сөз расы.
Екі әйел дүниеде ерсіз өткен, Біреуі – Биби-Мәриям – Ғайса анасы.
Пірғауын қатысқан жоқ деп айтады, Өтіпті қыз қалпында Әсиясы. Пірғауынға бір жын қызы қатын болған, Жатқанда Әсияның нақ ұқшасы.
Мәриям Ғайса ұлын ерсіз тапқан, Нұрынан пайда болып Күн шұғыласы. Махшарда Мұхаммедке қосад деген, Елдің бар айтып жүрген дабырасы.
Дүниеде ерсіз өткен дейді осылар, Ерінбей тұрып қалар, бар шыдасы.
Бибіғали қыз:
Айырып, талдап бердің сөзімді ашып, Сұрасам, берер ме едің бәрін ашып?
Қосылып өткені бар, қосылмаған Өтіпті бізден бұрын қанша ғашық?
Иманжан:
Апеке, оқыпсыз ғой кітап ашып, Біреуге боп жүрсіз бе ғашық-мағшұқ?
Ішіңнің от жалынын білдірдіңіз, Жүрегің өртенгендей қайғы ұласып.
Апеке, сұрасаңыз, мен айтайын, Өтіпті бізден бұрын он төрт ғашық.
Жетеуі дүниеде қосылмапты,
Сізбенен мына ғашық он бес болды, Артылды бұрынғыдан біреуі асып.
Бибіғали қыз:
Түйе мал арықтаса, мешеу болар, Тасқыны қайтса, дария кешу болар. Сұраймын білмек үшін, ақын бала, Атасыз жаралғандар нешеу болар?
Иманжан:
Атамыз Адам, Хауа бұрын өткен.
Халилге түсті қошқар келіп көктен. Біреуі Хәзрет-Муса асасы еді, Ғайсаны Мәриям тапты құдіретпен.
Бибіғали қыз:
Сұраудың уақасы жоқ білмегенге, Қиын сол қараңғылық көрмегенге. Айтып бер, анық білсең, ақын інім,
Мақал бар ел аузында зіл деген не?
Иманжан:
Білмесең, мен айтайын, апекежан, Жаратқан дүниені Қадір-Мәулан.
Жаратып, алты күнде тамам еткен, Өрбіген бұл дүниеге алты мың жан. Басып тұр дүниенің төрт бұрышын, Кішкене өзі ауыр зіл деген аң.
Денесі зор аңдардан сонша кіші, Ауыр жоқ мұнан артық жаратылған. Қозғалтпай дүниені басқандықтан, Халыққа ауырлығы мақал болған.
Апеке-ау, маған кезек бересіз бе, Сұрайтын сауалым бар ойыма алған?
Бибіғали қыз:
Інішегім, құр емессің сен өнерден, Жасыңнан шешен болып, сөзге үйренген. Қариядан естігенді сұрап тұрмын,
Жасымнан жан емеспін мектеп көрген.
Аузыңа етегіммен құм құймасам, Адамға жеңдірмессің қызыл тілден.
Иманжан:
Бар болса, түстік өмір, мал жи кештік, Артылса, жаздық жиған қалсын қыстық. Құм салып, етегіңе көтергенде, Көрінді емшек, кіндік және төстік.
Сыйың ба көпшілікке тартқан, апа?
Қылдың ба барлығына мақтан, апа? Ұялмай, көп алдында көйлек түріп,
Халыққа сыйың ба ол тартқан, апа?