БАСТАУЫШ ОҚЫТУ ƏДІСТЕМЕСІ МЕН ПЕДАГОГИКАСЫ МАМАНДЫҒЫНЫҢ СТУДЕНТТЕРІН МƏНЕРЛЕП ОҚУҒА ҮЙРЕТУ ЖОЛДАРЫ
А.Т. Абужалитова
Қазақстан Республикасы жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында бастауыш сатыдағы «Əдебиеттік оқу» пəнінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде оқушылардың оқу дағдыларын қалыптастыру (дауыстап оқу мен іштей оқу; дұрыс оқу, саналы оқу, мəнерлеп оқу екендігі аталып өтілген. Студенттерді дұрыс оқуға үйрету үшін қойылатын талаптың бірі – мəнерлеп оқу. Дауыс интонациясын сақтап оқығанда ғана студент дұрыс оқиды əрі оқығанын түсінеді. Бұдан шығатын қорытынды: оқудың сапалары бірімен-бірі тығыз байланысты, бірін-бірі толықтырып отырады. Түсініп оқу үшін дұрыс оқу керек. Мəнерлеп оқу үшін оқып отырғанын түсініп оқу керек. Мəнерлі оқылмаса, дұрыс оқыды дей алмаймыз. Бастауыш сыныпта мəнерлеп оқуға үйрету сауат ашу кезеңінен басталады. Сауат ашу кезеңінің дайындық сатысынан бастап сөйлеуге үйретеміз. Ал оның басты үлгісі – мұғалімнің өзінің дауыс интонациясы арқылы сөйлем не мəтіндегі негізгі ойды жеткізу, мазмұндық ой екпінін қоя білу, кейіпкер көңіл-күйін сезіне оқу. Профессор С. Рахметованың анықтамасына сүйенсек, «мəнерлеп оқу дегеніміз – дауыс интонациясы арқылы автордың ойын білдіру, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білу, ақырында оқығанды түсініп, кейіпкердің көңіл күйін сезіне оқи білу» [1, 67 б.]. Бұл зерттеу жұмысымызда осы анықтаманы басшылыққа ала отырып, мəнерлеп оқудың қарапайым сөйлеу тіліне жақын, еркін оқу, дауысты құбылтып, тыңдаушысына əсерлі етіп жеткізу деген тұжырымға тоқтадық.
Көркем шығарманы мəнеріне келтіріп, əсерлі оқу үшін ең алдымен дыбыстау мүшелерінің қызметіне, əр дыбыстың жасалуына, естілуіне, оқылуына баса назар аударып, түрлі жаттығулар жасатып отырған жөн. Оқудың, сөйлеудің мəнерлі болуы дұрыс, еркін дем алуға байланысты. Оқу процесіне ауаны керегінше жұтып, сыртқа бірден сарқып шығармай, ерікті түрде дем алып, орынды пайдалана білсек, бұл мəнерлі оқудың негізгі құралы болмақ.
Мəнерлі оқуда дауыстың маңызы зор. Дауыс сөйлеу мүшелері мен ауаның бірбіріне соқтығысуымен жасалады. Соның ішінде даустың ажыратылуы дауыс шымылдығына тікелей байланысты. Дауыс шымылдығына пайда болған үн қуыс мүшелері арқылы өткенде əр түрлі реңге ие болады.
Зерттеуші С. Желдербаеваның «Мəнерлеп оқу» деген кітабында балаларды мəнерлеп оқуға жаттықтыру жұмыстарының түрлері келтіріледі. Атап айтсақ:
— мұғалім əңгімелесу үлгісінің бірнеше түрлерін магнитофон таспасына жазып алып тыңдатуына болады;
— сөйлеу техникасына жаттықтыру, дыбыстау мүшелерінің қызметін дұрыс түсіндіру. Ол үшін мұғалім əрине, сөйлеу техникасына нелер жататынын білуі тиіс. Сөйлеу техникасына мыналар жатады: тыныс алу (ауаны ішке жұту мен сыртқа шығару), дауыс, дикция.
Дыбыстау мүшелері негізі үш бөліктен тұрады:
1. Өкпе
2. Тамақ
3. Қуыс мүшелері (ауыз қуысы мен мұрын қуысы) [2, 27 б.].
Өкпенің атқаратын қызметі өте зор. Өкпе кеуде кеңістігіне орналасқан тыныс мүшесі. Ауаны ішке таратқанда өкпе үлкейіп, кеудені керіп тұрады да, ауаны сыртқа шығарғанда семіп қалады. Оқудың, сөйлеудің əсерлі де мəнерлі, құлаққа жағымды естілуі тек қана дұрыс, еркін дем алуға тікелей байланысты. Еркін дем алмаған жағдайда сөз анық естілмей, сөйлем мағынасы сақталмай, бір сөйлемнің аяғы екінші сөйлемнің басы қай жерден аяқталып, қай жерден басталғанын ажырату қиынға түседі. Сондықтан дем алу ерікті дем алу, еріксіз дем алу болып бөлінеді.
Ерікті түрде дем алғанда өкпеге енген ауадан көкірек пен қабырғаның жоғарғы жағы көтеріліп, қабырғаның төменгі жағындағы бүлкілдек еттері (диафрагма) қозғалысқа түседі.
Еріксіз дем алу көбіне сөйлеу тілінде асығыстықтан, жүріп келе жатып сөйлегенде жиі кездеседі.
Сөйлеу мүшелерінің физиологиялық құрлысында кемшіліктер болмаса, дауыс таза, күшті шығады. Ал сөйлеу мүшелерін күтпей, суыққа шалдырса, дауыс қырылдап, өз дауысы немесе міңгірлеп, түсініксіз болуы мүмкін [3, 42 б.].
Əр адамның өз дауысы болады, өткені əр адамның өзінше анатомиялық, физиологиялық ерекшеліктері бар.
Дауыстың өзіндік сапасы болады, олар: дауыс күші, қарқыны, тембр.
Сөйлеу, не оқу кезінде дауыс күші бірде жоғары, бірде төмен болады. Мысалы: құмырсқа мен қара қоңыз бір сыныпта оқып жүр.
Құмырсқа күн сайын бес алып, қоңыздың күнделігі екіге тола береді деген сөйлемдерде көтеріңкі дауыстап оқылатын сөздер – бір сыныпта, күн сайын, екіге, ал жай, төмендеп оқылатын сөздер – құмырсқа мен қара қоңыз, құмырсқа бес, қоңыздың күнделігі.
Осы сөздерді оқудағы дауыс қарқыны (темпі) орташа болып келеді. Бұл сөйлемдерді тез оқуға болмайды.
Ал дауыстың тембрі (құбылуы) тыңдаушыға əсер ететіндей болуы керек. Құбылта оқу шығарманың мазмұнына дұрыс түсінгенде ғана іске аспақ.
Дауыстың құбылуын, əсіресе мысал жанрында берілген көркем шығармаларды оқығанда анық байқауға болады. Мəнерлеп оқуда дикцияның мəні зор. Дикция сөйлеудің тазалығы мен ашықтығы. Бастауыш сынып мұғалімдерінің, дикция ашық, таза болуы керек, сөйлеу тілінде мүкіс болмауы керек. Ол үшін мұғалім дыбыстардың жасалуының артикуляциясын жақсы біліп, сөйлеу барысында оны дұрыс қолданып, оқушыларынан да соны талап етіп, түрлі артикуляциялық жаттығулар жасап отырғаны жөн. Мəнерлеп оқуда дауыс ырғағы-интонацияның орны бөлек. Көркем сөз оқушы адамның шығармадағы кеціпкерлердің көңіл-күйі, ішкі сезімін, жан-дүниесін тыңдаушыға сан алуан дауыс сазы арқылы жеткізуін интонация дейміз. Интонация дұрыс болу үшін оның элементтерін дұрыс бір-бірімен ұштастыра пайдалануымыз керек.
Олар дауыс күші, тембрі, екпін, пауза түрлері сөйлеу (мелодия) нормативтік дауыс ырғағы.
Дауыстың күші, темпі (қарқын), тембрі туралы жоғарыда түсінік беріліп кетті. Енді қалған элементтеріне қысқаша түсінік берелік. Интонацияны сақтауда кідірістерді дұрыс пайдаланудың маңызы зор. Кідірістер (пауза) логикалық, психологиялық, грамматикалық болып үшке бөлінеді. Əрбір сөйлемде айтылатын ойға қазық болатын жеке сөз, не сөз тіркестері болады. Бұл сөздер сөйлемдегі басқа сөздер мен сөз тіркстерінен көтеріңкі оқылып, тыңдаушының назарын өзіне аударады. Мұндай сөйлем ішіндегі мағына жағынан мəні басым сөздерге логикалық екпін түсіріліп, логикалық кідіріс жасалып, мəнерлі оқылуы керек. Мысалы, Сүлеймен деген патша кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді:
— Сен, қарға, бір күнде жер дүниені аралап, жақсы сайрайтын құс тап. (Қазақтың халық ертегісінен).
Бұл сөйлемде логикалық кідіріс «Сүлеймен деген патша», «сен, қарға», «бір күнде» деген сөз тіркестерінен соң жасалады. Өйткені, ой екпіні осы тіркестерге түсіп тұр.
Логикалық кідіріс жасап, ой екпінін дұрыс білу үшін сөйлем мағынасына, сөйлемдегі сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысын таба білу керек.
Психологиялық кідіріс текстің мазмұн-мағынасына, ондағы кейіпкердің ісəрекетіне, оның көңіл-кійінің құбылуына байланысты оқылады. Мəтінді оқығанда психологиялық кідіріс дұрыс жасалса, тыңдауы əрі қарай не болатынын тағатсыздана күтеді.
— «Біраз сайрасам қайтеді?…», — деп ұмтыла бергенде, бұлбұл пыр етіп ұша жөнеліпті («Мақтаншақ жолбарыс»).
— Бұл мысалда психологиялық кідірістер «сайрасам қайтеді», «жолбарыс», «сайрағанды көрсетейін» деген тіркестерден кейін қойылады.
Грамматикалық кідірістер – тыныс белгілеріне байланысты қойылатын кідірістер. Жазуда белгілі бір нормативті басшылыққа ала отырып сөйлемге тыныс белгілерін қоямыз. Тиісті тыныс белгілерін сөйлемнің мəн-мағынасына байланысты қою – сауаттылықтың негізі. Ал осы сөздерді оқуда тыныс белгі қойылған жерге грамматикалық немесе нормативтік кідіріс жасау мəнерлеп оқудың негізгі шарты. Əрбір тыныс белгіге кідіріс өзіндік ерекшелігі бар. Хабарлы сөйлемнің соңында қойылатын нүкте кілт тоқтамай, сөз соңындағы сөз не тіркес баяу созылыңқырай оқытылады. Сол сияқты бастауыштан кейін қойылатын сызықшаға арнайы тоқталып, кідіріс жасамаса, бастауыштың синтаксистік қызметінің өзгеріп кетуі мүмкін. Ол – инженер Асыл. Ол инженер – Асыл. Бірінші сөйлемде ол сөзі бастауыш болса, екінші сөйлемде анықтауыш қызметін атқарып тұр.
Оқу бағдарламасында оқушылардың, оқу шапшаңдығына, икемділігіне қойылатын талаптың бірі – оқушылардың бір минутта оқу жылдамдығының сөз санымен берілуі.
Мысалы: 1-сыныпта – 15-20сөз, 2-сыныпта – 25-30 сөз, 3-сыныпта – 60-75 сөз,
4-сыныпта – 80-90 сөз [4, 75 б.]
Міне, көркем ой бір болғанымен, келтірілген өлеңдерді қара сөз оқығандай ырғақпен оқи алмаймыз. Ол біріншіден, өлеңнің құрылысының өзіне тəн белгілі заңдылығына (ұйқасқа құрылуы, шумақтардан, бунақтардан тұратындығы) байланысты болса, екіншіден, өлеңнің лирикалық шығармаға жататындығы мен түсіндіріледі. Өлең сөздің қара сөзден құрылыс жағынан айырмасы – онда өлең сөзге тəн өлшемділіктен туатын мөлшерлі ырғақ болады. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», – деп Абай қойған талаптарға жауап беретін өлеңді дауыстап емес, іштей оқығанның өзінде оның үні, əуезділігі адам жанына əсер етпей қоймайды [5, 194 б.]. Жоғарыда аталған ақындар өлеңі – тербеліс сезімге толы табиғат лирикасы.
Лирика ақынның тек жеке өзінің көңіл-күйін, қуаныш-сүйінішін ғана емес жалпы адамзатқа ортақ сезімді білдіреді.
Лириканың өзіндік қасиеттерін түсіндергіннен кейін баланың оған деген көзқарасында, қарым-қатынасында белгілі бір сезім байқалады. Лирикалық шағармаларда ақын өз ойын, өз сезімін, өз күін тікелей кейіптеу сөздері арқылы жазады. Мұғалім баланың жүрегіне нəзік сезім мен ұшқыр ойды тұтата білгенде ғана баланың қызығушылығы артады.
Қорыта келгенде, стандартта атап көрсетілгендей, «бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдысын қалыптастыру – осы сатыдағы білім мазмұнына құрамдас бөлігі». Оқу сапасы, атап айтқанда, дұрыс, түсініп, шапшаң, мəнерлеп оқуға төселдірудің негізгі жолы – жаттықтыру əдісі. Əрбір сабақта мəтінді оқуға жаттықтыру арқылы баланы мəнерлеп оқу деңгейіне жеткізу мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейді
Шығарманы мəнерлеп оқу деңгейіне жеткен оқушы шығарманың сұлу, тұтас бітіміне енеді, сол арқылы кейіпкер бойындағы ізгілік, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерді тани алады. Мұның өзі баланы биік адамгершілікке бастайды. Демек, бастауыш сыныптарда оқу сапасын қалыптастыру жəне дамыту – оқушының жеке тұлғалық бітімінің айқын көрсеткіші. Болашақ бастауыш мектеп мұғалімін дұрыс, түсініп, шапшаң, мəнерлеп оқуға баули алсақ пəндік құзыреттілікке қол жеткізгеніміз.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Рахметова С. Қазақ тілі əдістемесінің теориясы мен технологиясы. – Алматы. Абай атындағы ҚазҰПУ, 2007.
2. Желдербаева С. Мəнерлеп оқу. – Алматы. Мектеп, 1997.
3. Қожахметова Х. Мəнерлеп оқу. – Алматы. Мектеп, 1992.
4. Қазақстан Республикасы бастауыш білім беру бағдарламалары. – Алматы. Ы.Алтынсарин атындағы ҚБА, 2002.
5. Абай. Қалың елім қазағым. – Алматы. Атамұра, 2002.