САРЫШОЛАҚ ПЕН ТОҚСҰЛУ
Мырзағұл Шыманұлы бастаған жолаушылар тобы Орынбордан елге қайтып келе жатса, шуылдасып, суға түсіп жатқан қызкеліншектер бұларды аңғармай, тек қасына жақындағанда ғана байқап, қоғажай қамыс арасына жасырынады. Бір қыз арғы жағаға жүзіп өтеді де, асықпай киініп, құрбыларының киімдерін алып барып, береді. Сол сәтте қарсы беттен Сарышолақ қыздарға дауыстап:
Қара судан көрінген нұр бейнесі, Жел қақпаған, ақ күміс пәк денесі. Әдептілік қайда еді, оу, сұлулар, Көрініп қалды, әттең, «күн тимесі», –
дейді. Сол сәтте арғы беттен бір қыз:
Аузыңнан суың шұбар жегендей, алуа шекер, Көп қарама тесіліп, көзің өтер.
Күн ыссы, суға түсіп жатыр едік, Көрмегендей өтсеңіздер, неңіз кетер?
Қарауға құмарлансаң жалаңашқа,
Көңіліңде не бар еді одан басқа,
Сен ұялмай, орныңа мен қысылдым, Қарап тұр, сол жағада аузыңды аш та, –
деп айтыпты да, қыздар күлісіп, ауылдарына қарай жүре беріпті.
Жолаушылар өткелменен айналып келсе, әлгі қыз-келіншектер қырман басында тары суырап жатыр екен. Бағанағы өлең айтқан өткір қыздың кім екенін білгісі келіп, жолаушылар ат басын бұрады. Сөйтсе, әлгі қыз қараторының сұлуы, шашы тобығын қаққан, күлім көз, ерекше тартымды жымиысы бар Шүрен елінің Тоқсұлу атты ақын қызы екен.
Сарышолақ:
Қара қыздың көңілі арыда, Сары қыз құмар тарыға.
Ұяла күліп, тұр бәрі, Шіркіндердің бары да.
Тоқсұлу:
Арбалған жыландайын қалмадыңдар, Жолаушым, бізде қандай алмағың бар? Көрдім деп қыз денесін су ішінде, Көп болса, әзіліңнің салмағы бар.
Қасқырдай қойға келе араласқан,
Жол білмей, ел қыдырған қара басқан.
Тәтті түс көргендей-ақ тамсанасың, Ақыл сұрай жүрсің бе жалаңаштан?
Сарышолақ:
Жігіттің қыздан әркез алмағы бар, Сіз – ақшабақ, аулаушының қармағы бар. Қырғи ем, аққу алған, шындағанда, Ал, құрбым, сайлан-дағы, қорғанып ал.
Тоқсұлу:
Кемерге тағып жүрген қының бар ма Әйелсіз бұл жалғанда күнің бар ма? Қарғы түсер аққу үшін тамағыңа Ал, сенің қызды көрсең, жының бар ма?
Сарышолақ:
Мен жүйрік топ алдында іркілмеген, Сен – қулық, алға оза бүлкілдеген. Сұлу қыз, келбетіңе сөздерің сай, Көргенде жүрегім май ішкендей кілкілдеген.
Тоқсұлу:
Бұл жалған өтеді-ау бір күн деген, Жүйрік пе топ алдында сілкінбеген?! Дауысың ащы екен байғыздайын, Өлең қайдан шығады осындай сұрқыңменен?
Сарышолақ:
Егіншінің ісі көп, қара борбай, Жауы бар, қаптай ұшқан қараторғай. Ауылыңа маңдай тіреп келгенімде, Жігіттің біз секілді жолы болғай.
Тоқсұлу:
Жолың болмай, о, шіркін, жүр едің бе, Әлде түнде далаға түнедің бе? Шұбыртпадай соңымнан қалмай қойдың, Бір запыран бар секілді жүрегіңде.
Сарышолақ:
Жолаушының жайы жоқ түзде жүрген, Мен едім сендейлерді іздеп жүрген.
Жастың жас табады сұрағанын, Аман ба, оу, кербезім, қоныс-іргең?
Тоқсұлу:
Талай шөңге кірді ғой табаныма, Көктемеде келмедің сабаныма. Тары пісті, маржандай қырман толы, Қап әкеліп, баспақсың-ау амалыңа.
Сарышолақ:
Қыздары бұл жатақтың сөзге ұста, Әр сөзді өзің айттың осы тұста.
Ауылыңа келгенімде жолым түсіп, Шаруаңды неге айтпадың өткен қыста?
Тоқсұлу:
Сөзіңнің түрі қызық, ақын шырақ, Болды ғой көктемде ауылың жырақ.
Есіңнен бәрі ұмыт болғаны ма, Келмеп пе ең ауылымызға астық сұрап?
Сарышолақ:
Егіншінің тілегі мөлдір бұлақ, Сөздерің өткір, секілді қияқ-құрақ.
Біздің ел малыменен қоса өрген, Көшеміз жайылым қуа, алыс жырақ.
Тоқсұлу:
Малдарың қыс болғанда желмен кетер, Не керек, босып жүріп, жесең шекер.
Қаптап алып отырамын астығымды, Көп көшкен, түбі ойласаң, телмеңдетер.
Сарышолақ:
Қыздарда уайым жоқ жаннан басқа, Тап болдым уәж еместе сүмбіл шашқа. Көрер ем қалыңмалды санап берсем, Мінезің басылар ед алыпқашпа.
Жігітім, байлық айтып, босқа таспа, Жарасар, әзіліңіз асыл жасқа. Кедейдің тыраштары толып жатыр, Түзде мырза, жарымас ішер асқа.
Сарышолақ:
Егінші атыздарың миялаған, Сұлу қыз, сөзің шебер қиялаған.
Көңілімде бір сөз бар тасаланған, Ала қаздай ін түбінде ұялаған.
Тоқсұлу:
Қаршыға қияласа, құсқа түсер, Кедейдің осы кез ғой шіреп ішер.
Малыңмен несін маған мақтанасың, Көжем жақсы тыныштықпен үрлеп ішер.
Сарышолақ:
Егінші майды көрсе, жаланатын, Шықпаған мешкей деген жаман атым. Ұрысқа шеберсің-ау, о, сұлу қыз, Дүние үшін қисық жолға бара алатын.
Тоқсұлу:
Шыққан жоқ ұрысқақ деп жаман атым, Жақсы еді есендік пен саламатың. Майды айтып [сен несіне] шылқып тұрсың, Білсеңіз, Құранға шығып нан алатын.
Сарышолақ:
Ел едік талайлардан алға озған, Жетем деп, нелер жүйрік мойнын созған. Өлең сөз бірге өскен құрдасымдай, Қыз көрсе, екіленіп, арқам қозған.
Тоқсұлу:
Көшесің су жағалап азып-тозып, Жанжалға жүрген шығар арқаң қозып. Отырсаң егін айдап, бақша салып,
Қала салған, білсеңіз, орыс – озық.
Сарышолақ:
Сөзімнің түйіні бар зергердей, Қаңғуға біздің қазақ ерінер ме-ей?! Тыншулап бір жерлерді мекен етсе, Бір пәле барлығына көрінердей.
Тоқсұлу:
Қазақтың жері ұшан, шексіз қиян, Қоныс тепсең болады құстай ұяң. Маңғазсып мал жиғанға мәз боласың, Мақтаншақ сол мінезді қалай тиям?
Сарышолақ:
Айтқаның әр қазақтың қанында бар, Көбінің жақсылыққа іштері тар. Орыстар мекен салып, қарашекпен иемденді Қол жая сұрағанды етпейді ар.
Тоқсұлу:
Құдайым сақтасын тілемсектен, Не күттің жарымаған келімсектен? Басында ақылы бар тау қопарар, Ісі жоқ сақтасыншы өзіңдей еріншектен.
Сарышолақ:
Жердің де ат жүрдірмес кебірсегі, Адамның басын жұтар еріншегі. Елімде батырлар көп, жауға шабар, Қазақтың озып жүр ғой көңілшегі.
Тоқсұлу:
Көңілшек пен еріншек – ағайынды, Не айтып, өзіңізге жағайын-ды? Батырлықты не қыласың бас кететін, Егін салып, сынасайшы талайыңды.
Сарышолақ:
Салар ем егініңді сынар болсаң, Отырып, жай салмаққа құмар болсаң. Жер жайын сен білерсің дән егетін,
Көңілден топ алдында шығар болсаң.
Көңіліңді неменен ластадым, Келе сала, өзіңше құлаштадың.
Ел кезіп жүретін көп, қап арқалап, Жақсы еді жөн-жосықты сұрасқаның.
Сарышолақ:
Сұрасаң, біздің есім – Сарышолақ-ты, Сөзбенен талайлардың бабын тапты. Мырзағұл ана тұрған би болады, Әлімнен сөзі озған әруақты.
Тоқсұлу:
Ат тіреп, тоқтадыңдар шаңырақ деп, Қонақты қарсы аламыз Тәңір-ақ деп. Сөзіңіз қызық екен, мақтаншағым, Біздің жақта айтады өлікті әруақ деп.
Сарышолақ:
Қыз екенсің, япыр-ай, тілің ащы,
Ақыныңның сөзбенен мауқын басшы.
Жүрген жерден кез келмей өзіңіздей, Теңім жоқ, болып жүрмін басқа тапшы.
Тоқсұлу:
Сынық түймеге даяр-ау қисық ине, Тілім ащы, уына босқа күйме. Қамыс күрке жас күннен мекенім-ді, Кіргізерсің белгілі ақбоз үйге.
Сарышолақ:
Өзімде болмаса да, өзгеде бар, Болады барлығына Тәңірім жар.
Тіршілік жұбыменен өмір сүрер, Таппадым ел кезсем де, өзіме пар.
Тоқсұлу:
Бұл жалған екі айналып, тағы келмес, Іздеп жүр ме едің маған теңдес?
Көңілім патшада еді біле білсең,
Кім бар ед содан басқа маған шендес?
Сарышолақ:
Көнбеспін, Тоқсұлуым, ыңғайыңа, Батармын аша майдай шымбайыңа.
Сөздерің ақ көжектей құмнан қашқан, Мінің жоқ, қарап тұрсам, тал бойыңда.
Тоқсұлу:
Айтылған сөздерімді деме бекер, Көп қарама бойыма, көзің өтер. Сөздерің ұрысқақтың сөздеріндей, Түбіңе зарылдаған тілің жетер.
Сарышолақ:
Секілді айтқан сөзің маған шекер, Деген бар, жастығыңда көңіл көтер. Бір түнді меніменен өткізсеңіз, Көңілің алып ұшып, әрмен кетер.
Тоқсұлу:
Сарышолақ, белгілі ғой көңіл құртың, Ақ шалып, қырауланған сақал-мұртың. Ботадай керуенге ілесетін, Жүрем бе өзіңменен, ой-бой, шіркін?!
Сарышолақ:
Сарышолақ сұлу қыздың жайын білер, Кезің ғой жақсыменен ойнап-күлер. Сұлудың тарпаңдары толып жатыр, Мен − қырғи, бабындағы аққу ілер.
Тоқсұлу:
Тілеулер қойын айдап, қыр жайлаған, Біз едік егін үшін су бойлаған.
Малыңды мақтан тұта, шіренерсің, Жүресің ұшыр сұрап, сор қайнаған.
Сарышолақ:
Жоқшылық не істетпейді таршылықта, Әркім шіреп сөйлейді баршылыққа.
Малыңды жау алды ма, жұт алды ма?
Күнің осылай өте ме жалшылықта?
Кедейде біз боламыз арлы кедей, Сөз айттың мына бізді жарлы демей. Адамға бұл жоқшылық мін бе екен, Несібе талап қылып, тауып жемей?
Сарышолақ:
Аққайранда ойнайды күміс шабақ, Ұшқан құс, жүгірген аң – бәрі тамақ. Сөзіңіз терең екен тұңғиықтай, Күлім көз, келбетіңіз, беу, ақтамақ.
Тоқсұлу:
Жүрсің-ау талай жерде қызды мақтап, Жолаушы солай ғана жанын бақпақ. Темірдің мал айдатпай базарына, Жүрмісің қыл-қыбырмен жаның сақтап?
Сарышолақ:
Жақсы мен жақсы әр кез тең болады, Жайлаған біздің Тілеу ен даланы. Қыл-қыбыр, сауда-саттық – ноғай білер, Ат аунаған жерінде түк қалады.
Тоқсұлу:
Тілеуде толып жатыр сасық байлар, Биім деп, Мырзағұлға тақтың айдар. Би болар, батыр болар жасқанбаса, Тоқтатар табылады оған жайлар.
Сарышолақ:
Егінші көктемеде соқа сайлар, Астығын себетұғын қаппен тайлар. Біздің ел малын айдап, қона көшіп, Ор асып, Жем жағалап, тауға жайлар.
Тоқсұлу:
Тең болсаң меніменен көш бастарсың, Артыңа өсиетті сөз тастарсың.
Қыз жолы жіңішкелеу келеді-ау,
Кедейлікті мін қылып әрі аспассың.
Сарышолақ:
Жақсының әр кезде артық түсінігі Бұл ағаң талай топқа түсіп еді. Сөзім жүред еліме, қатарыма, Айтқаным халқыма несіп еді.
Тоқсұлу:
Бар болса, толып жатқан шеберлігің, Қыздар сөзін сөйлер өнерлінің.
Ноғайдан бір тең былғары алып едік, Білген-ау етікші Сарышолақтың келерлігін.
Сарышолақ:
Барады, Тоқсұлужан, сөзің өтіп, Болдың-ау қағытпаға сондай жетік. Сен жүрсең, су басында торғай қуып, Сарышолақ көксауырлап тігер етік.
Тоқсұлу:
Билігің бармай жатып менде кетті, Тоқсұлу шаруасына болар епті.
Ән қуып, кетесің бе ала жаздай, Не қылам дәйегі жоқ жеңілтекті?
Сарышолақ:
Тұрған шығар барлығын ішің біліп, Кірерсің ақ боз үйге, есік түріп. Оң жақта отырғанда осындайсың Барған соң жүремісің бөріктіріп?
Тоқсұлу:
Табады әркім-дағы қылығынан, Сол байлық келмейді-ау жұлығымнан. Апарып кіргізердей көлгірсисің, Мені іздеп келгендей-ақ Ұлықұмнан.
Сарышолақ:
Мені де өлең сөзбен жетеледің, Әзілдеп, жеңбек үшін төтеледің. Өзіңді батыр болып, алып қашсам, Ауылға барғаннан соң нетер едің?
Піспегім – алтын, тай теріден болсын сабам, Артады көп ішінде Тілеу бағаң.
Батырлықпен сен жүрсең, жау қуалап, Ал, мен өзіңнен айнымайтын бала табам.
Сарышолақ:
Ауылыңа ат тіредім, жолым түсіп, Қыз екенсің суырылған сөзге пысық.
Қырғидың аққудан да дәмесі бар, Қан шеңгелмен көрер ме еді Көкіректен жаймен қысып.
Тоқсұлу:
Күлесің қызға қарап мұртыңыздан, Естіп ем дабылыңды сыртыңыздан. Тең іздеп жүрсең осы жақта, Барлығы тәкаппарлық құлқыңыздан.
Жәрмеңкемен гуілдер Қарақамыс, Тары теңдеп, ол жаққа бара аламыз.
Келесің қап арқалап, астық сұрай, Ағайынның көңілі үшін, жоқты да таба аламыз.
Сарышолақ:
Жәрмеңкеңді көріп ек Қарақамыс, Арқаңды қыздырды ма тапқан табыс? Шойынжолда зырлаған отарбамен, Орынбордан әрі асып, Петрборға бара аламыз.
Тоқсұлу:
Отырғаным сөзіңе қайран қалып, Батып жүр, деп естіп ем, салған салық. Шойынжолмен Петрбор өзің барып, Қызметіңе жүрсің бе шапан алып?
Сарышолақ:
Патшаның кей салығы қиын болды, Есеттен соң оларға тыйым болды. Сұрап алған аурудың емі қиын,
Бұрдырып ек Торғайдан шойынжолды.
Тоқсұлу:
Бұрғызғанда шойынжол ауылыңа, Бір жақсылық болды ма қауымыңа? Орыспен ерте дос боп отырсыңдар, Қарайлас біздей жатақ – кедейлеу, бауырыңа.
Сарышолақ:
Орыс келді, әуелі қала салды Елекке, Мұжықтары қаба сақал, өлермендеу желөкпе. Үйренгенше мысық табан жүрісі, Ал, қазірде, біздің сөз жарамайды керекке.
Тоқсұлу:
Мұңыңды айтып, әр нәрсені қақсама, Найза алып, шаптыңдар ғой баста да. Мен періште болғанменен сөз ұғар, Барлық билік Петрборда, патшада.
Сарышолақ:
Барармыз ол жаққа да дәм айдаса, Сіздей қалқа арт жақта қарайласа. Патша да өз халқын біздің елге бостырды ғой, Сөз мәнін терең ойлап, абайласа.
Тоқсұлу:
Түлкіні құтқаратын көп айласы, Әркімнің ойлағаны – бас пайдасы. Көңілшек болса, ағалар, сырт басынар, Айтпай сезер көңілімнің ішкі айнасы.
Сарышолақ:
Қырғи ем дауылдата жалғыз ұшқан, Кездестім құба үйрекке қапыл тұстан. Сөзіме сөздерің сай, теңдесім-ау, Сен бір жан, Тәңір айдап, жолығысқан.
Тоқсұлу:
Асылдар сөз маржанын түптен терсін, Аңдамай сөйлесең, тіліңнен таяқ жерсің. «Ауылыма сөзім жүреді» дедіңіз ғой,
Бір сұрағаным, Мырзағұл түсіп, атын берсін.
Сарышолақ сасып, Мырзағұл биге қарапты. Сөз қадірін білетін би атынан түсіп, шылбырын жерге тастай салыпты.
Сарышолақ:
Дедің бе мені тағы сөзден таяр, Би ағам інісінен несін аяр?
Бір қылқұйрық не тұрады би ағама?
Інісі өлеңменен атын жаяр.
Тоқсұлу:
Атын мен не қыламын бұл ағаның?
Ағаңның мәрттігі ғой сынағаным. Қыз ғой деп, менсінбес деп ойлап ем, Мен-дағы айтқан сөзге тұра аламын.
Жас талдай жаңа өскен бұраламын, Жалғыздық әркезде де бір алаңым. Біреудің жалғызы едім маңдайдағы, Алат [ұғ] ын халқынан сұрағанын.
Жүретін өздерін ұстап елге биік,
Кетті ме айтқан сөзге ішің күйіп,
Аттан түс, барлығың да, кербезсімей, Асықпасаң, беремін тары түйіп.
Сарышолақ:
Тарының қатығына майың болса, Біз даяр ондай істер жайың болса. Ән шырқап, көңіліңді көтеремін, Істеген қызметіңе көңілім толса.
Тоқсұлу:
Мен емес айтар сөзден бек жаңылар, Іздесем, көкіректен сөз табылар. Атыңнан түс, жолаушым, шалқақтамай, Ниетім қонақжайлық, құп қабыл ал.
Сарышолақ:
Құрады қалың жымға үзбес тұзақ, Кеттік қой айтыспенен алыс ұзап.
Сұлу қыз шақырғанда шырайменен, Қонақжайлық – ата салтын кімдер бұзар?