ПРОФЕССОР М. М. ТІЛЕУЖАНОВ ЖӘНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ПРОФЕССОР М.М. ТІЛЕУЖАНОВ  ЖƏНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ МƏСЕЛЕЛЕРІ

 

Л.М. Молданова

 

Профессор Мəтжан Мақсымұлы Тілеужанов 1927 жылы 15 желтоқсанда Ақтөбе облысы, Ойыл аудананың №2 ауылдық елдімекенінде дүниеге келген.1936-1946 жылдары аралығында Қаратөбедегі онжылдық мектепте дəріс алады. Болашақ ғалым 1946-1950 жылдары Орал педагогикалық институтында оқып, осы институтты «үздік» деген бағамен бітірген. Білім алған институтында 1950 жылдан бастап қызмет атқарған. Ғылым жолын ұстанған Мəтжан Мақсымұлы 1953-1956 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының аспирантурасында оқып, 1957 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Ғылым кеңістігінде ғалым атанған ұстаз 1961 жылы кафедра доценті болып, одан əрі 1982 жылы ғылым докторы аталады.

Мəтжан Мақсымұлының əдебиеттану саласына қосқан еңбектерінің орны зор. Жылдар бойы ауыз, қазақ əдебиетіндегі сатира мен юмор жанрларында зерттеу жүргізіп, 250-ден астам ғылыми проблемалық мақала жазып, шешілмей жүрген шиеленістердің шешімін тапқан. Ғалымның ғылыми қызметтерін ауыз əдебиетін халық арасынан жинақтаған шығармалардан тұратын «Дала дауысы», «Дала мұңы», «Дала арулары», «Сырым Датұлы туралы» еңбектері дəлелдейді.

«Дала мұңы» еңбегі жоқтау табиғаты, қоштасу, жұбату, бата сияқты бөлімдерден тұрады. «Сырым Датұлы туралы» зерттеу еңбегінде ғалым дана, шешен атамыз Сырым Датұлы туралы хатқа түспей жүрген шешендік тағылымды сөздерін топтастырған. Мəтжан Мақсымұлының көзі тірісінде өз қайратымен жарыққа шығарып кеткен: «Астарлы əзіл», «Ел əдебиеті», «Халық тағылымы» атты монографиялық, ғылымипублицистикалық еңбектері, сонымен қоса қазақ əдебиетін оқыту мəселелеріне арнаған қилы тақырыптағы: «XX ғасырдағы қазақ əдебиетіндегі сатиралық шығармалардың көркемдік иірімдері», «Ғабит Мүсірепов əңгімелеріндегі юморды оқыту жөніндегі методикалық ұсыныс», «Махамбет Өтемісов творчествосы туралы қосымша материалдар», «Сатира мен юморды мектепте оқытудың кейбір мəселелері», «Сырым Датов жəне оның шешендік сөздері», «Қазақтың халықтық педагогикасының кейбір мəселелері», «Термелер» деп аталатын еңбектері жоғары дəрежеде жазылған ғылыми зерттеу жұмыстары, ғалымның қажырлы еңбегінің жемісі, күні бүгінге дейін өзектілігін жоймаған құнды еңбектері бар.

М.М. Тілеужанов ұлттық əдебиеттану саласында тек қазақ сатирасының ғана бағын ашып қойған жоқ, ол қазақ фольклористикасы мен этнографиясына да толағай жаңалықтар қосты. Өзінің халық ауыз əдебиеті төңірегіндегі салмақты ойтұжырымдарын 5 томға жинақтап, Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясының М.О.Əуезов атындағы Əдебиет жəне өнер институтының қолжазба бөліміне көзінің тірісінде өз қолымен табыстады. Бұл еңбектері елеусіз қалған жоқ.Қазақстанның қиыр шетіндегі Жайық бойының фольклоры жалпықазақстандық фольклор қорына қосылған алтын қазына болуымен бірге, оның өзіндік локальды ерекшелігі арқылы фольклортану ілімінің географиясын кеңейтті, семантикасын байытты. Аты қолжазба болғанымен, басылымын күтіп жатқан ұстазымыздың ас та төк мұралары талай ғылыми ізденістерге ой жалғау болды. Қазақстанның алыс аймағында жүрсе де, бар аймақтың халықтық мұраларына типологиялық-салыстырмалы немесе ретрологиялық талдауларды сауатты жасайтын ғалымның ғылыми толғамдары өзінің тінінен туындап жататын, бұрын ешкімнің ойына да келмеген Мəтжан Мақсымұлының төл идеялары жалпықазақстандық ізденушілердің талай кандидаттық, докторлық диссертацияларының тақырыбына айналды. 

Мəтжан Мақсымұлы рухани ұстаз болумен ғана шектелмеген, сұлулықты сүйетін талғампаз эстет адам еді. Соның нəтижесі болар, еліміздің аяғы жеткен жерлерінен халқымыздың ұстап-тұтқан ежелгі тұрмыстық, қолөнер бұйымдарын, зергерлік жауһарларын жинап, 300-ден астам экспонаттарды тас түйін көрмеге лайықтаған алғашқы жидашы десек те артық айтқанымыз емес. Себебі оған артында қалған мұралары куə. Осы экспонаттардың бəрі дерлік М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басты мұражайы мен қазақ филологиясы кафедрасының жанында 1954- жылдан бері қызметін жалғап келе жатқан М.М.Тілеужанов атындағы фольклорлық-этнографиялық кабинетте сақтаулы, ал кейбір елеулі нұсқалары облыстық өлкетану мұражайының құрметті орнында жасақталған. Бүгінгі таңда көздің жауын алатын шықтай мөлдір зергерлік бұйымдардың технологиялық немесе образдылық жүйесі, тарихи уақыты мен кеңістігі, тіпті əрбір экспонаттың төл тарихының шеті де кертілмеген күйі əйнек асты жəудіреуден басқа тірлігін байқата алмай отыр. Олардың саны мен түрлерін санамалаған бірнеше курстық жəне дипломдық жұмыстар жаздырылғанымен, көнекөз дүниелердің ішкі сыры мен ғылымитанымын ашатындай, қазақтың ою-өрнегіндегі оймыштардың қазақы түсінігіне жететіндей мамандар мүлдем жоқтың қасы.

М.М.Тілеужановтың еңбектерін тұтастай алып қарасақ, барлығын қамтыр ортақ желі халық тағылымына деген сүйіспеншілік жəне оны ұрпаққа жеткізуді мақсат етуі. «Халық тағылымы» ауыз əдебиетінің озық үлгілерін пайдалана отырып, қазақтың ұлттықпедагогикасының негізгі шарттарын айқындаған нағыз тағылымға толы дүние. Халық мұраларынан, халық қаламгерлерінің шығармаларынан тағлым терген дарын иесі іңкəр көңілмен күллі əлемнен ізгілік іздейтіндей. 

Педагогиканың үлкен арнасына «Сырым сабағы», «Абай ғибраты» атты ұлы ағыстарды қосқан қаламгер бүгінде біз жоғымызды түгендеп жүрген «Тілеужанов тағылымы»деген таудай кеңістікті қалыптастырып кетті. «Халық тағылымының» авторы тағылым тұтастығын ұлт болмысының тұтастығымен диалектикалық бірлікте қарастырады.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.     Тілеужанов М. «Халық тағылымы». – Алматы. Рауан, 1999.  

2.     Тілеужанов М. «Ел əдебиеті». – Алматы. Ана тілі, 1992.

3.     А.Сейдембек. «Мың бір маржан». – Алматы. Өнер, 1989.

ƏОЖ 82-9

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *