БІЛІМГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН ӨНЕР ҚУАТЫН ДАРЫТУ – ҰЛТ ТҰЛҒАСЫН БАУЛУ КРЕДОСЫ
(ҒАЛЫМ-ҰСТАЗ МƏТЖАН МАҚСЫМҰЛЫ ТІЛЕУЖАНОВТЫҢ ҰЛТТЫҚ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ҚАТЫСТЫ ТҰЖЫРЫМДАРЫ)
А.С. Қыдыршаев
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тəжірибе мен ұлттық дəстүрлерге шекеден қарамау тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дəстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нəр ала алмаса, ол адасуға бастайды.Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», [1] — деп түйіндейді. Осыншама таңғажайып ұтымды өрілген қағидат іспетті қағидалы пікірге жалғастыра бағдарласақ, ғалым-ұстаз Мəтжан Мақсымұлы Тілеужановтың ұлттық рухани құндылықтарға қатысты тұжырымдары – білімге негізделген рухани құндылықтар мен өнер қуатын дарытуға арналған ұлт тұлғасын баулу кредосы. Профессор Мəтжан Тілеужанов – халықтық тағылымға негізделген рухани тəрбие мектебінің негізін салушы [2].
Профессор Мəтжан Мақсымұлы Тілеужанов ғылыми тезистік жазбаларында кəсіби маманның сөйлеу мəдениетіне, шешен сөйлеу білік-дағдысының болуынаакцент береді, шаршы топ алды жоғары сөйлеу мəдениетінің болуы кəсіби маман көркі болатынын айтады. Сократқа сүйеніп:«Сөйлеп көріңіз, мен сіздің кім екеніңізді айтайын», — дейді. Платонша ой ағытып:«Кез келген сөйленген сөз жанды құбылыс іспетті, ол бас-аяғы бар дене секілді жəне де тұтас кеуде тұсы мен аяқ жағы бірбірімен үйлесімді де сəйкесімді əрі біртұтастықта өрілген болып келеді емес пе?»[3] — деп ой тастайды.
Ғалым маңғыстаулық Мəтжан би тапқырлығына таңдай қағады. Бұл ретте ғалымның ел аузынан жинаған жазбаларынан көптеп үзіктер келтіруге болады. Бір мысал: Мəтжанның бір балдызы оны мүдіртпек болып: «Еркектерге айтқан сөз бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кететіні несі?» — депті. Сонда ол іліп ала: «Ал, əйелдердің екі құлағынан кірген сөз аузынан шығып кететіні несі?» — деп, қарсы сұрақ қояды да, балдызын үндетпей тастайды. Ел ішінде «Əйелдің ақылы аузында жүреді» деген сөз бар. Бұл тұста шешеннің тапқырлығына таңданып қана қоюға болар. Ал, ойлансақ, бұл сөздің арғы мəні орасан терең. Бұл бағыттағы кейінгі ұрпақ таңданысын туғызар тапқырлық үзіктерін ғалым не үшін жинады деген сауал туады? Сөз жоқ, кейінгі сөз түсінер ұрпақтың рухани байлығы үшін. Ғалым бір оңтайлы мезетте: «Иə, Құдай бізге тіл мен жақ берді. Біз осы байлықты орынды пайдаланып жүрміз бе?» деп те сауал тастайды?Ойланып көрелікші? Бүгінгі қоғамда ауызекі сөйлеуге, жазба тілге, нəтижеде ойлау мəдениетіне қатысты қандай келеңсіздіктер, кедергілер бар?
Біздіңше, астарлы сөйлеуді ұмыта бастадық. Нəтижеде жастарымыз астарлы сөзді түсінуден қалды. Астарлы сөйлеуді айтамыз, сөз мағынасын түсінуден кемдеуміз бе деп ойлаймыз. Рене Декарт сынды француз ғұламалардың бірі айтпайма: «Сөздің мағыналық тұңғиығына терең бойлай білгейсіз, сонда сіз мына жарық дүниені адасудан жартылай құтқарасыз» деп. Профессор Мəтжан Тілеужанов: «Астарлы сөйлеу — ойлау қабілетімізді тереңдету жолы», — деп баса айтады. Халық қоржынынан алынған мысалдарды астын сыза ұсынады. Мəселен, «Барып едім, жоқ екен, айтып едім, келем деді. Келмегені келгені ғой, келмесе егер келер еді».Ғалым талдауында бұл жұмбақ емес, екі адам ғана түсіне алатын ұғым, сөйтсе де, төңіректі терең ойға қалдыратын ұғым. Мұны айтқан — жеті-сегіз жастағы жеткіншек. Ойын-тойға келген жігіт өзінің сүйікті қызын жиынға шақыруға əлгі баланы жұмсайды. Бала барады, қыздың шешесі үйінде жоқ екен. Шешесінен рұқсатсыз ешқайда баспайтын қыз: «Шешем келеді, рұқсат берсе, барамын, ал бермесе, бармаспын», — деп, сəлем айтады. Бала қайтып келсе, жиын-той басталып кеткен. Жұмсаған жігіт топ ішіне түсіп кеткесін, бала «қыз келмейді» деп, бадырайтып айтудың орнына, басқалары түсінбеуі үшін əдейі астарлап, жоғарыдағы ойды тақпақтап айтады. Мұны тек жігіт қана ұғынады [2, 181 б.]. Біздің қазіргі жас жеткіншектеріміз де астарлы сөйлеуге дағдыланса,ел келешегіне зор үмітпен қарарымыз даусыз. Бұл орайдағы ғалым пайымы: «Астарлау – ой жасыру емес, арнайы түсінетін кісілерге бағытталған тұспалдау, уақытша ғана ойды құпиялау. Астарлап сөйлеу — отырған адамдардан ой бүкпелеу емес, олардың əзірше ғана түсінбей қалуы үшін, ой иесінің өзіне ғана керекті адамның түсінігіне сай ыңғайлап айтылған, əдейі қолданылған ымы, меңзеуі (ойы, ұғымы)» [2, 181 б.].
Демек, астарлап сөйлеу – халқымыздың сөйлеу мəнері. Бұл – ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Бұл – тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мəдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдететін құбылыс, бүгінгі,кейінгі жастарды терең ойлауға машықтандыратын өнеге.
Тағы бір мысал.Сабан айдап жүрген жігіттің қасынан екі аттылы: біреуі жас қыз, екіншісі мосқал тартқан адам өтіп барады. Оларды көріп, əлгі жігіт: «Пай-пай, мына қыздың астындағы жорғасын-ай, қасына ерткен жолдасын-ай!» — деп таңданады. Жорғалы қыз сəл ғана кідіріп: «Əй, жігіт-ау, əй, жігіт! Аңдысын-ау, аңдысын, аңдап сөйле соңғысын, бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі, сонда мен бұл жігіттің несі?» — деп, жауап береді. Мұны естіген жігіт ұялғаннан жерге кіріп кете жаздайды. «Аңдамай сөйлеген – ауырмай өледі», — деген[2, 182 б.]. Қалай ойлайсыз? Бүгінде осындай халықтық өнеге өркен жайса, ескіліктің қалдығы болар ма?
Сондай-ақ, ғалым талдамаларында көз қысу да, ым да, иықтың əр түрлі қимылы да, бас шайқау да, көз аларту да, қол сілтеу де бір кездерде (осы қимылдардың тілдік атауы болмаған кезеңдерде) мифтік ұғымға ие болып, сол ұғым халқымыздың əлі де болса кəдесіне жарап келетінін айта келіп, бұны ерте заманғы сөйлеу мəнеріміз тұрғысында пайымдайды. «Халқымыз ой тереңдету мақсатында астарлы сөйлеуді де ертеден бастаған. Соған келешек ұрпағын да баулыған. Бірінің-бірі ойын сөйлемей-ақ ұғынатын халық отырған-тұрған қалыбынан түсінетін, бет əлпетінен ұғынатын, қайғысын түсінетін, күлімдеуінен əр түрлі жағдайын байқайтын болған» [2, 182 б.], — деп жазады ғалым.Сөйлеуіміз ымнан басталып, содан əрі қарай тереңдей беретіні мəлім. «Ымға түсінбеген, дымға түсінбейді» деп Мəтжан аға жиі айтатын. Бұл – ғалымның тəжірибе үстіндегі ой қорытулары. Бүгінде бізге мəлімі – бұл сөздің сонау Анахарсистен бері келе жатқаны [3].
Астарлаудың алғаш түрлерін ертегілерден кездестіреміз. Астарлап сөйлеудің алуан түрлерін «Аяз би» ертегісінен байқауға болар еді. Ғалыммұржасы қисық болса да, түтіні түзу екен; ертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа; оң қолың ұрыс қылса, сол қолың арашашы болсын; суын ішкен құдыққа түкірмесекілді магиялық, тотемдік ұғымдар ертеде қалыптасқанын айта келіп,осылар туралы жеке-жеке аңыздар, ертегілер қалыптасты, мағыналары терең болды, əрбірінің мəні халық тəжірибесімен қабысып жатты. Кейбір ұғымдардың сыры тереңде болғасын, оларды тура айтуға ұяттау болғасын, табу(тыйым салу) қолданылды. Табу – астарлы сөйлеудің алғашқы түрі болғанын болжайды [2, 182-183 б.]. Мəселен, бүгінде де жиі қолданылар «қала сайын үй сал (əр қалада бір досың болсын); күн сайын бір көйлек тоздыр (таза жүр); жұма сайын үйлен (жұбайыңмен жаңа қосылғандай жарастықта бол) секілді тіркестерге назар аударудың өзі жеткілікті.
Бүгінде бізге мəлімі – осы жоғарғы айтылғандардан кейін қайын ата, ене, жезде, апа, аға, нағашы, жиен ұғымдарының пайда болғаны. Бұлар күрделене келе, біздің үйдегі, əлгі, пəленшенің əкесі (жұбайының есімін қасиетті деп ұққан кезде) дегендермен ұласуы, атын атамауы- сыйластықтың керемет үлгісі, өнегесі. Бұл тағылым күні бүгінге дейін келіндер тəжірибесінде пайдаланылды, ерлі-зайыптылар арасында жарастық, татулық күшейді. Ал бұның бəрі – меңзеу, ал кейбірі тұспал, нышан, ишара іспеттес емеуріндеулер, жорамалдар, болжамдарға ұласқан халықтық құнды қасиеттер. Бір ғажабы — осы саладағы ойлау қабілетіміз күрделене келе, астарлаудың поэтикалық түрлерімен жалғасты, образдап сөйлеуімізге ұласты, поэзиямыз көріктене түсті, ақын-жазушыларымыздың сан алуан стилі қалыптасты [2, 183 б.]. Бұл ретте ғалым: «Астарлау, тұспалдау нені меңзейді, не туралы айтылуға тиіс, дала Цицерондары ойын қиялмен, жөн-жосықпен, қисынмен, мəніспен астарлайды, олардың сөз салғыласулары аспанмен астасып шарықтап жатады, терең тебіреніспен қабысады, əлеуметтік мəселеге тіреледі», — деп пайымдайды [2, 183 б.]. Мəселен, бұл орайда Шал ақын:«Жаман туса балаңыз, Бұғып өткен азбен тең. Қайғы ойлаған жігіттің, Кең дүниесі тармен тең.Уайымшыл адамның, Алды тайғақ жармен тең.Жетесі жаман бозбала, Тоқсандағы шалмен тең,..» — демей ме.
Ғалым тұжырымдарының бірінде: «Біздің сөйлеу тіліміздің бір ғаламаты – жорамал мен болжамға, ишаратқа толылығы. «Ұл туса – ат əкелер, қыз туса – қырық тоғыз, қарттық – жазулы хат пен ерттеулі ат, жігіттік – қайраулы қылыш, семсердің жүзі» деп, олардың болашағын ишараттайды. Қазіргі жастарымыз осындай жорамалдауларға түсінбей қалды, болжалдап, ишараттап сөйлеуден мақұрым қалғасын, енді олай сөйлеуге тіпті мүмкіндіктері құрыды. Кейде бұрма мағынадағы мақал-мəтелдерді де («Ит итті жұмсайды, ит құйрығын жұмсайды», «Менің білетінім қызыл ит», т.б.) түсінбейді», — деп ой салады [2, 184 б.].
Профессор М.М.Тілеужанов талдамаларында астарлы, тұспалдап сөйлеуде күлкі реңктері көбірек кездесетіні, ирония (келекелеу, келемеж), юмор (сықақ) көп орын алатыны орынды айтылған [4]. Мəселен, ауыл айналасынан тезек теріп жүрген қызкеліншектерден жолаушылап келе жатқан бір топ атты: «Бұл кімнің аулы?» — дегенде, «Өзгеде жоқ, өзімде бар (Көтібар) қайнағаның аулы» — деп, жауап береді. Келісімді тапқырлық! Ожар батырдың аты да өзіне лайық қойылғаны келекеленген астарлаумен айтылады. Астарлаудың небір ғаламат түрлерін Сырымнан («Тұз шірісе, не себемін?»),Абайдан («Ит маржанды не қылсын?») кездестіреміз. Бүгінгі айтарымыз: Мұғалімге сөз не берілмек? Мұғалімге сөз шəкіртін ойланту үшін беріледі? Біздіңше, осы кредо əр ұстаздың есінен шықпауы тиіс. Бұлар шешен-билердің, ақынжазушылардың ойлылығын, халық тілін аса зор мəдениеттілікпен пайдаланғандығын аңғартып қана қоймайды, оқушыларын терең ойға баулиды. Ойлануға үйретпеген сөз сөз емес, көркем шығарма шығарма емес.
Шынында да, астарлаудың бүкпе сырлары – халықойы сияқты, тоқсан түрлі, сан салалы. Олардың түбіне көпті көрген тəжірибелі азаматтар ғана жете алары даусыз. Қазақтың өмір қырларынан талай-талай кəсіби мамандардың шыққаны да рас. Əншілік, күйшілік, жыраулық, шешендіктерді үйрететін мектеп болмаса да, ондайларға іштен туа біткен қабілет-қарымды өмір үйретті, қажеттіліктен үйренді, өзінен-өзі даярлана білді. Мəселен, азаматы өліп, абдырап қалған азалы үйдің шаруасын ыңғайластырушы, қайтыс болған адамды ақтық сапарға аттандыруды ұйымдастырушы шеберлік; құда түсуде кез келген адамды жібере бермеу; ру арасындағы дау-жанжалды шешудегі билердің рөлі; қазақ өміріндегі атбегі, құсбегілік; түрлі белгілерді тапқыш,ізші, емші, қуақы сезімталдар,т.б. Бұл реттегі ғалым түйіні: «Өмірден тоқығаны көп азаматтар кез келген кісіні сөйлеген сөзінен байқаушы еді, көзінің күлімдегенінен бірдеңелерді сезінетін-ді, бет əлпетінен, бас қондырысынан, сəлемдесуінен, киім киісінен, жүріптұруынан оның қандай адам екенін танитын еді», — дейді [2, 186 б.]. Мəселен, атақты Сырым бидің шындық пен өтірікті айыруда «Көзімен көрген шын, ал құлақпен естіген өтірік, екеуінің ара қашықтығы төрт елі», — деп, қолын құлағы мен көзінің арасына қоюы. Түйесін жоғалтқан адам ен далада келе жатқан үш кісіге жолығып: «Түйе көрмедіңдер ме?» — дегенде, «Жоқ, көрмедік», — деп, жауап береді де, соңынан үшеудің біреуі: «Түйенің сол көзі соқыр ма еді, аяғы ақсақ па еді, құйрығы шолақ па еді?» — деп сұрағанда, «Тап сондай еді, түйемді сен алдың», — деп, оны қазыға əкелгенде,əлгілерді айтқан азамат: «Мен түйесін алған жоқпын, бірақ жолшыбай келе жатқанымда, жол бойындағы шөптерді тек оң жағынан жеп, сол жағы қалып қойғандығынан түйесінің соқыр екендігін, тұрғанда,бір аяғының ізі болмағандығынан ақсақ екендігін, құмалағының алысқа түскендігінен құйрығы шолақтығын аңғардым», — депті. Қазы əлгінің орасан байқағыштығын аса зор бағалап, пəледен құтқарыпты [2, 186 б.].
Қысқасы, профессор М.М.Тілеужановтың пайымдауынша, осы айтылғандардың барлығы халықтың ауыз əдебиетінде көрініс тапқан [2,5,6,7]. Бұл қазақ халқы тағылымының ұшантеңіздігінің бір қыры. Ендеше, бүгінгі ұлт тұлғасын балу ісінде білімге негізделген рухани құндылықтарға сүйену, ұлттық өнер қуатын дарыту адастырмас басты шарт болмақ.
Пайдаланылған əдебиеттер:
1. Назарбаев Н. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // «Егемен Қазақстан» газеті. №70. 12 сəуір 2017 жыл, 1-2-б.б.
2. Тілеужанов М. Халық тағылымы. – Алматы. «Рауан» баспасы, 1996. – 302б.
3.Қыдыршаев А. Шешен сөйлей білеміз бе? – Орал. «Полиграфсервис» баспасы, 2017. – 364 б.
4. Тілеужанов М. Астарлы əзіл. – Алматы, «Жазушы» баспасы, 1978. – 112 б.
5. Қалиев С.,Оразаев М., Смаилова М. Қазақ халқының салт-дəстүрлері. – Алматы, «Рауан» баспасы, 1994. – 224 б.
6. Əлімбаев М. Халық – ғажап тəлімгер. – Алматы, «Рауан» баспасы, 1994. – 144 б.
7. Кəмəлашұлы Б. Қазақ халқының туыс-туғандық жүйесі, ұрпақ өсіру, тəрбиелеу дəстүрі, үйлену ғұрыптары. – Алматы. «Өнер» баспасы, 2005. – 129 б.