САРЫШОЛАҚ ПЕН СӘЛІМ
Сәлім:
Біздің мынау Дерекең, Байлығы шалқар көл екен. Жүйрік мініп, құс салған, Көңілі шат сері екен. Ата жолын ұстаған, Лайық, Барлық ер екен.
Халықтың салтында бар қонақкәде, Күтеміз өздеріңнен сондай дәме.
Дым білмес болсаңыздар, күл тасыңдар, Ат орнына даяр тұр есек, әне.
Сарышолақ:
Мен білетін Сәлім ең,
Баяғыдан мәлім ең,
Білгіш болып кетіпсің, Ақылға қашан жарып ең? Салт-сананы айтқыштап, Кімге жолды салып ең? Байлығыңды көрді ме, Қаумалаған қалың иең? Мен – жауынгер – Әлім ем, Қашан сөзден танып ем?
Қай жеріңде өлең-жырдан қалып ем?
Білерсің Қабақ-Тілеуді, Сом соғылған білеуді. Күпіне келіп, сөйлесем, Мен де білем шіреуді. Тоқтамайсың «Қой», – десем, Білмей, шатып біреуді. Жүрем десең, елде есен, Түрткілеме сіреуді.
Сөйледің ғой ерекше,
Қонақкәде керексе,
Әріден жырды бастайын, Баяғы өткен дерекше.
Біздің Әлім – көк теңіз,
Ортасы – жылым – қатпайды.
Барған кісі еш мінді,
Ауыл-үйден таппайды.
Талайлар келіп, ес білді, Тәңірге астам жақпайды. Ортаға келген қонағын,
Сары майдай сақтайды. Жағалбайлы шетінен, Дерекесін мақтайды.
Қойшы мінген қасаңға,
Қазанат айғыр шаппайды. Асылдан туған бекзада, Күңге көзін сатпайды. Алмасың болса, шын таза, Қап түбінде жатпайды.
Лайық мырза, шын асыл Тұқымын буданға шатпайды. Қосыла ұшқан аққуды, Оқ болса да, атпайды. Лайық кімнен артықсың, Қай бабаңа тартыпсың? Алды-артыңа қарамай, Қонағыңды тарпыпсың. Бықси жанған шаладай,
Көк өрімді шарпыпсың.
Қырғидан қашқан бозторғай,
Бұтаны да паналар,
Құзғын тырнақ батқанда-ай, Шарасыздан ағалар.
Есердің ісі батпандай Босқа алқынып, сабалар.
Жаманның ісі шатқалдай, Ой жетпес, терең шамалар.
Бағың тайып, шалқайсаң,
Әсіре достар табалар, Жауменен бірге қамалар, Ақ ордаңды ән орнына зар алар. Қасыңда жүрген көп жаман, Бет-бетіне таралар.
Тұрғанында ел аман,
Асыл текті ой жүгіртіп, саралар.
Белгілі ел едіңдер, Жағалбайлы, Байлығың ұшан-теңіз, жанға жайлы. Қойшының бипылымен ойын қылған, Дерекең топ алдында тана алмайды. Тәңірім, әр кезде де сақта сұмнан, Мырза көңіл несіне сараңдайды? Келіп ек шаруамен Ұлықұмнан,
Түсінбей, Сәлім босқа арындайды.
Ел едік тыныштықпен судай тұнған, Шайқалса, екі жаққа болар қайғы.
Айқын із ажырайды шиыр-жымнан,
Бұлт алмас әр кезде де Күн мен Айды. Шөлмек те білгеніңе бір күн сынған, Үйірінен айырма жалғыз тайды. Ғашыққа болған дейді талай құрбан, Теңінен айырмассың сұрқылтайды.
Мен емес айтылған сөзден танар, Дерекем Мырзағұлды қатар санар. Құрбыны құрбы білсе, қадір кетпес, Халықты демеушінің бағы жанар.
Қатты сөз қалдырады көңіліңді, Дереке, тиярсың мына жеміріңді. Сөзбенен қағытпақшы болсаң егер, Қиярсың өлең жолда өміріңді.
Жіліктің көктемеде дерті туып, Бір байтал кетіп еді сәурік қуып.
Сәурігім қайта барды піштіріліп, Қасасын көлденеңдей белге буып. Иеленген сол байталды сіздің айғыр, Кәпірдің жаман дейді түсі суық.
Дереке, жұмбағымды сараларсың, Шындықты қалай ғана қараларсың?
Жетті ме қонақкәде, айтқан өлең, Ар жағын ақыл ойлап, параларсың. Түбінде рас сөзге нана аларсың, Өйткені, бір елдегі қара нарсың.