МАХАМБЕТ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ЖЫРАУЛАР ЖЫР-ТОЛҒАУЛАРЫМЕН ҮНДЕСТІГІ
Қ.Ғ. Аронов
Махамбет шығармашылығының қайнар көздерінің бірі – жыраулар поэзиясы. Əдебиетіміздің тарихында жыраулар дəуірі – бірнеше ғасырларды қамтитын ұзақ мерзім. Жыраулар дəуірінің ең көрнекті тұлғаларына XV ғасырдағы Асанқайғы мен Қазтуған, XVI ғасырдағы Шалкиіз, Доспамбет, Шобан, XVII ғасырдағы Жиембет пен Марғасқа, XVIII ғасырдағы Ақтамберді, Тəтіғара,Үмбетей, Бұқар жырауларды атауға болады.
Жоғарыда аталған жыраулардың көпшілігі еліміздің батыс өңірінде Еділ-Жайық арасында дүниеге келді, ат жалын тартып мініп азамат болды, ел-жұртын жаудан қорғаған батыр, қолбасшы, халқы мен хандарына ақыл-кеңес берген данагөйлерге айналды. Жыраулар туғызған толғау жанры – қазақ поэтикалық өнерінің ерекше құбылысы. Жыраулар толғата жырлаған толғауларда халықтың мұңы мұңдалып, жоғы жоқталып, батырлығы, ерлігі дəріптелді. Сондықтан заманында жыраулардың халық ішінде беделі бек, сұлтандардан артық болмаса кем болмады. Олардың халық санасына тигізген əсері орасан зор болғаны күмəнсіз шындық.
Махамбет тағдыр жазып, кешегі от ауызды, орақ тілді жыраулар дүрілдеп өткен өлкеде дүние есігін ашты. Тегінде бар текті ұл əкесі Өтемістей ділмар, шешен болсам деді. Сондықтан əке тəлім-тəрбиесін ала жүріп, оның іс-əрекетінен сабақ алды. Болашақ дауылпаз ақын бала кезінен-ақ батырлық дастандарды, жыраулардың жыртолғауларын жадына тоқыды. Соларға еліктеп бозбала Махамбет алғашқы жырларын да туғызса керек. Мұның белгісін, ізін шығармашылығының өне бойынан байқауға болады. Бұл тек Махамбетке тəн құбылыс емес, тіпті ол кие тұтып, пір санаған жырауларда да бірін-бірі қайталаушылық ұшырасады. Осы құбылыстың сыр-сипатын белгілі жазушы, махамбеттанушы Əнес Сарай: «Жыраулар мектебіне ұқсастық тəн, бірақ ол əсте еліктеу-солықтау емес, көзжұмба қарабайыр тақпа-тақ қайталау да емес. Олар бірін-бірі дамыта жырлаған, референдік қайталауларға біле тұрып барған, өзінен бұрыңғының сөзін тірілту – оны мойындап, ұстаз тұтумен барабар көргенділік белгісі саналған. Мұндай жайлар Махамбетте де кездесіп отырады» [1, 199 б.] –деп ашып көрсетеді.
Қазақ хандығы кезіндегі жыраулар қазақ қоғамында ерекше мəртебелі орындарға ие болды. Өйткені жырау – ақындық қабілеті бар жай ғана адам емес, ол –ақылшы, қоғам қайраткері, рухани көсем.Қазақ əдебиеттану тарихында жыраулардың жыртолғауларын жинақтап, олардың шығармашылығын алғашқы болып арнайы зерттеген ғалым, көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин: «Халық жыраулары хан ордасында жүріп, мемлекет басқару ісіне тығыз араласқан, хандар мен батырларға,бүкіл халыққа ақылкеңес айтқан, болашақты болжап, істің жөнің нұсқап жүрген дуалы ауыз, ақылгөй кеңесшілері, хандар мен ерлікпен аты шыққан батырлардың, қолбасшылардың ерліктерін мадақ етіп, жыр айтқан жыршылары» [2, 129 б.] – дейді. Алайда жырау жыршы емес. Жыршы – өзгенің дайын туындысын жұртшылыққа айтып беруші, қарапайым өнер адамы. Ал жырау кез-келген ұсақ-түйек күнделікті тұрмысқа қатысты жай-күйлерді жырлауға тиіс емес. Демек, «жырау жоғары тақырыптарды, қоғамдық мəні бар жайттарды толғайды, адамдарға ақыл айтып, кеңес беру, жамандықтан сақтандырып, жақсылыққа үндеу сияқты жүк арқалайды» [3, 145 б.]
Махамбет шығармашылығы жыраулар поэзиясымен тығыз байланысты. Махамбет өлеңдерінің жанрлық жақтарынан, өлең құрылысы мен формасынан, сөз бен көркемдік тəсілдерді қолданылуынан т.б. жыраулар поэзиясына тəн ұқсастықтарды көптеп кездестіруге болады.Сондықтан кейбір зерттеушілер Махамбетті жыраулар дəуірінің соңғы өкілі деп таниды. Алайда Махамбет – əдебиет тарихында ақын деп танылған тұлға. Себебі Махамбет өзінен бұрыңғы жыраулардай болған оқиғаларды көбінесе сырттай бақылап ақыл-өсиет айтушы емес.Ол – өзі өмір сүрген ортадағы оқиғаларға тікелей араласқан белсенді əрекет иесі. Анықтап айтқанда, Махамбет Исатай бастаған көтерісшілердің іс-əрекеттерін сырттай бақылаған жоқ.Сол көтерілістің бір басшысы ретінде жауымен соғысты, жауынгерлерді жалынды жырлармен рухтандырды. Сондықтан «Махамбет тарихта жырау емес, ақын деген атпен танылды, бірақ əдебиет пен əдеби тілдегі орны жыраулық пен ақындықтың түйіскен жерінде. Ол – жыраулар мектебінің нəрі мен барын алып, оны ақындық дəстүрге қиюластырған қаламгер» [3, 179 б.].
Махамбет поэзиясының жанрлық жақтарының жыраулар мектебіне жақындығы бар. Жыраулар поэзиясында ең көп кездесетін жанр түрі – толғау. Бұл жанрдың басты ерекшелігі белгілі бір формаларға, амал-тəсілдерге сүйене отырып, жыраулардың халыққа үлгі-өнеге, өсиет-ақыл айтуынан көрінеді. Мұны Ақтамбердінің мына бір толғауынан анық байқауға болады:
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке, Қылмасын жұрт келеке. Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген əреке [4, 67 б.].
Махамбет өлеңдерінің ішінде толғау жанрына тікелей қатысты туындылар бар. Бұл жөнінде Қ.Өміралиев: «Махамбет – өзінен бұрынғы Бұхар т.б. жыраулар сияқты солардың дəстүрімен дидактикалық-философиялық үлгідегі толғау жырларды да айтқан ақын. Оның «Тайманның ұлы Исатай», «Орай да борай қар жауса», «Жалған дүние», «Ұл туса», «Ай астында бір көл бар», «Аспандағы бозторғай», «Жалғыздық», «Арғымақтың баласы» сияқты өлеңдері дидактикалық-философиялық тұрғыдағы шешендік толғау сөздер.Бұлар шешендік сөз, шешеңдік толғау өлеңдер сияқты белгілі бір формалармен келіп отырады» [5, 25-26 б.] деген болатын.
Шынында да Махамбеттің «Орай да борай қар жауса» атты өленіңдегі:
Қарындастың қамы үшін,
Қатын менен бала үшін,
Қайрылмай кеткен жігітті
Өзін кəпір алғанын
Талам деп айтсақ болар ма?! [6, 20 б.] – деген үзіктен толғау жанрына тəн сыртқы форма мен ішкі мазмұн сəйкестігін айқын көре аламыз.
Жоғарыда аталған ақынның толғау жанрына қатысты жырларының барлығы бірдей бастан аяқ осы жанрға тиесілі формада келе бермейді. Мəселен, Махамбеттің «Тайманның ұлы Исатай» өлеңінің көпшілік бөлігі толғау дəстүрімен жырлаған.
Мысалы:
Айырдан туған жампоз бар,
Нарға жүгін салғысыз
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десең нанғысыз [7, 54 б.] деген үдемелі салыстырулардан толғауға тəн сипаттарды танимыз. Алайда өлеңнің соңында ақын өзгеше тұрпатқа ауысып, былайша түйін жасайды:
Тайманның ұлы Исатай
Ағайынның басы еді,
Алтын ердің қасы еді;
Исатайды өлтіріп,
Қырсық та шалған біздің ел! [6, 54 б.].
Жыраулар поэзиясында көп қолданылған толғау жанры іштей екі түрге бөлінеді. Олардың бірі – дидактикалық толғау, оның тақырыбы – жалпы ақыл, насихат айту, ал екіншісі – арнау толғау, яғни нақтылы біреуге, не оқиғаға, не өзіне қарата айтылған сөз, оның тақырыбы– көбінесе қоғам, адам, ел қорғау[6, 80 б.].
Асан қайғының бізге жеткен жырларының ішінде дидактикалық толғаулар көбірек ұшырасады. Мысалы:
Арғымаққа міндім деп, Артқы топтан адаспа.
Күнінде өзім болдым деп,
Кең пейілге таласпа,
Артық үшін айтысып,
Достарыңмен санаспа [4, 25 б.].
Ал Махамбет жырларының ішінде бірыңғай ақыл-өнеге, үгіт-насихат айтуға құралған туындылар жоқтың қасы. Дегенмен ақынның кейбір өлеңдерінде дидактикалық толғауларға тəн жолдар, шумақтар кездеседі. Жоғардағы аталған «Тайманның ұлы Исатай» өлеңіндегі:
Жаманнан туған жақсы бар,
Атасын айтса нанғысыз,
Жақсыдан туған жаман бар,
Күндердің күні болғанда,
Жарамды бір теріге алғысыз [6, 54 б.] – деген шумақта ақынның жақсы болу оның шығу тегіне байланысты бола бермейтіні айтылған, өмір тəжірбиесі негізінде нақыл боларлықтай ой қорытындысы жасалған. Мұндай шумақты Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға айтқан атақты сөзінен де кездестіреміз:
Ата ұлының баласы,
Асыл ерге малың бер,
Малың бер де, басың қос,
Басыңа тарлық түскенде,
Ардақтаған əділ жанын аяр ма?! [6, 93 б.].
Жыраулар поэзиясында толғаудың екінші түрін, яғни арнау толғауларды əлдеқайда жиірек кездестіруге болады. Бұлардың қатарына Асан қайғының Жəнібек ханға, Шалкиіздің Би Темірге, Жиембеттің Есім ханға, Марғасқаның Тұрсын ханға арнаған толғауларын атай аламыз. Жыраулар елге билік жүргізген хан-сұлтандардың ерлігін, ел-жұртқа жасаған қайырымды істерін көрсетіп мадақтайды, сонымен қатар олардың кемшіліктерін тізбелегенде ештеңеден тайынбайды. Мұны Жиембеттің Есім ханға сес көрсете жырлаған толғауынан анық көреміз. Мысалы:
Əмірің қатты Есім хан, Бүлік салып бұйырдың,
Басын бер деп батырдың,
Қанын ішіп қанбаққа,
Жанын отқа салмаққа,
Атадан жалғыз мен емес, Хан ие ісің жол емес.
Жолбарыстай Жолымбет,
Құрбандыққа қол емес… [4, 52 б.] – деп Жиембет жырау Есім ханға зілді ескерту жасайды. Себебі Есім хан жыраудың інісі Жолымбет батырды кінəсі үшін жазаламақшы болған. Хан мен жыраудың араздасуы содан басталса керек. Бұрын Жиембет ханның сенімді адамы болып, Есімнің көрші хандармен арадағы соғыстарына қатысқан, ерлігімен танылған. 1627 жылы Ташкент ханы Тұрсынның көтерілісін басу кезінде де Жиембет ерекше көзге түскен. Есім ханның осы жорығына Марғасқа жырау да қатысқан. Оны бүлікшіл Тұрсын ханға айтқан жыраудың мына бір арнау сөзінен білуге болады:
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын,
Жазықсыз елді еңіретіп, Жертəңірсіп жатырсың.
Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың, Алтын таққа жетсең де, Ажалы жеткен пақырсың!
Еңсегей бойлы Ер Есім,
Есігіңе келіп тұр,
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды! [4, 56 б.].
Марғасқа жыраудың «Хан емессің қасқырсың, Қара албасты басқырсың» деген зілді де айбынды сөзі екі ғасырдан кейін Махамбеттің Жəңгір ханға айтқан атақты арнауында аздаған өзгеріспен қайталанады: Хан емессің, қасқырсың, Хас албасты, басқырсың. Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені басқа ұрсын.
Хан емессің, ылаңсың, Қара шұбар жылансың.
Хан емессің, аянсың,
Айыр құйрық шаянсың [6, 92 б.].
Ақынның осы өлеңдегі жəне тағы да басқа жыр-толғауларындағы мұндай қайталауларды жыраулар поэзиясы мен Махамбет поэзиясы арасындағы жанрлық, тілді-стильдік тəсіл байланысының, мұралық-жалғастық дамудың көріністері деп түсінгеніміз жөн. Бұл жөнінде Қ.Өмірəлиев: «Махамбет иінді жерінде өзінен бұрыңғы ақын-жырауларды да қайталап отырған. Əрине, бұл жалаң қайталау емес еді. Тегінде дəстүрлі жалғастық, ауысу, мұралану дегендердің өзі осы «қайталанулардан» көрінбек. Қайталау деген ұғымға, біріншіден, поэзиядағы тəсіл, түр қайталануы, екіншіден, ой, пікір қайталануы, үшіншіден, сөйлемдер, жолдар қайталануы жатады» [5, 19 б.] – дейді.Өте орынды айтылған пікір.
Осы тұста айтпай кете алмайтын бір жайт бар. Бұл жоғарыда келтірілген Махамбеттің «Жəңгір ханға айтқан сөзіне» қатысы. Соңғы кезде Жəңгір ханды жақтаушылар Махамбеттің бұл сөзін Жəңгір ханға емес, Баймағамбет сұлтанға айтқан десе, енді біреулері аталған сөз мүлдем Махамбеттікі емес деуден шімірікпей отыр. Мұны сыпайы айтқанда, екіжүзділік дейміз. Себебі Жəңгір ханға қатысты ел аузынан жеткен деректерде, мұрағат құжаттарында оны кезінде елге шапағаты тиген əділетті билеуші ретінде көрсетпейді. Керісінше, Жəңгір хан баю үшін өзі билік жүргізген аймақтың халқына көптеген салықтар салды, шұрайлы жерлерді тартып алып, жақтастарына үлестірді. Əбден тығырыққа тірелген, ашынған халық көтеріліске шыққанда, оларды патша əскерінің көмегімен аяусыз басып жаныштады, ойрандалған жұрттың дүние- мүлкін талан-таражға салды. Бұған дəлел-дəйекті Махамбеттің «Соғыс» өлеңінен табамыз. Ақын осы өлеңінің соңында сол кездегі жағдайды тайға таңба басқандай сипаттаған.
…Орыс добын үш атты, Доптың үні шыққанда, Сонда батыр жөнелді.
Жөнелмей батыр не қылсын Ерсары менен Қалдыбай Екі арыстан тең өлді.
Жетім- жесір көп қалды, Хан əскері кенелді [6, 46 б.].
Махамбеттің арнау өлеңі тек «Жəңгір ханға айтқанымен» шектелмейді. Ақынның арнау өлеңдерінің қатарына «Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзін», Исатайдың атынан шығарған «Əй, Махамбет жолдасым» туындысын, «Махамбеттің ордадан кетерде ханға айтқаны» жəне «Əй, Шонты би» өлеңдерін атауға болады. Ақынның соңғы екі өлеңі бізге толық жетпеген, бұл өлеңдердің мазмұны мен құрылымынан анық байқалып тұр. Соған қарамастан осы шағын өлеңдер біраз тарихи жағдайлардан мəліметтер беріп тұр.
Мəселен, «Махамбеттің ордадан кетерде ханға айтқаны» өлеңіндегі:
Он екі төбет, шұнақ хан,
Шабатының ел екен, Күндейтінің мен екем.
Хан ұлына қас болу,
Қара ұлына бас болу –
Мендей ерге жөн екен! [6, 118 б.] – деген жолдардан Махамбеттің Жəңгір хан мен оның он екі биімен ат құйрығын кесісіп, ордадан кетуін, біржолата халық жағына шығуын көре аламыз.
Жыраулар поэзиясында портреттік өлеңдер бар. Мұндай өлеңдерді Қазтуған, Доспамбет, Шобан жыраулардың жыр-толғауларынан ұшыратамыз. Мəселен, Доспамбет жырау өзін былайша мадақтайды:
Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем,
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағаның Хан ұлына несі жоқ, Би ұлынан несі кем!
Тəңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менің несібем! [4, 32 б.].
Махамбет шығармашылығының жырау поэзиясымен үндестігі осындай портреттік өлеңдерден анық байқалады. Махамбет поэзиясында портреттік өлеңдер баршылық. Мұндай өлеңдердің қатарына ақынның «Еңселігім екі елі», «Атадан туған ардақты ер», «Азамат ердің баласы», «Исатай деген ағам бар», «Еріскендей ер болса», «Тарланым», «Тайманның ұлы Исатай», «Біз ер едік», «Шамдансам, шалқамнан түсер асаумын», «Мен ақсұңқардан туған құмаймын», «Мен едім», «Белгілі туған ер едім», «Қылыштай қиғыр алмас ем» т.б. атауымызға болады. Осы аталған туындыларды басынан аяғына дейін портреттік өлеңдер деп айта алмаймыз. Өйткені бұлардың көпшілігінде портреттік өлеңге тəн шумақтар ғана кездеседі. Ал тұтас портреттік өлеңдердің қатарына ақынның «Еңселігім екі елі», «Тарланым», «Қылыштай қиғыр алмас ем» т.б. туындыларын көрсете аламыз. Мысалы, Махамбет «Еңселігім екі елі» өлеңінде өз портретін сипаттаған:
Еңселігім екі елі,
Егіз қоян шекелі,
Жараған теке мүшелі,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартарға қолы ұзын,
Дұшпанына келгенде
Тартынбай сөйлер асылмын… [6, 25 б.].
Махамбет осы өлеңі арқылы өзінің хас батырға тəн сыртқы мүсінімен бірге ішкі рухының биік екенін танытқан. Өлеңде қолданылған кейбір көркемдік тəсілдер Қазтуған жыраудың өзі туралы мадақ жырын елестетеді. Сол жырында Қазтуған өзін былайша сипаттайды:
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі
Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті,
Адырнасы шайы жібек оққа кірісті,
Айдаса қойдың көсемі
Сөйлесе қызыл тілдің шешені…[4, 281 б.].
Қазтуғандағы «Бұдырайған екі шекелі» мен Махамбеттегі «Егіз қоян шекелі» деген қолданыстарда ұқсастық, жақындық болғанымен салыстырып отырған туындыларда адам портретін беру əртүрлі сипатта. Қазтуғанда жалпылық басым болса, Махамбет өлеңі нақтылықпен ерекшеленеді. Ақын өлеңінен өр рухты, ерен тұлғалы батырды көзімізге елестете аламыз. Сөзіміздің дəлелін ақынның жоғарыда ақынның жоғарыда аталған өлеңіндегі мына жолдардан табуға болады:
Құла бір сұлу ат мінген,
Құйрық, жалын шарт түйген,
Құм сағыздай созылған,
Дулығалы бас кескен,
Ту түбунен ту алған,
Жауды көріп қуанған,
Мен Өтемістің баласы ,
Махамбет деген батырмын [6, 25 б.].
Жыраулардың толғауларында жиі қолданылатын тəсілдің бірі – аналогия. Толғауларда адам бойындағы қадір-қасиеттерді, кемшіліктерді көрсету үшін ең алдымен соған ұқсас өзге құбылыстар айтыла келіп, содан кейін негізгі ой түйіні жасалады. Мысалы, шешендік-дидактикалық, толғаулардың шебері, ойшыл тұлға Асан қайғы:
Көлде жүрген қоңыр қаз Қыр қадірін не білсін! Қырда жүрген дуадақ Су қадірін не білсін! Ауылдағы жамандар Ел қадірін не білсін! Көшіп – қонып көрмеген Жер қадірін не білсін!
Көшсе, қона білмеген, Қонса, көше білмеген,
Ақылыңа көнбеген,
Жұрт қадірін не білсін! [4, 26 б.] – деп толғанады. Мұнда Асан қайғы «əр нəрсенің қадірін соған қатысы бар адам білер» деген ой түйінін айту үшін ең алдымен көлде жүрген қоңыр қаздың көл қадірін білмейтінін, қырда жүрген дуадақтың су қадірін білмейтінін көрсетеді. Осы толғауда əлденеше рет қайталанған «білсін» етістікбаяндауышы тек аналогиялық салыстыруға қызмет етіп тұрған жоқ, сонымен қатар ой түйіндерін жасауға қатыса отырып, толғауға тəн қарқын мен ырғақ беріп тұр.
Жыраулар толғаулары мен Махамбет өлеңдерінің арасындағы үндестікті осы аналогиялық, параллельдік қолданыстардан анық көруімізге болады. Өйткені Махамбет поэзиясында да мұндай қолданыстар баршылық. Мəселен, ақынның «Азамат ердің баласы» деген шағын өлеңі тұтасымен аналогиялық салыстыруға құрылған:
Арғымақтың баласы Аз оттар да, көп жусар – Талаудан татқан дəні бар.
Азамат ердің баласы
Аз ұйықтар да, көп жортар –
Дұшпанға кеткен ары мен
Барымтаға түскен малы бар[6, 27 б.].
Ақынның осындай аналогиялар қолданған туындыларының қатарына «Арғымақ, сені сақтадым», «Арғымақтың баласы», «Жалған дүние», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай», «Аймақ көл», «Күн қайда?», «Қаршыға деген бір құс бар», «Ұл туса», «Күн болған», «Жалғыздық», «Желден де желгір ақбөкен» т.б өлеңдерін көрсете аламыз.
Қорыта айтқанда, Махамбет поэзиясы нəр алған қайнар көздердің бірі жыраулардың жыр-толғаулары екені ешбір талас туғызбайтын ақиқат шындық. Жыраулар мен Махамбет поэзиясының арасында сабақтастықтың, үндестіктің болуы тарихи заңдылық деп санаймыз. Себебі, біріншіден, Махамбеттің дүниеге келіп, өскен ортасы кешегі жыраулық өнердің пайда болып, əбден кемеліне жетіп, гүлденген, дамыған өлкесі болды. Екіншіден, жыраулар сияқты Махамбеттің өмірі де жауларымен алысып, ат үстінде жауынгерлік жағдайда өтті. Сондықтан Махамбет поэзиясында жыраулық өнерге тəн, жоғарыда біз тоқталғандай, ұқсастықтар, үндестіктер бар.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Сарай Ə. Махамбет Өтемісұлы // Махамбет батыр (жинақ). – Алматы. Арыс, 2004.