САРЫШОЛАҚ ПЕН ҚҰЛЫЙ

САРЫШОЛАҚ ПЕН ҚҰЛЫЙ
Сарышолақ:
Зергер сатар өнерін,
Жақсы адам жұтпайд жегенін. Алып жатқан көп жылқы, «Сүтті көлдің» кемерін.
Жақсылықтың белгісі,
Ағайынға бұлдамайды әрқашан да берерін.
Көп жылқышы ішінде,
Мырзасынған пішінде,
Толықсып, толып ісуде,
Өзінше біреу бар екен,
Есенқұл-Бабай дауысты,
Есенқұл емес Мөңке екен,
Сыр-сипатын санасам,
Жақсыларға баласам,
Айналдырып қарасам,
Мал жігіттің көркі екен.
Көп жылқының ішінде,
Қой бастаған серке екен.
Ақылын бұның кім білген?
Шалдуырлау ерке екен, Өзінше былай сән қуып,
Кигенде тоны келте екен.
Сыртына киіп тай жақы,
Басындағы әлеміш, Тотанның қалған бөркі екен.
Мінезіне қарасам, Қара тастан салмақты.
Көп жылқышы ішінде, Жалғыз ұлдан ардақты. Сөйлеген сөзі малжанды, Жігіттей-ақ жан-жақты.
Алып келді қосына,
Шәугім ілді мосыға,
Сапырулы сары қымыз.
Бәрекелді, масына!
Ат сұрай келген құрбыңа,
Көкке қарап сөйлейсің,
Өй дейсің де, бүй дейсің,
Әбу, құрдас, тасыма, Мақтаныш деген осы ма? Жазғытұрым болған соң,
Басыңа тағдыр салған соң,
Тотан жылқысын алған соң,
Қаңғырған қудай қаларсың,
Айтқан сөзге нанарсың,
Өткен істі шаларсың,
Шалқақтаған бұл басың,
Ісінген қазір, құрдасым,
Еңкейіп барып, күн туса, Пұшпағын местің жаларсың.
Не болды деп бұл күнге,
Есіңнен сонда танарсың, Әлпештеген жұртыңды, Елді есіңе аларсың.
Айтқан сөзге нанарсың,
Бармақты тістеп белінен, Гөй-гөйіңе саларсың. Жақсы адам әсте бұлдамас, Кем-кетікке берерін. Терең сайлар құрғамас, Суға толар тереңім.
Атадан қалған алтын жоқ.
Өмір болса көрермін, Бостан босқа тасыма, Бір күнгі ішкен асыңа. Бағың таяр күн туса,
Жан жуымас қасыңа.
Бұрыннан қалған сөз бар еді:
Құдай қарсы – асыға,
Ілгері кейін күн болса, Қаларсың сөзден тосыла. Іркіт бермей сары тоқал Шөмішпен ұрар басыңа. Барар жерің қысқарып, Ақ соғар сақал-шашыңа. Көптен бері естімей,
Жүрген де сөзің осы да.
Содан Әбу, қайтсе де, Сарышолақ шайырды жеңбек болып, аулының оқыған ақыны Құлыйға бір жылқы беріп, айтысқа қосады:
Құлый:
Сұрасаң, әкем аты − молда Жолай, Жақсылар өткен екен елде талай.
Дәулетім асып-тасып жатпаса да, Мен сорлы болғаным жоқ Боранбайдай.
Біз білген Бестоқалда ерлер көп ед,
Дүниеден өткен әкең, сол − Боранбай, Көрінген алысынан бізге дара-ай. Сарышолақ, сол көбінің бірі едің, Өзім бір санап жүрген мыңға балай.
Туралап, сөз айтайын Сарышолаққа,
Шолағың сөз бастады Әбу жаққа,
Жүгіртіп не бір ойын әрбір жаққа, Шіркіннің дәмесі бар әрбір сақта.
Бәрін де бес Тілеудің өзіңдей көр, Білместі табан жерде сөзге шашпа. Жел сөзді ұялмасам мен де айтамын, Сыйынып, бір Құдай мен әруаққа.
Арқасын Шолағымның күн шалыпты,
Жинаған той-думанда, Тоқты-торым, ешкі-лаққа.
Сарышолақ:
Барғаның дұғай сәлем айт,
Тінәлі мен Молдаға,
Қызықпасын мәрттеніп,
Әркімнен алған олжаға.
Жақсыға тиер залалы, Жаманды жаудан қорғама.
Шабысы аз жабыны,
Топқа қосып, зорлама. Батыр шабар ар үшін, Түсі суық найзаға. Хас әдіскер салады, Неше түрлі айлаға. Шешен сөйлеп, тіл безер, Хандар тіккен ордада.
Шорағай бөгет болар ма,
Еділ менен Ақ Жайық, Қосылып аққан арнаға. Шіркей бөгет болар ма, Құлази аққан дарияға. Жортақ жолдас болар ма, Теңселе басқан жорғаға.
Хас жүйріктің баласын, Басыңа күн туса да, Сала көрме арбаға. Сұңқар жолдас бола ма, Сауысқан мен қарғаға.
Тілеудің ұлы Жалтума,
Шалқыған өзен секілді,
Басқалар қонған айнала,
Айырдың күші пар келмес,
Аруанадан туған түс нарға,
Біз секілді алтынды, Қор қылмаңдар мыстарға.
Айызыңды қандырам,
Жетпей де жүрсең құштарға.
Қаз ілетін қаршыға, Салмаңыздар тышқанға. Тіресетін алыппен, Әбуіңде күш бар ма? Айқайға қосып сүренді, Сескенетін тыс бар ма? Таз бала түсіп жүр ме екен, Өлең деген жоспарға. Әлі де болса, кейін қайт, Түсінерсің астарға.
Әулекілеу сөзге еріп,
Бостан-босқа мастанба,
Ағаңның сөзін сынап көр, Қиырдағы дұшпанға.
Атырау мен Аралдың,
Арасына оқ жетпес,
Шетінен ұшқан құба үйрек,
Қанаты талып қонады,
Тәңір берсе сананы, Бұл сөзіме түсінед, Әлімнің жақсы адамы. Таппай айтқан жаманның, Халқына тиер залалы. Алуан-алуан жүйрік бар, Әліне қарай шабады. Боқпен сыбап нетесің, Тас кесетін араны.
Таз бала неғып бөгейді, Жетеден құйған сағаны. Жорғаңды сүрдір, айқында, Болаттан соғып тағаны. Көп ішінде білерсің, Бізге қойған бағаны.
Түсінерсің сол сәтте,
Шарық пенен шаманы.
Басыңа күн туғанда, Еске аларсың алдыңдағы ағаны.
Қанша көлгір болғанмен,
Белгілі және түсінсең,
Артқа ерген қарамы.
Топқа салар туралап, Тереңнен сілтер дараны.
Шу дегенде белгілі,
Жеңер сөзді қаралы, Бала күннен сезілер, Сөзінің болса орамы.
Басыңа бір бақ қонса, Ешкім төкпес шараны. Орайлы жерде сөз алар Кеңдеу болса орамы. Батырлар да шалықтар, Туып тұрса оралы. Барымташы мал алар, Тәуекелшіл талабы.
Айналайын, Құлыйжан, Айналдырсаң нетеді, Бізден соңғы баланы? Әбудікі айтақ қой, Жан-жағыңды байқап қой.
Оны тағы түсінсең,
Адам емес саналы,
Ақыл, ойы шамалы,
Менімен тірессе, Кесілер алған талабы. Жеңілгенін білгенде, Жасқа толар жанары.
Тартынып неден сасамын, Кімнен бұғып қашамын, Болған соң әбден болары. Нағыз өртке қосты ғой, Бықси жанған шаланы.
Боларсың әлі, Әбуім, Айықпастай жалалы.
Құлый:
Жағдайсыз сөз естідім Сарышолақтан, Өзіңді билеп алған қандай мақтан?! Күпсініп, сөз сөйлейсің әлдеқалай,
Жігітке жақсы емес пе аузын баққан?
Шежіре қартымдай-ақ көп білетін, Сөйлейсің шалғай орап әр тараптан. Тұғырдай құр жіберген көбеңсисің, Шалқарға жаққан екен қымыз сатқан. Тұқымың кедей еді бұрынғыдан, Жарымай жүретұғын ішер ақтан. Сыйынып Мөңке атама өлең айтам, Сендей құл қорықпай ма әруақтан? Ескі бидей сөз айтасың алмағайып, Қолыңнан келсе егер сөзден сақтан. Білерменсіп сөйлейсің күпінгеннен, Аяғыңды аңдап бас, қара қаптал. Қайтадан шығуыңа қиын соғар, Мен өзім бой жетпейтін терең шатқал. Кешегі қаңғып жүрген Шолақ едің, Толысып қалғансың ба мал мен бастан? Паралап айтатұғын сөздерім бар, Мен емес қалың топта сенен қашқан. Жыныңды қағып алам дұғалықпен, Талайдың ісін қозғап, көзін ашқан. Өзіңше еліресің жұрт алдында, Екеуге тең емес пе ашық аспан?
Мен тағы әруақтанып кеткенімде, Сен секілді бейбақтар тұра қашқан.
Сарышолақ:
Тілеудің ұлы Мөңке еді, Алты Әлімге бас болған.
Қара мойын серке еді, Ақылы зерек әулие, Қияға көңіл сілтеді. Ағарып атқан таңымдай, Шөлді жерге бұлт еді.
Онан туған Қыстаубай, Алтыны кетіп, мыс қалды-ай. Мен – Жалтума, сен – Мөңке, Жарамайсың нұсқауға-ай. Бұлдырықтай бойы бар,
Сұңқардан ұшқыр құс бар ма-ай?
Сөз ұғатын баласың, Түсінерсің тұспалды-ай. Мен қаршыға бүретін, Шын желігім қысқанда-ай.
Жолайдан туған таз бала,
Ақылың сенің аз ғана, Жусап тұрған жайынның, Құйрығын басып, қозғама.
Мен – бір жайын, сен – шабақ, Өзім бастан қозғайын, Барлығын құртқан қу тамақ.
Мен – Жалтума, сен – Мөңке, Сенен неғып озбайын?
Сыйынған әруақ ортақ-ты, Атаңның атын айтпайын, Әруағынан жазбайын.
Тай туласа, үзілмейд, Шаптан тартқан қос айыл. Кірісі мықты сарыжа, Тартқан сайын қайқаяр. Тоғай сүзген бүркіттей, Қанат қомдап қалқайын.
Тоқпақ жалды торы атпен, Дәмең болса, жалпы айыр.
Төзімің жетсе, тірескін, Жиғаныңды сарқайын. Айтысар болсаң, дерек айт, Сөзіңді естіп, айтайын. Қопаңдайсың құр бекер, Шабысыңды байқайын. Тура сөйлеп дұрыстап, Мен несіне тайқайын? Дауылдатып құйындап, Аз миыңды шайқайын.
Құлый:
Бекіре едім мен өрге жүзген,
Іркіліп қалғаным жоқ айтар сөзден.
Бақадай шөлде қалған домаланып, Көңілі Шолағымның нені сезген?
Сарышолақ өлең айтса, есіреді,
Жабыдай жалғыз шапқан көсіледі.
………………………………………………………
Күнәсін бұрын айтып, кешіреді. Жалтума бұрын мөрін басқанменен, Торшаңыз Әйтпенбеттің жесірі еді. Сөз келед бұрынғыдан созбақталып, Шолақтың іздегені кесір еді. Ақымын, жұртта қалған тайлақтайын, Өкшеңіз маған ерсең тесіледі. Жақсының атын айтып неғыласың, Бұйырған Шолағыңа несібе еді. Пайдадан босқа келген айрыларсың, Тілегің айтпастан-ақ кесіледі.
Сарышолақ:
Әулие болып өткен атаң Мөңке, Әлімге болған екен көсем серке.
Бізбенен арғы жағың бір туғанмен, Тұғырдай жал-құйрығың болды келте. Пақырсың таста ойнаған құмырсқадай, Сені біз өсіріппіз, қылып ерке.
Қабақтың қосын тігіп, кетіп едің, Ел қылған өз алдыңа сол Мырзеке. Жарқырап жердің жүзін алып жатқан Көлшікке пар келмейді ағынды өлке. Аңдап бас аяғыңды, тазша бала, Ағаңның сенен, сірә, сөзі төте. Алдымды орағыштап қайқаңдайсың, Менімен айтыспағың әлі ерте. Сүйреген өрге қарай жампозыңмын, Сол болады жанамада сынбас терте.
Құлый:
Баласы Боранбайдың сенсің – Шолақ,
Ақылың болған екен мұнша молақ,
Күпініп, сөз бермейсің,
Сені ақын деп жүрген жұртың дорақ.
У беріп, өз ағаңды өлтіріпсің, Үйіңде көрген екен қонған қонақ.
Келгенше жиырма беске қатын алмай, Сорлы едің Бәйінбеттің артын баққан. Өлгені Бәйінбеттің саған жаққан. Есіңнен кетпей жүр ме сол күндерің,
Кірме боп талайлардың асын татқан.
Сарышолақ:
Ылдидан Құлый келді есек мініп, Мұны мен айтпай жүрмін, өсек біліп. Қуырып, әйелдерге бидай сатып, Келеді жазғытұрым жүнін жиып.
Тотанның асқақ дәулет арқасында, Сен, Мөңке, не қыласың мінге күліп? Мырзағұл, біле білсең, біздің ағай, Мөңкесің дөңгеленген алдың тұйық. Ел болдың өз алдыңа жерді алып, Әйтпесе, артқы жағың болған сұйық.
Мөңкені не қыласың тіліңе тиек қылып? Сенсіз де тұрған жоқ па жұрттан биік? Жаманның өресі тар шермендедей, Кетеді осындайда тілің тиіп. Жалтума – ең үлкені Тілеуімнің, Жататын ұлы өзенге өзі құйып.
Үлкенді сыйламаған бетің қара, Жүрмессің бұ қылықпен елге сыйып. Жанып кет шаладайын бықсығанша, Отырса, айтқан сөзге ішің күйіп.
Құлый:
Өз айтқаның дұрыс деп,
Бөдене борбай, шүріш көт, Кезбедейін елеуреп, Бүріскен табан, бұрыш бет.
Әкеңнің атын сұрасаң,
Құдай соққан Әйтпенбет,
Шалап ішкен көнектен,
Ас ұсынған шелекпен,
Ақыретке кетіпті,
Жарымаған қорекпен. Екі ноғай, төрт орыс,
Параға беріп бешпетін, Уақпай көпір аузында, Қызыңды зорлад кезекпен. Соларды қорғап алмаған, Айырмаң қайсы көжектен?
Қатеден бір Жаңғылыш өле қалып, Ауылыңды құмға қарай сүйрегенсің. Ішінен Құлекеңнің қашып келдің, Артыңды шанышқымен түйрегенсің. Қопасор қондың-дағы адам болдың, Қолтықтан Қабақ-Тілеу сүйегенсің.
Сарышолақ:
Ит болсаң, қарғы тағып жүрер едің, Ас бергенге жағымпаздана үрер едің. Қатын болмай, аман қалған тазша бала, Әйел болсаң, шағыстырып, бүлер едің. Сауысқан секілденіп боқ шоқыған, Арсыз боп өміріңді сүрер едің. Көргендей барлығын өз көзіңмен, Еліріп, бос сөз айттың түрегеліп.
Қисынсыз айтар сөзің бәрі − жалған, Сен құсап күнә жаққа әсте барман. Әулие болып өткен атаң Мөңке, Жұқана қалмады ма асыл ардан? Әруағы ұрып кетсін соларымның, Көбіме дұғалығы болған арман.
Сөзімнің жоқ қатасы,
Қабыл болған батасы, Күлтөбеде сөз айтқан – Тілеу елдің атасы. Биік еді бәріңнен
Жалтуманың жотасы. Атамыз өткен Жолдыаяқ, Хас жүйріктің шашасы.
Ақырып, жасақ сайлаған, Кекті қылыш қайраған, Қабағың сонда Есет пе? Жауын қойдай айдаған,
Зорлықшыл мен үстемге,
Шойын қазан қайнаған,
Қасарысқан дұшпанын,
Алдын орап байлаған, Ата жаумен алысып, Жеңбей тағы қоймаған.
Сендей нәтсіз жеңбекке, Атасының сақалын, Былғауыштай ойнаған.
Мәнжубас туған сендейлер, Қайсысын соның санапты.
Бүкіл Әлім сөзге ұстап Тілеуді,
Жауға салды Қабақты, Өзіңді-өзің жамандап, Сарттан аласың ба манатты? Жақсыларды табандап, Қайдан таппақсың санатты? Битке өкпелеп, күпіңді отқа жақпассың, Тотан жаппас жанатты.
Еріп алып өсекке,
Қабақ десең сөз қозғап, Тілің тиді Есетке. Орайлы сөзге әрқашан, Керек еді есеп те. Бауыздамай салайын,
Теріңді теспей іреуді.
Сыйынған Алла біреу-ді, Шаңырақты ұстаған,
Алтын діңгек тіреу-ді.
Тоз-тоз болып ірірсің,
Құрт жемей-ақ, шірірсің,
Жау шаппай-ақ алыстан,
Өз-өзіңнен құрырсың,
Жамандасаң, өз атаң – Тілеуді,
Асылдан соққан білеуді. Басқалар да жетпей ме, Қозғағанша сіреуді. Аузыңа сөзді кім салған, Сынау менен мінеуді. Менің жолым айқын-ды, Найзам жауға тіреулі.
Алды-артыңды анықта,
Шамаңа қарай шалықта, Сен секілді көрдемше, Қараған ба парыққа?
Білерменсіп сөйлейсің,
Шықпай жатып жарыққа.
Тірілей түсіп қаларсың,
Шықпайтұғын табытқа.
Ақылың болса, тереңдеу, Бостан-босқа сарықпа.
Хас жүйрікпен тіресіп, Басыңды тықпа қамытқа. Аз сөзден шығып үлкен өрт, Зияның тиер халыққа. Сен секілді көрдемше, Қараған ба парыққа?
Теңесем деп өрменен Бостан-босқа салықпа. Шамаңа қарай шіренің Айтқаның, сірә, болып па?
Құлый:
Тап болдың өрлі жердің қайқаңына, Кезікпес біздікіндей жай табыла. Көшкен елдің соңына ілесіп-ай, Еріпсің Мырзағұлдың айтағына.
Намысың неден қозып отыр, Шолақ, Тотанның тап боларсың қай жағына?
Тотанның қазір отыр мерейі асып,
Айтқан сөз жүріп тұр ғой өзгелерге, Ақылы, байлығы да судай тасып.
Шалқарда үй салдырды оязыңа, Ұлыққа керегінше ақша шашып.
Ояз да құр қалдырмай Тотекемді, Шен берді қағазына мөрін басып.
Битше өрген Бестоқалсың жалаң аяқ, Ел көшсе, жұртта қалған өңшең сасық. Шақпалап, аш кенедей жабысасың, Байлықтан әлде отыр ма құтың қашып? Жеңілсең, Мырзағұлдан жерсің таяқ, Тұрғаны сендей құлға жаным ашып.
Желпініп, сөз сөйлейсің ескі байдай,
Қашаннан жарып едің, Бұйырып адалдықтан саған нәсіп?
Сарышолақ:
Қайраған сайын сөзбенен, Еліре шабам туралап. Межем бар еді көздеген, Қиып түсер топшыдан.
Ақ алмастай түрленем.
Нәсілі жаман кей тексіз
Сөйлер сөзін білмеген,
Ойсыз айтқан сөзіңді,
Құлағыма ілмегем,
Сасық сордан шығатын, Жел секілді іргеден. Арам қанды төгейін Найзадай өткір тілменен. Өспес елдің шолжаңы, Асылдарын құл деген.
Шірігі мен қасаңын, Топ алдында пұл деген. Сөз тимеске сөз тиіп, Өзінше шіреп гүрлеген. Сенен жақсы маң төбет, Қара қорыр түнменен.
Жуынды ішіп Тотаннан,
Мастанып, көңіл бірлеген.
Қияға салсаң, төсте озған,
Қаттылығым сырлы емен. Қаншама сөз айтқанмен, Туралап ешкім жүрмеген.
Мырзағұлда нең бар еді,
Не біледі кейінгі, Қасына еріп көрмеген. Біз секілді жібектің,
Сыны әсте бұзылмас, Сен – бөз шұлғаусың, Аяқта жүріп, кірлеген.
Сөйлер болсаң, дұрыстап,
Тураға қарай дұрыс бақ, Сүйегіңді шығарам, Дауылдатқан жырменен.
Жырлаған сайын құлпырып, Ағылады аузымнан,
Құпиялы сыр деген.
Алынбастың қамалы,
Алдыңда тұрған биік тау,
Неше түрлі саналы,
Сөз төркіні тереңде, Келтіретін тобаны. Арлан қарсы шабады, Таусылғанша амалы. Сөзімнің қиуы қиылған, Алысқа кетер хабары.
Іркітке тойып көбеңсіп, Қалай-қалай көсілед,
Тотанның мына шабаны?
Талайдан озған сүлеймін, Мырзағұл – елдің барары. Ойланып істеп әр ісін, Оң болып тұр талабы. Жағымпаз болсаң кірмеге, Басыңа тиер қарары. Тотанға ерсең, телмеңдеп, Ұқпассың әзір шаманы.
Қисық ісің көрінер,
Күн туғанда қаралы. Болыстық Тотан не теңі, Жолы бар ма саралы? Байлығын бұлдап әркімге, Орысқа берген параны. Шындықты терең түсінсең, Бар ма содан табары?
Мақтағанға есірсе, Өзін-өзі өсірсе,
Моншақ болар тағары.
Ретті сөзі келген соң,
Тілекті Құдай берген соң, Айтпас сөзді айтқыздың, Жасқа толар әлі жанары. Дерексіз сөйлеп қайтесің, Тіліңді қысқарт шамалы.
Басыңа бәле қу тілден, Айдап салған өзіңді, Пейілінен табады.
Үйірі азса асылдың, Жабы қарсы шабады.
Осы жолы жеңілсең,
Мойныңа іліп құрымды,
Көк шыбынға жем қылып, Көз жасыңды сел қылып, Пістіріп қояр сабаны. Тотанда қулық жетеді, Ретін еппен табады.
Итаршылық – қу өмір,
Сараңшылық – қу жемір, Тотанда жүріп тесілген Талайлардың табаны.
«Шолақ» деп, мені кекетсең, Қашан саған соғып ед, Байлықтың қоңыр самалы?
Бөлтірікке бал берсең,
Өскенде ол да жетіліп, Иесін, сірә, қабады.
Таппай айтқан жаманның, Айырмасын анықтап, Жұртым өзі табады. Оқыған деп жүруші ем, Өзіңдей өскін баланы.
Жүндіқұдық, Ердене,
Мойынқұмдай саланы,
Мекендеген ел едің,
Сүйеген соң Мөңке боп,
Тілеу менен Қабағы, Мырзағұл емес пе ед, Орысқа айтқан жобаны.
Ұмытып қазір бар істі,
Жақын менен алысты,
Ұмытып түлкі намысты,
Өзінше салды шабысты.
Құлый:
Шолақтың тілі ащы, бит буғандай, Қатын жоқ, үйің қайда, о, қу маңдай? Қалыңға беретұғын лақ таппай, Әр жерге бір түнейсің ит қуғандай. Жолды бер де, ретке көш, Бергенше көп алдында көп сумаңдай.
Сарышолақ:
Қу тазша, біздің жолға түсе алмассың,
Өреңді бергенменен соза тартып,
Көтеремдей, бәрібір, күш алмассың, Байлығы Тотаныңның бір-ақ қыстық, Сыласын түсінерсің ішер астың. Мен қыранмын топ жарған алыс самғап, Қыранмен [ен] бірігіп, ұша алмассың. Жыланды үш кессең де, кесірткелік, Түртіп тұр өзіңді қай албастың?
Балақтан кіріп, өрмелеп, Жағама келіп жармастың.
Заманым келсе, тозарсың, Мен де көштен қалмаспын.
Сендей пақыр сөз білмес,
Бостан-босқа қармастың,
Кедейліктен басқа мінім жоқ, Қиып түсер алмаспын.
Арым таза еліме,
Өзіңе ұқсап сүмеңдеп, Жуындыға бармаспын.
Есесін Алла жеткерер, Сыбағамнан қалмаспын. Айыртілді жыланмен, Келіп тұр ма арбасқың? Түбін тартып қопарам, Тотанда құр бір қалмасын.
Кердері Әубәкір жеңбеген,
Түсінсең, әріге бармассың. Түбі бірге түртпесті, Менімен келсе, сырласқың. Қанша шайтан болсаң да, Сұм дүниеде қалмассың.
Босқа ағаңа тиісіп,
Байлық үшін алжастың. Қарауыл қой сөзіңе, Әр ісіңді аңдасқын.
Айтаққа еріп сандалып, Артын қума болмастың. Асылыңды қазбалап, Тотан, сен де оңбассың. Тазыңды тый да, жөнге көш, Мен айтқаннан танбаспын.
Абыройың шашылып,
Ауылыңды басар сел-тасқын. Кектенді деп ойлама, Дұрысқа қарай жол ашқын.
Араң кетер ажырап,
Күлкісі болып көп қастың,
Сені буған ақындық па, шабыт па, Басыңды әлде тықтың ба, Байлық атты қамытқа? Құдайым өзі бермесе, Жарымассың алып та.
Дүние-түлкі жеткізбес, Үлгермессің шалып та. Тотанның ана жиғаны, Жеті әкеден қалып па?
Босқа сөйлеп аптықпай,
Алды-артыңды анықта,
Насырын шұқып үлкеннің, Зияның тиер халыққа. Қыранды қуып құр бекер, Атыңды босқа арытпа.
Тотан берсе, бір жылқы, Кетпессің одан жарып та. Есікте жүрген Әбу құл, Айтар сөзге жанықпа. Безбенге сал, Құлыйжан, Кейінгіні налытпа. Сөз түсінсең терең деп, Түсерсің әлі қалыпқа. Барлық айтқан сөзімді, Түптеп келіп, толықта.
Тотан жалғыз ел болмас,
Барлық байлық халықта. Мұнан былай, жарқыным, Жолықпасқа жолықпа. Айтар сөзім көпшіл-ді, Осы сөзді парықта.
Құлый:
Алдыңа келіп қалдым желеуменен, Алтын да табылды құмды елеуменен.
Ағеке, кешірім қыл білместікті, Өмірді қайрап едім, Байлық атты егеуменен.
Бәріміз бірге тудық Қабақ-Тілеу, Боз секілді қатар өскен селеуменен. Ақиық топжарарым, алмасым-ай, Өзіңді арқа тұтып, демеу көрем.
Сарышолақ:
Құлыйжан, айтаққа еріп арындадың, Ол-дағы жастығың да жаңылғаның.
Кемшілік әркімде де болады ғой, Әркімдер айтад тағы табылғанын. Толқынға қарсы тұрған мен бір жартас, Тағдыр білер кімнің бұрын алынбағын. Дүние артың – қызық, алдың – жұмбақ, Секілді бұлдыраған қалың сағым. Сөзімді тұспалдаған түсіндің-ау,
Шыбықтай жаңа өскен саңылағым. Біз келген мына өмірге аз күн қонақ, Ішінде Қабақ-Тілеу жансын бағың.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *