ЕЖЕЛГІ ГРЕК ӘДЕБИЕТІНДЕГІ ДУМАНДЫ ЛИРИКА

ЕЖЕЛГІ ГРЕК ƏДЕБИЕТІНДЕГІ ДУМАНДЫ ЛИРИКА

 

Т.Қ. Жоламан

 

Гректерде жеке əншiлер орындайтын лирикалық жырлардан басқа, көпшiлiктiң арман-тiлегiн, сезiмiн бейнелейтiн, iрi мерекелер мен мейрамдарда бiрнеше адамның қатысуымен хор түрінде орындалатын жырлар, яғни думанды лирикалар да болған.     

Думанды лириканың келiп шығу тарихы, негiзiнен дiни мейрамдармен тығыз байланысты. Көне замандарда грек ғибадатханаларында кейбiр құдайларды мадақтап, ғибадатқа келген жұрт əн айтатын. Мұндай мадақ жырлардың көпшiлiгi Аполлон мен Диониске арналған. Бiзге дейiн жетiп келген думанды лириканың басым бөлiгi шарап пен шаттық құдайы Диониске бағышталып, ежелгi гректер бұл топтағы туындыларды «дифирамб» деп атаған.

Кейiн шамамен б.з.б. VI ғасырдың екiншi жартысынан бастап думанды лирикада құдайлармен бiрге адамдарды мадақтау да дəстүрге айналады. Кейбiр тұлғаларға арналған мадақ өлеңдердi Грекия қалаларында өткiзiлетiн түрлі сайыс ойындарда көпшiлiк орындайтын едi. Бұл ойындар барша грек жұрты үшiн ірі ұлттық мереке болған. Халық бұл мейрамға ерекше дайындалған. Сайыстарда жеңiп шыққан батырдың даңқы лезде мемлекеттiң барлық жерiне тарап, тiптi оның ата-анасына, қаласына, жұртына ерекше құрмет көрсетiлетiн. Мемлекет өзiнiң жеңiске жеткен азаматына биік ескерткiштер орнатып, оны жоғары лауазымдарға көтеретiн. Жеңiмпаздың ата-анасы, яки мемлекеттiң тапсырысымен ақындар батырға арнап мадақ жырлар жазатын. Сөйтiп, лирикалық поэзияның «эпиникий», яғни «жеңiс жыры» деп аталатын жаңа түрi дүниеге келдi.

Думанды лириканың музыкалық формасы жай лирикаға қарағанда едəуiр күрделене түседi, өлең құрылысы мен əуен кеңейедi. Хор қатысушылары өлеңдi əнге айналдырып қана қоймай, оны тiптi биге де қосып орындаған. Сондықтан, хорға арнап жыр жазған авторлар əрi ақын, əрi сазгер, əрi би шеберi де болған.

Думанды лирикаға, əсiресе оның құдайларға арналған дiни тармағына негiз салған ақындар ретiнде бiрнеше тұлғалардың аттары аталады. Олар – Ареон, Алкман, Стесихор, Ивик жəне т.б. Бұл ақындардың кейбiреуiнен ешқандай əдеби мұра қалмаған, кейбiрiнен бiрлi-жарым үзiндiлер сақталған.

Жалпы, грек лирикасының барлық түрлерiн, соның iшiнде думанды лириканы жоғары көркемдiк дамудың жоғары сатысына көтерген ұлы ақындар Симонид, Пиндар жəне Вакхилид болды.

Симонид б.з.б. 556-жылы Кеос аралында туған. Бүкiл өмiрiн Анекреонт сияқты сый-құрметте, түрлi патшалар сарайында өткiзедi. Сарай ақыны ретiнде өзiнiң қамқоршыларына арнап көптеген мадақ жырлар жазады. Ақын 90 жылдай өмiр сүрiп, б.з.б. 469-жылы Сицилияда қайтыс болады. Симонид – думанды лириканың барлық жанрында шығарма жазған талантты ақын.

Ежелгi грек мəлiметтерiне қарағанда, думанды лириканың «эпиникий», яғни жеңiс жыры жанрына негiз салған ақын Симонид болған. Ақын өмiр сүрген дəуiрдiң өзi бұл жанрдың дамуына кең жол ашқан едi. Өйткенi, бұл замандарда мемлекеттiң түрлi жерлерiнде жаппай жалпыгректiк сайыс мерекелер (Олимп, Пифо, Истим, Немей) ұйымдастырылады. Симонид бұл мерекелерде өткiзiлетiн сайыс ойындарда жеңiп шыққан адамдарға арнап бiрнеше жырлар жазған, бiрақ бұл шығармалардың ешқайсысы толық күйінде бiзге жетпеген соң, олардың мазмұны мен көркемдiк ерекшелiктерi туралы ешнəрсе айта алмаймыз.

