БАТЫС ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ТІЛІНІҢ МОРФОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ («ҚАЗАҚСТАН», «ҰРАН», «ДҰРЫСТЫҚ ЖОЛЫ» ГАЗЕТТЕРІ НЕГІЗІНДЕ)
Ұ.Ж. Молдағалиева
«Газет – жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады», – деп ұлт көсемі А. Байтұрсынов айтқандай, газет – халықтың рухани, мəдени өмірінің айнымас бөлшегі. Газеттің жалпы адамзат тарихындағы, жекелеген халықтар мəдениеті мен тарихындағы алатын орны айрықша маңызды. Сондықтан болар қазақ тілші-ғалымдары газет тілі мəселесін назардан тыс қалдырған емес. Зерттеуші ғалымдар баспасөз тілін əр қырынан түрліше зерделеді. Ұсынылып отырған зерттеу жұмысымызда Батыс Қазақстандағы алғашқы қазақ басылымдары – «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы» газеттері тілінің морфологиялық ерекшеліктеріне тоқталамыз.
Тілдің грамматикалық құрылысы жетіледі, өзгереді дегенде, негізінен, сөз тудырушы, сөз байланыстырушы амалдардың активтенуін түсінеміз. Осы тұрғыдан алғанда XX ғасырдағы жазба əдеби тілде қолданылған жалғау-жұрнақтардың біразы өзгеріске ұшырағанын айтуымыз керек.
Көпшілікке мəлім, тілдің грамматикалық құрылысы оның лексикасымен салыстырғанда өте баяу дамып өзгереді.
Қазақ əдеби тіліндегі публицистикалық стильге грамматикалық ерекшеліктер де тəн. Публицистикалық стильдің грамматикалық ерекшеліктерін сөз қылғанда, оның морфологиялық сипаты туралы тілдік фактілердің өте аз екендігін айтқан жөн. Морфологиялық көрсеткіштер тілдің басқа салаларының элементтері сияқты стилистикалық бояуға ие бола алмайды, стилистикалық қызмет атқаруы да сирек кездеседі.
Морфологиялық категориялар əдеби тілдің функционалдық стильдеріне бейтарап сипатта келеді. Функционалдық стильдердің барлығы морфологиялық формаларды қанша қолданса да, оларды белгілі бір стильдің ғана морфологиялық ерекшелігі деп айта алмаймыз. Дегенмен де публицистикалық стильге тəн бірлі-жарым морфологиялық ерекшеліктердің бар екендігін мерзімді баспасөз беттеріндегі публицистикалық шығармаларды талдағанда байқауға болады [1, 58-59 б.].
Қазіргі тіліміздегі сияқты алғашқы қазақ газеттерінде де есімдіктер белгілі заттың атын, сынын, санын білдірмей, бірақ соны білдіретін сөздердің орнына жұмсалады. Егер есімдіктердің əдеттегі дағдылы мағыналық топтарына тоқталатын болсақ, онда жіктеу, өздік, жалпылау есімдіктерінің не тұлғалануында, не стильдік қолданылуында, сондай-ақ атқаратын қызметтерінде бүгінгі тілден өзгешелігі жоқ [2, 108 б.]. Осы айтқанымызды қалай етіб жасаудың жолын білетін оқуымыз бар өзіміз жасамаймыз. Бірақ бақытсыздықға қарсы бұларға біз жақсы тəлім бере алмай йатырмыз… («Қ», 1912, №11) [3, 237-238 б.] 1890 жыл бүкіл дүниа бейнетқорлары 1-заузаны мейрам еткен күні буржойларды орасан сасу, қорқ у басты («Д.ж.», 1919, №9) [4, 154 б.].Сондай-ақ, аталмыш газет беттерінде қазіргі тіліміздегі барлық, бəрі, күллі, барша, түгел т.б. жалпылау есімдіктерімен қатар «бүтін», «милли» есімдіктері де қолданылған. Солбіз керексіз деген бұтақдың бəрі жемісті болыб шығыб, бұ күнде бүтін халық қарық болыб жатыр, біз махрұм қалыб тұрмыз («Қ», 1912, №11) [3, 239 б.].
Сілтеу есімдіктерінен газеттерде көбірек кездесетіндері –бұл (кейде бұ), осы, сол (кейде шол, шул), ол. Бұлардан өзге «Қазақстан» газетінде орта азиялық түркі əдеби тілінен тікелей ауысқан «үшбу», «қаю», «мəзкүр» тəрізді сілтеу есімдіктері де көзге түседі. Бұл формалар сол кездегі жазба əдеби тілдік норма болса керек, өйткені əртүрлі стильдегі мақалалардың барлығында дерлік ұшырасады. Мысалы: Жоғарыдағы мəзкүр милет қадымларндан олгушы медресе абас Нығметолла Ибраһимов халфе бек ғалым уа бай кісі. Үшбу екі медреседегі бес мұғалемде жүз жетбіс шəкірд оқыб тұр («Қ», 1912, №11) [3, 240 б.]. Жылына төлейтін үш мəнетіңізді обшстуаның ыхтияр еткен кісісі арқылы беруге болады, иə болмаса поштамен үшбу адрисмен жіберуге болады(«Қ», 1911, №2) [3, 57 б.]. Шул себеблі өтінеміз һəм үмид етеміз милетіне намна дақыда жазылыб алар деб («Қ», 1912, №12) [3, 257 б.].
Мысалдардан көріп отырғанымыздай, бұлардың бəрінің де беріп тұрған мағыналары əр тілдегі – «бұл», «осы» сілтеу есімдіктерінің мағынасы. Мəселен, «үшбуды» алатын болсақ, ол ескі өзбек тілінде «бұрыннан белгілі, алдын ала сөз болған» дегенді білдіреді. Қазіргі өзбек тілінің грамматикасында «үшбудың» күрделі есімдік (үш+бу) екені айтылады. Мұның алдыңғы компоненті туралы бірқатар пікірлер бар. Ф.Г. Исхаков үш//ош//уш-ты дыбыс алмасу заңдылығына (ш~л) сүйеніп, ол//ул-дан шықпады ма екен деген жорамал айтады. А.Н. Кононов есімдіктің бұл түрін өздік есімдігіне телиді. А.П. Поцелуевский «үшбу»-дың алдыңғы компонентін жалпы түркі тілдерінде кездесетін күшейткіш префикс деп көрсетеді де, мынадай мысал береді.
2-кесте.
Жай сілтеу есімдігі
Күшейткіш префикс жалғанған түрі
Ұйғыр тілінде – бу, ол
уш– бу, ош– ол, ш– ол
Түрікмен тілінде – бу
шу– бу
Өзбек тілінде – бу
уш– бу
Біздіңше, бəрінен бұрын «үшбудың» 1-компонентін бірсыпыра түркі тілдерінде бар ошы//ушы (қазақ тілінде – осы) сілтеу есімдігінен шығарған жөн сияқты. Екі сілтеу есімдігінің қатар ұстала жүріп, бірігіп кетуі – тіл тарихында кездесетін факт. Мəселен, башқұрт тіліндегі «был» есімдігінің этимологиясы туралы Н.К. Дмитриев былай деген еді: «Башкирское – был, которому соответствует киргизское и узбекское разговорное бул, по-видимому, тоже восходит к «бул», а само «бул», очевидно, распадается на бу – ул, где «бу» и означает «этот» (такая форма имеется во многих тюркских языках). Сонда «үшбу», қазақша айтқанда, осы, бұл сілтеу есімдіктерінің бірігуінен шықпады ма екен деген жорамал жасауға əбден болады (қазақ тіліндегі «Бұл осы кімнің баласы еді?» деген секілді сөйлеммен салыстырыңыз) [2, 109-110 б.].
Ал «мəзкүр»– араб тілінен енген сөз. Арабша «атақты», «жоғарыда айтылған» деген екі түрлі мағына береді.
Бір таңқаларлық жағдай – осы аталған есімдіктердің бір де біреуінің «Дұрыстық жолы» газетінде кездеспеуі. Олар келетін орындардың барлығында қазіргі қазақ тіліндегі сілтеу есімдіктері (бұл, осы, сол) жазылған. Мысалы:Қазақ бейнетқорларының бұл шекте артта қалуының себебі де ескі хүкіметтің надандықта ұстау сиасатынан қалған бір мұра болды. Сол эсерлер агитаторлары мынадай жалған хабарды таратып отыр(«Д.ж.», 1919, №2) [4, 45, 53 б.]. Осы уақытта ол өзінің «Үйшік-үйшік» деген үйшік» деген 3-тиатр кітабын жазып шығарды («Д.ж.», 1919, №3) [4, 61 б.].
Сұрау есімдіктерінің қолданылуында, өзгеруінде бүгінгі тілімізден ерекшеленетіндей жайттар байқалмайды. Мысалы: …Бұлар қай заманда бір істі өз білдіктері менен істемеген («Қ», 1912, №11) [3, 238 б.].
Қазіргі белгісіздік, болымсыздық есімдіктерінің бірсыпырасын басылым беттерінен кездестіруге болады. Əсіресе жиі ұшырайтындары –бірнеше, һəр бір, һəр кім, һəр қайсысы, һеш кім, һеш нəрсе т.б. Айта кетерлік бір ерекшелік – аталмыш есімдіктер тұлғаларындағы «һəр», «һеш» сөздерінің есімдіктен бірде бөлек, бірде бірге жазылған. Мысалы: Бұрын озған замандарда һəр кім өзіне керек нəрсені өзі жасаб, йəки шеберге жасатыб алатын еді («Қ», 1912, №11) [3, 239 б.].Бұдан көрінуінше һəрбір федератсия мемлекетті автономиялы деуге болады («Д.ж.», 1919, №7) [4, 113 б.]. Тіл һеш бір ұлтта өзге нəрселерге бас имеске тиіс («Д.ж.», 1919, №5) [4, 88 б.].
Алайда белгісіздік есімдіктерінің бүгінгі тілімізде, ол кезге қарағанда, əлдеқайда сан жағынан көбейгенін, стильдік сараланғанын, қолданылу аясы біраз кеңейгенін көруге болады. мəселен, қазіргі əдеби тілімізде жиі қолданылатын «кейбір» есімдігі газетте өте сирек ұшырайды. Оның орнына «Қазақстан» газетінде көбінесе «бағзы» сөзі қолданылады.
Торғай облыстының бағзы бір ойазындағы қазақды орнастыру хақында өзінің фікірін тапсырыбды, онда көрінеді 12 десиатинадан 20 десиатинаға шақли («Қ», 1911, №3) [3, 86 б.].
«Бағзы» сөзі араб тілінен ауысқан, онда «бағсун» – «нəрсенің бөлегі», «кейбір», «əлдекім» деген мағыналарда қолданылған. Бұл сөз қазір халықтың сөйлеу тілінде ұшырағанымен, əдеби тілде жоқ [2, 112 б.].
Көптеген түрколог мамандардың мойындайтынындай, үстеу – түркі тілдерінде əлі дифференциаланып бітпеген сөз табы. Алғашқы қазақ баспасөзі материалдарынан мағыналық, тұлғалық жағынан əлдеқашан қалыптасқан негізгі үстеулермен қатар, əлі үстеуге айналып болмаған, аралық сөздерді кездестіреміз. Газетте кездесетін негізгі үстеулерден бек, ең, мейлінше, бұрын, тым, əдейі, мүлде, тібті, жоғары т.б. атауға болады.
«Қазақстанның» əууелгі нөмірін оқыған кісінің хатерінде қалған болар, жер менен үй ішкі ордалықта бұрын қанша болған, хазір қанша? («Қ», 1911, №2) [3, 39 б.]. Сол жиырма бес отыз манетті төлеу жарлы кісінің балаларына бек қиын болады («Қ», 1911, №1) [3, 57 б.]… Күзге қарай мал суалып, ақ азайып, ел ішіне əбден-ақ ашаршылық кіруге айналды («Ұ», 1917, №8) [5, 66 б.]. Ол бұрын бар еді, қазір жоқ дəрігерлік бөлімі һəм оқығандарға өте мұхтаж қазақ даласы Парамонов секілді жұрт қызметкерінен айырылды («Д.ж.», 1919, №5) [4, 97 б.]. Жұмыскер əскерлері… ілгері ұмтылғаннан бері тұрмыс қалдері былай бір түрде болып тұрған жоқ, кейде олардың бақыттары ашылып, дауыстары шығып, біздерге анау керек, мынау керек деген қалге жетсе де, кейде шаруалары қырын жүріп, айтқан сөздерін тыңдата алмай, қатты қысаңшылықтарға душар болды («Д.ж.», 1919, №5) [4, 101 б.]. Минзеле жағында Ақ Еділдің тамағына таман дұшпандар бізің əскерлерді біраз тығыздады («Д.ж.», 1919, №7) [4, 118 б.]. Екеуінің хақы жиналғанда жылға тек 5 мəнет екен, қайда болса сонда қалатын біз аз нəрсе ғой, келіңіз, бұ екі казиттің дəйім шығыб тұрушылығына бір елшілік етелік («Қ», 1911, №1) [3, 27 б.].
Ау, ұйықтап жатырмысың, қара шекпен,
Жарық жаз қайта келді былтыр өткен («Қ», 1911, №1) [3, 32 б.].
Сөйтіп момын байғұс күнəсіз жазып, қойын сойыб, қолын қусырыб, ақшасын беріб əрең құтылады («Қ», 1911, №2) [3, 71 б.].
А.Ысқақов басқа сөз таптарынан үстеу жасайтын сөз тудырушы жұрнақтардың 8 түрін көрсетеді [6, 403 б.]. Біз зерттеу нысаны етіп алып отырған газеттерде аталмыш сөз тудырушы жұрнақтардың 3 түрі көбірек кездеседі. Олар:
1. -ша//ше жұрнағы үстеу тудыратын ең негізгі əрі аса өнімді жұрнақ болып қызмет атқарады. Осы жұрнақ арқылы жасалған үстеу мағына жағынан негізінде амалдың қалай я қалайша істелетіндігінің бейнесін білдіреді. Ол жалпы зат есімдерге де, жалқы есімдерге де, олардың жекеше түріне де, көпше түріне де жəне тəуелді түріне де жалғанып үстеу тудырады.
Председатель записканы алысымен ашпастан, яки конверті болса жыртпастан сол күйінше сайлаушының көзінше қобдиға салады («Ұ», 1917, №7) [5, 53 б.]. Бұған губернский земелный камитет тəдбир етеді: «Хуторлар бұрынғы күйінше орнында тұрсын, учредительный собранияға шейін һəм қазақтар тығыздалмасын» деп («Ұ»,
1917, №7) [5, 53 б.].
Үйің тұр қарт кемпірше белі бүгіліп,
Басыңды осы жұртқа көтермейсің («Қ», 1911, №1) [3, 32 б.].
2. -лай//лей (-дай//дей, -тай//тей) жұрнақтары да – үстеу тудыратын өнімді жұрнақтардың бірі. Мысалы: Бес айдан бері ешбір іс атқара алмай арып-талып, шаршап, «бір жəрдем болар ма» деп зиялылар съезін шақырып отырған кіндік камитет үстіне тағы да көп істерді аудара тастап, шілдің боғындай алды-алдына ыдырап кету зиялыларға лайық па? («Ұ», 1917, №8) [5, 68 б.].
Кейбіреулерінен өткен заманда орысқа тіл тигізгеніңнің, қол тигізгеніңнің айыбы деп оның малымен төлеулер төлетіп, қырғидай тиіп, жаудай шауып жүргенде, баяғы қуылуға лайықты қазақтар қатын-бала, мал-мүлкін тастап, қашып кете де бастады («Ұ», 1917, №7) [5, 55 б.].
3. Көсемшенің құранды -лап//леп (-дап//деп, -тап//теп) формалары қосылған сөздердің бəрі бірдей, əрине, үстеу бола бермейді. Өте-мөте вербалдық (етістікке тəн жіктік форма қосылатын) жақтық мағына білдіретін т.б. формалар үстеу болмайды. Олардың ішінен тек вербалдық мағына білдірмейтіндері ғана, демек, адвербиалданған формалары ғана үстеуге жатады [6, 404 б.]. Мысалы:Осы бес ай ішінде керек камисарымыз керек камитеттеріміз болсын үстеріне алған істерін жақсылап атқара алмады («Ұ», 1917, №8) [5, 66 б.]. Патша хүкіметі шет ұлттарды аздап болса да ағарту, олардың білім-өнерде артта қалғандарын алға бастыру туралы тіпті де қамтама жеген жоқ («Д.ж.», 1919, №5) [4, 86 б.]. Бугулма жағында дұшпандардың тығыздауымен бізің əскерлер темір жол бойлап 10-12 шақырым шегінді («Д.ж.», 1919, №7) [4, 118 б.].
Екінші себеп – сайузниктердің Венгрия жерін кесектеп тартып алулары, халықтың тұрмысын, шаруасын істен шығарып талауға кірісулері («Д.ж.», 1919, №5) [4, 89 б.]. Ескі төтеменен оқытқан моллалардың шəкірдлері де ақырындаб осы мадресеге келіб кіріб жатыр («Қ», 1911, №2) [2, 71 б.]. Бүтін зиялылар болып бір ауыздан сөз, бір жеңнен білек шығарып бір жол, бір планмен соған қызмет ету туралы съез қаулы жасар деп ойлап едік, бұл ойымыз, бұл тілегіміз босқа кетті: доклад оқылды, тыңдалды, сол күйше қалды («Ұ», 1917, №8) [5, 67 б.].
Мұнан бір жұма бұрын алған сексен сегіз тобын бүгін бердік («Д.ж.», 1919, №9)
[4, 156 б.].
Күрделі туынды үстеулер өте сирек. Қазіргі тіліміздегі күрделі үстеуге жатқызылып жүрген кейбір сөздеріміз ол кезде басқа сөз табы ретінде көрінетінін байқаймыз. Мысалы: «Интернационал» деген сөз бұ күндегі айтылып жүрген мағынасымен құрдан құр өзі туған жоқ («Д.ж.», 1919, №6) [4, 100 б.]. Оларда бұ күн емес кеше емес, көптен көп жылдардан берлі казит басылыб, елдерінің арасына тегіс шашылыб оқыб жақсы менен жаманды айырыб түзу бағытқа тарту басталған («Қ», 1911, №1) [3, 26 б.].Бұ жыл Астархан тарафдарында Еділ суы тəуір келулі («Қ», 1911, №2) [3, 41 б.].
Жоғарыда келтірілген мысалдардағы курсивпен берілген бұ+жылда, бұ+күн деген сөздерді бүгінгі тіліміздегі қалыптасу түріне қарай (биыл, бүгін) үстеу деген болсақ, ол кезде сол күйінде үстеу деу қиын. Өйткені алғашқылары сілтеу есімдіктеріне, соңғылары зат есім сөздерге келіңкірейді [2, 129 б.].
Сайлау запискасын күні бұрын үйіне алып, жазып қоюға да болады («Ұ», 1917, №7) [5, 53 б.].
Көнеленген формалар арқылы туған туынды үстеулер. Оларға бір алуан сөздердің белгілі бір септік жалғау формасында əбден қалыптасып, бір-бірінен бөлінбейтіндей болып көнеленген сөздер жатады. Осындай көнеленген «қосымшалар» төркіндері септік жалғауларынан болғандықтан, сыртқы тұлғасы жағынан сол септіктердің жалғауларына ұқсас келеді.
Септелу қашан да болсын есімдерге тəн қасиет болғандықтан, мұндай үстеулер кейбір септік жалғауларының көнеленуі нəтижесінде көбінесе есімдерден туады [6, 405 б.]. Осындай көнелену үрдісі негізінде қалыптасқан үстеулерден басылым беттерінде мынадай түрлері кездеседі.
а) Барыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: Сонда балларға жақсы жəрдем етуге мүмкін болады, барлық жиналған ақшасын обшестуа тиісті əкіммен беркілген жөнімен расхуд етеді, бір тиын да босқа кетпейді («Қ», 1911, №2) [3, 57 б.]. Тап-тақыр шарбағың тұр босқа жайнап,
Кеткендей шоланың тұр шайтан жайлап («Қ», 1911, №1) [3, 32 б.].
ə) Жатыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер: Жəнібек комитеті хабар берген: «қазақтар жиналып, қазақ жеріндегі орыстардың егіндерін жорта бүлдіріп, малдарына жегізіп жатыр, һəм малдарын бізден бізден шауып, тартып алып жатыр («Ұ», 1917, №7) [5, 54 б.].
б) Шығыс септіктің көнеленуінен туған үстеулер:Сондықтан төтесінен өз мақсұттары ғана айтатын орын докладтарынан көрі қандай зат керек, қандай керек еместігін көрсететін осы еместер пайдалы («Д.ж.», 1919, №9) [4, 157 б.]. Бір санап болған соң нөмір қойылып, қайтадан саналып шығады («Ұ», 1917, №7) [5, 53 б.].
Бұдан шығатын қорытынды– үстеу сөздердің ол кезде басқа сөз таптарынан жасалу амалдары болсын, олардың газеттерде қолданылу аясы болсын, бүгінгі тілімізбен салыстырғанда, əлдеқайда тар екендігі. Қазіргі əдеби тілімізде үстеу жасайтын амалдардың жетілуімен қатар, олардың тілде атқаратын рөлі мен қызметі шексіз өсіп отыр.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Мажитаева Ш. XX ғасыр басындағы қазақ əдеби тілі. Оқу құралы. – Қарағанды. ҚарМУ баспасы, 2004. – 165 бет.
2. Əбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. – Алматы. Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, 1971.
3. Қазақстан /Құраст. Орал. 2012. – 400 + 8 бет сурет.
4. Сафуллин Ж. «Дұрыстық жолы» газеті. 1919 (ғылыми-танымдық жинақ) / Жантас Сафуллин. Орал, 2016.
5. «Ұран» газеті. 1917-1918. Жоба авторы, ұйымдастырушы Жантас Набиоллаұлы. Жинақты құрастырып, газет мəтінін араб əліпбиінен аударған Қазбек Құттымұратұлы. Орал, 2014. – 400 бет.
6. Қазақ тіл білімінің антологиясы. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Павлодар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2010. – 458 бет.