ҰЛЫҚБЕК ЕСДƏУЛЕТ ӨЛЕҢДЕРІНДЕГІ АДАМ МЕН ТАБИҒАТ ҮНДЕСТІГІ
Н.С. Қамарова,
М.Д. Сарбас
Табиғат лирикасы – əлем əдебиетінің ежелгі замандардан бері үздіксіз жырланып келе жатқан, байырғы жанрларының бірі. Шығыстың жəне Батыстың классикалық поэзиясында тұрақты жырланған табиғат лирикасы, табиғат тақырыбындағы өлеңдердің қазақ поэзиясында да ұлттықбояулы өрнектерімен жырланып келе жатқаны мəлім. Абайдың, Ш.Құдайбердіұлының, М.Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Қ.Аманжоловтың, М.Мақатаевтың жəне т.б. ақындарымыздың поэзиясында табиғат лирикасы тобындағы өлеңдер ұлттық бояулы қалпымен əлем əдебиеті классикалық шығармаларымен үндес деңгейде жырланып келеді. Табиғат – поэзияның обьектісі ғана емес, оның бойына қуат беретін, өңін кіргізетін арсенелы да тəрізді. Тіпті көркемдіктің бейнелеу амалдарының неше алуан түрлерін ақындардың табиғаттан алатыны белгілі. Ал, табиғат пен адамзат бір-бірімен тығыз байланысты. Табиғат адамсыз жасай берсе де, адам табиғатсыз өмір сүруі мүмкін емес екендігі белгілі. Сондықтан адамзат өмірінде табиғат үлкен мəн атқарады. Табиғатты жырлау – сонау ауыз əдебиетінен бастап, күні бүгінгі поэзияға дейін ешқашан үзілмей жалғасып келе жатқан дəстүрлі үрдіс. Біздің қазақ сөз өнерінде де табиғатты жырлау сонау фольклордан басталады.
Ұлықбек ақын шығармашылығында табиғат лирикасы тобындағы өлеңдері мол. Əсерлi бейнелеу, тың тiркестер мен əсем суреттер жасау – Ұлықбек Есдəулет ақынның басты ерекшелiктерінің бірі. Поэзияда психологиялық параллелизмнің көркемдік қызметін поэзияның ұлттық сипаты мен мінезінен тыс əңгімелеудің дұрыс болмайтын себебі, психологиялық параллелизмдер жүйесінде ұлттың бірнеше ғасырлар бойы қалыптасып қалған наным-сенімдері, ой-қиялы, сезім-сырлары, арманы т.б. тұтастай көрінеді. Қазақ поэзиясының арғы-бергі тарихында психологиялық егіздеу арқылы жасалған символдық образдар: тұлпар, аруана, дала, тау, теңіз, күз бейнелері. Осы символдық образдар ұлттық сипат пен мінездің танылуына жағдай жасайды. Ұлықбек ақынның рухани ішкі əлемі табиғат құбылысы арқылы сəулеленіп, өзгеше бір көрік тауып, үйлесім құрады.
Даланың дымқыл тұманы Сипайды баяу бетiмнен.
Жартыкеш көңiл тынады
Қанттай болып кетiлген. [1, 162 б.]
Шумақтағы дымқыл тұман мен жартыкеш көңіл егіздеу арқылы адам мен табиғат гармониясын үйлестіріп тұр. Дымқыл тұман беттен сипаса, жартыкеш көңіл кетілген қанат сияқты.
Сыйдиып қалған сұр бұтақ Жел соқса көктi көсемек.
Жыртық бұлт аспан тұр жұтап,
Ошағы сөнген не себеп? [1, 162 б.]
Сыйдиған сұр бұтақ та, жыртық бұлт та ақынның көңіл күйімен үндеседі. Сұр бұтақ көкті көксесе, ақын көңілі де беймəлім əлемді көкесегендей. Аспан – ақын көңілінің айнасы. Жұтаған аспан ақын құлазуы болса, жыртық бұлт – жыртылған көңіл. Көңiл де көкке ұмтылмас, Қанаты су боп қалған ба? Барады-ау өтiп шiркiн жас, Қол жетпей талай арманға.
Қоштасу деген оңай ма
Жауапсыз қалды-ау жалқы «хош».
Алайда, жаным, қалайда,
Өзiңсiз жаным – жартыкеш… [1, 162 б.]
Міне, өлең соңында ақынның негізгі айтылар ойы ашық жазылған. Көңілдің қанаты су болып қалған, құлазыған, көкке ұмытлмайды. Қоштасудың қиындығы, жартыкеш болған жан күйзелісі оқырманын да мұңға батырады.
Лирикалық кейіпкердің көңіліндегі өзгерістерді, аума-төкпе сезімдерді табиғат көркімен шарпыстыра отырып, кейде табиғатты жандандырып, жан бітіре кейіптейді.
Табиғатпен сырласады, табиғатқа мұң шағады.
Жасыл сай.
Бұйра тал. Бұлақ.
Шатырлар шашырай қонған. Бел-белес,
бұйрат — арғы жақ.
Табиғат көшiне айналған.
Мөп-мөлдiр, аспан ашық-тын.
Сылқылдап бұлақ үн қатты.
Тұсынан басқа лашықтың
Бiр сұлу су алып жатты. [1, 163 б.]
Дүниені жасандырған, табиғатқа жан бітірген мезгіл суреті. Жасыл сай. Бұйра тал. Бұлақ. Ақын туған жердің əр құбылысымен сырласады. Себебі, ол да сол даланың перзенті. Осы өлеңдегі еркіндікке құштарлық, азаттыққа іңкəрлік өлеңге асқақ үн, пафос берген. Ақын өз көңіл-күйіндегі еркіндікке ұмтылу сезімін табиғат арқылы білдірген. Өлеңді ары қарай оқиық:
Мөп-мөлдiр аспан ашық-тын… Iшiнде тал-шыбықтардың Отына қос қарашықтың Аңдаусыз шарпылып қалдым.
Кенеттен долы жел тұрып,
Бiр шоғыр бұлт айдап келдi, Жер мен көк бəрi желпiнiп, Бұлт басты қымтай бөктердi.
Аспанды дал-дұл еттi де,
Шулатты тал-шыбықтарды,
Дүркiреп жаңбыр өттi де, Дүние малшынып қалды. Қыз кеттi басқа лашыққа, Сiлкiнтiп бiр рет маңын.
Кiм бiлген қос қарашықта
Соншама құдырет барын!.. [1, 163 б.]
Табиғат пен адам үндестігін паш ете отырып, тың бейне, тың əдіс қолданады. Ақын қиялы жүйрік. Ақын назарына іліккен жанды-жансыз нəрсенің бəрі де өз жұмбағымен, тылсым сырымен еліктіреді. Ұ.Есдəулетов ақын атаулының бəрі қалам сермеген, өз биіктерінен жырға қосқан табиғат суретін өзгеше қырымен жырға қосады. Ақын «Кемпiрқосақ» өлеңiнде де көркемдеу құралдарын кеңiнен пайдаланып, əдеттегi көріністi қарапайым адам көзiмен бередi:
Аспанға iлiне қалған
Анау кемпiрқосақтың тамашасын-ай! Арқанын ашудас нiлiне малған Апамның алашасындай. Бұлттардың салбырап түскен, Аспанның алтыбақанындай.
Тайбуырылдай арғымақ өскен
Құртқаның алтын отауындай [2, 102 б.]
Ақын кемірқосақты «Апамның алашамсындай» деп суреттейді. Алашаның түрлiтүстi болатынын бiлетiн қазақ баласы кемпiрқосақты көзiне елестетедi.
Ұлттық өрнек əдемі кестеленген. Қазақта алтыбақансыз той өтпегенiн ескерсек, кемпiрқосақтың алтыбақандай болып көрiнуi де табиғат құбылысы салтанатын, яғни лирикалық кейіпкер қабылдауын танытады. Табиғат суреті де диалог, монолог, портрет секілді көркемдік компоненттерінің бір түрі. Пейзаж адамның ішкі жан сезіміне, көңілкүй толқысына, психологиясына орай суреттеліп, əр уақыт кейіпкердің мінез-құлқын ашуға көмектеседі. А.П.Чехов: «Табиғат құбылысын, адам мінез-құлқынмен салыстыра суреттесең, табиғатқа да жан бітіп, жадырап жүре береді» [3, 74 б.]– деп жазады. Гинзбургше айтсақ, пейзаж өзінің көлемі, орны жағынан əрқалай болып келеді. Ол бірден кең толғанып, ұзақ əңгімеленсе, енді бірде қысқа-қысқа қайрылып, суреттеме ретінде əр тұста, əр бетте айтылады [4, 26-27 б.]. Ақын табиғат суретін үнемі күнделікті өмірден, тірліктен алады. Көркем əдебиетте табиғат көрінісін бейнелеудің əріден келе жатқан, екі түрлі амал-тəсілі бар. Соның бірі – табиғат кейіпкерінің көңіл-күйі, толқынысына орай, соған қабыстырыла, ұштастырыла суреттеледі. Мұнда кейіпкер қуанса, табиғат та қуанып, кейіпкер ренжісе, табиғат та ренжіп отырады [4, 28 б.].
Ақын келесі бір өлеңінде:
Өзенге өркеш бiткендей бейне, Керуен де керуен сең кеткен.
Ақ түбiт буды түткендей кейде …Топтана берер келген құс.
Көзiлдiрiгi сынған көлдердiң
Көгiлдiр көзi күлiмдеп, Ат басын берi бұрған желдердiң Жып-жылы дəмi бiлiнбек [2, 19].
Ақын өзендегi мұздардың бұзылу көрiнiсiн «өркеш бiткендей бейне» теңеуімен кесетелесе, бөлек-бөлек мұздардың көптiгiн «керуен де керуен» деген тапқыр сөз қолданысымен əшекейлейді.
Көктемде жерден шыққан будың жел үрлеуiн суреткер түбiт түткен адамға ұқсатады. Осы балама күн көрiсi малмен, мал өнiмдерiн қолдануымен байланысты қазақтың ұғымына, ұлттық өрнекке сай игере білгендігін танытады.
Құстардың көбеюiн тоқымқағарға жиналған адамдар əрекетiне теңейдi. Осы сияқты көл бетіндегі, су үстіндегі қатып жатқан мұз біткеннің сынуын көзiлдiрiгi сынған адам қалпына ұқсатса, ал желдiң жылы лебiн кiсi демiне балау да – ақынның өзiндiк қолтаңбасы, өлеңінің өзінше өрнектері. Күн жауды ақ сабаумен сабап келiп, Артынан аспан шықты садақ керiп.
Жаздағы бар қызықтың төлеуiне,
Тоғай тұр алтындарын санап берiп. [1, 24 б.]
Бұл өлеңде де ақын табиғат суретін көркем салған. Күннің жаууы ақ сабаудың сабауына баланса, садақ керген аспан да қазақы мінезді танытады. Аз берiп, көп алады тағдыр дəйiм, Өтерсiң өте шыққан жаңбырдайын. Сезбейсiң жауырыныңның жер қапқанын, Деп жүрiп алысқанға алдырмайын.
Жастықта қанша мəрте қыбың қанды, Салмадың қанша азапқа шыбын жанды?!
Төккен тер,
Көз майыңның құны қанша,
Құр босқа қанша қайрат шығындалды?! [1, 24 б.]
Өмірдің өткіншілігі өте шыққан жаңбырдай екенін ақын аз сөзге сыйдырған. Алысқанға алдырмайтын жауырын да, кеткен қайрат та… – бəрі-бəрі өткінші екенін айтқан ақын бұл жолдарда терең пəлсапалық ой айтып отыр. Безбендеп бар тiрлiгiн пенделердiң Өзгермес өз заңымен дөңгелер Күн.
Жаздағы бар қызықтың төлеуiне,
Бақ бердi жапырағын,
Сен не бердiң? [1, 24 б.]
Уақыт өтер. Күн де өз заңымен дөңгелер. Өмір өтер. Бақ жапырағын берді. Ал сен ше? Сен өмірге не бердің? Міне, бəрімізге ақын осындай ой тастайды. Шыныда ойланатындай сұрақ. Адам қанша ұлы болса да, өзі өмір сүрген заманға, уақытқа тəуелді екенін сезінеді.Ақын табиғатты суреттей отырып, табиғаттың адамзатпен үндестігін жырлайды.
Ұ.Есдəулетов туралы «Ұлықбектiң көзi – суретшiнiң көзiндей. Қиядан шалады. Бар бедер-бояуымен тұтас көредi. Сырғасын малып Ертiске, Бiр ару жатыр жағада, Тұлғасын соққан мырыштан, – дейдi ол өзiн өсiрген Өскеменi жайында. Ұлықбектiң сөзi салиқалы, салмақты, иланымды. Салқындық бар таңдарда күлiмдеген, Бiр ызғар бар шiлденiң түнiнде де, –дейдi ол табиғат-ана туралы толғана келiп. Ұлықбектiң ойы – ел ойымен ортақ. Бiр ауыздан шыққанмен, көптiң көкейiндегiсiн сездiредi» [5, 13 б.], – дейді ақын Қ.Мырзалиев.
Ақынның жан дүниесі даламен егіз, даламен біте қайнасқан. Қазақ халқы сөз өнерін ежелден-ақ қастерлеген, киелі деп санаған дедік. Сөз өнері – яғни өлең халықтың өзі секілді көне, өмір табалдырығын онымен бірге аттап, ел байрағын сахара төсіне бірге тігісіп, халықтың тарихи шеруінің шаңды қияндары мен мұзарт асуларынан бірге өтіп келеді. Ақын халықтың дəстүрлі көзқарасын танымдық алғышарт етіп, табиғи құбылыстардың адамның ішкірухани сезіміміен, көңіл-күйімен даралайды. Табиғат пен лирикалық кейіпкер көңіл күйінің үйлесімділігі ақынның көптеген өлеңдерінен көрініс табады. Қазақ əдебиетінің алтын қазынасын байытқан Ұ.Есдəулетов өлеңдері оқырман жүрегіне жол таба берері сөзсіз.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Есдəулет Ұ.Көп томдық шығармалар жинағы. – Алматы. Қазығұрт, баспасы, 2006. 2-том. Балладалар. Өлеңдер. Миниатюралар. Поэмалар. – 296 б.
2. Есдəулет Ұ. Алтайдың алтын тамыры. – Алматы. Жазушы, 1979. – 160 б.
3. Русские писатели о литературном труде. – Москва, 1977. – 369 с.
4. Гинзбург Л. О лирике. – М., 1974. – 210 с.
5. Мырзалиев Қ. Жолдасың өлең болсын. // Кітапта:Есдəулет Ұ.Көп томдық шығармалар жинағы. 1-том. – Алматы. Қазығұрт, 2006. Өлеңдер. – 278 б.