Симонид өз халқының басына түскен ұлы тарихи оқиға – парсылардың Грекияға шабуылдауы мен гректердiң дұшпанға қарсы жүргізген қиян-кескі шайқастарының куəгері болады. Өз шығармаларында Отан азаттығы үшiн табанды күрескен, сол жолда мерт болған батырлардың ерлiктерiн дастан ретінде жырлайды. Фармопил шайқасында қаза тапқан ерлерге арнап жазылған шығарманың кiшкене бiр үзiндiсiнде ақын батырлар есiмiн отандастарының ұмытпайтындығын, олардың ерлiгi ұрпақтан-ұрпаққа жететiндiгiн айтады. Симонидтiң ақындық шеберлiгi эпиграммаларда айқын көрiнедi. Бiз қазiргi кезде бiрер тұлғаға арнап жазылған кiшi көлемдегi өлеңдi «эпиграмма» деп атаймыз, ал ежелгi гректер қабiр басындағы құлпытасқа, яки бiрер құдайға арналған ескерткiш, не бұйымдарға ойып жазылған қысқа өлеңдердi «эпиграмма» деп атаған. Симонид эпиграммаларының мазмұны Парсы соғысы оқиғаларынан алынып, көлемi өте ықшам, қарапайым болып келедi. Бiрақ ақын екi-үш жолдан ғана тұратын осы өлеңдерiнде терең мағына мен ой түйiндейдi.Фармопил шайқасында қаза тапқан спарталықтар құрметiне жазылған екi жол өлеңде жай ғана былай дейдi: «Ей, жолаушы! Отандастарымызға барып айт, бiз олардың тiлектерiн орындап, осы жерде мерт болдық». Бұл өлең қарапайым, қысқа, бiрақ өте əсерлi!..

«Симонидтiң бай шығармашылығында «френдер» – қайғылы жырлар ерекше орын алады. Қаһармандардың қазасына, туысқандары мен достарының өлiмiне арналып жазылған мұндай өлеңдерiнде Симонид өзiнiң қайғысын, қасiрет-наласын бiлдiредi» [1,

64 б.].

Симонидбасқажанрларда да қалам тартқан. Оның жырлары – қарапайымдылығы, айқындылығы, өткiр ойлылығы, əрi нəзiктiгiмен ерекшеленедi.

Антик дəуiрде жəне жаңа заманда классикалық лириканың озық үлгiсi ретiнде танылған ақын –Пиндар (шамамен б.з.б. 518-442). Фива қаласына жақын жерде дəулетті ақсүйек отбасында дүниеге келген. «Пиндар жас шағында өте жақсы тəрбие алады. Түрлi бiлiм салаларын, əсiресе музыканы терең игередi» [2, 80 б.]. Пиндар да бүкiл өмiрiн саяхатта, тирандар мен патшалар сарайында өткiзген. Пиндар, негiзiнен хор жанрында еңбек еткен ақын. Бiрақ оның даңқын бүкiл антикалық дүниеге танытқан шығармалар – ақынның эпиникийлерi, яғни қаһармандық жырлары едi.

Пиндардың 17 жинақтан тұратын бай əдеби мұрасынан бiзге дейiн төртеуi ғана толық күйінде жеткен. Осы жинақтардағы 45 өлеңнiң барлығы жалпыгректiк сайыс мерекелерде жеңiске жеткен батырларға арнап жазылған жырлар. Сол төрт жинақтың бiрiншiсiне – Олимп, екiншiсiне – Пифо, үшiншiсiне – Истим жəне төртiншiсiне – Немей сайыстарында жеңген қаһармандарға арналған өлеңдер кiредi.

Пиндардың өлеңдерi ақынның өз қалауы, шабытымен жазылған туындылар емес, қаһарман жасаған қала үкiметiнiң, батырдың тайпасы яки аймағының тапсырысымен жазылған шығармалар. Пиндар бұл шығармалары үшiн тапсырыс берген адамдардан азын-аулақ қаламақы алған. Сайысқа қатысушылар негiзiнен байлар тобына жататын жандар болғандықтан, қаһармандар туралы тапсырыс беретiн кiсiлер де сол топтың өкiлдерi болған.Сондықтан, Пиндар ақсүйектердiң  мүдделерiн жырлаған ақын.

Пиндар өлеңдерiнiң мазмұны өте күрделi жəне жан-жақты. Автор өз қаһарманын мақтаудан алдын сөздi сайыс ойындарға байланысы жоқ кейбір мəселелерден бастайды, кейiн батырдың қандай сайыста жəне қай жерде жеңiске жеткендiгiн айтып, жол-жөнекей баяндауды түрлi оқиғалармен, насихат сөздермен толықтырып отырады. Ақын өзiнiң барлық шеберлiгiн əрине, батырдың жеке қасиеттерiн, қайрат-жiгерiн, бұрынғытаңғажайып ерлiктерiн мадақтауға жұмсайды. Осындай батырды өсiрген елге, оның ата-бабаларына алғыс жаудырады. Мифологиядан кең түрде пайдалану – Пиндардың жалпы жырларына тəн ерекшелiк. Мифологиялық образдар сайыс ойындарға, қаһарманның тiкелей өзiне қатысты болмаса да, мадақталушы адамның жеке қасиеттерiн тереңiрек ашуда ерекше қызмет атқарады.

Пиндар поэзиясындағы мұндай ерекшелiктер антикалық дүниеде ақынға ұлы құрмет, атақ-даңқ алып келдi, оны бүкiл грек жұртының ұлттық ақыны дəрежесiне көтердi. Ол жырларында мифологиядан еркiн пайдаланған дедік. Пиндар – өз елi Фиваны өте сүйген жан. Бiзге жеткен жырларында ақынның бұл сезiмi айқын көрiнедi. Бiрақ, олардың парсыларға тiзе бүгуiн ешқандай ақтағысы келмейдi. Керiсiнше, парсыларға қарсы тұрған табанды Афинаға бүйрегi бұрады. Соңынан афиналықтар ақынға зор құрмет көрсетiп, оған өзiне лайық абырой, атақ берген. 

Вакхилид (б.з.б.500-450) – думанды лириканың ең соңғы ірі өкiлi. Ол Кеос аралындағы Иулида қаласында дүниеге келген. Жоғарыдағы ақындармен бiрге Сицилия əміршісі Гиерон сарайында өмiр сүрдi. XIX ғасырдың соңына дейiн оның өлеңдерi тек үзiндi күйiнде ғана жеткен деп келдi. 1896 жылы Лондондағы Британия музейiнен Вакхилидтiң Мысыр папирусына жазылған 20 өлеңi табылды. Олардың барлығы дерлiк батырлар жайында жазылған аңыз эпиникийлерден, мифтерден  құралған жырлар.

Оның эпиникийлерi Пиндар жырларына қарағанда өзгешелеу. Ол қаһарманның батырлығын аз ғана сөзбен қысқа баяндайды да, оның бұрынғы iстерiн мифпен араластырып, кең түрде ашады, алдағы iстерiне табыстар тiлеп отырады.

 «Вакхилид шығармашылығында Афина аңыздары негiзгi орынды алады, осы аңыздар арқылы ақын көркейіп, дамып бара жатқан Афинаның даңқын айтпақшы болады.Афина патшасы Эгей жəне оның қасындағыларды асқақтата дəріптейді, əсiресе Тесей батыр жайы көбiрек  хикаяланады»[3, 57 б.].

Вакхилидтiң маңызды қызметi – оның грек драматургиясына, əсiресе трагедиясына негiз салғандығы. Вакхилид шығармалары көбiне диалог формасында болып келедi, оларды  «дифирамб» деп атаған едi. Осыдан трагедия жанры туған дегенге саяды.

 

Пайдаланылған əдебиеттер:

 

1.      Қобланов Ж.Т. Шетел əдебиеті тарихы. – Алматы. Қазақ университеті, 2004.– 240 б.

2.      Гринбаум Н.С. Язык древнегреческой хоровой лирики:(Пиндар). — Кишинёв. Штиинца, 1973. — 282 с.

3.      Гаспаров М.Л. Древнегреческая хоровая лирика // Пиндар. Вакхилид. Оды. Фрагменты / — Москва. Наука, 1980. — 504 с.

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *