АЙТЫС ӨНЕРІ МЕН ЖЫРАУЛЫҚ ДƏСТҮР САБАҚТАСТЫҒЫ
Ж.Ғ. Мусина
«Айтыс» – келешегі нұрлы, өрелі де өрісті өнер. Қазақ халқына ғасырлар бойы рухани азық болған көркемдік дүниесінің жиынтығын айтыстан табамыз. Тұтқиылдан жол тауып, ойыңа поэтикалық ажар беру, сөз маржанын табан астынан таба қою, əсем де сазды əуенмен құлаққа, көкірекке жеткізу, домбыраның жанға жайлы қоңыр үнін өз өнерпаздығының өзегіне айналдырып, ел-жұртты қуаныш-шаттыққа кенелетін əсерлі де ықпалды, өткір де қуатты өнерді аялап, оның бар мүмкіндігін əлеуметтік мақсатқа сарқа пайдалануымыз керек» – деп Т. Кəкішев айтыс өнеріне жоғары баға берген болса, профессор М.М. Тілеужанов «Зерттеу зерделі болса екен» («Қазақ əдебиеті» 5 наурыз, 1993 жыл) атты еңбегінде: «Қазақ ауыз əдебиетінің ұлттық жанры – айтыс туралы біраз мағұлматтар баршылық. Керемет əрі сүйікті жанрымыздың теориялық жағы арнайы талдауды күтеді. Бұл жанр – импровизациялық қасиеттерді ерекше орынға қоятын жанр» – дейді.
Өз тарихымызды өзімізден жасырып, ұлттық рухани құндылықтарымызды өзімізге аяқасты еткізген сонау қатыгез саясатқа шырмалған жылдар ішінде халық əдебиетінің азаттықты көксеген туындылары баспа бетін көрмек түгілі шаң басқан архивтерде жатқаны шын. Оған дейін де ол ақын-жырлаулардың айтуы бойынша ғасырдан ғасырды аттап, ірілі-ұсақты халықтың меншігіне айналып, жадында жүрген осынау бай қазынамызды əрлеп, көркемдік сапасын жетілдіруде қаншама белгісіз ақынжырлаулардың еңбегі болды десеңізші?! Тек ХV ғасырдың шамасында əдебиет сахнасында бірен-саран ақын-жыраулардың аттары да мəлім бола бастайды. Мəселен, Асан қайғы, Шəлгез, Сыпыра жырау, Бұхар жырау т.б. Бірақ бұлардың есімдеріне байланысты шығармалардың саны аз, көбі жөнді сақталмаған, оның үстіне, тіпті, кейде сол ақындардың тарихта анық болған-болмағаны біраз күдік туғызған жайлары да бар. Егер Асан қайғының есіміне байланысты аңыздарда желмаясына мініп, халқының қонысына қолайлы мекен «Жерұйықты» іздеген дана қарттың бейнесін көрсек, Шəлгез (Шалкиіз) шығарды деген толғау-жырларда өткен хандар, батырлар мадақ етіледі.
Кейінгі ғасырларда да белгілі деген ақын-жыраулардың аттары аталғанмен, олардан қалған мұра өте аз, бірен-саран үзінділер мен тек өлең-толғаулар. Мысалы: ХVII ғасырда Есім ханның тұсында Жиембет жыраудың даңқы шықса, XVIII ғасырдың бас кезінде «Ақтабан шұбырынды» оқиғасына байланысты жəне Абылай хан төңірегінде болған бір топ ақын-жыраулардың есімдері аталып келген (Ақтамберді, Тəтіқара, Үмбетей т.б.). Осы дəуір ақындарының ең көрнектісі, ірісі – Бұқар жырау.
Ал, əңгіменің бетін бертін келе авторлармен белігі бола бастаған айтыс өнеріне бұрайық. Айтыс жанрының ең мол сақталған сала – ХІХ ғасырдағы айтыстар. ХІХ ғасырдың айтыстарын жасаушы ақындардың көпшілігі тарихқа мəлім. Мəселен: Орынбай, Шортанбай, Серəлі, Тоғжан, Сақау, Шөже, Балта, Кемпірбай, Тезекбай,
Қалдыбай, Жамшыбай, Түбек, Құлтума, Жанақ, Əсет, Майкөт, Құлмамбет, Ырыспай, Мұрат, Марабай, Сүйінбай, Сабыр, Ыбырай, Біржан, Жарылғасын, Күдері, Құдайберген, Ақан сері, Нұрғожа, Жамбыл т.б. Əйел ақындардан аты сақталғандар: Күйкетай, Шəріпжамал, Дəме, Ұлбике, Тыныштық, Шөкей, Қадиша, Ақсұлу, Манат, Рысжан, Абала, Айқын, Сара, Болық, Тəбия т.б.
Қазіргі таңда көгілдір экранның құдіреттілігімен айтыс əрбір жанұяның сүйіп тындайтын бағдарламасына айналды. Сол бағдарламалар арқылы айтыс айтыскерлерін өзі тəрбиеледі. Эфирдегі айтыстан ауызданып, айтыскерлер республиканың түкпіртүкпірінен бой көрсетуде. Бүгінде айтыстың абыройын асырып жүрген от ауызды, орақ тілді ақындар Аманжол Ə., Мэлс Қ., Ақмарал Л., Мұхамеджан Т., Кəрима О., Серік Құсанбаев, Айнұр Т., Бекарыс Ш., Айтақын Бұлғақовтар болса, олардың ізінен ХХІ ғасырдың жас айтыскерлері ілесуде, олар: Жандарбек Б., Асхат Қылышбай, Мұхтар Н., Біржан Б., Нұрлан Мұса, Фархат М., Аян Сейітов т.б.
Бұл жердегі мақсатымыз – айтыскерлердің тізімін жариялау емес, айтыс өнеріндегі жыраулық дəстүрдің насихатталуын, айтыс арасында өлең-толғаудың қолдану формасын сөз ету.
Қазіргі айтыстарда бұрындағыдай ақындар бір-бірін кемітіп, отбасы, ошақ қасындағы кемшіліктерін бетке басып, сол арқылы жеңіс көтермейді. Бір-біріне ауыр сөз айтып, намысына тимейді. Қайта бір-бірін мақтап жіберетін тұстары болады. Бұл айтыстың кемелденіп, моральдық жағынан байығандығын көрсетеді. Баяғы айтыстарда əр рудың үкілеген ақыны сол рудың сойылын соғып, намысын қорғайтын. Қарсылас ақынның руының кемшіліктерін жерден жеті қоян тапқандай, мақтанып-масаттанып жариялайтын, қазіргі ақындар ондай кемшіліктерге көп бой бермейді.
Өйткені ақындар рудың немесе жүздің атынан шықпайды, олар тұтас ұлттың, халықтың атынан сөйлейді. Кемшілікті айтса, түгел халықтың кемшілігін айтады, жетістікті айтса, түгел халықтың жетістігін айтады.
Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі айтыс мектептерінің өзіндік ерекше белгілері де жоқ емес. Бұл ықылым заманнан келе жатқан айтыс өнерінің өлмейтіндігін, жалғаса беретіндігін көрсетеді. Батыс Қазақстанда жыраулық пен жыршылдық дəстүрді қатар ұстанған эпикалық сарын басым. Осы дəстүрді ұстанған Мэлс Қосымбаев, Дəулеткерей Кəпұлы, Бауыржан Халиолла, кешегі Асылбектердің айтыста өз өрнегі бар. Жауаптасудың арасында еркін көсіліп, толғау айтып отыратын айтыстардағы бұл үрдіс те тыңдарман қауымды желпіндіріп отырады.
Мэлстің Мұхамеджанмен айтысынан мысал келтірейік:
Алашым сенің арқанда,
Алшаңдай басып желгенім
Аспанға түссе апшыған,
Көкке қарай шапшыған,
Мен бір асау толқынмын, Теңіздей мені тербедің.
Асылдардың ішінен, Ғасырлардың ішінен, Сөз болды менің тергенім. Қайтадан құйып қалыпқа, Жарқыратып жарыққа, Шығарып бүгін бергенім. Асанқайғы атамыз
Желмая мініп шарлапты Дүниенің кең жерін Жерұйыққа тең жерін.
Ал, мен үшін жерұйық- Алатау асқар кең жерім, Сарыарқа байтақ кең жерім! Еділ мен Жайық екі өзен,
Əлемнің сызған шеңберін, Басыңа қонған бақытты, Баянды қылғай өз жерім.
Абыл ақын айтатын,
Екі батыр жауласса,
Ойламайды өлмегін, Екі ақын айтысса, Ұмытар кейін көрмегін. Атамнан бері айтыста
Асырып айтар сөзім жоқ, Өлеңнің бұзып өрмегін.
Атамыз Абыз солай деп,
Ұқтырған сөздің өрнегін Талқыға салып түзерсіз, Бүгінгі болған айтыстың Келіспей тұрған кем жерін.
Мэлстің сөздерін естігенде 362 əулиелі Маңғыстаудың Абылылы мен Ақтанын,
Мұрыны мен Нұрымын, Қашағанын көзбен көргендей əсерде қаласың. Дəлеткерей, Бауыржан жайлы да əңгіме осылай. Ал «Мен Құлмамбеттен қалған құлынмын» деп жырлайтын орақ тілді Оразəлі Жетісу ақын-жырауларының дəстүрін қатаң сақтайды.
Ол Бекарысқа:
Айналайын, Бекарыс,
Жалынды сөйле жаңылмай,
Сабылған сансыз сағымдай,
Ақыннан асыл сөз шықпас,
Отанына табынбай Жылп етіп аунап түсті ғой, Суға түскен сабындай.
Жұмыр болсын сөздерің,
Күмпеленген қамырдай, Бірікпей кетіп жүрмесін Ыдыраға қарындай.
Тəбетімді аштың айтысқа,
Қырылған өкпе-бауырдай
Кезек бер енді бізге де,
Жоғалған түйе секілді,
Жалғыз өзің жайылмай, – дейді.
Оразəлінің айтыстағы техникасы мықты, қулығы да бар. Жыраулардан қалған шырайлы теңеулерді кеңінен қолдана отырып, қарсыластан айласын асырады. Ол Бақтыбай, Сүйінбай, Жамбылдар салған төкпе, шұбыртпалы ұйқасты, кең тынысты жыр үлгісін қолданып отырған.
Ақындар айтыс арасында ескіше өлең-толғау айтып жатса, өнерді кері кетті деп түсінбей жыраулық дəстүрдің жаңғырғаны деп ұғынған жөн. Айтыс не үшін керек?
Айтыс ақын мен ақынды бет жыртыстырып, қай жеңгенің менікі деп қызықтап отыратын өнер емес. Айтыс – қоғамды жырлайтын, қоғамды жырлау арқылы айналамызда болып жатырған құбылыстарды, өзгерістерді, жаңалықтарды барынша жырлап, насихаттайтын өнер түрі. Бізге айтыстың жалт-жұлт еткен концерттік жағы емес, елге өнеге боларлық бəтуалы сөз айтқаны, үлкендерге ой салып, жастарға үлгі боларлық сабыры мен салиқалылығы, қысқасы, салмағы керек.
Айтыс қазіргі айтыскерлер легі көбейген кезде жоғалмайды. Жоғалмақ та емес. Айтысты көркейтетін, деңгейін көтеретін – орта айтыскерлер. Тыңдарман сауатты болса, айтыскерлер сол үдеден шығуға тырысады. Айтыс – жүрдім-бардым сөзді көтере салатын бір күндік дүние емес, ғасырдан ғасырға жалғасқан алтын қазына. Сол қазынамыз сапалы айтыстармен толыққаны абзал.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Қазіргі айтыс. 1, 2 том, «Күлтегін». – Астана. 2006.
2. Айтыс 1 том, «Жазушы». – Алмат. 1988.
3. Қосымбаев М. «Айтыс туралы айтыс». //«Қазақ тілі мен əдебиеті», 1994. №1
4. Сабырова Т. «Жыраулар поэзиясы – ұлттық тəрбиенің қайнар көзі»,. // «Қазақ тілі мен əдебиеті», 2004.
5. Ембергенова А. «Қазіргі айтыс ақындары тіліндегі мақал-мəтелдердің қолданылу сипаты» //«Ұлт тағылымы», 2007. №3.