ҚЫЗЫЛ ЖЫРШЫ МЕН ӘКІМГЕРЕЙ

ҚЫЗЫЛ ЖЫРШЫ МЕН ӘКІМГЕРЕЙ
Қызыл жыршы:
Құдая, әлі жабы – біз – бір пендең, Болмайды кемшілігі елдің елден. Қай түрлі құрмет қылсаң жарасады, Еліңе мүсәпірміз біз бір келген.
Сыйысып, іштеріңе кетіп жатыр, Қазалы келген адам Түркістаннан.
Бақтияр, Данияр мен Құдияр боп,
Бір туып, бір емшектің сүтін емген.
Атасы үшеуінің Анас екен, Үшеуі Анас байдың баласы екен. Данияр мен Құдияр – кішілері, Бақтияр екеуінің ағасы екен. Данияр – ортаншысы – менің бабам, Есігі Бақтиярға жалғас екен.
Құдияр – ең кішісі – сенің бабаң, Үш үйден үш жұрт қылған қадір Аллам. Енші алып, үй ішінен отау тіккен, Білсеңіз, хисрат болып сонан қалған.
Анастан арғы жері екен Ысқақ, Сөзбенен көрсетейін саған нұсқап. Жіберіп екі үлкенін енші беріп,
Қолына Құдиярды қалған ұстап.
Біз, жырау, жақсыларды базар еткен. Дүниеден көшіп жатыр қаза жеткен. Үш жүз [дің] кенжесінің баласы еңдер, Басынан бабаңызға дұға кеткен.
Арымас дұғалы құл деген сөз бар.
Отырсың қонысыңда сол себептен.
Атаңнан атам үлкен, өзіңнен – мен, Қол алып, көріспедің Мырзабекпен. Менмендік осыншама қылатұғын, Сен қандай ақын едің менен өткен?
Әкімгерей:
Жыршы боп жүр екенсің мен жоғымда, Шыр болып түлкі, қарсақ ел жоғында.
Қаңғырып Қазалыдан келген, қасқа?
Бұл жерде кім қарайды аш-тоғыңа?
Қызыл жыршы:
Жан ба едің жайын өскен қысым көрмей,
Бұл сөздің халық айырсын алтын, мысын.
Қоқиып келген жерден мұны айттың ба? Алтын десем, әншейін мыс екенсің. Бендесі әр қиырда жүргенменен,
Ақымақ, Алла берер ризықысын.
Әкімгерей:
Айттың ба тойғаннан соң бүгін мұны, Әркімнің бұл сөзіңе келер жыны. Несіне тойғаныңа мас боласың, Қаңғырып ішкен, қасқа, жуындыны. Бұл жерде әулеті жоқ, тумасы жоқ, Осының өлсе түсер кімге құны?!
Қызыл жыршы:
Еш жерге жете алмайсың бұл ойменен, Кей жаман жүрген жерін лайлаған. Ақымақ алды-артын болжамайды, Өз сөзін өзі мақтап, шырайлаған.
Қаһары келсе, фишрат таптырады, Жүргенде ойының келіп Құдайменен.
Әкімгерей:
Еш адам бай болмайды сараңдықпен, Мақсатқа әкім жетпес арамдықпен. Есебін еш нәрсенің біле алмай, Халықсың тозып кеткен жамандықпен.
Қызыл жыршы:
Еш адам бай болмайды есеппенен
Дүние тең суға еріген кесекпенен. Бұл нәубәт өз басыңа кеп қалмасын, Дүние ешкімге опа көрсетпеген.
Әуелі Құдай, әулие жар бола гөр, Ұстастық бір ақырған есекпенен.
Әкімгерей:
Сөйлейсің қалай-қалай сөзді, қасқа, Әлі тиген жоқ па еді басың тасқа? Өмірінше тозғындаған халықсың ғой, Тимеген ауыздарың өмір асқа.
Қызыл жыршы:
Артық па біздің елден қызықтарың? Еліңе ел екен деп қызықпадым.
Тозғында, дуана боп жүрсе халқым, Тағдырдың көрген шығар сызықтарын.
Атаусыз өлгендерің қалып жатыр,
Кірмейді құлағыма быжықтарың
Інісі ағасының қызын алған, Көп екен елдеріңде бұзықтарың.
Әкімгерей:
Ақтайсың бұзықтықпен бұзылғанды, Маңдайға қайдан білдің сызылғанды? Бес жасар, он жасардан ұстап беріп, Бірталай біздің халық қызыңды алды.
Қызыл жыршы:
Қарашы айуанның ауызына, Мас болып бес-алты пұт азығына. Қыз бенен қой қай жерге кетпеуші еді, Қартайған қыз көрдің бе қазығында?
Тағдырдың қууымен қылсаң, жазығы не? Өзіңнің қыз, қатының талақ болды, Қарыған қаз көріп пе ең қаз ішінде?
Әкімгерей:
Ай, қасқа, тарта сөйле тіліңізді, Сандалдың, бірің көрмей біріңізді. Әуелі келген кезде біздің елге Көрген жан шошушы еді түріңізді.
Жерлеріңде қасиет болмаған соң, Көре алмай сандалдыңыз күніңізді.
Қызыл жыршы:
Ақымақ, жамандама елімізді, Жылан кеп, үзіп кетті белімізді. Өзіңнің бар қатының талақ болды, Қасиетсіз деп айттың жерімізді. Бет алдыңа ақырған есексің ғой, Білмейтін ата мен тегіңізді. Білмейсің Қожа Ахмет Иассауиды, Қой енді былшылдаған кебіңізді. Шайқысылам, осыны өзің ап келдің бе, Айтысып, ап берер деп кегімізді?
Әкімгерей:
Сөйлейсің қалай-қалай, қасқа кедей?
Ауызы жарымаған асқа кедей. Асымды ішіп, халқымды жамандайсың, Ақыры, сазға отырарсың саспа, кедей. Жыршы боп жүр екенсің, мен жоғымда, Ізімді бұдан былай баспа, кедей.
Қызыл жыршы:
Артық па бізден сіздің ішкеніңіз?
Қуырылған құр шаймен іштеріңіз. Асына асып жатқан кел демейтін, Сай емес мұсылманға істеріңіз.
Тағы да ұнамайды ит мінезің, Келгенді талайтұғын күштеріңіз. Мұрттарың басылмаған, шашың өскен, Секілді мұжық орыс түстеріңіз. Құдайды – бір, пайғамбарды хақ білетін, Сіздерден біз хақ дінге ішкеріміз.
Әкімгерей:
Ай, қасқа, байқап сөйле, Қазалың жоқ, Үстіңде үй, бауырыңда қазаның жоқ. Қарашы, жан-жағыңда жігіттерді, Қалмағай қапелімде ажалың боп.
Сөйлейсің кімге сеніп үстем-үстем, Есен мен Ахметкерейдей адамың жоқ.
Қызыл жыршы:
Қайтеді Ахметкерей, Есен деген, Мен ондай қорқа алмаймын есерлерден. Ораза, намазбенен жұмысы жоқ, Баланың ісін қылған еленбеген. Осыларды алдына танау қылсам, Ойың ғой үні сонда өшер деген.
Елімнің берекелі уақытында, Болғанмын мен де жолдас талай ермен. Ахметкерей, Есенді мықты десең, Апаңа жүгіртіп ал қатыныңды.
Әкімгерей:
Ай, қасқа, байқап сөйле, есірмегін, Басыңа жетіп кетер кесірлерің.
Көңіліме менің бүйтіп тие берсең, Басыңның білмей қалма кесілгенін. Қолыңнан қыздарыңды қойдай сатып, Қашып кеп, тиіп жатыр жесірлерің.
Қызыл жыршы:
Күлкіңді біздей болсаң, тыя алмайсың, Біздей боп ешбір жерге сыя алмайсың. Көргенін біздің елдің көрсең егер, Өмірі естеріңді жия алмайсың. Қыз түгіл, еркегің [де] жүрісті боп, Теріс қылық жасауға ұялмассың.
Әкімгерей:
Болса да, аямассың келсе күшің, Елімнің ішкен, қасқа, жуындысын. Қарашы жан-жағыңа, жігіттерге, Қалмасын опырылып отыз тісің.
Қызыл жыршы:
Жаратқан жалынамын жан иеге, Тоқтарсың келсе егер сөз жүйеге. Әкеліп неміс арба сыйғызбап ең, Кесірің артса, сыймас бір түйеге. Көп қой деп сен сенесің адамыңа, Құдаймен мен де сендім әулиеге.
Әкімгерей:
Әулие деп жүргенің адам шығар, Деп жүрген оны әулие надан шығар.
Осындай сыйынғанда қолдайтұғын,
Әулие тірлігіне болса-дағы, Құл болып өлгеннен соң қалған шығар.
Қызыл жыршы:
Әулие өлген емес, тірі ғайып,
Шын ақымақ болмасаң, мұның айып.
Көресің әулиенің кереметін, Табаның бұл жалғаннан кетсе тайып. Құдайды – бір, пайғамбарды хақ білмейтін, Тұқымын не қылады мұның жайып?
Әкімгерей:
Ешкімнен тоқталмаған Әкімгерей, Түзелмес жігіт адам зәкүн көрмей. Қаңғырып, Қазалы өтіп келдің неғып, Бар болса, әулиенің нәпін көрмей. Сөйлейсің кімге тиісіп үстем-үстем, Қонысың осы арада жақын жердей.
Қызыл жыршы:
Сырттан сол әулие оңдайтұғын,
Пендесі Құдай сүйген тоймайтұғын
Иланбай әулиенің барлығына, Неме екенсің соры бар қайнайтұғын.
Білмесең Қожа Ахмет Иассауиді, Неме екенсің тұқымын жаймайтұғын. Құдайы – екі соғым бердің жәдігөйсіп, Қоянсың орда өстіп жан сақтайтын.
Әкімгерей:
Еліңде байың бар ма Шәді молдамдай, Бола ма тәуір жігіт Байқадамдай?
Қобдада Әбіш деген бір бай жатыр, Жылқысын көптігінен қайтара алмай.
Келгелі біздің елге үш жыл болды, Болыпсың сырын алып байқағандай.
Қызыл жыршы:
Мақтарлық Әбіш байың кісі ме еді, Бар ма деп оның несін ісінеді.
Еліңнің айтулысы Әбіш болса, Сенің де сәл-ақ болды күшің енді.
Тыңдасаң, құлақ салып, Әкімгерей,
Ақшалы отыр ……………….. мына кедей.
Төрт адам кешқұрымда барып едік, Үйіне қонақ қылып, түсірмеді. Күн суық, ұйқы-тұйқы боран боп тұр, Сәл кідірсек, тұрмыз енді үсігелі. Мақтама малы бар деп Әбішіңді, Айтпасаң, қайыры бар кісілерді.
Әкімгерей:
Қажыдай Аллаберген кісің бар ма, Толтырған Құдай көңілін бас пен малға. Мал мен бас, абырой, бақ, барды беріп, Жеткізіп мұратына қойған Алла.
Қызыл жыршы:
Баратын талай қажы біздің елден, Әр жылда-ақ мыңы барып, жүзі келген. Қайтып кеп дүниеге араласпай, Қажының сауабы көп сол жақта өлген. Сен менің бұл сөзімді жалған десең, Сұрашы молдалардан кітап көрген.
Әкімгерей:
Еліңнің енді сен айт берекесін, Әр түрлі той-тамаша берекесін. Бәріне біздің елдің сын тақтың ғой, Есітейік сендер қандай ел екенсің.
Көңілің еш адамнан басылмаған, Басыңда тұрмысың көп неме екенсің. Сірә, бір осы көптен жасқанбадың, Сондай бір тәуекелшіл ер екенсің.
Қызыл жыршы:
Айтайын елімізде әулие бар, Әр түрлі түнеп жатқан аяты мал. Айтайын еліміздің берекесін, Аңғарып, Әкімгерей, құлағыңды сал. Әр жылы мың үй тігіп, ат шаптырар, Мүкарам қайтыс болса кемпір мен шал. Халыққа бір ай бұрын хабар беріп,
Той жасап, қыз ұзатар не мырзалар.
Серкені қырық шақты додаға сап, Бес-он күн бозбалалар көңіл ашар. Болса егер аты жақсы, өзі мықты, Шақырып, сол додадан салым салар.
Дәстүрін біздің елдің көрсең егер, Қайран қап, көңілің бітіп, мейірің қанар. Миуаның неше түрлі бәрі сонда, Болушы еді ішкеніміз шекер мен бал. Жатып қалған уақытта қонақ барса, Түрегеп, қол қусырып, қойын шалар. Жолына бес, он мың сом қаражат қып, Әр жылда Мәдениге қажы барар.
Олардың қажылығы қабыл болып, Болмаса бірлі-жарым келмей қалар. Десең сен қасиетсіз жерімізді, Ақымақ, әулие атып, аруақ табар. Кезекті, Әкімгерей, саған бердім, Әр түрлі елімізден айтып хабар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *