ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ƏДЕБИЕТІН ОҚЫТУДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ƏДІСТЕМЕЛІК ЖҮЙЕСІ
ƏОЖ 796.01
БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ƏДІСТЕМЕЛІК АСПЕКТІЛЕРІ
М.Қ. Əжіғалиев
Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту əдiстемесi күн өткен сайын дамып, өркендеуде. Қазақ елiнiң ғылымы мен бiлiмi басқа елдермен интеграциялық ауыс-түйiс жүргiзiп жатыр. Басқа мəдениеттегi елдерден қазақ елiнiң салт-дəстүрлерiне қайшы келмейтiн, ұлттық сана-сезiмге дұрыс келетiн əлем бiлiмiнiң озық əдiс-тəсiлдерi, жаңа инновациялық технологиялары ұлттық бiлiм беру салаларына көптеп енгiзiлуiнен қазақ тiлiн оқыту əдiстемесi ғылымының ұтылмасы анық. Бұл қадам арқылы қазақ елiнiң болашақ ұрпақтарының бiлiмi əлем алды елдерi балаларының бiлiмiмен тең болады. Сондықтан қазiргi кезеңде бастауыш мектепте қазақ тiлiн дəстүрлi емес сабақтар арқылы оқыту тəжiрибелерi жүрiп жатыр. Бұлар – қазақ тiлiн оқыту мəселесiн жетiлдiрудi көздеген еңбектер.
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу мəдениетiн, яғни жатық сөйлеу дағдыларын жетiлдiру – бүгiнгi күннiң кезек күттiрмес мəселесi. Ертеңгi күнгi тiлiмiздiң хал-жағдайын бүгiннен ойлап, сөйлеу мəдениетiн бастауыш мектеп оқушыларна сiңiру арқылы ғана қазақ тiлiн таза күйiнде сақтауға болады. Бұл қажет те. Бұл тұрғысында академик Р. Сыздықова былайша пайымдаған: «Қажеттiктiң бiр себебi ― жалпы мəдениетiмiздiң, оның iшiнде тiлiмiздiң əлеуметтiк… қызметiнiң дамуында болып отыр. Сол дамуға талаптың да күшеюiнде болып отыр. Бұл ― бiр. Екiншi жағынан, бұрынды-соңды қазақша тiл, сөйлеу мəдениетi деген мəселелер қазiргiдей белгiлi бiр мақсат көздеп, кең түрде жан-жақты сөз болған емес. Сондықтан кезегi жеткен жайт болып отыр. Үшiншi бiр себебi, жасыратыны жоқ, ауызша сөйлеу практикамызда не бiлместiктен, не немқұрайдылықтан, не өзге себептерден қабақ шыта қынжылар кейбiр ақаулар етек алып бара жатқандыған болып отыр».
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастырудың жоғарыда айтылған жайттардан басқа да бiрнеше маңызды қажеттiлiктерi бар. Бiрiншiден, бастауыш мектеп оқушыларының жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру арқылы олардың адамгершiлiк қасиеттерi тəрбиеленiп, жеке бас тұлғасын iзгiлендiруге болады, екiншiден, топ алдында қысылмай сөйлеуге дағдыланған оқушының бойында лидерлiк қабiлет жетiлiп, өзiндiк ой-пiкiр айтуға үйренедi, үшiншiден, айтар сөзiн, жазар ойын нақты əрi толық жеткiзуге дағдыланған оқушы сабаққа қызығып, бiлiм үлгерiмi жоғарылайды, төртiншiден, сөйлер сөзiнде əрбiр сөздi орнымен, өз мағынасымен қолдануға дағдыланған шəкiрт ертеңгi күнi қазақ тiлiнiң мəртебесiн көтерер ұлттық тəрбие негiздерiмен сусындайды.
Бастауыш мектеп оқушыларының жатық сөйлеу дағдыларын мақсатты түрде əрбiр сабақ сайын əдiстемелiк жүйеде қалыптастырып отырылған жағдайда ғана олардың пəнге деген қызығушылықтары оянып, сабақтағы белсендiлiктерi артады. Бұл бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшелiктерiне қатысты психологиялық, əлеуметтiк жағдайларға байланысты. Бастауыш мектеп оқушылары мақтағанды ұнатады, құрбыларының алдында өзiн көрсеткiсi келедi. Сондықтан мұғалiм оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру барысында неғұрлым кiшiпейiл, өзi мен оқушылардың арасындағы қарым-қатынасты гуманистiк бағытта ұстаса, соғұрлым алдына қойған мақсатқа тезiрек жетедi. Аталған мəселелерге бастауыш мектеп мұғалiмдерi ерекше мəн беруi керек. Себебi, қазақ тiлiнiң тазалығын сақтау үшiн, ең алдымен, бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу мəдениетiн қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыда Т.Қордабаев төмендегiдей тұжырымдаған: «Өмiр өрiне алғаш қадам басқан жас ұрпақ болашағына қажеттi нəрдi мектептен алатыны белгiлi. Мектеп беретiн сондай нəрдiң бiрi, бiрi болғанда да бiрегейi — оқушы жастардың сөйлеу, жазу мəдениеттiлiгi. Жасыратыны жоқ, бұл салада мектептерiмiздiң өнiмдi iсi əзiрше байқалмайды. Оны бiз республикамыздың түкпiр-түкпiрiнен жоғары оқу орындарына түсу үшiн жылма-жыл келiп жататын оқушылар бiлiмiн тексеруден де байқаймыз. Солардың басым көпшiлiгiнде кездесетiн ең негiзгi кемшiлiктiң бiрi – шығарма жазуда болсын, ауызша емтиханда болсын өз пiкiрлерiн, тiптi бiлiп тұрғандарын мəдениеттi түрде жеткiзе алмайтындықтарында, тiлдiк элементтердi өзiне лайықты орында дұрыс қолдана бiлмейтiндiктерiнде».
Демек, бастауыш мектеп оқушыларының жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру – бүгiнгi күннiң өзектi мəселелерiнiң бiрi. Сонымен қатар, оқушылардың жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру арқылы олардың жалпы бiлiмiне тiкелей оң əсер етуге болады.
Бастауыш мектепте мұғалiмдер оқушыларға жалаң бiр жақты тiлдiк материалдарды меңгертiп қана қоймай, оқушылардың игерген тiлдiк материалдардағы тiл заңдылықтары мен ережелердi өз сөздерiн қалай қолданып жатқандығына баса көңiл аударуға тиiс. Оқушылардың қате сөйлегендерiне кешiрiммен қарап, оларды қате жiберуге дағдыландырмау керек. Бұл үшiн мұғалiм əрбiр сабақта оқушыларды дұрыс əрі жатық сөйлеуге, сөйлеген сөздерiнде қандай сөз қолданғанын байқауға, синоним сөздердi мағыналық реңктерiне қарай орынды пайдалануға дағдыландыруы қажет. Оқушыларды жатық сөйлеуге үйрету арқылы олардың тiлдiк материалдарды жеңiл игеруiне ықпал етуге болады. Себебi, жатық сөйлеу дағдысын меңгерген оқушы ауызша болсын, жазбаша болсын тiлдiң негiзгi заңдылықтарын қолданады. Бұл жөнiнде профессор Ф.Ш. Оразбаева былайша ой қорытқан: «Сөйлеу ерекшелiктерiн меңгерген оқушы өз ойын ауызша жəне жазбаша түрде iске асырады. Бұл – тiлдi қолданудың тəжiрибелiк көрiнiсi. Сол себептi оқушы тiлдi адамдармен қарым-қатынас құралы ретiнде үйренгенi дұрыс».
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру деп оқушылардың ауызша жəне жазбаша тiлдiк қатынаста өз ойын анық, тiлдiк нормаларға сай толық, дəлелдi жəне тiл тазалығын сақтай сөйлеуiн айтамыз.
М.Р. Кондубаева сөйлеу мəдениетiнiң қалыптасуының негiзгi белгiлерiне мыналарды жатқызады:
1. сөйлеу тiлiнiң қысқа да дəл болуы;
2. тiл тазалығы;
3. сөйлеу тiлiнiң ұғынықты болуы;
4. сөйлеу тiлiнiң логикалық байланыста болуы;
5. сөйлеу тiлiнiң орынды қолдануы; 6. сөйлеу тiлiнiң мағыналығы;
7. сөйлеу тiлiнiң əсер етуi.
Əдiскер-ғалымдар Б.Қ. Игенбаева мен Ж.Т. Дəулетбекова оқушылардың сөйлеу мəдениетiн қалыптастыруға арналған «Таза сөз» атты оқу-əдістемелік құралда мұғалiм мынадай iскерлiктерге ерекше мəн беруi қажет екендiгiн атап көрсетедi:
• сұрақты дұрыс қоя бiлу;
• оқушыны дұрыс тыңдай бiлу;
• оқушы сөзiн дұрыс талдай бiлу;
• əрбiр жағдаятқа сай бағыт-бағдарды дұрыс таңдай бiлу;
• оқушыларды қызықтыра алу;
• өз ойын, көзқарасын дұрыс жеткiзе алу;
• тек кiтаптағы, оқулықтағы бiлiм деңгейiмен шектелмей, қосымша, қызықты ақпараттарды дұрыс кiрiктiре алу;
• сөз арқылы оқушыларды жетелей алу т.б.
Бiздiң пiкiрiмiзше, оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыруда олардың эстетикалық талғамдарымен қатар, сөздердi орынды, мағыналық реңктерiне қарай өз орнында қолдана алу талғамдарының болғаны да ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, оқушының өз пiкiрiн дəл əрi анық айтуы да оның сөйлеу мəдениетiнiң қалыптасуында басты рөл атқарады. Себебi, топ алдында өз ойын əсерлi де түсiнiктi айтуға дағдыланған оқушы сөздердi орынды қолданып қоймай, сөйлеудiң əсерлiлiгiн игередi.
Бастауыш мектепте оқушылардың жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарының көздеген басты мақсаты – шəкiрттердiң бiлiмдiк, тəрбиелiк бiлiктерiн жетiлдiрумен қатар олардың шығармашылық, ойлау қабiлеттерiн дамытып, тiлдiк қарым-қатынаста сөйлеген сөздерiнде жаргон, варваризмдер мен қыстырма сөздерден арылту. Осы мақсатқа сəйкес оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмалар оқу жоспарының мазмұнына лайықталып құрылды. Оқушылардың сөйлеу мəдениеттерiн қалыптастыру жұмыстары сатыланып, жеңiлден қиынға қарай принципiн негiзге алып жүргiзiлдi.
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысының мынадай негiзгi белгiлерi айқындалды:
1. Оқушылардың айтар ойларын қысқа əрi толық жеткiзуi. Бастауыш мектеп оқушыларының тiлiнде айтылатын ойға қатысты емес сөздер көптеп кездеседi. Кейбiр сөйлемдерде бiр сөз бiрнеше рет қайталанып, оқушының не айтайын деп жатқанын түсiнiксiз етедi. Мұндай кемшiлiктер баяншының сөйлеу мəдениетiнiң төмен екендiгiн көрсетедi.
2. Оқушылар тiлiнiң таза болуы.Бастауыш мектеп оқушыларында кездесетiн екiншi қателiк – сөйлеген сөздерiнде басы артық сөздермен қатар, кiрме сөздердiң молынан кездесуi. Мұғалiм оқушылардың жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда осындай паразит сөздердi болдырмау, оқушыларға мұндай сөздердi қолдандырмау жағын ойлау керек. Оқушылар сөйлеген сөздерiнде жаңағы, сол, сол сияқты,келеятыр, бараятыр, сосынғы, i-i-i-i т.б. паразит сөздер мен уже, вообще, ну деген сияқты кiрме сөздердi жиi пайдаланады.
3. Оқушылардың тiлдiк қатысымда орфоэпиялық заңдылықтарды қатаң сақтауы.Оқушылар сөйлеген кезде орфоэпиялық заңдылықтарды қатаң сақтауы қажет. Бастауыш мектеп оқушыларының сөздерiнде кездесетiн тағы бiр кемшiлiк – оқушылар кiтапта не оқулықта қалай жазылса, сол түрiнде айнытпай оқиды. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайда сөйлеген сөздiң нақышы кетедi. Бұл тұрғыда Р. Сыздықова төмендегiдей ой қорытқан: «Сөйлеу үстiнде сөздер бiр-бiрiмен «тiл табысып», үндесiп, үйлесiп жатады. Ол үйлесiмдiк үшiн сөздердiң кейбiреулерi бiр-екi дыбысын «сындыруға», өзгертуге, тiптi жоғалтуға дейiн барады. Ал жазылғанда бұлар «сынбай», өзгермей, жоғалмай тұруы мұмкiн. Сондықтан əрдайым қалай жазылса, сол түрiнде оқуға болмайды. Дұрыс жазу мен дұрыс айту (оқу) əрқашан бiрдей түспейдi. Қалай естiлсе, сөздi солай жазу қандай қате болса, қалай жазылса, сiрестiрiп солай оқу (айту) сондай өрескел қате болып табылады».
4. Оқушы тiлiнiң əсерлiлiгi.
Оқушылардың сөйлеген сөздерiнде, тiлiнде кездесетiн тағы бiр кемшiлiк – күнделiктi сөйлеу тiлiнде жауыр болған, əбден ести-ести құлаққа түрпiдей тиетiн дайын формаларды пайдалануы. Сонымен бiрге тiлдерiнде мақал-мəтелдердi аз қолдануы. Негiзiнен бастауыш мектеп оқушылары мақал-мəтелдердiң мағынасын түсiнiп тұрса да, оны тiлдерiнде пайдаланбайды. Сонымен қатар оқушылардың жатық сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда олардың сөйлеу əуендерiне де назар аударған жөн. Əрбiр ойдың, сөйлеген сөздiң өзiне тəн əуенi болады. Мысалы, сұраулы сөйлем мен лептi, хабарлы сөйлемдердiң əуендерi бiрдей болмайтындай, айтылатын ойға қарай сөйлеу тiлiнiң де өзiндiк əуенi болады.
5. Оқушылардың өз ойын, пiкiрiн жан-жақты дəлелдеуi.
Оқушылардың сөйлеу тiлдерiнде кездесетiн тағы бiр кемшiлiк – өз ойын дəлелдi айтып бермеуi. Мұндай кемшiлiктiң болуына үш түрлi фактор əсер етедi. Бiрiншiсiне – оқушылардың жұрт алдында сөйлеу дағдыларның болмауы, яғни олардың басқа адамдардың арасында ұялуы, қысылуы, екiншiсiне – оқушылардың тiлдiк норманы сақтамауы, сөйлеген сөздерiнде əдеби, диалект, жаргон сөздердi араластырып, сөйлемдерiн дұрыс құрмауы, үшiншiсiне – балалардың тiл байлығының төмен болуы, бұл жерде сөздiк қорында неше сөз бар деген мəселе емес, бала тiлiндегi мақалмəтелдердiң, тұрақты тiркестердiң, əдеби тiлдiң көркемдеуiш құралдардың аз болуы жатады.
Қорыта айтқанда, əрбiр жаңа инновациялық амал-тəсiлге негiзделген сабақтарды дұрыс ұйымдастыру нəтижесiнде балалардың сөйлеу дағдысын қалыптастырудың деңгейлерi мен негiзгi белгiлерi анықталды.