ҚҰДАЙБЕРГЕН МЕН ҚАДИША

ҚҰДАЙБЕРГЕН МЕН ҚАДИША
Құдайберген:
Тоты едім Құдайберген Қыпшақ текті, Баласы Әлсейіттің даңқым кетті. Аралап Орта жүзді жүргенімде, Салдықпен жанаушы едім талай бетті.
Бір қызбенен айтыстым Қадиша атты, Атбасар, Қараөткелде сонау шетте.
Қарауыл, Атығай мен Мүлтік, Сары, Сыртынан шыққан екен сонша даңқы. Дейтұғын үлкен Қараой, кіші Қараой, Аққұдық жайлауы екен онан да ары.
Айтысқан Құдайберген сонда барып, Сөзімді тыңдап отыр, құлақ салып. Онымен ата болып айтысқам жоқ, Төрт-төрттен сегіз уйез бөліп алып.
Атбасар, Қараөткел мен Көкшетауды, Қызылжар – бұл төртеуін Қадиша алды. Кереку, Қарағанды, Омбы, Семей, Жамағат, бұл төртеуі маған қалды.
Сезімді екі жақтап орнықтырып, Мінекей, қыз сөйлейді онан әрі. Әдейілеп барған маған кезек бермей, Әуелі қыз өлеңді қоя берді.
Қадиша:
Басайын түрлендіріп әннен өрнек, Мағлұм бір Аллаға алмақ-бермек. Бір ақын Омбы уезден іздеп кепті, Менімен айтысуға аты терлеп.
Бір ақын іздеп келген Омбы уезден, Бишара ат терлетіп сонша жерден. Береді сендей ақын ат пен шапан,
Қожахмет іздеп келіп, шапан берген.
Қадиша, сұрасаңыз, менің атым, Қарауыл Мертік еді арғы затым. Ұжмақтан хордың қызы келмейді ғой, Құрбыдан артық туған қияпатым.
Мен өзім әрі баймын, әрі молмын, Әуелден қыдыр қонған шалқар көлмін. Айтайын төрт уезден құтым санап,
Төрт-төрттен сегіз уйез берген балап.
Ей, сорлы, менің жайым мынадайын:
Мен сөйлеп, тыңдатайын сөз ыңғайын. Қызылжар уезімнің бір шеті еді, Бақ қонған, қыдыр дарып Өсербайым. Тағы да Бесқоңырда Бекен мырза, Ей, мырза, мырзаң бар ма солардайын?
Көкшетау дуанында Науан хазірет, Бақ берген тірлігінде бір құдірет.
Елінде Торайғырдың асыл дана, Тоғыз мың жылқы айдаған Қожахмет. Әдейі сонша жерден келсең-дағы, Біздермен теңелуің қиын рет. Қырғызда қос қапамен, міне, екі қол, Атанған мұсылманға Ташмұхамбет.
Елінде Жағалбайлы Сәрсен байым, Мың-мыңнан о да өргізген құлын-тайын. Қараөткел Қыпшаққа да мың қой бітіп, Басшысы – аға сұлтан Ыбырайым.
Құдайберген:
Сиынып мен сөйлейін құдіретке, Бір қыздан жеңілуім маған еп пе?! Қыпшақ деп а дегенде ауызға алмай, Барайын Қарқаралы анау шетке.
Кетейін біраз ғана сөзбен жанап, Жарамас өнер аяп, бойым тежеп. Қызыл тіл, қу көмекей, сен де сөйле, Саған да құт сынайтын келді кезек!
Тобықты естіп пе едің Құнанбайым, Ол болған заманында бұландайын.
Меккеден сауап үшін бір үй салды, Қадиша, асылың бар ма осылардайын?
Мұндайын сауапты ерді таппадың ғой, Еліңнің құр санайсың құлын-тайын.
Қадиша, осынау күнде болды Қасен, Елімнің құтын санап, мауқым басам. Қыз сөзі батқан сайын жаным кірер, Қадиша, апрықтың деп, неге сасам?
Қаракесек, қаздауысты Қазыбегім, Бақ қонған тірлігінде Исламбегім. Затында Алтай бөрі Қазанқабым, О-дағы болып өткен қаракөгім.
Сөзімді тыңдап отыр жұртым біліп, Жылмиған жорғадайын кетем жылжып. Исадан Бердалының Қабыш боп тұр, Қабыш тұр қанша жұртты қарына іліп.
Жақсының әр атаға шығар даңқы, Сөзімнің қисық сөйлеп, келмес мәні. Патшаға тоқсан өгіз сый беріп тұр, Қайсыңнан кем болып тұр Темірғалы?
Әр ата бір адамның айтсам затын, Сөзімді келісімді жұрт тыңдасын. Жантөбет өзі қажы, өзі молда, Бақ қонған тірлігінде Ілиясым.
Ақыпта, Жолабада янды Домақ, Жүз кісі сіздің елден болса қонақ. Татқандай зәмзәм суын Мекке барып, Келеді күнде арбамен жолаушылап.
Арғында Тәкен, Жансар ол Боқсары,
Солардай болмады ғой жұрттың бәрі.
Шортанбай Орта жүздің ордасы еді, Сұршаға айтса батар сөз ызғары.
Әлмүсірә – әрі қажы, әрі указ, Бұл кезде Мұқаммедияр указ болды. Кереметпен құс боп ұшып Мекке барып, Бағдаттың намазында қайта айналды.
Құтымның әрқайсысын айтсам керек, Санаған құр құлын-тай неге керек?! Құтымды жоғарыда айтып өттім, Қадиша, сен сөйлеші, бердім кезек.
Қадиша:
Сиынып сөз сөйлейін құдіретке, Сұршада шығып кетті сонау шетке. Жылында жүз кісіні айдатады, Мырза деп бекер айттың Исламбекті.
Керейде тек Текеде Бүртебайым, Парақор Ташмұқаммет білдім жайын. Қасен де қартайғанша пара жейді, Еске алып, ойламайды бір Құдайын.
Құдайберген:
Құтыма тіл тигізбе, босқа шатпай, Сөзіңді тура сөйле алшақтатпай.
Аптығып, әйелдікпен қаралайсың, Барайын мен де аяңдап сіздің жаққа-ай.
Бұл сөзге неге тидің сорың қайнап, Айтпадың әйелдікпен соңын ойлап.
Меккеге Науан қазірет жіберіп пе ең, Тақсырды жібердің ғой Үркітке айдап.
Қарағым, Ташмағамбетті мақтадың ғой, Бір қой үшін жіберген өз ағасын сотқа байлап. Басыңды, қыз Қадиша, көтермейсің, Көрпеңді сөзбен жапсам әбден жайлап.
Жасаған өнер берген бір құдірет,
Қата айтсам, бір Құдайға боламын шет.
Шақман тек мақтадың кезебіңді,
Жылында бір ұрлап жемесе, малына тиер індет. Құтымның менің сендей кезебі жоқ, Елімнің аруағынан садаға кет.
Қадиша:
Өлеңді айтсам дейсің ептей, ептей, Жеңем деп ойлайсың ғой гауһар тектей. Отырып, өз-өзіңнен ырғақтайсың, Түсетін отқа барып көбелектей.
Бір мырзаң айтқандайын іздеп келген, Қожахмет іздеп келіп, шекпен берген. Бересің ат пен шапан сен де сұрша, Жеңіліп Қожахметтей шекпен берген.
Құдайберген:
Ілгері сөйлегенде шеру тартам, Қозғалсам, аруақ қорып, қозып арқам. Жезтырнақ секілденіп шашбау тағып, Топқа кеп сылдыр қаққан сен бір шайтан.
Рас па, Қожахмет іздеп келді, Бір қызы Қарауылдың сені көрді. Сенімен ойын ойнай келгенім жоқ, Қиын ғой киім бер деу маған енді. Мен кепіл бұл дүниенің тұрмасына, Күлесің құрбың менен құрдасыңа. Балаға он төрт жасар әкең беріп, Құмарсың біздің елдің мырзасына.
Мен тұрмын тұрпатыңды жаңа көріп, Шын қызсам, кетуші едім аттай желіп.
Кейінгі жастарымнан кет садаға,
Кетеді сенен көріп шалым жеріп.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *