НОҒАЙБАЙ МЕН АЙБАЛА

НОҒАЙБАЙ МЕН АЙБАЛА
Айбала:
Сұрасаң, Шонтай қызы Айбаламын, Құлпырған түлкісіндей айдаланың. Келсе де, рулы елді асырайтын, Бәрі бай толықсыған айналамның.

Ноғайбай:
Сүлейменнің баласы Ноғайбаймын, Алты арыстың ішінде жоғалмаймын. Өлеңменен жан сақтап жүргенім жоқ, Ат пен түйе берсең де, мен алмаймын.
Айбала:
Жақынырақ Зайсанға қоныстарың,
Қара нан жеп көбейді-ау борыштарың.
Екі ауыз тіл орысша үйренем деп, Алексеймен дос бопты болыстарың.
Ноғайбай:
Алексей арамдықты қаламайды, Ақкөңіл, білсе, ақылын аямайды. Өтірік-өсек, ұрлық жоқ әдетінде, Өмірін өз қолымен жаңалайды.
Татар да бар арада, орыс та бар, Алыс-беріс арада борыш та бар.
Адалдықпен жақын боп сыйласқандар Алысынан сыйысып, қоныс табар.
Достықты дұшпан адам қаламайды, Сүйеуге қолын созып, жарамайды. Орыс, қазақ сыйлаған Бұтабайды Дос болса, Таңғыт неге қаралайды?

Айбала:
Өзің надан, еліңде бар ма молда?
Жастайыңнан жарытпас түстің жолға. Жар басына шыққандай шалқаясың, Күңіренген қу тақтай алсаң қолға.
Ноғайбай:
Тумай жатып, Құдайым көзімді алған, Қолдан келмес нәрсенің бәрі де арман. Көзім соқыр болса да, ойым – ояу, Бұтакеңнен сақтасын, көңілі надан.
Айбала:
Ақшаарал, Ақаралмен жерің байтақ, Ылай судан өте алмас адам аттап. Қалың қамыс, қопадан жол таба алмай, Жақындарың адасқан жүр ғой қаптап.
Ноғайбай:
Бұтакең жер шұрайын алған таңдап, Айналыпты тақырға жері шандақ.
Сасайдың қуысына қуып тастап Еліңді тозғындатты жаудай шарлап.
Айбала:
«Терісайырық» – теріс аққан бұлақ екен, Кең өріс, жері шүйгін құнарлы екен. Қойнынан төрт түлік мал арылмаған Ырыс қонған ауылдың тұрағы екен.
Майшілік, Қандысудың жағасында, Ақ астық Шіліктінің даласында. Тәңірім өзі ұйғарып, бөліп берген, Бес Саты, алты Жұмық баласына.
Ноғайбай:
Ақ бидай Майлыбайдың алқабында, Шалғын шөп Ақарал мен Алпарымда. Мал жұтап, ел күйзеліп көрген емес, Кақаған қыстың аяз қаңтарында.
Алпардың ауылым қонған алқымына, Саялап, мал жатады салқынында. Ақ сұлы, қызыл тары, көк жоңышқа, Несібе құт-береке халқымызға.
Айбала:
Батыры Қаракерей Қабанбайды, Казақта кім білмейді Шаянбайды?!
Жас бөрі Қоңыр менен Құрбан кажы, Жанына дұшпан батып, бара алмайды.
Бір ру Байжігітте аты – Мәмбет, Құдайым аямай-ақ берген дәулет. Шығыпты сол Мәмбеттен ер Қабанбай, Атынан жарықтықтың садаға кет.
Ноғайбай:
Баймұрат, ер Жәнібек, Мырзаш батыр, Батырлар атай берсем, толып жатыр.
Жиен қыз тентектікке сала берме, Қабакең бар қазаққа бірдей батыр.
Ел қорғаған елімнің батыр қызы, Наркескен, ақ семсердей өткір жүзді. Қаптаған «Қызыл аяқ» қалың жаудың, Садақшы қыз Жәнделі шебін бұзды.
Гүліндей жауқазынның нәзік жүзді, Халқымыз ұмытқан жоқ асыл қызды. Азаттықтың аққуы – Жәндәлімнің, Жауға аттанған Сауырда жатыр ізі.
Айбала:
Содан бері көп жылдар өтпеді ме, Арманы асыл, есіл қыз кетпеді ме? Қызға сойыл ұстатып, аттандырып, Ер жігіті еліңнің жетпеді ме?
Ноғайбай:
Ару қыздан ардақты ат қалыпты, Кыз болса да, ер ісін атқарыпты.
Ерлік жігер, ар-намыс қызға жат па?
Ел намысын қорғауға аттаныпты.
Айбала:
Ағажан, бойың – мынау, ойың – мынау, Біраз күн мұнда келіп, тойындың-ау. Бір шырпы тигізетін септігің жоқ, Қапылыста қамаса, еліңді жау.
Ноғайбай:
Бой сұрамас қысқа бой ұзын бойдан, Ар-инабат табылар ақыл-ойдан. Домбыраммен мен шықсам, елмен бірге, Өзің қайда боласың, оны да ойлан.
Айбала:
Бүйтіп жүріп, сен қайтып оңаласың, Алдырсаңшы көзіңнің ноғаласын.
Алдырмасаң, көзіңнің ноғаласын, Қарақұрық болғанда жоғаласың.
Ноғайбай:
Әкең – Шонтай, Бұтабай – саған ата, Қалыңмалың болыпты бір топ мата. Бақалшыға кез келген сені тартып, Жұлған қаздай қылыпты сата-сата.
Айбала:
Естуші едім жігіт деп тобындағы, Асатаяқ зар тұтқан қолындағы. Жеті жыл мешел болды деп естіп едім, Жаман иіс кетті ме тоныңдағы?
Ноғайбай:
Жиналған қайдағылар айналаңа, Сала берме, Айбала, байбаламға. Бесік табы сенің де арқанда жоқ, Менің тоным қалыпты айдалада.
Айбала:
Ақманатқа ақаусыз шаң жұғады, Өтірік-өсек досты да жау қылады.
Өнімсіз өсек сөзді теріспейік, Сау басыңды сандалтып, даң қылады.
Ноғайбай:
Ноғайбай он жасымнан атанған ем, Иіліп, үлкендерден бата алған ем.
Кіршіксіз жүрегіңді кір шалған ба?
Сұрауға аялдадым, бата алмап ем.
Айбала:
Болады кейде бойды мұң басқандай, Іздетер серік болса мұңдасқандай.
Көңілді жабырқаған жадыраттың,
Ағажан, жанашырым жолығысқандай.
Қалбаның қалың дейді қарағанын, Бесті атың сұлу дейді жарағаның. Сыйласып, дос құшақпен жолығысайық, Ағатай, менен бар ма қалағаның?
Ноғайбай:
Аққайран су ішінде тоңбайды екен, Жүзгенде ол да қанат қомдайды екен. Өмірде ащы да бар, тұщы да бар, Жалғанның жарығындай болмайды екен.
Айбала, асыл жансың білдім танып, Көрмесем де сындарлы жүзіңді анық. Қалаудың қадірлісі – ұмытпағын, Жүргейсің есімімді есіңе алып.
Айбала:
Үміттің самал желі есе берсе, Жан біткен жақсылыққа жете берсе. Оралмас өткен істің керегі не, Аңсатып, арман алға жетелесе.
Дүниеде адам аз ба жүрген жүдеп? Сонда да талпынамыз өмір тілеп.
Тағдырдың тәлкегіне берілмейтін, Ағатай, Сізде емес пе үлкен жүрек?!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *