МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ МАҒНАУИ ҒАЛАМЫ

МƏШҺҮР ЖҮСІПТІҢ МАҒНАУИ ҒАЛАМЫ

 

 С.Н. Негимов

 

Мəшһүр Жүсіп «Құдірет шеберлігі» дейтін байыптамасында: «Адамның жаны асыл жаратылған ғалам» деп түйіндепті. Олай болса, заманынан оза шыққан ойшыл білімпаздың, көреген болжампаздың шығармашылық еңбегіне орасан рухани кемелдік, тұңғиық тереңдік, сұлулық, парасатты пайымдау тəн. Оның ақыл мен ойдан мейірленіп құйылған сап таза ой-пікірлерінің тағдыр анықтағыштық қадір-қасиеті, көркемдік қызметі айрықша ғибраттандырып қанаттандырады. Көсемдіктің сара жолындай таңғажайып əсер тудырады.

Көркемдік, философиялық, символикалық мəні ерекше елеулі «Өлең жəне қара сөз ғибраты» туындысында қазақ қоғамын ізгілендіру, ұлттық игіліктерді жаңғырту, рухани жетілу мəселесі түп-тамырынан əңгімеленеді. Заманға, уақытқа, адамзатқа қатысты ащы ой-пікірлерін ірікпей айтады. Адамдарда іріліктің, сақилықтың, кісіліктің жоқтығын «халық-жұрттың ортасынан опаның қашқанып», «бұрынғы аққу мен қаз отыратұғын көлдердің басында қарға, сауысқаннан басқа дым жоқ» екенін қатаң ескертеді. «Халықтың жақсысының өнері – зорлық, жаманның өнері – ұрлық» деп дұрыс мінейді. Адамдық абзал қасиеттердің құрдымға жоғалғанын, дертті қоғамның келеңсіз, көріксіз көріністерін былайша тізбелейді: «Біреу қасқырдай жанжағындағысын талап, біреу иттей көрінгенге көзін сүзіп, босағадан босаға қалдырмай аңдып, біреу түлкідей құйрығын бұлаңдатып,біреу маймұндай (маймылдай) көрінгенді еліктеп, біреу жыландай сыртынан жылтырап, ішінен зəрін төгіп, кейбіреуі қабыршағы жоқ балықтай қолға тұрмай жылпылдап, біреу қарғадай ауыздан ішіп,арттан түсіп қалғанды əлдеқандай аңдып…» Мəшһүр Жүсіп адам баласының бойындағы есепсіз жиіркенішті құбылыстарды, ұсқынсыз аң-құстардың, жəндіктердің мақұлықтадың сорақы қылықтары арқылы ишаралап, сипаттап жеткізеді. Бұл Мəшһүр Жүсіп білімдарлығын, байқампаздығын байқатады. «Сұңқар табиғатты» болуға, «ұшқан құстан, жүгірген аңнан ғибрат алуға» керек дейді. Мына бір ойларының мəні мен сəні толғандырмай қоймайды. «Жігіт адамның қырағылығы бүркіттей болсын, зеректігі байғыздай болсын! Жүрісі маймұндай болсын! Он екі қырлы, бір сырлы, отыз аяқты болсын! «Отыз аяқты болсын!» дегені басқан ізін білдірмей жүрген, жымын кісіге сездірмейтін болсын дегені. Бұл шығармада танымдық, ғибраттық мəн-мағынасы өзгеше тəмсілдер жеткілікті. Мəшһүр Жүсіп былай толғанады: «Адам: «Жақсы мінезді қайдан үйренем?» демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алуға керек. Түйе сондай зор биіктігін ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды, көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нəрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады». Мəшһүр Жүсіптің өзінің ой-толғаныстарын нешеме сырлы мақал-мəтелдермен, нақыл, ақыл сөздермен көркейтіп отырады. Қай туындысында болмасын асыл сөз тізбектері молшылық. Мұнда да солай. Əрі тосын мазмұндық, мағыналық қырларын көрсетіп береді. Мысалы қойдың жүнінен басылған киіздің бір ерекше қасиетін атақты Шоң би былайша түсіндірген: «Аспаннан түсетұғын жайдың оғы тесігі жоқ бүтін кигізден тіпті өтпейді. Дəл осы күнде осы үйдің үстінен жайдың оғы кез келсе, өтетұғын жері жоқ кигіздің жүнінің арасынан бытырап-бытырап сіңіп кетеді». 

Қанағат деген қасиетті ұғым бар. Бұл – адамшылықтың кепілі. Адам қанағатта жапалақ, байғыз дейтін құстардан үйренерге керек дейді.

Ғұламаның үлгілі сөздері – өмір, дүние, тұрмыс-тіршілік, тағдыр туралы толғаныстарды əсерлі, мəнерлі, нақышты жеткізетіндігімен қызықтырады. «Барла, Барла, Барлы тау» деп басталатын түйдекте адам өміріндегі, тірлігіндегі көріксіз, қайшылықты көрініс жайларды тізбелейді. Ал «Ақсұңқар, ұшқырмын деп мақтанба» дейтін тізбектегі мақтангөйлікті, сасық, пасық пиғылды əшкерелейді. «Басым көп деп, топтанба, Малым көп деп, шоқтанба!» деген халық даналығы тереңдігімен ерекшеленеді.

Бұрынғылардың: «Мал ұрысы – пенденің ұрысы, Сөз ұрлаған – Құдайдың ұрысы» деген сөзінің мəнісін, астарын Мəшһүр Жүсіп былайша түсіндіреді. Сыбырласып сөйлесудің, сөзді жасырып сөйлескеннің хақында айтылған сөз. Бұрынғы заманның жақсылары бүркітше саңқылдап, айдай ғаламның көзінше сөйлесуші еді. Бұл заманның қулары: «Бері шығып кетші!» – деген пəлеге қалды. «От ішінде мақта, Мақтадай Құдай сақта!»

«Төрт асыл, бес береке» дейтін сүйекті шығармасында адамның болмыс бітіміндегі озық та асыл қасиеттердің (ақыл, тіл, дін, жан-ділің, көңіл, ой) жайынан терең сыр ағытады. «Төрт асыл, бес береке бір бойынан, табылса, түгел болып,əне кісі!» дейді. Ойды безендіріп көркемдеудің амалдары да, адамның тұлғасын асқақтатып гүлдендірудің жолдары да осынау сапалы көрсеткіштер. Бұл жөнінен келген ол Фирдауси, Жүсіп Баласағұн, Рудаки, Əлішер Науаи,  Абай, Шəкəрім ойларымен сарындас.

Ақын кей ретте ой-пікірлерін əсірелеп əсемдік тудыру мақсатында жұмбақтап нақыштайды, яғни жұмбақ-тылсым заттың ғаламат астарлы құпиясына шаншыла үңілген дала данышпанының оқтай ұшқыр, оттай жанған лала лебіздері нұрлы əлем, тазалық дүниесінде сəуле шашатыны даусыз. Осы орайда: «Бірі – төрт, бірі – бесеу, болсын тоғыз, Ат тезегін əуре боп жинар қоңыз. Тоғызды түгендемей ұстағанды, Обалсыз, адам демей, деуге – доңыз » дегенніне жүгінсек, ол осынау күрделі ой орамын түсіндіріп шешкен адам қазынаға кенелер деп мəлімдейді. Құдайды мойындаған, тілің – жан-ділің екендігін шын білген, «дініңмен (денеңмен)» аянбастан амал қылған, бес уақыт намаз оқыған, қайыр садақа, зекет берген, нəпсісіне (көзге, тілге, жүріске) ие болған, «несие сөзге» ұрынбаған, жүйелі сөз туындатқан, жақсы əдетке машықтанып, дағдыланған, береке-игілікке, ізгілікке қол жеткізетінін мəнерлі, айшықты өрнектеген. 

Шығармашылық еңбегі жайындағы «баяннамада» (Мəшһүр Жүсіптің авторлық оралымы) ақындық бұлқыныс-құлшыныстан, телегей толғаныстан тоқылған жыркестесінде: «Япырым-ай, кессем бе екен мен тілімді» деп бастап, қызыл тілдің қызығы мен шұжығын, ғұмырын, яғни жас дəуірін «қасірет пен қапалықта өткізгенін тебіреніспен жырлайды. «Жаныма тыныштығы жоқ, өзіме қас, Бұлбұлдай жағып жұртқа сайрағаным» деп өкінеді. Кей ретте «Бұлттай жауатұғын менің өзім», «ғаламға дастан қылып айтқан сөзім» деп, дарқан дарынына сүйсінеді. Дереу көңіл, күй, ой, сезім толқындары басқаша реңге өзгеріп, «Бораған қардай болып бұрқырадым, Жалғаннан суып көңілім, тоқырадым»деп күйінеді. Ақын ойын ары қарай тереңдетіп,тəмсілге көшеді. Сөйтіп бұлбұл мен қаршығаны кездестіріп, бір-бірімен сөйлестіреді. Бұлбұл айтады: «Жалғанда ынтызарым – бір қызыл гүл!» деп. Қаршыға, сен ақылға кендесің. Бектер бағып-қағады. Жүйрігіңіз ерттеулі. Патшаның қасындасыз. Кекіліктің жүрегі мен миын қоректенесіз» – дейді. Бұған қаршыға былайша уəж айтады:Сен де ақымақсың пайдасы жоқ гүлге ғашықсың. Жағың тынбайды. Зарығумен, зарлаумен ғұмырыңды өткізесің дейді.

«Ғаламға дастан болған бұлбұл атым» бар дегенінен танбайды, өнеріне табынады. Ақын жырдың ең соңғы шумағын: «Құс болсаң, боз балалар, бұлбұлдай бол! Табылар іздегенге бір қызыл гүл! Ет үшін бір-екі торға түскен, Тіл алсаң бола көрме қаршыға сол!» – деп түйіндейді. Затыңа, атыңа лайық қызмет жаса дегенді көкейге ұқтырады. «Мəшһүрдің өзін өзі ертегі қылып сөйлегені» дейтін ишарат, тұспалға негізделген шығармасында «Ерте, ерте, ертеде бір ханның қолына сұңқар ілігеді. Баптайды, мəпелейді. Оның балақ бауын алтындатады, алтын күннің сəулесіне ойнатып, жалтылдатады. Таза алтыннан қоңырау жасатып тағады. Сұңқар мейілінше алғыр болып жетіліп, аспан құшағында əуелеп, асып-тасады. Иесіне қайырылмай, сыйқұрметіне мойынсұнбай, менменділікке ұрынады. Дей тұрғанмен, ұшқан ұясына деген ынтызарлық оянып, мекеніне оралады, балақ бауын ұяластары жем деп жиналады. Олардың ойлағанындай болмаған соң, барлығы да тоң-теріс қарайды. Сылдыраған қоңырауынан да үрейленеді. Жан-жақтан ұлардай шулап, дүрсе қоя береді. Ақыры ит қорлықпен өледі. 

Ақын өзінің өнердегі жолын, ғылымдағы соқпағын осы бір жағдаймен салыстыра суреттейді. «Біледі өз басынан кешкен кісі, талай уын жалғанның ішкен кісі. Жалғыз шала болумен бықсып қалып, От боп лаулап жана алмай өшкен кісі. Қуғаным бала жастан – ғылым жолы, Емес пе ғылым жолы – ханның қолы?!» – деп, өз жайынан сыр толғайды. Рухани кемелдікті, кемеңгерлікті мойындау – келешектің ісі, болашақтың еншісі.

«Ақ қағаз, қалам, сия келді бізге» – Мəшһүр Жүсіптің шынайы ақындық өнерін, өмір, тіршілік, тұрмыс құбылыстарына деген философиялық көзқарасын терең танытатын болмыс-бітімі бөлек шығарма. «Жел сөзге қызыл тілім ділмар еді», «Дананың сөзге жүйрік дүлділімін», «Қырықты ілген қысқа күнде қыран едім», «Кеудеге Құдай кеңес берген шақта, Қағазға он саусағым атша желген» деуінде терең сыр бар. Өйткені , толағай ой-толғаныстар, сөздің меруерт толқындарыбұл жырда нөпірлеп төгілген. Мысалы: «Көңілім дария болғанда, қолым – қайық, өз-өзімнен боламын Еділ-Жайық». 

Қоғам өміріндегі қайшылықтарды: «Бір шын сөзге он өтірік сөз қосып айтатындықты», «ит мойнына гауһар таққанмен, басқа затқа айналдырып жіберетіндікті», «есіл болат жауһарды» қадірлемейтіндікті, қара тасты жылтыратып ысқанмен айнадай жарқырамайтынды түп-тамырынан қозғап, əшкерелейді. «Қасқырдай қақпандағы ызаланып, Жатырмын өз аяғым, өзім шайнап» – деп қынжылады. «Хақиқатты дəл көруге, жан көретін көз керек», «Сөнген ойды жандыруға, жан берерлік сөз керек» деп Шəкəрім айтқандай, Мəшһүр Жүсіп ой-толғамдарының заттылығы, түп негізі ақыл-сана, рух, парасат дейтін асқақ ұғымдармен тамырлас. 

Аталардың қасиетті өсиеті замандар бойы мысқалдап жиналып, ақыл- ой сүзгісінен екшелген, сұрыпталған өмір тəжірибесінің, тарихи зерде-санасының даналық қорытындысы, тоқсан ауыз сөздің түймедей түйіні, адамгершіліктің ереже-қағидасы. Мысалы: «Арқадағы абылай бол, Бұқарадағы Даниярдай бол! Қойкөлдінің қойын берсін, Қойсоймастың ойын берсін! Тоқаның жылқысын берсін, Ақылдының құлпысын берсін..!» Бұл – бата сөз келісті, ұғынықты. 

Кісілік, дұрыстық, түзулік жайындағы түйінді ой толғаныстарға негізделген халықтық-поэзиялық дəстүрдегі терме сипатындағы салиқалы сөзге тағы бір мысал: «Шын асылмен дос болсаң, «Алсаңыз, ал, бер» демес. Түзу жолда жүрген соң, Теңім түзу көрген соң, Жарлы да болсаң, тұқым шаш, еңбегіңді жер жемес». Немесе: «Жастықта қызба, жалын от, Артығы ақылға салмаса. Дариядан Гауһар кім алар, тереңге сүңгіп бармаса?!»

Философиялық ой тұжырымдарға бай шымыр тоқылған  төрт тармақты шумақтар да мейілінше Мəшһүр Жүсіптің көркемдік логикасы ересен. Сондықтан да телегей ойпікірлерін тас-түйін, жинақы, оймақтай етіп, жұтынтып жеткізеді əрі тереңнен толғайды, түбірінен қозғайды. Мəселен, «Ай – қараңғы, күн – бұлт, түн демеңіз, Біреу – жарлы, біреу – бай: күндемеңіз! Ата тілін сыйлаған халал ұлды, Хұтпа ұстаған молдадан кем демеңіз!» Немесе: «Біреу – өлі, біреу – тірі: «Ал» мен «Бердің», Мал қашты уысынан һəмматлы ердің. «Шық бермес Шығайбайға»тұрақтады, О дағы біліп: «Ал» -ды берген жердің». Осынау төрттаған тұспалға, ғибратқа бөленген. Адам басындағы мəрттік, сан етін кесіп беретін жомарттық, адамшылық, мейірбандық, кеңпейілділік азая бастағанын мəлімдейді. Мəшһүр Жүсіп «Өлең жəне қара сөз ғибраты» деген ой-толғамында: «Ал» – «Бер» деген сөзі екі ағайынды болушы еді, соның «Ал» дегені өліп, «Бер» дегені тірі қалып, «Бар» – «Жоқ» деген екі ағайынды болушы еді «Бар» дегені өліп, «Жоқ» деген сөзі тірі қалып» деп жазады. Бұл – ақиқат.Дүниеқоңыздық жайлаған жерде обал сауап рақым адыра қалады. 

«Бес қымбат» – адам баласының рухани ізгілік келбетін, рух, сана болмысын, арождан тазалығын терең де шынайы толғаған туынды. Ақынның «Бес қымбат» дегені иман, ғақыл, сабыр,шүкір, əдеп. Бұлар бір-бірімен берік байланыстағы философиялық – этикалық категориялар. Рухани жетілудің негізгі шарттары. 

«Бес парыз» – Мəшһүр Жүсіптің исламның бес парызын (иман, намаз, рамазан,зекет,қажыға бару) нақ-нағымен, тақта-тақтасымен келістіре суреттеген көлемді жыры.

«Бес нəрсе бізге бұйрық бір Алладан, ықыласпен қылу керек білген адам» деп қадап айтады. «Дүние жиғанның», «қолы жұмсақтың» емес, «құдай үшін жанын қиғанның», «Өнерпаз – ғылым-білім» деп түсінген көкейкөзі керемет «береген, шыншыл», сəлем беретін данасының қасиеттерін мөлдірете сипаттайды.

«Құдай кірсіз, ай мінсіз» екендігін, пайғамбар хадистерін ерекше пайымдаған ақын:

Құдайдың шеберлігін көзіңмен көр, Тіреусіз тұрған жоқ па көкпенен жер. Алланың ризалығын шын ойласаң, Баланы кішкентайдан оқуға бер.

Баланы бер оқуға жас басынан,

Алланың құр қалдырмай олжасынан»– деп тұжырым жасайды.

«Ағашсыз жапырақ» – сақилық пен сараңдықты, адалдық пен арамзалықты, жақсылық пен жамандықты, елгезектік пен еріншектікті, уайымшылдық пен ойсыздықты, естілік пен қысыр кеңестң салыстыра сипаттаған терең мазмұнды ғибратты жыр. Мəшһүр Жүсіптің лебізіне зейін аударайық: «Жігіттер сараңдықты қылма кəсіп, Болмайды сараң жанға жұмақ нəсіп. Болма да өзі тақуа, өзі сопы, Тозақтан құтылмайды сараң қашып». Я болмаса: «Қылыңдар сақилықты жастан машық, Жомартқа сегізжұмақ есігі ашық. Сахи адам – бір алланың сүйер құлы, Болса да бөгеті жоқ қандай пасық!» Қас жақсының белгісі – кең пейілділік, жомарттық. Ақыл иесі адам баласының осындай асыл қасиеттерін, аят, хадис сөздерін ардақтайды. Үлгі, өнеге тұтуға, «істер істің тəртібін білуге», өнерменен ермек қылуға, «жалғаннан келер-кетер ісін ойлауға» үндейді.

Бұрыңғылардың батасы – образдық – метафоралық жүйесімен, ұлттық дүниетаным өресімен, діни-философиялық, этикалық қырларымен, стилистикалық, семантикалық байлығымен ерекшеленеді. Пайғамбарлардың қасиеттерін, өсиеттерін, өркендемпаз істерін, дəулет-сəулетін, айбат-қайратын, қуат-ұятын, бақ-берекесін тізбелеп келеді де, былайша жалғастырады: «Халық қамын жеген – Қарқарадай хандардың сəлеметтігіне, Ел қамын жеген – едігедей бидің сəлеметтігіне, Өз еңбегін жеген – Құдай, шүкір, тəубе дейін – Қара бұқара халықтың сəлеметтігіне! Халқын, жұртын, қаны бірге ұлтын – ілгері бастырамын деген – Еңбекшіл ерлердің сəлеметтігіне! Қой орнына ат берген – Атымтай жомарттардың сəлеметтігіне!» Осынау бата сөздер адам баласының көркем мінезді, түзу, дұрыс пиғылды, сабырлы-салиқалы, байыпты-байсалды, ақ еділ жайсаң, жайдарман, таза ниетті, мəдениетті, əдепті болуға шақырады. 

«Қойсоймастың ойын берсін! Тоқаның жылқысын берсін, ақылдының құлпысын

берсін..!»

«Ақылдың пайдасы» (ертегі) – «Не жұмыс, не іс қылсаң ақылмен, сабырмен артын ойлап істе» деген ақыл сөздің мəнісі жарқын айғақ – мысалдармен дəйекті дəлелденеді. Ерте уақытта бір патша өзгелерден ерешеленбей шаһар аралап жүргенде басына ат басындай алтын, аяғына қой басындай алтын жастанып жатқан ақыл сатып, кəсіп етуші адамға жолығады. Патша қолқалап, одан бір ділдаға осы ақылды сатып алып үйінің қабырғасына, əрбір тұтынатын нəрселеріне жазып, бұлжытпай орындайды.

Бірде патша шаштаразшыны шақырады. Оның алдынан бас уəзір шығып, алтын басты ұстарасын ұсынады. Шаштаразшы жазуды оқып, өзінің үйреншікті ағаш сапты ұстарасымен шаш қияды. Патша оның алтын сапты ұстарасын қимағанын байқайды да жендетін жедел келтіріп: «Шаштаразының басын ал!» дейді. Шаштаразшы: «Дат, тақсыр! Алтын сапты ұстара менікі емес оны сіздің бас уəзіріңіз берген еді. Сіздің мына жазуыңызды көріп: «Қой сырын білмеген аттың сыртынан жүрме!» – деген бұрынғылардың мақалы да бар еді, – деп, – күнде көзім көріп, қолыма ұстап үйренген сыралғы ұстарам жақсы болар! – деп алған себебім сол! – дегенде, патша бас уəзірін шақыртып: «Мынаның шашын ал, өз ұстарасымен!» дейді. Уəзірдің табанда жаны шығып кетіпті. Арам пиғылды марқұмның орнына ақыл сатушы кісіні бас уəзір етіпті.

Үйреншікті дағдысы бойынша патша тағы да қала аралап жүрсе, базарда бір нан сатушының нанының дəмін татса шынында да тіл үйірерлік екен. Үйіңді көрсет, күнде нан алып тұрайын дейді патша. Ол үйіне патшаны ертіп барып, тамақ жайын таныстырады. Тағы бір үйге бас сұқса толған адам, баршасы темір көгеннен көгенделеді. Бірден патшаны да көгендеп тастайды. Сөйтсе кісі сойып майына нан пісіріп, сатады екен.

Патша жоғалады. Ақылды уəзір тіс жармайды, патшаны союға əкеледі. Ол: «Сен мені сойма. Мұнан да артық пайда келтірейін. Маған кілем тоқитын құрал тауып бер!» – дейді. Патша кілемге ақыл сөзді қоса тоқиды. Жəне кілемді осы шаһардың патшасына сат, мың ділдадан кем берме» – деп кеңес береді. Ақылды, бас уəзір патшаның тірі екенін біліп, кілеміңді екі есе бағаға аламын, үйіңді кереметтеп бір жасауылымен, соңынан жасырын үш жасауылымен, тағы да он жігітін жіберіп қанышерлердің үйін түгелдей тінтіп, патшаны жəне көгендеулі адамдарды қапастан құтқарады. 

Кісі етіп сатып пайдаланушыны мойнына темір шынжыр тағып, сүйретіп өлтіріпті. 

«Бұрынғы замандағы құн төлеу, адам емдеу салты» (екінші нұсқа) – Абылай хан заманындағы билік-кесімдер шығарушы, төрелік айтушы, дау шараларды реттеуші, бітімгер күлік Шобалай баласы Жаңабатырбидің құнға қылған кесімдері көрсетілген.Мысалы, «қара құн – жүз жылқы, он екі жақсы; сүйек құны – елу жылқы, алты жақсы;өнер құны – «тоқал құн» болады – тоғыз жақсы. Бұл үш құн – еркекте Көтеш ақынға алынған, ұрғашыда Ұлбикеге алынған. Батыр майданда өлсе, «Жеті ердің құны алынсын!» деген кесім шығарған. Аттың құйрығын кескен ұры жыл бой босаға күзетеді екен. Мұның мəнісі бір жыл ішінде кісі өлсе, кісі құнын төлеттіреді екен. Мал ұрлаушыға мал иесі оның мойнына арқан салып,өлшеулі жерге дейін сүйрейді екен. О заманда ойнасқорды қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым киіз ілдіріп, арқан тағып, қырық қысырақтың құйрығына байлап, еркімен жібереді екен, сөйтіп, үріккен жылқылар тас-талқан қылып өлтіреді екен.

Мақалада «бақсы», «жарғыш», «құяңшы», «оташы», тəрізді халық емшілерінің өнерін тəптіштеп жазған.

Тапқырлық пен шешендікті мінсіз меңгерген Ақтайлақ би Алшынбай биді алшысынан түсірген тарланбоз. Ақтайлақ Қарқаралыға келгенде, Алшынбай би: «Осы сіздің ел: «Қымызға тар, – дейді ғой, шөлдеп бара жатқан жолаушыға тостағанмен ауыз тигізіп, шөлін қандырмайды!» – дейді. Осы рас па? – депті. 

Сонда Ақтайлақ би: «Жылқыны қазақ: «Жаным», – дейді, қымызын – қаным» – дейді емес пе?!»

Ақтайлақ би ойын əрі қарай сабақтастырып, көзбен көріп айтып отырсыз ба? – депті. 

Алшынбай естігенім бойынша депті. Сонда Ақтайлақ би: «Көз – шынның расы, құлақ өтіріктің ұясы» – деуші еді. «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі – деп, төрт саусағын көз бен құлақтың арасына қойып тұрып: «Сіз осы сөзді көзбен көрген шығар, расын айтып отыр екенсіз» – деп отырсам, «өтіріктің ұясы» құлақтың естігенін айтып отыр екенсіз ғой – деп өкініпті.

Ақтайлақ бидің Алшынбай бидің бəйбішесіне айтқан: «Ердің семізі – елдің құты, əйелдің семізі – үйдің жұты. Атың жемпаз болса, берді Құдай, қатының жемпаз болса, ұрды Құдай», «Етегім – төсек, жеңім – жастық» – дейтін уытты, қуатты сөздері қандай десеңізші!»

«Бұрынғы құдалық əңгімелері» – бұрынғы замандағы өлшеусіз байлық иелерінің əсіре жөнсіз құдалығы, келін түсіруі, қыз ұзатуы, əкесіне ас бергендігі, қызықты дүние қызығының, сасық байлықтың басы қандай, аяғы қандай, ешкімге опа бермейтіндігі, «жұрт көзіне түспек, ел аузына ілінбек өзі бір атақ», «бұл дүние жиылған жеріне не жылан, не шаян, не у, онан басқасы жоқ екендігі» біреуге опа қылмаған дүние біреуге опа қылмайтындығы», тұрмыс-тіршіліктің, «бөліспе бүліншіліктің» нақты мысалдары, дəйек айғақтарарқылы баяндалады.

Алтай қарпықтың атақты байы Сапақ «Үш жүзден» бай таңдады, құда болуға. Кіші жүзде Байсақал деген бай бар деп, байлығын өзіне тең көріп, сол Байсақалға Кенесары-Наурызбайдың ағасы Саржан төрені алып, елу кісімен құда түсуге барады.

Қалыңдықтың бір сəукелесінің құны бес жүз байталға татиды екен. Қыз жасауының өзі бес отау, бір алтын шатыр, бес жүз жылқы жəне де қыз отауының уығын атпен жүріп байлаған екен. Керегені басы мен аяғы, уық, күлдіреуіш, шаңырақтың өзінде тұтамкүміспен көмкерілген. «Ай дейін десе, аузы бар, күн дейін десе, көзі бар» бір қасық сумен жұтып жібергендей, жасы дəл он бесте сұлу қыз екен.

Тоқетері, Сапақ бəйбішесі өз келініне «өзі ұйқышы, өзі жынды, неше түрлі жамандықты жапсыра береді…». Əрине бұлайша ғайбаттау – ойсыздықтың, дүниеге тойымсыздықтың, топастықтың, тасырлықтың белгісі. Мұса Шорманұлының лебізіне жүгінейік: «… əдейі Сапақтың келінін іздеп барсам, бет біткеннің сұлуы екен. Ұрғашының алғара қиғашы екен. Сөйлескен жанды магниттей тартып кететұғынның өзі екен. Шəй қайнатып əбдіресін ақтарып, шəй салғанда, шəйдің иісі отырған үй түгіл ауылды аралап мұрын жарып кетті».

Бұл орайда Мəшһүр Жүсіп «Байлық алды – денсаулық, одан соңғы ақ жаулық, онан кейін жүз саулық, мұнан асса жын шалық деген əулиелердің сөзін орайлы келтіреді де Сапақ бай жын шалқтың-шалығымен орыстың Майор деген бастығымен төбелесіп жер ауады. Келінін Сапақ байға келістіре шағыстырудың кесірінен бұл жалғаннан татар тұз-дəмі таусылады. Мұның тарихы былайша өріледі. Келін жүрегі ажалдың құрығына ілінетінін сезген соң: «Бір кішкене қайнысын қойнына алып құшақтапжататұғын болыпты. Керек төсекте, жатқан жерінде өлтіріп, Құшағында жатқан баланы Қатынның қолын кескілеп, əзер айырып алған екен дейді».

Сібірдің он сегіз мың казак-орысы атқа қонып, Кенесарының ауылын шапқанда, Сапақтың баласы бір жер ошаққа жасырыныпты, үстіне бір түйенің жабуын тастатқан екен. Бір орыс-казак жабуды көтеріп қалса, Бұғып жатқан сорлы байдың баласын мылтықпен бір-ақ атып кете барыпты. Олар ажалдысын қырған, ажалсызы құтылған, кейбіреулері тірідей тұтылған. Тек ханның иелігіндегі Байсақалдың қызының отауының бір бүлдіргеніне қол тигізбеген. «Дəу де болса, бұл үйдің əр нəрсесіне у жағып кетті ғой, – деп, – біреуге опа қылмаған дүние, біреуге опақылмайды екен» – деп хан өртеп жіберіпті.

Сапақбайдың қыздары  Алшын би мен Азынабай мырзаға келін болып түскен екен. Құтсыз келін болғандықтан, бірде-бір ине жібіне тимей төркініне қайтарылыпты. Байдың «Бір маржаны барған жерін оңдырмайтұғын болыпты». Сапақ байдың тұқымы бордай тозыпты.

Тоқа Сапақ бай Байсақалдың қызын Жасұлан мен Кежебай дейтін жігіттерге өлтірткен, екеуі де ит жемеде қаңғып өлген. «Байсақалдың қызының ақ қаны осындай қылған» – дейді екен.

Ғылым-білім, ой-парасат кеңістігінде жарқын із қалдырған Мəшһүр Жүсіптің: «Əркім өз жанын тірілтуге ұмтылса, ғылым-білімге ғұмырын сарп қалсын! Ғылымбілімге ғұмырын сарп қылған пенденің жаны тіріліп, сыйлы болады»–дегені, оның мəңгілік рухани өмірінің де кепілі. «Алашқа өрнек», «ұлтқа пайда» келтірген халық перзентінің, əділдік қызметкерінің ізгі даналықты ойлары соншалықты келешектің келісті кеңесіндей, сəулелі санасындай, көркемділіктің бастауындай.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *