ҚҰЛМАМБЕТ ПЕН ЖАМБЫЛ

ҚҰЛМАМБЕТ ПЕН ЖАМБЫЛ
Құлмамбет:
Құлмамбет – менің атым, Құланаян, Менің Құлан екенім Тәңірге аян.
Албан, Дулат жиылып, бата берсе, Кеңес айтып, жырлайын етіп баян.
Құланаян Құлмамбет – менің атым, Сайрайды кеудемдегі жазған хатым. Албан, Дулат жиылып, бата берді, Құлақ салып, ұға бер, жамағатым.
Руым – Құланаян, мен – Құлмамбет, Сөйлесем, көңілімнен тарқайды дерт. Әрі-бері бұ жазған зуылдасын, Сөзімді ұға бергін, отырған жұрт.
Қара күңнің баласы Ысты бақыр, Кім өлсе, соған түсер заман ақыр. Жамбыл деген бар дейді бір немесі, Ақын болса, ол неме, қайда жатыр?
Сол немең қай жақта отыр, бермен шақыр! Әлінің, Сейітбаттал соғысындай,
Не болса да, боп қалсын ақыр-тақыр.
Айтыспай, бүгінгі күн кеткенімен, Шаужайдан ертеңгі күн алады ақыр.
Жамбыл деп осы арада жан мақтайды,
Еркек қойдай құйрығын салмақтайды.
Көрерміз әуселесін аздан кейін, Болар болмас немесін ардақтайды.
Құдайберген, кісі жібер Жамбылыңа, Жамбылды болмады ма алдыруға? Жамбыл деп осы арада ел мақтайды, Сол неме жарар ма екен пар қылуға?
Албан, Дулат тобында мен бір жорға, Менімен жарар ма екен шалдыруға? Тең жорға төрт аяғым бірдей шалыс, Менімен болар ма екен салдыруға?
Топтан озған о-дағы жүйрік болса, Кешікпей, шапшаңырақ шақыр мұнда!
Жамбылды Құдайберген алып келді, Жиылған халайықтың бәрі көрді. Жамбылды ол Құлмамбет көргеннен соң, Жамбылға сүйкенісіп, сөйледі енді.
Сондағы Құлмамбеттің сөзі мынау, Арам тер талай ақын болды бұлау. Жамбылға сонда тұрып былай деді, Басқасы болмаған соң аяққа ылау.
Болғанда жол ағадан, тон – жағадан, Арлан бөрі соғады тау сағадан. Бас қосып, бағландармен қалмақ үшін, Ізденіп, келіп тұрмын Қарқарадан.
Аузыңда сәлемің мен аманың жоқ, Үлгісіз көргенім жоқ сендей надан.
Жүрмегін омақаса орға түсіп,
Өмірі кішілікке баспай қадам.
Өлеңші иттен де көп, боқтан да көп, Әйтеуір, айтады ғой бірдеме деп. Қайтқан құстай жиналып қалған екен, Біразырақ сөйлесін Құлмамбет кеп.
Өлеңші өршеленген толып отыр, Бірі көшіп, біреуі қонып отыр. Мысалы дүниенің сол секілді, Бәрі де көрмегендей болып отыр.
Өлеңші толып отыр көбелектей, Тоғыз ақын толғанып төңеректей. Тоғыз тұрмақ, ақының он бір болса, Немене, бәріңді де басып өтпей.
Қамалып, қам теріге бүрмеленбе, Қысты күн қар астында қалған шөптей. Менімен жеңемін деп, желікпей-ақ, Қойыңдар, абыройды шашпай-төкпей.
Апырма-ай, Құлмамбеттің келді кезі, Қалай теріс болады айтқан сөзі.
Албан, Дулат бәрі кеп, атқа мінсе,
Ысты, Ошақты, Шапырашты дегенің немене өзі?!
Шапырашты дегеннің некесі жоқ, Бай болады диқаншы шекесі тоқ. Албан, Дулат бәрі кеп, атқа мінсе, Дегенің үш таңбалы керегі жоқ.
Шапырашты, сөйлесең, жаманың жоқ, Шүу десең, бәрің жүйрік, шабаның жоқ. «Қанайлаған» қырғызды бөкселеген, Баяғыдай гулеген заманың жоқ.
Есіктен кіріп келдің, тайпақ қара, Өзің қандай, мен қандай, байқап қара! Аузыңда сәлемің мен аманың жоқ, Не басыңа күн туды, дүзі қара?!
А, Жамбыл, үндемейсің дертің бар ма, Бір сапар үндемеске сертің бар ма?
Шапқанмен күнің мәлім, Шапырашты, Менімен сынасарға к…ің бар ма?
Мен айтсам, айтам қалың байлығымды, Дулаттан жиып жүрсің шайлығыңды.
Албан, Дулат жиылып, бата берді, Бұзбайды жандарал да жарлығымды. Ашулансаң, аспаныңды тастап жібер, Сен де аянбай қимылда барлығыңды.
Албан аға болғанда, Дулат-іні, Сөзінде Құлмамбеттің бар ма міні?
Албан, Дулат – бәрі кеп айғай салса,
Ысты, Ошақты, Шапырашты не болар көрген күні?!
Домалақтың төрт ұлы есен болса, Барпу ішсең де қоймаспын бүгін сені.
Жөнделіп, жүйткуші ем жөнсіз жерден, Мен жауға алдырмаушы ем елсіз жерден.
Мылтыққа түтеп тұрған қарсы шауып, Асықсаң ажалыңа, келші бермен! Болғанда мен ақсұңқар, сен – бір тауық, Сен – әтеш, айғайлағыш ауық-ауық.
Болмаса, аты шыққан – Сүйінбайың, Басқасын қою керек жылы жауып. Ажал түртіп жүрмесін аңламастан, Оқтаулы ақберенге қарсы шауып.
А, Жамбыл, Албан да – ағаң, Дулат та – ағаң, Не қылса да, артық тұр менің бағам. Қасқарау Нұрқанның жылқысын мен қаптатсам, Қырылар, Шапыраштым, бұзау-танаң. Мылтыққа салып қойған мен бір пестон, Асықсаң, ажалыңа, келші, балам.
Бұлбұл қонақ бастанған Екейім- ай,
Жұлып алып басыңды кетейін бе-ай!
Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді, Түбіңе таза тақыр жетейін бе-ай!
О, Жамбыл, бүгін болар ұрын тойың, Ертеңгі күн болады дәл шын тойың.
Тобықтай тозаңынан жол таппайсың, Бабаның мен қаптатсам қалың қойын.
Аңлашы, Албан бай ма, Дулат бай ма,
Сенің байың Шолақ бай Дулаттай ма?
Әуелі Албан салайын, Дулат жайға.
Басқа сөз жайын қоя тұрып, Қалың жатқан келейін Майлыбайға.
Мұнан соң мен барайын Бектембайға, Тарпаң мен Тоқсейіттей байың қайда?
Жүз мың теңге сандықта шіріп жатыр, Баласы Ниязбектің Сәрсенбайда. Дәметкен сары майдан кеудең қайда, Жамбылым, енді келдің ұрар сайға. Ойың бар айтыспаққа меніменен, Түбінде кімге зиян, кімге пайда?!
Баласы Өтегеннің Нұрақан бай, Хан Шойбек Қараүңгірде жатыр былай. Кебекбай, Қарабаймен алыс жатыр, Сатыбалды, Қанайды қайтесің-ай!
Және бар Тілеуқабыл, Үсенбайым, Сөйлейді шаршы топта бұлбұлдайын.
Алма тартқан кісіге ат береді,
А, Жамбыл, білуші ме ең мұның жайын?
Тағы бар Жайылмыста молда Сәтім, Бақ пен қызыр іздеп кеп жалғасатын.
Әулеті Сегізбектің серке болды, Салмағы қорғасындай қол басатын.
Бай болған Ормақайға қызыр дарып, Ысмайыл келген еді қажы барып.
Солардың үлгі көрген ұрпағы еді, Соғайын ер Мәңкені ауызға алып.
Алпысбай, Мәлібекпен тағы да бар, Қалай айтсам сыйғандай шағы да бар. Ыдырыс, Құстоты мен ер Шұманақ,
Кеңпейіл, кетпес дәулет бағы да бар.
Аманжол, Қасқарауда бек-Ноғайбай, Түп-түгел мал мен бастың бәрі де сай. Ерте жатып, кеш тұрған өңшең сырбаз, Ішкені шай, бұлардың жегені май.
Атасы қызыр шалған Малдыбайдың, Пірім, медет тіледім Әжібайдан. Күйкі тұғыр сықылды, бір немені алып келдің, Әйтеуір, біреумізден төгілді айран.
Жамбыл:
Ал, қадыр, атыңыздан әуел қадыр, Бұл жерге келіп отыр Екей − Жамбыл. Көсілген аяғыңды бір жимайсың, Не басыңа күн туды, Тәңір алғыр!
Ал, қадір, атыңыздан қадір дана, Құлыңа Алла деген болғын пана. Көсілген аяғыңды бір жимайсың, Не басыңа күн туды дүзі қара!
Құлмамбет, сөз сөйлейсің анықтамай, Алды-артыңды сөйлейсің парықтамай. Айтатұғын кісіңнің өзіне айтқын, Делбекезек кісідей шалқақтамай.
Ыстыда толып жатыр қой мен жылқы, Қасабек, Дәулетбақпен қызыл түлкі. Бабаның қата қойын маған салып, Досқа таба, дұшпанға болма күлкі.
Ал, Құлмамбет, Құлмамбет Ағып жатқан сумен кет!
Сумен кетсең, ел ішер,
Судан шыққан бумен кет!
Онда да кесірің тиеді, Қызарып батқан күнмен кет! Күн де қайтып шығады, Оттан шыққан күлмен кет! Күлден ауру жұғады, Қараңғы тұман түнмен кет! Түн де қайтып келеді,
Асқаралы таумен кет! Кесірің жұғар Құлмамбет, Қу пәлекет, әрмен кет!
Таз Құлмамбет, сен салсаң, Мен де салдым байымды. Мен де байдан ап жүрмін, Азын-аулақ шайымды. Асықпасаң, Құлеке, Табарсың әлі-ақ жайыңды. Менің де Құтықсейіт байым бар, Қайтетұғын ойың бар.
Қалың байды қаптатсам, Болатын әлі-ақ тойың бар. Жылқысының бір шеті, Алматының өзенінде. Бір шеті Қарақыстақ, Қастектің кемерінде. Несі болмас құданың бермесіне, Бұған қайтіп жетесің? Жалған сөйлеп не керек, Айтайын сөздің төтесін. Жылқысының шетіне
Жарамды атпен сабаулап, Он күнде әрең өтесің. Оны саған салып не етейін, Оны да тастап кетейін. Алматыда аяңдап, Медеу байға жетейін.
Пар келмес сенің байың Медеу байға,
Бұл Жамбыл Медеуді айтпай, кетпес жайға.
Тоқсан екі шолақты жинағанмен, Жазған-ау, бұған жетер байың қайда? Қырық мың сомға жалдатып, Қалаша көк үй салдырған. Асыл тастан оюлап, Қараса, көзді талдырған.
Әнжан, Тәшкен, Марғұлан,
Қызылжар, Семей, Жаркенттен, Керек болса ақшаны Көн қапқа салдырып, алдырған. Ел көшкенде қазынасын, Алпыс нарға арттырған. Асыл кілем жаптырып, Жібектен арқан тарттырған. Әлемді алып байлығы, Әсемдігін арттырған. Оны саған салып не етейін, Мұны да тастап кетейін. Алатауды бөктерлеп, Бұны да сырғып өтейін. Қалай айтсаң, олай айт, Құлмамбет, саған төтейін. Бұдан шығып аяңдап, Қастекке барып жетейін.
Ол Қастекті жерлеген,
Ырысы судай өрлеген, Сұраншы, Сауырық батырым, Шеніне дұшпан келмеген. Ақ кіреуке жамылып, Ат кетпеген кермеден. Садағын белге байланып, Жауға қылыш сермеген. Қамын ойлап халықтың, Тар кезеңде бермеген.
Тоятын тілеп алыстан, Тұғырда тұрып, жем жеген.
Барайын енді аяңдап Сыпатайға,
Бұл Жамбыл Сыпаны айтпай, кетпес жайға. Қайыры қарашыға сондай жақсы,
Қандырар сусындатып, қант пен шайға.
Жылқысының жоғары шетін айтайын, Қарақыстақ, Қастекте. Аралауға амандап, Жылқышы мінер мескөкке. Таз Құлмамбет жолықтың, Ашылмас тұман, ескекке.
Ырғайты, шеті жатыр Ақтеректе, Арғымақ мінгізеді ат керекке. Түгендеп, бір жұмада бола алмайды, Көсілтіп, қамшы басып Көксерекке.
Өзінде 83 мың жылқысы бар, Асыл тұқым жинаған әр түлік мал. Зар емес еш нәрсеге балалары, Жегені – шекер мен бал, жая мен жал. Тоқсан екі жылқышы аралайды, Оларға тіл тигізген жарамайды.
Қанша халық аралап жүрсем-дағы, Жалғанда көргенім жоқ ондай байды.
Мына шетін айтайын:
Қозыбасы, Қордай-ды.
Оған тіл тигізген оңбайды. Қасиеті сонша мол, Егіз де екі болмайды.
Жүгі қалып жұртында, Керегесін көк ішінде қомдайды.
…Аузы асқа жарымай, Сөйтіп, Құдай жондайды.
Көсегесі көгеріп, Көгал жерге қонбайды. Бұл сөзді мұнда тастайын, Сабыр қылып саспайын.
Теріскей тұрсын жайына, Күнгей жақтан бастайын. Ол күнгейді жерлеген,
Желмая мініп желменен,
Түрікпеннен Түктіқұрт,
Сол кісіден тараған.
Байтелі, Қамен, Дәулет-ті, Жәпекпенен төртеуі – Бәрі бір-ақ әулет-ті. Үш мың бес жүз жылқы айдап, Түзеген кәсіп, сәулетті. Асықпай тыңда, Құлмамбет, Берейін кезек нәубетті. Онан бері асайын, Теріскейге қадам басайын. Жоғары шеті – Мырзабек, Бар еді өңшең қаракөк.
Арғы атасы Қашке хан болған, Қылған ісі Құлпейіске таң болған.
Аруақты бек болып, Ауданымен көп болып, Сондай-сондай жан болған.
Төменгі шетін айтайын, Әлі менен Нұрабай, Хан Қашке тұқымы. Атасы жауға аттанып,
Ат құйрығын бұлады.
Онан былай өтейін,
Көзіңді сенің көр қылып, Көлденеңдеп кетейін. Ертерек жүріп ентелеп, Серектасқа жетейін.
Серектасты жерлеген,
Байлығы тасып көлдеген, Қилыбайұлы Қожманбет, Көк берендей түтеген. Көкірегіне Құдайым, Тоқымдай нұрды бітеген. Айға білеп азуын, Әр шыңға қолын сілтеген.
Көтерілсе талайым, Түстік жерге тоқтамай, Өтеген, Қазыбекке барайын.
Сол жерде жатқан Өтен деп,
Атамыз қылған мекен деп, Ыбырайымның алты ұлы – Патшадайын өңленген.
Ең үлкені – Нұрқожа,
Онан кейін Айқожа,
Онан кейін Байқожа, Райыс, Допас тағы бар, Алланың берген бағы бар.
Ең кенжесі Аспар-ды,
Бұл Жамбыл көк қабандай қасқарды.
Шын пәлекет басталды,
Таз Құлмамбет, сен болсаң, Көлемін көктің бөктеріп, Тіресең, таста аспанды!
Құлмамбет:
Жамбыл, отқа салар майың жоқ па, Құдайға айтып сояр малың жоқ па?
Есқожаға сүйенген жазған екен, Саларға өз еліңде байың жоқ па?
Шүу десең, Шапырашты, шабаның жоқ, Бәрің жүйрік гулесең, шабаның жоқ. Қырғызды «Қанайлаған» бөкселеген, Саурық, Сұраншыдай заманың жоқ.
Өлеңді бір соғайын түйдегімен, «Әжібайлап» соғайын бүйрегіңнен. Не деп айтқалы отырсың бұл өлеңді, Сен тұрмақ, үміткермін үйдегіңнен.
Ойбай-ай, мына к..і түртті Құдай тағала, Ісіне құдіреттің не дүр шара? Шапырашты басымен шалқақтайды, Орыстың заманына не дүр шара?
Шапырашты, мақтанба к…т белгілі,
Әркім-ақ тұрған шығар беп-белгілі.
Құландыда қайырып қуға салса,
Тышқан алған көруші ек бөктергіні.
Сен маған салғалы отырсың ба көптігіңді, Тіпті, керек қылмаймын септігіңді. Айыл жіптен тартып кел шеттігіңді, Ерегіссем, үземін көпшігіңді.
Салғалы отырсың ба ерлігіңді? Ерлігіңмен саласың беклігіңді.
Ерлік пенен беклікте нең бар, сорлы, Ерлік пенен беклігім сенен артық.
Селтеңдеген серкенің ажалы дөп, Ақыр түбі Сауырық, Сұраншы жаудан өлген, К…ді сүртпеймін ендігіңмен.
Сұраншы сарттан өлген Сайрамдағы, Ерлікпен тапқан олжа, пайдаң-дағы. Қамалға қан тартқан соң қойып кетіп, Жайғады Сарыбоздың саймандары.
Саймансыз Сайрамдағы сарттан өлген, Шоқпарлы Сарыбоздан жәбір көрген.
Ерлікте, батырлықпен нең бар жазған, Быт-шыт қып, денелерін жерге көмген.
Жамбасы Сарыбайдың сонда шыққан, Дәлелді сөзім – осы, естіп ұққан. Иман айтып, жаназа шығармастан, Апарып, екі бүктеп, жерге тыққан. Алдымнан айғақ болып шығады-ау деп, Жүрмісің көлбелектеп, қорқып сұқтан.
Жамбыл:
Екейден мен айтайын Байсалбайды, Тең жорға төрт аяғы тайпалмайды. Аңырып әніме аңдар қалатұғын, Өлеңді бүйтіп жыршы айта алмайды. Апиыншы Албанды сонша мақтап, Құлмамбет немене деп сайтандайды.
Миллион сом сандықта шіріп жатыр, Мың сегіз жүз түйе бар Байсалбайда.
Пақыр мен желісіне мүскін келсе,
Ат пен түйе мінгізбей қайтармайды.
Мың-мыңнан қойы қоздап шулап жатыр, Бес жүз құлын желіде тулап жатыр.
Екі адамға бір саба орнатады, Қонақ қонса, қой сойып, қол қусырып, Күнде той, тамашамен дулап жатыр.
Тағы бар бұ жағында Асылбегім, Шынжырлы, шұбар балақ, қаракөгім. Байсерке, Байғабат пен ер Шотай мыңғып жатыр, Айта берсем, таусылмас оның көбін.
Жақсылық жамандықпен теңшеледі, Кім жүйрік, кім шабан екшеледі. Сатайдың сақасы өрде жатыр, Оны да көрген дұшпан сескенеді. Жалғыз-ақ, сен болмасаң, таз Құлмамбет, Жамбыл да сенен өзге ақынды еңселеді.
Оның рас, таз Құлмамбет, Сұраншы Сауырықпен жаудан өлген, Құдайдан шейіт болып, қаза келген.
Осы сөз қырсық болар, қойсаңшы сен.
Қажылық қып кетіп пе ед Мақсұт ағаң, Шытыр жеген түйедей көні кеуіп,
Бір сайда іріп-шіріп, даудан өлген. Ұрысып, ағайынмен, аунап өлген. Әртүрлі жамандықты естіп өлген, Қорлықпен буындырып, күшпен өлген. О немең өлгенде де жөндеп өлген,
Аузына бірдемесін тістеп өлген. Не деп айтқалы отырсың, таз Құлмамбет, Керейқұл мен Сақаудан аз Құлмамбет. Алақандай басыңда бір қылың жоқ, Боласың неменеге мәз, Құлмамбет. Құлмамбет, мен білемін түбің уақ,
Арқадан кісі өлтіріп, келдің шуап. Басыңды осы арада кесіп алсам, Құныңды алар кісі жоқ, іздеп-сұрап. Үстіңе жайдың оғын жайлатармын, Екі қолыңды артыңа байлатармын.
Безбелет, кісі өлтірген қашқын жүр, − деп, Жұртыңа здавайттап айдатармын.
Қызыңды төрт ат, жүз теңгеге сатып жүрсің, Қызыққа, тамашамен батып жүрсің. Соттан сотқа басыңды шатып жүрсің, Сары иттей ине жеген қатып жүрсің.
Құлмамбет, ақын Шаншар, суандалдың Нашар едің, бұл күнде жуандалдың. Сенің де мақтанатын жайың да жоқ, Қуарып, үш бешпетпен қуаңдадың.
Құлмамбет, Суанды алдың Албанменен, Албандай бай болмадың алғанменен.
Байғұс-ау, қай жеріңнен мақтанасың, Ісің жоқ, шешең жұртта қалғанменен.
Арқадан ауып келген ақтабансың, Елді алдап, ақынмын деп мақтанасың.
«Таз Албанның баласы Құлмамбет» деп,
Дүйсенбай, Сәт, Мәңке жанын беріп, ақтап алсын.
Жамбылдың жеңіп, бәйге алған жері, Жеңіліп, Құлмамбеттің қалған жері.
Ішегі Құлмамбеттің үзіліп қап, Осы екен, бір азғантай арман жері.
Желөкпе, Құдайберген тентек адам,
Жеңді деп біздің Жамбыл, не қылса да, Ұрыс-керіс, шатақты салған жері. Сонан соң бұл Жамбылдың даңқы шыққан, Болған соң абыройлы барған жері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *