ПРОФЕССОР МӘТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ТАҒЫЛЫМЫ

ПРОФЕССОР МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ТАҒЫЛЫМЫ

 

Г.Г. Хабиева

 

Республикаға танымал фольклорист ғалым, əдебиет зерттеушісі Мəтжан Мақсымұлы Тілеужановтың (1927 – 1995жж.) өмірі өнегеге толы, ғибратты ғұмыр. Бар саналы өмірін Орал педагогикалық институтында шəкірт тəрбиелеуге арнаған ұстаз артына ауыз əдебиетінің мол мұрасын қалдырды. 

Мəтжан Тілеужанов 1927 жылдың 15-желтоқсанында Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Жастайынан əке-шешеден ерте айырылып, жетімдіктің зардабын тартады. 1932 жылы Ақтөбенің Ойылынан Оралдың Қаратөбе ауданында тұратын əжесінің қолына көшіп келеді. Өкінішке орай, əжесі де көз жұмып, ағайынтуғаннан ешкімі жоқ жалғыз қалған ол, интернат үйінде ержетеді.Мектеп бітірісімен жолы болып, Орал педагогикалық институтына оқуға түсіп, жоғары оқу орнын сталиндік стипендиямен бітірген соң, оны өзі оқыған білім ордасы бірден жұмысқа алып қалады. Жас маман Алматыда аспирантурада (1953 – 1957 жж.) білімін ұштап, Абайдың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сатиралық лирикаларымен тереңірек танысады. Елуінші жылдары халықтың тұрмысы өте ауыр болатын. Соған қарамастан білім іздеген жас аспирантурада оқи жүріп ғалымдар З. Ахметов, М. Дүйсенов, Р. Бердібаев, ақын Т. Жароков, Ж. Молдағалиев, Б. Аманшиндермен достасады.

Осы кезден бастап Мəтжан Мақсымұлына үлкен сеніммен Батыс Қазақстан өңірінің ауыз əдебиетін, фольклорын зерттеу жұмысы тапсырылады. Осыдан бастап халық ауыз əдебиетінің фольклор жанрын талмай зерттеуге, ізденуге кіріседі. Нəтижесінде «Ел əдебиеті» (Алматы, «Ана тілі» 1992) атты монографиясы жарыққа шығады.

Мəтжан Мақсымұлы ауыз əдебиеті үлгілерін жинауды алғашқыда жалғыз өзі бастаған еді. Өзі ел аралап, ескі мұраларды жинастырады, жыр-аңыздарды көнекөз қарттардан магнитофон таспасына жазып алады. Соңынан бұл істі студенттері жалғастырды.

Қазақ филологиясы факультетінде «Фольклорлық практика» оқу процесіндегі жоспарлы жұмыс. 1-курсты тəмамдаған соң сол оқылған курс бойынша халқымыздың ұмытылып бара жатқан асыл мұраларын жинақтау ісіне көмектесіп, тəжірибе жинақтаулары керек. Барлық студенттер өлкедегі аңыз, əңгіме, ертегі, жыр, терме, өлеңдерді, ескі зергерлік бұйымдарды əкеліп тапсырып, кафедра жанындағы фольклорлық кабинетті жабдықтауға өз үлестерін қосады. Сол жинақталған материалдарды М.Тілеужанов «Батыс Қазақстан фольклоры» деген атпен құрастырып, 6 том жинақ етіп шығарды. Осы бай мұралардың негізінде Орал педагогикалық институтында фольклор кабинеті ашылды. Ол Мəтжан Мақсымұлының 40 жылдан астам уақыт еңбегінің жемісі еді.

Ғалым М. Тілеужанов осы жиналғандарының бір бөлігін 1985 жылы Батыс Қазақстан облыстық өлкетану мұражайына тапсырған еді. Оның коллекциясы 156 күмістен жасалған зергерлік жəне бірнеше қылыш, қанжар, ер-тұрман, үй жабдықтары, ұста құралдары т.б. бұйымдардан тұрады. Сөйтіп, мұражай қоры өте сирек кездесетін, жойылып кетуге таянған, нағыз халық шеберлерінің туындыларымен толықтырылғанды. Коллекция Орал, Орынбор, Алматы қалаларында көрсетіліп, жұртшылықтың жақсы бағаларын алған болатын. Одан соң осы зергерлік бұйымдармен 1989 жылы Мароккоға, Парсы елдеріне барып қайтты. Бұл сол кезде Қазақстан үшін үлкен мерей еді.Бұл туралы СОТА 1989 жылы 23 тамыз күні Москвадан хабарлады, Марокко газеттері жариялады.

Сондай-ақ облыстық өлкетану мұражайында Ұлы Отан соғысы кезінде шыққан «Отан үшін» газетінің 1943 жылғы түгел тігіндісі бар.  Мұны да тапсырған М. Тілеужанов болатын.

Осы бағытта саналы ғұмырын ауыз əдебиеті үлгілерін зерттеуге, жинауға арнаған ғалым, өзіне тағы бір тақырыпты табуға жол ашты.Ол тақырып 1990 жылдары енді-енді сөз бола бастаған «Халықтық педагогика» болатын.Бұл бағытта «Халық тағылымы» (Алматы,  «Рауан» 1996) атты еңбегі жарық көрді. Онда халықтық педагогиканы қазақ ауыз əдебиетімен тығыз байланыста сөз етеді. Барлық тəлім-тəрбие салаларын айта отырып, қазақтың халықтық педагогикасының негізгі шарттарын қамтиды.Қазақ халқының тəлімдік мəні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мəтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тəрбиесінің негізгі түйіні – адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тəрбиесіне байланысты мəселелерге келіп тіреледі. Ол «Халық тағылымы» деген ғылыми еңбегіне қазақ халқының өмір  тіршілігі, кəсібі, тұрмыс-салты, əдет-ғұрыптары туралы қысқаша мағлұмат беретін «Ақсақалдық мектеп туралы», «Əжейлер, қыз-келіншектер тағылымы», «Шешендер, билер тағылымы», «Қазақ халқының ұрпақ туралы ойлары» т.б. атына мазмұны сай мақалаларды жүйелеп енгізді. Осындағы «Шешендер мен билер тағылымы» деген бөлімінің үлкен танымдық, тəрбиелік мəні бар. Онда «Шешендер мен билер педагогикасы деген қазақ ұғымында жоқ, болуы да мүмкін емес. Шешендер мен билер өнегесі, тағылымы деген болды, болғанда қандай десең, қазақ тілінің, сөйлеу мен ойлау қабілеттерінің ең биік шыңы болды. Олардың аузына бар халық қарады, тағылымды алды, олар үлгілі сөздер айтып, жөн-жосық жасады» дейді жəне өзі жан-жақты көп зерттеген Сырым өнегесін үлгі етеді [2, 58 б.]. 

Ғалымның «Біз халықтың тағылымын (педагогикасын) өзгеден іздемейік, əуелі өзіміздегіні біліп алайық, өзіміздің асылдарымызды қадірлейік. Оқу-ағарту жұмысынан қаржы аяуға болмайды. Жапон, Тайван, Гонконг, Оңтүстік Корея қаржы аямағандық тəжірибелері осы елдерді алдыңғы қатарға шығарды. Əдетте педагогикамен айналысып жүрген азаматтар қазақ педагогикасының қайнар көзі, ағар мөлдір бұлағы біздің рухани байлығымызды ескермей, ұрпақ тəрбиесінде нəсілі басқа елдердің тəжірибелерін ұсынуға ыңғайлы болып тұрады. Əрине ұрпақ тəрбиесінде Ян Амос Коменскийдің,                       

И. Пестолоцидің, К. Ушинскийдің т.б. тəжірибелерін жоққа шығармаймыз. Реті келсе, Платон, Демосфен, Цицерон сияқты данышпандарды да ескеруге болады. Бірақ өзіміздің сан ғасырлық тəжірибелерімізді тіпті де ұмытуға болмайды. Қазақ халқы – зор тағылым иесі. Зор тағылым иесі демей не дейік, өз тағдырын өзі шешкен əлем əдебиетінде                            А. Пушкиннің Татьянасындай қыз жоқ десек, одан бірер ғасыр бұрын туған «Қамбар» жырындағы Назым бар екен. Ал, XII ғ. туған Қарылғаны еске алсақ, бұлардай образ сомдаған ешбір əдебиет жоқ» [2, 5 б.] деген пікірімен келіспеуге болмас.  

Қазақ тағылымы ұлан ғайыр, оның түбіне жету, ретке келтіру, зерттеу үшін талай уақыт өтер, талай таластар туар. М.Тілеужанов өзінің көп жылғы тəлімгерлік тəжірибесі мен ұстаздық шеберлігін негізге ала отырып, қазақ тағылымын жүйелеудің өзіндік тұжырымын ұсынады:

1.      Ең алдымен оқу бағдарламалары мен оқулықтарымызды «политизациядан» құтқару керек;

2.      Қазақ тағылымының методологиясын айқындап алу керек, оның негізгі принциптері мен қағидаларын жөндеу керек;

3.      Республикалық «Халық тағылымы» атты журнал шығаруды ұсынды;

4.      Халықтық тəрбие туралы əр ауылда, қалада халық университеттерін ашуды ұсынды, оның тыңдаушылары тек мұғалімдер деп қоймай, əр мекеме, ұйым, кеңсе қызметкерлері міндетті түрде қатыстырылса жəне ондай оқу орындарына шағын оқулықтар жазып шығаруды ұсынды;

Бүгінде халық тағылымының қағидаларын айқындау – ең басты мақсат, соған сай көптеген ғалымдар халықтық тəлім-тəрбие салаларын зерттеуде. Біз сөз еткен фольклортанушы – ғалым М.Тілеужановтың, халық тағылымын зерттеу басталар кезеңде жазып кеткен ғылыми еңбектері көпке үлгі-өнеге жəне оның мұралары əлі де жіті зерттеуді керек етеді.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

    1.Тілеужанов М. «Ел əдебиеті». – Алматы. 1992. 

    2.Тілеужанов М. «Халық тағылымы». – Алматы. 1996.

    3. Жарықбаев Қ ., Қалиев С. «Қазақ тəлім-тəрбиесі». – Алматы. 1995.

    3.Табылдиев Ə. «Халық тағылымы». – Алматы. 1992.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *