АЛМАС ТІЛ. АЛТЫН ЖҮРЕК. АБЫЗ КЕУДЕ

АЛМАС ТІЛ. АЛТЫН ЖҮРЕК. АБЫЗ КЕУДЕ

 

М.А.  Қосымбаев

 

     Тақырыптың аты неге бұлай? Сұраққа – сұрақ: Неге бұлай емес? 

 Туғансыз тура бидей қара қылды қақ жарып отырса, төрені төрсіз, қараны көрсіз қалдырмай, төрелігін айтса, кемеңгердей кесіп, шешендей шешіп, көсемдей көсіп сөйлесе, алтын балдағына қан түгілі шаң жұқпаса, Алмас Тіл болмағанда кім болады?!! Алаштың баласына көкірегін ашып, Алшынның баласын бауырына басып, Адайдың баласына шуағын шашып, рудың емес, рухтың сөзін сөйлесе, үш жүзіміз үш биге бөлінгенмен, үш биіміз үш жүзге бөлінбеген халықтың хан жорғадай жүрісін бұзбаса, ақиқаттың жолында алқынбай соқса Алтын Жүрек болмағанда кім болады?!! 

 Ғасырлардың інжу-маржандарын індететін, ғылыми айналымға түсіріп түндететін, ауыз-кеудеден шыққан əңгіме, шежіре, əфсана, қисса, дастан, қара өлең, айтыстарды қайта жаңғыртқан, кітапханаларда кірпігі айқаспаған Мəтжан ағай Абыз Кеуде болмағанда кім болады?!!

 Филология ғылымдарының докторы, профессор Мəтжан Мақсымұлы Тілеужановтың тілінен сорғалаған, қаламынан жорғалаған «Халық тағылымы» (Алматы, «Рауан», 1996) тағылым мен таным да, тағдыр мен тарих та, өнеге мен өнер де, дəп-дəстүр мен салт-сана да халықта дегенге саяды. Сайып қана қоймай, сайыпқыран халықтың төл образын ауыз əдебиетіндегі алуан жанрлармен ашып көрсетеді. 

 «Ел əдебиеті» – (Алматы, «Ана тілі», 1992) шын мəнісіндегі Ел əдебиеті. Сол елдің көкірегіндегі көркем жыр, əсем əн, шешендік шиырлар, бата сөздер, батырлар жыры, ақындар жыры зерттеушінің қаламына қанат қақтырған. 

Əзірейілмен əзілдескендей қаламгерлердің қағытпалары, юмор, сатира, сарказм сарындары астары мақпал көрпедей «Астарлы əзілде» (Алматы, «Жазушы», 1978) шиыршық атады, жуан мойындарды шындықтың шыны аязына ұстайды. 

«Айтыскер ақынның жады таза болуға тиісті. Ақындық ақпараттар тасқынына тұншықпасын. Өнер оқығанға емес, тоқығанға қонады. Жамыраған ақпарат айтысты жаттандылыққа алып келеді. Суырып салмалық қасиет судай тартылады. Айтыс табиғатынан айырылып, айтыс – концерттер көбейеді». Профессор Мəтжан Тілеужанов маған осыны көп айтатын. Мен шəкірттерге көп айтатынмын. Домбыраны доллармен сөйлеткен заманда, домбыраны долларсыз сөйлету қиын болып тұр. Айтыскерлер ізденудің орнына, бір-бірінің ізін кесуге шықты. Əлемдік футболдағы «договорной матчтар» сияқты «договорной айтыстар» көбейді. Сахнада ақындық емес, артистік жүлде алады. Қазылар алқасында Қазыбек бидің төбесі көрінбейді, Қазыбек қайдан келсін, Əйтеке мен Төлесі жоқ əділ емес қазыларға. Осының бəрін Мəтжан ағай құлағыма құйып кетіп еді. Аллаға шүкір, ағып кетпегеніне! 

90-жылдардың шамасында профессор Мəтжан Тілеужановтың «Приуралье» газетінде «Настоящая наука не признает авторитетов» деген дүбірлі мақаласы шықты. Аты айтып тұрғандай, бұл ғылыми мақала «договорной» докторлық, кандидаттық диссертациялардың тамағының астынан Тайсон болып тиді. Цирктің аттарындай шыр айналған авторлар үйреншікті үйдегі жорғасынан жаңылды. Ғылымдағы ақсақалдық сақалдың ұзындығында, шапанның қызылдығында емес. Ақсақалдық жасқа қарамай, басқа қарайтын баһадүр дəстүрде. Сақал сыйлағыш болсақ, отызында орда бұзып, Қазақ мифологиясының атасына айналған Серікбол Қондыбайды сыйлайық. 

Тəуелсіздік пен Тілеужанов егіз ұғым. Тілеужанов пен Тəуелсіздік те солай. «Настоящая наука не признает авторитетов» деген мақаланы Тəуелсіз Тілеужанов қана жаза алады. Тəуелсіз мақаланы қазақ газеті емес, орыс газеті басып отыр. Ақсақалдық көрсетті көп газетке. Мəтжан ағайдан сұрағанымда: «Мұндай мақаланы біздің газеттер баспайды ғой. Амалсыз орысша жаздым», – деп еді. Тағы бір байқағаным: ағайдың кітапханасында тек қана қазақ авторлары емес, əлемдік əдебиеттің машайықтары, ғылыми ойдың өркеші таудай өкілдері тұратын. Жазу столында кір тасындай кітаптар, шашылған бауырсақтай қағаз, қалам, көздің көзіндей жалпақ көз əйнек жататын. 

Сырым батырдың суретін салып, төбесіне төренің қалпағын кигізгенде Мəтжан ағай қарсы шықты: «Төре қалпақты төре киеді. Сырым өзі айтқандай: «Айырдан нар болған, қарадан хан болған». Қазаққа қалпағы емес, Сырымның басы қадірлі», – деп еді. Профессор Тілеужанов рухани жəне материалдық қазынаны қатар жинай білді. Халықтың əшекей бұйымдары, өңіржиек, білезік, сақина, сырға, жүзік, қамшы, домбыра сияқты көненің көзінен мұражай ашып, сол көшпелі мұражайды Мароккоға апарды. Аузынан жыр төгілген қазақтың, қолынан дүр төгілетінін дəлелдеді. 

Мəтжай ағай дəріс оқығанда қағазға қарамайтын, қағаз Мəтжан ағайға қарайтын. Қамбар батыр болып қарайтын, Біржан-Сара болып қарайтын, Əуезов пен Əбіш Кекілбаев, Мүсірепов пен Мұстафин болып қарайтын қағаз Мəтжан ағайға. Ұстаздың ұрысқаны да қызық. Қызық емес, ұрысқаны ұлағат: Күркіреп тасынады, сіркіреп басылады, Жария апайды көргенде күндей болып ашылады. Психологиялық портрет осы. Тек түсіне біліңіз, портреттің ішіндегі портретті. Ұстаздан дүние қумауды, ғылым қууды үйрендік, əлі үйреніп келеміз. Орыстардың өзі: «Маджан Максимович!» деп омақасып жататын. Бұл кісіліктің, кішіліктің, ғылымның алындағы омақасу еді. «Төс айылдың батқанын, иесі білмес, ат білер, Азаматтың қадірін, ағайын білмес, жат білер» деген де деректер бар… Оралдағы наурыз, жарықтық Жария апайдың наурыз көжесінен басталатын. Профессор көп шығар, профессордың үйінде наурыз көже көп емес. Наурыз көже көп шығар, наурыз көжені кафедраға əкелетін профессор көп емес. Салтдəстүрді – қағазда қалдырмай, көпшілікке көрсеткен де профессор Тілеужанов болатын. 

Елбасы айтқан «Рухани жаңғыру» – рухтарда, өмірге қазақ болып келіп, қазақ болып кеткен рухтарда, өмірге азат болып келіп, азат болып кеткен рухтарда. Рухы парлаған Мəңгілік Елдің қатарында Мəтжан ағай да бар. Рухы шарлаған Мəтжан ағайдың қаламында Мəңгілік Ел де бар.

Қазақ ғылымында енді Мəтжантану басталады. Бұрын басталу керек еді. Игіліктің ерте-кешсіз сүйгілігі бүгінгі ғылыми конференция болсын. Этнопедагогика, этнография, далалық билер институты, демография, тарих, мəдениет, əдебиет, философия иірімдері Тілеужановты тереңнен толғандырды. Қалыпқа сыймайтын автордың дүниетанымы да қалыпқа сыймайтын. Басына ноқта түспеген ғалым, басына ноқта түспеген кітаптар жазды. Жаратылысы қандай болса, жазуы сондай еді, жазуы қандай болса, жаратылысы сондай еді. Ақ қағаздың бетін арамдаған жоқ, қағазды мінəжат ететін Қағбасындай көрді. Қазақ ғылымына ұлттық сыйпат дарытты, еркін ойлау стилін қалыптастырды, аналитикалық талдаудың Антлантидасына шəкірттерін шарлата білді. Қара өлеңдерді жағынан төгіп, жатқа айтатын. Ел аузындағы ескі һəм есті сөздерді жинаттырды, жиналғандарды жинаққа бергісіздей түптеттірді. Дастарханы даладай ғалымның қонағы қотанымен түсетін, ғылымдағы дастарханына ойшылдар Отанымен түсетін. Сұқ көздерден қорғап, сұңқардай түлеткен шəкірті ретінде Ұлы Ұстазға тап болғаныма тəуба айтамын. «Тасқа салса кетілген, сазға салса жетілген» қаншама тұяқтардан тұлпар шығарды. Кісілігіне кісен салдырған жоқ, кісəпірлерге кісен салатын. Мен Ағайды Алатауға ұқсатамын. Абыройлы басы бар Алатауға. Алатаудың ізінен бала таулар келеді. Тілеужановтың тілегіндей аппақ таулар! Ұстаз бен шəкірттің аталастығы – Аталы сөзде. Атасын сөзден тарататын, Айбоз ғалымның шəкіртінің де Атасы – Сөз, Сөздің Атасы. Аталы сөздің, Ақсақал сөздің кіндігінен дүреген дүрлердің туысқандығы – турашылдықта. Тура сөзбен турап өтетін Мəтжан ағайдың маңдайында аз қыртыс болған жоқ. Ағайдың маңдайындағы қыртыс – ақиқаттың қыртысы. Ақиқаттың аты – Халық. Мəтжан – Халықтың баласы, Мен – Мəтжанның баласымын! 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *