ПРОФЕССОР МӘТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ЖӘНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

ПРОФЕССОР МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ЖƏНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ МƏСЕЛЕЛЕРІ

 

ƏОЖ 82-1(574)

 

МƏТЖАН ТІЛЕУЖАНОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕГІ ШЕШЕНДІКТАНУ МƏСЕЛЕЛЕРІ

 

Г.Г.  Тұрғаналиева 

 

Жоғары сынып оқушыларының ана тілінде өз ойын шешен де шебер, жүйелі жеткізе білу дағдысын қалыптастыру – орта мектептердің қазіргі таңдағы өзекті мəселелерінің бірі. Əрбір оқушының, əсіресе, бір жылдан соң 11- сынып табалдырығын аттап, жаңа өмірге сапар шегу үшін жағада тұрған 10-сынып оқушысы үшін мəдениетті сөйлеуі жүйелі ой қорыту шеберлігінің болуы – ең керекті қасиет.

Шешен сөйлеу дағдысы бірден қалыптаса қоймайтыны белгілі. Жəне де жоғары сынып оқушысыны өз ойын еркін жеткізуі, жүйелі сөйлеуі, ой қорытуы бəрінде бірдей бола бермейді. Олар өзінің əшкі ойын сыртқа шығару кезінде жаттанды, бір сарынды теңеулер мен сипаттамаларды жиі қолданады. Осының салдарынан сөйлеу мəнерінің жүйесіз, көркемдігі төмен, эмоцияналдығы жетіспейтін сылбыр ойлар пайда болады.

«Тіл мəдениеті дегеніміз – сөйлеудегі, жазудағы сыпайылық, ізеттілік қана емес, сонымен қатар айқын ойлылық, сөзді дəл айту шеберлігі, сөйлеу өнеріне шыныққандық, сауаттылық» (М. Балақаев. Тіл мəдениеті. 1971.,17-б).

Соның ең бастысы – сөз өнерін, ой толғауын меңгеру. Сөз өнері дегенді                       А. Байтұрсынов былай түсіндіреді: «Бір нəрсе туралы пікірімізді, яғни қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады». Демек, айтылатын ойды, қозғалатын мəселені «жақсылап айту», түсінікті тілмен жеткізу.

Мыңдаған жылдық тарихы бар ана тіліміз соқтықпалы, соқпақсыз жерлерден өтті. Халықтың ұлттық санасымен бірге өсті, бірге дамыды, бірге қалыптасты. Демек, халықтың бала кезінде туған тіл сол халықтың дана кезінде ұлан ғасыр ғажайып мұра арқалап жетті. Қазақ халқы үшін тілден қасиетті ештеңе болған жоқ. Ол – тарих, ол – мəдениет, ол – əдебиет. Тауып айтылған бір ауыз сөзге бір қауым елдің тоқтайтындығы, дауласқан екі жақтың əділқазы-биге жүгінетіндігі де халықтың тіл өнеріне деген ыстық махаббатының белгісі. Өзінің жазуы, мəдениеті, елдегі бар халық үшін тілден асқан байлық жоқ. Тіл – оның тіршілігінің тірегі. Тіл – оның басқа халықтармен терезесі тең екендігінің негізгі белгісі. Сондықтан тіл жай ғана байлық емес, халықтық бақыт. 

«…Асан қайғы, Қазтуған, Марғасқа, Жанкісі, Ақтамберді, Бұқарларымыз нағыз мəдениетіміздің өрлік те, ерлік те түрін жасаған азаматтар еді. Олардың əрбір сөзі айқын да, анық та еді. Қайнаған  жігер мен қайратқа толы поэзия еді» – деп жазған ғалым, профессор Мəтжан Тілеужанов.

Сондықтан Төле би, Қаз дауысты Қазбек би, Əйтеке би, Сырым Датұлының ел аузында сақталған шешендік сөздерінің негізгі тақырыптары қазақ қауымының немесе оны құрған рулардың əлеуметтік жағдайы деп тануға болады. Шешеннің басты қызметі – сөйлеу. Бейнелеп əсем сөйлей білу – бұл жоғары мəдениеттіліктің белгісі.

Шешендік өнер – адамзат өркениеті тудырған рухани-мəдени құндылықтардың бірегейі. Оның өсіп өркендеуіне халықтық-демократиялық дəстүрлер негіз болады. Ол əрбір ұлттың тарихи-əлеуметтік, саяси-экономикалық өмірінде қоғамдық қажеттіліктен туады. Сондықтан шешендік өнер мен оның тарихы – адамзат мəдениеті тарихының сабақтас бір бөлігі. 

Шешендік өнер табиғатын танып білу, оның қағидаларын меңгеруге жоғары сыныпта берілетін сабақтардың осыған байланысты тиімді əдіс-тəсілдерін қолдану арқылы ғана жүзеге асып, оқушылардың сөйлеу мəдениетін игеруіне жағдай жасалады. 

Қазақта «Шешеннің сөзі мерген, шебердің көзі мерген» деген мақал бар. Осыдан сөз күшінің ерекшелігін аңғаруға болады.

Сөз мəнерін, техникасын меңгеріп, тыңдаушының жай-күйңн аулай білу, ақиқатты таныту сияқты қабілетті қалыптастыру көп ізденуді керек етеді. Оқу шеберлігіне баулу жəне дағдыландыру – жүйелі сөйлеуге тəрбиелеу үрдісінің үйлесіміділігі нəтижесінде ғана жүзеге асуы мүмкін. Бұл мақсатқа жету үшін, ең алдымен, оқушы шешендік өнердің тарихын терең білуі;

—  екіншіден, сөйлеудің логикалық құрылымын тануы жəне өз сөзін белгілі бір жүйемен баяндауы;

—  үшіншіден, шешендік көркемдеу құралдарын игеруі жəне оларды өз сөзінде орынды пайдалануы;

—  төртіншіден, сөйлеу техникасын терең меңгеруі жəне өз бойында қалыптастыруы қажет.

Осылардың негізінде оқушы мəдениетті сөйлеу техникасын меңгереді.

Қазіргі кезде мемлекеттік стандарт талабына сəйкес оқушыларды шешендік өнерге, тіл мəдениетіне үйрету курстары оқытылып жатыр. Осыған сəйкес 10-сыныпқа арналған шешендіктану курсының бағдарламасы жасалып, пəнді оқытудың тиімді жолдары мен əдіс-тəсілдері қарастырылуда.

«Сөйлеу мəдениеті өспейінше, жоғары ақыл мəдениетіне жетуге болмайды» – дейді Б.М. Теплов. Ал Д.Э. Розенталь: «Мəдениетті сөз – ұлттық дəстүрмен, мағыналық дəлдігімен, сөздік қорының кеңдігімен, грамматикалық сауаттылығымен, əдеби мəнерлілігімен ерекешелене алатын сөз», – деп атап көрсетеді. Қазақтың сөз зергері          Ғ. Мүсірепов шешендіктің ерекше маңыздылығын былай ашып көрсетеді: «Адам мəдениетінің алғышарты – дұрыс сөйлеу білу. Дұрыс сөйлей білмеген адам – күлдірем деп күйдіреді, сүйіндіремін деп сүріндіреді, білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, емірентем деп егілтеді, жұбатам деп жылатады. Сөйтіп, тілін білмеген түбін білмейді».

 Шешендік өнер – рухани мəдениеттің бір бөлігі. Шешендік өнерде ең алдымен, адамгершілік тəрбие, сөйлей мəдениеті бірінші орында тұратыны белгілі. Сонда шешендік өнерге үйрету арқылы біз оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасып дамуына негізгі əсер етуші фактор болып табыламыз.

 Сөз құдіретінің оқушыны қалыптастырудағы рөлі оқушылардың барлығына белгілі болғанымен, сол құдіретті қолдану мүмкіншіліктері барлығына бірдей тең бөлінбегендігін тағы да ескерте кетеміз. Ал адам бойында ондай мүмкіндіктер бар.  Өйткені, тілдік-сөйлеу қабілетінің дұрыс арнада дамығандығының өзі – сол білімнің түйсікте бар болғандығының жарқын дəлелі. Оқушыларды шешендік өнерге үйретудегі негізі маңыздылық: оның дүниетанымдық рөлінің зор болуы. Оқушылардың тіл байлығы мол, өткір, шешендік қабілеті дамыған болса, ол соғұрлым дүниедегі нəрселер мен құбылыстардың белгілерін де, қасиеттерін де толығырақ тани алады. Ол белгілер мен қасиеттердің айқындығы жəне ішкі мүмкіндігі басқа нəрселер мен құбылыстардың бойындағы белгілер мен ұқсастығы жағына тереңдеп бойлай түседі, соның əдістерін меңгереді. Сөйтіп, шешендіктің сырын ғана емес, ойлаудың да тереңдей түсуіне мүмкіндік жасайды. Қазіргі жағдайда оқушылар үшін шешендік өнер маңыздылығы осында.

 Қорыта келгенде, шешен сөйлеу мəдениетін игеру барысында оқушының бойында төмендегідей білік, дағдылар қалыптасады.

1.   Өз ойын ашық айтуға үйренеді, ұялшақтық, жасқаншақтық əдеттен арылады.

2.   Шешендік мəтіндер арқылы өз туған халқының өткенімен, тарихымен, əдетғұрпымен, салт-санасымен танысады.

3.   Сөздік қоры, тіл байлығы артады.

4.   Шығармашылық жаттығуларды орындау нəтижесінде оқушының келешек кəсіби маман ретінде шешен сөйлеу мəдениеті қалыптасады.

5.   Ана тілін сүюге, ана тілінде шешен сөйлеуге тəрбиеленеді.

6.   Шығармашылық қабілеттері жəне тілдің көркемдеу құралдарын шебер қолдану қабілеттері дамиды. Қорыта айтқанда, оқушының жан-жақты жетілген, білікті адам болып қалыптасуында шешен сөйлеу мəдениетіне тəрбиелеу қазіргі таңдағы өзекті мəселелердің бірі. 

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.        Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы. Рауан, 1996.

2.        Қыдыршаев А. Шешендік тағылымы. – Орал. Ағартушы»,  2005.  — 142  бет.

3.        Қыдыршаев А. Шешендіктану. – Орал. Ағартушы, 2004. – 156  бет.

4.        Львов М.Р.: Риторика.Культура речи. – Москва. Академия, 2002. — 272  с.

5.        Балақаев М. Тіл мəдениеті жəне қазақ тілін оқыту. – Алматы. Мектеп, 1989 . — 96 бет.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *