ТІЛІМІЗДЕГІ САНҒА ҚАТЫСТЫ
КЕЙБІР ТОПОНИМДЕР СЕМАНТИКАСЫ
Фил.ғыл.канд. З.А.Құламанова
А.Ш.Каримова
Мақалада санға қатысты топонимдер семантикасына нақты мысалдармен ғылыми лингвистикалық талдау жасалады.
Республикамыздағы топонимдер семантикасы әр алуан, мейлінше бай.
Жер-су аттары қоғамдық дамудың сипатына қарай өзгеріп отырған. Жергілікті халық өздері мекендеген, көшіп-қонып жүрген жердің бет-бедеріне, судың ащы-тұщылығына, көлемі мен ағысына, табиғатына, жалпы олардың алуан түрлі қасиет-тері мен белгілеріне орай ат қойып отырған. Сондықтан да ондай атаулар белгілі бір мән-мағынаға ие. Осындай атаулардың басым тобы елдің шаруашылық, тіршілік кәсібіне, санға, түр-түсіне, белігі бір оқиғаларға, қоғамдық әлеуметтік өзгерістерге т.б. байланысты қойылып отырғанын көреміз. Олай болса, топонимдерді семантика-лық тұрғыдан зерттеудің мәні де айрықша.
Тіл білімінде бұл күнде топонимдерді семантикалық тұрғыдан талдап, зерттей-тін әдіс әртүрлі қолданыс тауып жүр. Топонимдердің семантикасы аталып отырған белгілі бір обьект жайында тиісті дәрежеде мағлұмат беріп қана қоймай, сол жер-суға адамның қатыстығын да көрсетіп, білдіріп отырады. Сондықтан топонимдер семантикасының қыры мен сырының егжей-тегжейін жан-жақты, терең де мазмұнды етіп айқындап, анықтай түсуде кеңінен қолданылатын аталмыш методтың ең басты жолы-лексика-семантикалық классификация болып табылады. Ол арқылы топоним-дерді алуан түрлі семантикалық топқа бөліп саралауға болады.
Соңғы жылдары ішінде топонимдерді лексика-семантикалық тұрғыдан талдау жөнінде біраз еңбектер жарық көрді. Ол еңбектерді толықтырған, жаңадан ой-пікір айтқан тың зерттеулер саны да соңғы жылдар ішінде көбейіп отыр.
Семантикалық классификацияның белгілі түркологономастар еңбектерінен де орын алғаны мәлім. Оны Г.Ф.Саттаров, Т.Жанұзақов, А.Әбдрахманов, С.Атаниязов, О.Т.Молчанова, О.А.Султаньяев, А.А.Камалов, К.Конкобаев, Е.Қойшыбаев, Қ.Рыс-берген, Е.Керімбаев, Б.Тлеубердиев Ұ.Ержанова, Ж.Садуақасұлы, З.Құламанова т.б. эерттеулерінен көреміз.
Бұл ғылымдардың ішінде О.Т.Молчанова, О.А.Султаньяев, К.Конкобаев ұсын-ған семантикалық классификациялардың негізі бір, өзара сабақтас та, мазмұндас. Аталмыш ғалымдардың айтуынша, қазақ, алтай, қырғыз тілдеріндегі географиялық атаулар лексика-семантикалық тұрғыдан топтастырғанда, екі топқа бөлінеді:
1) объектінің физика-географиялық сипатын көрсететін атаулар;
2) адамдардың шаруашылық, тұрмыстық іс-әрекеттері мен қоғамдық қатыс-тарын көрсететін атаулар /9.35/.
Біз бұл арада жалпы тіл біліміндегі классификациясы тарихына арнайы тоқтал-май отырмыз. Өйткені Ф.Миклошич /1865,1872/ П.Ваша /1907/, Т.Войцеховский /1873/, Ф.Шварц /1931/, В.Ташицкий /1958/, С.Роспонд /1957/, еңбектерінде жалпы семантикалық классификацияға баса назар аудармай, тек топонимдер классифика-циясына бой ұрған.
Ал лексика-семантикалық классификацияға назар аударудың ең басты мәні топонимдерді лексикалық тұрғыдан топқа бөле отырып мән-мағынасын ашу, олар-дың адамның іс-әрекет, тұрмысы, қоғамдық өмірмен байланысын халықтық этно-мәдени сипатын анықтап білу болып табылады.
Біз жоғарыда аттары аталған еліміздегі көрнекті ғалымдардың теориялық еңбектеріне сүйене отырып, топонимдерді лексика-семантикалық тұрғыдан топтас-тыру жасалынады. Біз бұл мақаламызда тіліміздегі сан есім топонимдер семантикасы байланысты атаулардың мән-мағынасына тоқталамыз.
Бұл мәселені сөз еткенде қазақ тіліндегі фразеологизмдер, жалқы есімдер құрамындағы сан есімдер лексика-семантикалық тұрғыдан біршама зерттелгендігіне тоқталмалмауға болмайды. Қазақ тіліндегі сан есімдер жөнінде Н.И.Ильминский, П.М.Мелиоранский жазған. ”Жеті”, “үш”, ”тоғыз”, “қырық”, пен байланысты ұғым-дар жөнінде академик І.Кеңесбаевтың еңбегі /7/белгілі.
Дүние жүзіндегі халықтардың тілдері мен әдет-ғұрыптарында айырмашылық болып, алшақ жатқанымен, сандар туралы ұғым-түсінігі бір арнадан басталады. Осы сандар туралы тұжырымды ой қозғап, оның құпия сыры төңірегінде көп еңбек сіңірген академик Н.Я.Марр: «Халықтар қандай болса да бәрі де бүкіл адамзат еңбек етіп жасап шығарған сандарды пайдаланады», деп қорытынды пікір айтады. Сондықтан барлық халықтардың күнделікті тұрмыста қолданып жүрген сандар жүйесінде ұқсастықтар жиі ұшырап, кейбір сандар туралы түсінігі де бірдей болып келеді. Сондай сан есімдер: үш, төрт, бес, алты, жеті, тоғыз, қырық т.б.
1. Бұл сандардың құпия сырын, мәнін сөз еткенде оның айтылуы, мазмұны мен түрі жалпы түркі тектес халықтарға ортақ екенін білеміз. Мысалы: қазақ, қарақалпақ, қырғыз тілдерінде «жеті» деп айтылатын бұл санды ноғайлар «жети», татарлар «жидде», құмықтар мен өзбектер «етти», башқұрттар «ете», түрікмендер «еди», азербайжандар «кедди», ұйғырлар «иәт тә», тувалықтар «чәді» деп атаса, арабтар «собға», парсыша «һәфта», санскритше «саптан», грекше «хәпта», румынша «иіәпта», латынша «септем» деп атайды. Демек, ол санның төркіні, түбі бір, ортақ екенін аңғартады /5.24/.
Белгілі зерттеуші ғалым Мыңбай Ысқақов «Халық календары» атты кітабында /5.33б/ Вавилон абыздары өздері жасаған күнтізбекке байланысты жеті мен он екі санын «жыл бөлінісі» киелі сандар деп жариялағанын айтады.
Сондай-ақ негізгі қарастырып отырған мәселемізге байланысты ономаст-ғалымдар Т.Жанұзақовтың, Е.Қойшыбаевтың зертеулеріне зер салсақ, жалқы есім-дердің /топоним, этноним, антропоним т.б./ және идиомалық тіркестердің құрамында кейбір сан есімдер өзінің бастапқы мағынасынан ауытқып басқа мағынаға ие болатындығын да көреміз /4.26/.
Сан есімдер сан мөлшерін абстракты түрде атайтын сөз болғанымен, олар семантикалық, морфологиялық, синтаксистік жағынан іштей алды-алдына категория-лар ретінде бірнеше топқа бөлінеді. Сан есімдердің іштей жіктелетін топтауының кейбіреуі заттық, зат есімнен туған сын есімнің немесе дәл санын я есебін білдірсе, кейбіреуі ретін білдіреді; ал үшінші сандық ұғымның бөлшегін, төртінші заттарды топтап көрсету деген сияқты әр қилы жақтарын қамтиды. Осындай тұрғыдан қарағанды, «сан есімдер есептік, реттік, болжалдық, жинақтық, топтық, бөлшектік сан есім болып алты топқа бөлінеді» /6.56/.
Қазақ тіліндегі сан есімдердің қазақ топонимдеріндегі “екі”, “үш”, кейде “бес” сөздері өзінің негізгі мағынасында қолданылатынын көреміз. ”Бір” мағынасын білдіретін жаңғыз, әдеби тілде жалғыз сөзі қолданылады.
Мысалы: Жаңғыз құдық-елді мекен, Жаңғыз құдық — село, Жаңғыз қарағай-жер, Жалғызағаш — елді мекен, Еңбекші ауданы, Алматы облысы, Жалғызапан- елді мекен, Теңіз ауданы, Атырау облысы, Жалғызқан — елді мекен, Қарасу ауданы, Қостанай облысы т.б.
Бір сөзі өте сирек қолданылады: Бірайрық — өзен, Бірсуат — құрғақ өзен, Бірлік — елді мекен Алматы, Атырау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл облысы, Бірлесу еңбек — елді мекен, Жамбыл облысы, Біршілік Шығыс Қазақстан облысы, Біртал — елді мекен, Ақмола облысы т.б.
Негізінен географиялық атаулар құрамында жарты сөзі де кездесіп отырады. Жартытөбе — көл, Алексеев ауданы, Ақмола облысында. Жартытөбе — елді мекен, Созақ ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы, Жартыкөпе — елді мекен, Шоқан ауданы, Ақмола облысы т.б. Жартышеке төбе, Сілеті ауданы, Ақмола облысында.
Қатар орналасқан географиялық объектілерді атау үшін қос сөзі қолданылады да “екі” деген сандық мағынаны білдіреді: Қосбидайық — көл, Екібастұз ауданы, Қоскөл — елді мекен, облысы, Қоссор — көл, Қостақыр — көл, Павлодар облысы, Қосағаш — елді мекен, Шығыс Қазақстан облысы, Қостөбе — елді мекен, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды облысында т.б.
Екі сөзіне /сандық мағынадағы/ байланысты қойылған топонимдер Қарағанды облысында төмендегідей: Екіаша-қыстау, Ұлытау ауданы, Екікөр-бей, Екібұлақ- бастау, Жезді ауданы, Екіжолқұдық-құдық, Екіқора-дөң, Ақадыр ауданы, Екіошақ-қыстау, Екітөбе-тау, биіктігі 655,8 м. Жезді ауданы т.б.
Үш деген сан есімге келетін болсақ, топонимдердегі бұл сөз Т.Жанұзақовтың пікірі бойынша, өзінің сандық мағынасында қолданылады /4.34/. Ал Е.Қойшыбаев-тың пікірі бойынша, кейбір топонимдердегі үш сөзі огуз /су/ формасынан өрбіген туынды форма. Огуздың “үш” формасына айналуын Е.Қойшыбаев былай түсіндіреді: : — огуз = уұс=үс=уш=үч. /8.85/.
Біздің байқауымызша, Қазақстанда үш сөзі көбінесе тау аттарында /ороним-дерде/ кездеседі, сол себептен ол топонимдердегі үш сөзі угуз су сөзіне қатысты емес деп қарауға болады. Үш сөзімен байланысты қойылған географиялық атаулар кездеседі.
Мысалы: Үшқора-өзен, Нұра ауданы, Үштаған-тау, биіктігі 1015м, Үшарал-құрғаған-өзен, Үштарау-құрғаған өзен, Үштөбе — ауылдық кеңес, Арқалық ауданы, Қостанай облысы, Қарағанды облысында, Үшқұдық-құдық, Жаңаарқа және Жезді ауданында, Үшқызыл-тау, биіктігі-805м, Ақадыр ауданы, Үшкөл-көл, Жаңаарқа ауданы, Үшжол-тау, Ұлытау ауданы, Үштөбе-төбелер, Жезді және Ақадыр аудан-дарында, Үштаған-төбе-төбе биіктігі 118,5м, Жезді ауданы, Үшқарасу-жер аты, Жаңаарқа ауданы, Үшсары-тау, Ұлытау ауданы, Үшқаратау-биіктігі 580,8м, Приозер және Ақадыр ауданы, Үшторғай-тау, биіктігі 140,1м, Жезді ауданы,Үштаған-тау, Шет ауданы, Үшқағыл-тау, биіктігі 586,7м, Жаңаарқа ауданы, Ақмола облысында, Үшқайық-бұлақ, Атбасар ауданы, Үшсоркөк-Сілеті ауданы, Үштаған-көл, Үштоған-тау, Сілеті ауданы, Үшқайық — елді мекен, Түркістан ауданы, Оңтүстік Қазақстан, Үшарал — елді мекен, Талас ауданы, Жамбыл облысы, Үштөбе-төбе, биіктігі 176,2м, Амангелді ауданында, Үшқоңыр-елді мекен, Алматы облысында т.б.
Төрт сан есіміне байланысты топонимдер сирек ұшырасады. Мысалы, төрт сөзімен байланысты мынадай географиялық атаулар кездеседі. Төтқара-ескі елді мекен, Төртқұдық-бекет, Ерейментау ауданы, Төрқұлақ-шатқал, Ақмола облысы, Төртсарт-көл, Қорғалжын ауданы, Төртқон-елді мекен, Амангелді ауданы, Қостанай облысы, Төрткөл — елді мекен, Қарағанды облысы және Бөген ауданы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төртүй-елді мекен, Екібастұз ауданы, Павлодар облысы, Төртағаш-елді мекен, Павлодар облысы т.б.
Топонимдерде кездесетін бес өзіндік сан мағынасында да және көне түркі тіліндегі “көп” мағынасында да қолданылуы ықтимал. Тілімізде «бес» сөзімен бай-ланысты географиялық атаулар яғни топнимдер өте көп кездеседі.
Мысал ретінде, бес сан есіміне қатысты топонимдерді атап өтейік: Бесбидайық-жер аты, Ұлытау ауданы, Ақмола облысы, Бесбала-елді мекен, Ақадыр ауданы, Бесбұлақ-құрғаған өзен, Приозер ауданы, Бескесік-тау, биіктігі 270,3м, Ақадыр ауданы, Бесқора-елді мекен, Ақтоғай ауданы, Бесқұдық-құдық, Бестау-тау, Жезді ауданы, Бестөбе-мекен /ірі кен орны/ Жаңаарқа ауданы, Бесшоқи-тау, Приозер ауданы, Бесшоқи — тау, биіктігі 1109,7м, Ақадыр ауданы, Бескөл — елді мекен, Алматы облысы, Бестамақ — елді мекен Ақтөбе облысы, Бесоба — елді мекен, Қарағанды облысы, Бесөзек — елді мекен, Тереңөзек ауданы, Қызылорда облысы, Бесбидайық — елді мекен, Бестерек — елді мекен, Үржар ауданы, Шығыс Қазақстан облысы, Бесүй — елді мекен, Шығыс Қазақстан облысы, т.б.
Қ.Қонқабаевтың байқауынша, қырғыз топономиясында беш екі мағынада қолданылады 1 /сан есім /бес / мағынасында, 2 / ”көп мағынасында /9.65/.
Топонимдердің құрамында алты сөзі сирек кездеседі.
Мысалы: Алты айғыр — тау биіктігі 377,3м, Астрахан ауданы, Алтыбас — елді мекен, Ерейментау ауданы, Ақмола облысы т.б. Алтықарасу — елді мекен, Ақтөбе облысы және т.б.
Жеті сан есіміне байланысты топонимдер Қазақстанда көп ұшырайды. Жеті сөзінің “матастырғыш, киелілік” функциялары жөнінде және сол санның қазақ хал-қының этнографиясындағы маңызы жөнінде І.Кеңесбаевтың еңбектерінде айтылған.
Жетітөбе атауы туралы айтар болсақ, Жетітөбе — бұл атау Жамбыл аймағынан табылған обаларға байланысты айтылған. Бұл обалар Жамбыл аймағының екі жері-нен табылып, санының көптігіне байланысты «Жетітөбе» аталған. Мысалы, Жуалы ауданыныдағы Шақпақата ауылы меи Бурное селосының арасындағы Жетітөбеде 20 оба болса, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 19 оба топтастырылған. Бұл обаға 1987 жылы археологиялық қазба жұмысы жүргізілген. Бұл жерден бірнеше оба қазылып, жерленген адамдардың сүйегі табылған. Соның бірінде бір кісі мен төрт әйелдің сүйегі табылған. Оны үйелменді (семьялық) мола дейді екен. Ежелгі әдет бойынша беделді адам өлсе, оның әйелдерін қоса жерлеп, бұйымдарын бірге жерлейтін болған.
Міне, жетітөбе негізінен обалардың көптігіне байлакысты айтылып, мұндағы «Жеті» сандық қасиеттен айырылып, «көптік» мағынаны білдіреді.
Жетікөл — елді мекен, Ақтөбе, Ақмола облысы, Жетіпшен — елді мекен, Павло-дар облысы, Жетібай — тау-кен орны, Жетімшоқы — елді мекен, Ақтоғай ауданы, Қарағанды облысы, Жетіген — елді мекен, Жетісу — бірнеше топонимдік атау Алматы облысы т.б. Тілімізде аффоримзге айналып кеткен: «Жер жаннаты — Жетісу». Бұл атаулардың көпшілігі Қазақстан жерінің табиғаты, суы, көлі, өсімдігі т.т. туралы көп мәліметтер береді.
Сондай-ақ топонимдер тоғыз сөзімен де байланысты келеді.
Мысалы: Тоғыз-көл, Сілеті ауданы, Тоғызкүн-тау, биіктігі 436м, Теңіз ауданы, Ақмола облысы, Тоғызқұдық-құдық, тереңдігі 3 метр, Жезді ауданы, Қарағанды облысы, Тоғызқұдық — елді мекен, Тоғызой — қыстау, Қарағанды облысы, Тоғыз — елді мекен, Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы, Тоғызбұлақ-елді мекен, Қарағанды облысы, Тоғызтарау-елді мекен, Жуалы ауданы, Жамбыл облысы, т.б.
Сан есімнен жасалған топонимдердің құрамында қырық және мың сандармен байланысты географиялық атаулар:
Қырықбас-шоқы, Қырыққұдық-бастау Жаңаарқа ауданы, Қарағанды облысы, Қырықкүй-көл, Қырыққарақшы-тау, биіктігі 512м, Павлодар облысы, Қырықсай-құрғаған өзен, Жезді ауданы, Қарағанды облысы, Мыңшұқыр-тау, биіктігі 555,8м, Ерейментау ауданы, Ақмола облысы, Мыңқауға-бұлақ, Ақтоғай ауданы, Мыңадыр-таулар, Мыңшоқы-шоқылар, Жезді ауданы, Қарағанды облысы, Мыңбұлақ елді мекен, Алғабас ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы және Жуалы ауданы Жамбыл облысы, Мыңжылқы-елді мекен, Кеген ауданы, Алматы облысы, Мыңтөбе-елді мекен, Махамбет ауданы, Атырау облысы, Мыңқазан-елді мекен, Мойынқұм ауданы, Мыңарал- елді мекен, Жамбыл облысы, Мыңшұқыр — елді мекен, Батыс Қазақстан облысы, Мыңтамар — елді мекен, Павлодар облысы, Мыңбай — елді мекен, Алматы облысы т.б.
Қырық және мың сөздерінен құралған топонимдер географиялық объектілер-дің саны көп екенін аңғартады және сол объектілердің саны қырыққа, мыңға не жетпейді, не асып түседі.
Ал кейбір топонимдер географиялық объектілердің дәл санын атамай, әлдене-ше екенін тікелей көп сөзі арқылы да білдіреді.
Мысалы, Қарағанды облысында: Көпбұлақ-бұлақ, Көпжол-бұлақ, Приозер ауданы, Көпқұдық-бұлақ, Көпқұдықсай-құрғаған өзен, Көптақыр-тақыр, Жезді ауданы; Көптоғай — елді мекен, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысы, Көпбірлік — елді мекен, Алматы облысында т.б.
Жалпы талданған мысалдар Қазақстан жеріндегі топонимдер жүйесінде кезде-сетіндігі белгілі болды. Олардың ішінде үш, тоғыз, мың, төрт, екі, алты сандарының көптеп болатындығы, сонымен қорыта айтсақ, тіліміздегі санға қатысты топонимдер-дің сандың белгісі мен семантикасын, мән-мағынасын айқындап беретіндігін талдау-лар арқылы дәйектедік.
Әдебиет
1. Административно-территориальное деление. Казахская ССР. Алматы. 1989
2. Әбдірахманов А. Топонимика және этимология. Алматы. 1975
3. Жанұзақов Т. Қазақстан географиялық атауларының сөздігі. Алматы. 2005
4. Жанұзақов Т. Сан есім. жас.жал.есім. Алма-ата. 1969.с226
5. Исқақов М. Халық календары, «Қазақстан», А. 1980
6. Қазақ грамматикасы, Алматы, 2007
7. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиясы. Алматы. 1977
8. Койчубаев Е.О cем. вед. ис. В. фраз. об. топ. об. каз. яз. Иссл. По тюрк. А-Ата. 1969
9. Конкабаев К. «Топонимия Южного Киргизии». Фрунзе, 1980.
10. Құламанова З. Жамбыл облысының ойконимдері, Тараз, 2009
11. Ономастикалық хабаршы. Астанa. №1 (19) 2011