Ардың ісін ардақтап, ұлт намысын қайраған мінез энциклопедиясы
(Әдебиетші ғалым Ахат Нұртас Ахатұлының «Қазақтың ары» кітабы жайында ой-толғаныс)
Аян Қажыбай, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан ПҒА-ның корреспондент мүшесі
Суретшіге – өмір мың сан кемпірқосақ бояуымен қымбат. Диқанға – нан иісімен тәтті. Спортшыға – дүрліккен жұрт алдында тауға шыққандай насаттанып, алтын медальге басын игені қызық. Қызға – асық жігіттің назары қымбат. Кәсіпкерге – ісінің оңынан келіп, өсімқорға айналғаны қызық. Қаламгерге – тірі сөздің өрнегімен кейіпкерінің жан сырын жалпақ жұртқа жайып салғаны қымбат. Нұртас Ахатұлының баспахана бояуы әлі кеуіп үлгермеген «Қазақтың ары» атты кітабы өзіме жаңа сөзімен қымбат сезілді. Жаңа сөз дегенде – бар кілтипан таныс сөзді, талай уақыт осыны айтсақ-ау деп сан ойланған, әйтсе де қалам ұшына ілікпей жүрген Ар диалектикасының, философиясы мен метафизикасының, ол тегеріштен туындайтын адам дүниесіндегі рух, сана, намыс, діл, сенім, тіл, ой категорияларының болмыс бітімі мен табиғатын, дүниетаным пернесін тап басып тануында, ойын дөп тауып айтуында жатыр ма дер едік. Қай-қай жазушының не болмаса ғалым зерттеушінің алдынан шығатын аксиомасы – шеберліктің ауылы алыс, әрине. Біреулер, шеберлік ауылына өзін-өзі үздіксіз қамшылаумен, үздіксіз өмір тәжірибесінен үйрену арқылы қаншама кітап оқып, нешеме парақ жазып жетіп жығылады; екіншілері, шеберлікке көп қағаз шимайлап, қалың-қалың кітап жазбай-ақ сәті түсіп, өмірден үйрене жүріп, үздіксіз оқи жүріп шеберлік шыңына қол артады. Нұртас Ахатұлын осынау екінші топтағы зияткер зерттеушілердің қатарында көреміз.
Қоғамымыздың әр кезеңіндегі руханиятын зерттеп-зерделеуде, аса өзекті мәселелерді мәдени контексте қарастыруда, тарих, мәдениет, әдебиет, әлеумет, саясат турасындағы орнықты ой-пікірлері арқылы шығармашылығы біртұтастандырылған ой зергектігі мен зиялылығы Нұртас Ахатұлын жан-жақты ізденімпаздылығымен танытып келеді.
Нұртас Ахатұлы қазақ колледжінің, оның ішінде педагогика саласының майталман маманы ретінде елімізге кеңінен танылған. Филология ғылымдарының кандидаты, Ж. Мусин атындағы педагогикалық колледжінің директоры, «Орынбай ақынның әдеби мұрасы» (2001 ж.), «Алаштың Алмас ақыны» (2008 ж.), «Қос Арна» (2010 ж.) кітаптарының авторы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері. Н. Ахатпен пікірлес болып, айтқандарынан асыл маржандарды асықпай сүзетін болсаңыз, оның аса білгір, тереңнен толғайтын, білім саласына ары мен жанын берген патриот азаматты танисыз.
Табиғатында еңбексүйгіш қасиет оны ғылымға, ұстаздыққа әкелді. Өмірден түйгені мен тоқығанын, ғылыми ізденісін алдындағы студент жастарға білім ретінде ұсынды. Ұлттық болмысы кемел, сапалы білімді маманды даярлау мақсатында жауапкершілікпен үлкен жұмыс атқарып келеді. Сондықтан ұлттық әдебиеттің бастауларынан нәр алып, адам болмысы, адамның жан дүниесіндегі түрлі сапалық өзгерістерді әдеби шығармалардың тілімен өрнектеп жеткізіп, жастарды жалпы түркі руханиятының мәнді де мазмұнды туындыларынан сусындатып, рухани білім беріп келеді.
Н. Ахатұлының ғылыми еңбектерінен үйренген таным баспалдақтары кеңейіп, өмірге жолдама алып жатқан талай өскелең ұрпақ жаңа өмірге білікті маман болып жол тартып жатыр. Бұның бәрі білім жүйесіне қосылған ғылыми құнды кешендерді құрайтын әдебиетші Нұртас Ахатұлының ғылыми әлемі.
Уақыттың эстетикалық кеңістіктегі қатаң талабы ақын-жазушыларымыздан, ғалым зерттеушілерімізден сәтті тың ізденістерді талап етіп жатқанға ұқсайды. Жиырма бірінші ғасырға иек артқан тұста қарапайым жазылған көркем, публицистикалық, ғылыми дүниелердің бәрі қабылдана бере ме деген сауал қоюға мәжбүр болып отырмыз. Қаламы қатайып кеткен егде қаламгерлердің өздері де осынау үрдістің шаңына ілесу қамында. Соның бір куәсі жоғарыда тілімзге тиек еткен Н. Ахатұлының «Қазақтың ары» еңбегінің мазмұндық белгілері. Кітаптың мазмұнын құраған «Қазақтың Ары және Рух», «Қазақтың Ары және Намыс», «Қазақтың Ары және Сана», «Қазақтың Ары және Тіл», «Қазақтың Ары және Сенім» атты шағын тарауларда көтерілген күрделі мәселелер, терең пайымдаулар заманауи көркем ойдың өзгерістеріне ілесе білген көкіректен ақ жарылған шынайылығымен, халық мүддесін білдірген азаматтық батыл позициясымен, философиялық ойлылығымен ерекшеленеді. Кітапқа берілген аннотацияда: «Бұл еңбекте көп жылдар білім саласында қызмет атқарған педагог-ұстаз, әдебиетші ғалым Нұртас Ахаттың қазақ руханиятының өткеніне көз жүгірте отырып, тәуелсіздік кезеңіндегі бүгінгі ахуалы мен болашағына деген көзқарасы берілген. Жаңа қоғамдық құндылықтарды қалыптастыруда, оны дамытып жетілдіруде ұлттық зияткерліктің рөлі туралы ой толғамы көрініс тапқан» делінген. Осыдан түсінеріміз автор қал-қадерінше бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның руханият әлеміне барлау жасап, оның қазіргі болмысының тың парағын ашуға тырысып баққан. Кітаптың кіріспе, аңдату бөлімінде автор өз еңбегі жайында былайша ағынан жарылады: «Бүгінгі күн – өте қысқа синтезделген ақпарат пен тұжырымдамалық, тезистік білім принципі іске аса бастаған заман. Кеңес дәуіріндегі «күніне тым құрығанда елу бет кітап оқу» қағидасын тарих қойнауына тапсырдық. Осыған орай кітап қысқа жазылды…Ширек ғасырдан астам білім саласындағы қызметім қазіргі жастардың, бүгінгі қоғамға еркін еніп келе жатқан ұрпақтың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып келе жатқандықтан соларға арналған тағылымдық дүние болсын деген оймен жазылды.
Бұл кітап та оқылмауы мүмкін. Өйткені компьютер басты қоғамның қазанында қайнап жатырмыз. Қысқа әрі нұсқа жазудағы мақсатымыз туындыны ғаламторға «іліп» қоюға ыңғайлы болсын деген ниет. Кітаптың беті ашылмаса да, ғаламторды шарлап, саяхаттап жүрген миллион қазақтың біреуі кезігеді әйтеуір. Парақтайды, көз жүгіртеді, қызықтырса оқып санасын түзейді, ойына ой қосады. Әйтпесе, Абайша айтқандай, «өз дүнием» өзімдікі, көкірегімдегі «менде» қалады…
Қазақ елі үшін ендігі жауапкершілікті тәуелсіздік рухымен өсіп жетілген жастар сезінуі керек. Ол үшін жастарға қажетті бар мүмкіншілікті жасауға тырысу – бәріміздің парызымыз. Кітаптың жазылуы да осындай ойдан дүниеге келген деп түсіне дейміз кемел оқырманға». Екі тілде (қазақ және орыс тілдерінде) жазылған еңбектің өн бойында осынау өткір де көкейкесті, өзекті де өзекжарды проблематикасының егжей-тегжейі, себеп-салдары, шешілу жолдары зерделі қарастырылып, барша ұлттың ұңғыл-шұңғылына жіті көз жіберіп, бүгінгі ұрпақ келешек көкжиегіне қайтсе пұшайман болмай жетеді деген ойды өміріне қазық еткен зерттеуші замандасымыздың тұнық сыры айқын аңғарылады.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда «мал бағуды ғана білетін халық мемлекетін қалай басқарар екен» деп, біздің егемендігімізге жорта жандары аши қарағандар болды. Десе де, санаулы жылдар аясында біз өзіміздің ел тізгінін ұстай алатынымызды көрсетіп үлгердік. Бұл біздің салиқалы ұлт екендігімізді білдіріп қана қоймайды. Текті әулеттің тегі болғанымызды, кешегі дүниені дүрілдеткен ұлы империяның мұрагері екендігімізді, ел болу үрдісіне ие болғанымызға сан ғасыр өткендігін білдіреді. Соның ең басында қазақ халқының тәуелсіздікке деген ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан ұмтылысы жатыр. Қазіргі басты нәрсе – осы тектілікті «Әр қазақ, менің жалғызым!» (Сабыр Адай) демекші, әр қазақтың жүрегіне дендете жеткізуде тұр. Тарих пен қазіргі заман қашанда бірін-бірі демеп, қол ұстасып ілгерілейді. Тек тарихтан саяси және адамгершілік сабақтарын ала білгенде ғана қазіргі мәселелердің түйінін тарқатуға болады.
Азаттық туының тігілуі әлеуметтік даму мен қоғамдық ой-санаға сілкініс әкеліп, ұлттық мұрат-мүдделер тұрғысынан рухани қазыналарымызды сараптауға ұлан-ғайыр мүмкіндіктер туғызғаны анық. Отандық әдебиеттануында ескі соқпақ таптаурыннан арылып, әдебиетті тап күресінің құралы ретінде ғана емес, шынайы көркемдік ізденістер мен күрделі эстетикалық дамудың жемісі деңгейінде қарастыруға ойысу бой көрсете бастады.
Кеңестік жүйенің тал мойынға батқан қыл шылбыры сөз өнерінің тың серпін алып, даму даңғылына түсуге мұрсат бермеді. Төл әдебиеттану ғылымы кеңестік қоғамның дауылы мен сұрапылын басынан кешірді, бұтағын от шарпыса да, өзегін өрт шалмады. Ұлт рухымен қайта серпіліп, қайта көктеді, адақтап, үзілгенімізді сабақтап, отаршылдық сананы аластадық. «Барға – қанағат, жоққа – салауат» дейтін Рух еркіндігі, ел еңсесін тіктеді, сөз өнері дамуға бет алды. Ендеше асыл сөз арнасы мен астарын жаңаша пайымдау – күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселелердің бірі де бірегейі екендігі ақиқат.
Өткеннің өнегесімен өріс ұзартып, өз заманының талап-тілегіне сай үйлесімді үндестік тауып, үдере тартқан уақыт үдесінен шыға білу – қашанда өскелең ұрпақ үшін ұлағатты парыз болмақ. Ал осы парызды өтеу әр ұрпақтың тарих тағылымынан тәлім алып, оны бойына біліктілікпен сіңіре білуіне тікелей байланысты. Өйткені, тарих тағылымы – бұрынғы өткен ата-бабаларымыздың өмір тәжірибесі, елдіктің іргесін бекіткен, ерліктің үлгісін көрсеткен ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі. Тарихи «жады» халықтың өткен өмір жолының тәжірибесін жинақтап, соның жақсысынан үлгі, жаманынан сабақ алатын ұлы мектеп дейтініміз де сондықтан.
Төл тарихымен үндесіп келген, өз ана сүтіндей бойына сіңірген адамдық, ұлттық және діни қазыналы құндылықтарын пір тұтып, сақтаған ұлт, өз болмысын берік іргеге қалап, кемел болашаққа шығара алады. Әйтпесе, өнегеге толы тарихына көз жұмып, кешегі күнін толықтай ұмытып және рухани болмысынан ада қалған жағдайда әр ескен желдің әсерімен «ұшарын жел, қонарын сай білген» қаңбақтай елпілдеп жүретіні хақ.
Кітап авторының негізгі айтар ойы тәуелсіз мемлекет ретінде қазақ елінің тарихы мен түп-тамырын танудың тиімді жолы – өткенін сұрыптап, бүгінгісін таразылап, болашағын бағдарлау мәселелерін бір желіде сабақтастыру. Осымен байланысты мәселенің өзегі – рухани қазыналарымызда сақталған ұлтты ұйытып, тұтастыратын арқауды анықтау. Ол арқау – ар-ождан кодексі, «ар формуласы» арқылы ұлттың рухани тарихы мен таным-тәжірибесін сақтайтын қазынасы, елдік мұрат-мүддесі мен тұтастығын сипаттайтын ұлттық рухтың, намыстың, сананың, тілдің, сенімнің ұлт тұтастырушылық құралы ретіндегі пәрменді тегеуріні.
Көк байрағын желбіретіп, әнұранымен ұрандатып отырған қарға тамырлы қазақ елі қазіргі кездегі постиндустриялдық, технократтық дәуірде сол технология мен терең білімді меңгеруге қанша ұмтылғанымен, өзінің ата-тегін және ұшы-қиыры жоқ байтақ мәдениетін мансұқ етпеуі тиіс. Прагматизмнің, утилитаризмнің, «саналы» эгоизм мен либерализмнің бесігі саналатын батыс өркениетінен бүгінде үлгі алып отырған еліміз, ұлттық рух пен намысты сақтап, жүзеге асырып жатқан инновациялық жобаларды, саяси-әлеуметтік бағыт-тараптарды тек осы «тарихи жады, сана» (anamnesis) бойынша қалыптастырғаны абзал. Мәселен, Батыс Еуропа ешкімнің түсіндіруін талап етпейтін екі адам арасындағы интимдік (құпия) сезімді атышулы өнерге, қып-қызыл бизнеске айналдырып жіберді. Бұл – батыстың рухани мүгедектікке ұшырауының бірден-бір дәлелі болса керек. Бұның бір айғағын Н. Ахатұлы дөп басып дұрыс көрсеткен, «кеңес дәуірінің ассимиляциаланған идеологиясының құрсауынан құтылып, еңсемізді көтеріп, есімізді жиып, етегімізді жауып, бойымызды енді тіктей бергенде батыстың «көбік» мәдениеті мен американдық «экшн», «вестерн» өнердің буына балқып шыға келдік. Енді соның жетегінде кетіп бара жатқан жайымыз бар». Бұл ретте Хакім Абай айтпақшы «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам» қазақтың ділі мен тілін, мәдениеті мен тарихын менсінбеген мәңгүрттерді қазақтың қабіріне қоспаған болар едім. Оған тірі де қажет болмаған қазақ, өлгенде керек болып па!? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» (Құнанбай сөзі). Қазақта бұдан құнды, бұдан құдіретті сөз жоқ. Шәкәрім қажы: «Құнанбай осы сөзді жиі қайталап отырушы еді», – дейді. Адам жанына ең жайлы, ең жақсы көретін сөзді жиі айтатыны белгілі. Бұл сөзді өмір сүру қағидасына айналдырған Құнанбайдай әкеден Абайдай ұлдың тууы заңдылық болар.
Сондағы Абай Хакімнің айтқан АР-ы – қандай категориялық өлшем? Қалай таразыға тартамыз? Жалпы, осы қазақтың АР-ы деген түсінікке қалай бойлаймыз? Автордың көкейіндегі оны мазалайтын көлденең сауалдар осы. Осы сұрақтарға жауап беру үшін автор ең алдымен «ар» дефинициясының семантикасы мен этимологиясына, бұл тақырыпты қозғағанда оның түбегейлі, тереңнен, бастапқы нәрден, былайша айтқанда түпнұсқадан алар философиялық квинтэссенциясына назар аударады. «АР – сөзіндегі [А] әрпінің таңбасы әлемдегі барлық халықтардың алфавитінің басында тұр. Физиологтардың айтуынша, адамның демалу кезіндегі өкпедегі ауаның кедергісіз шығуындағы алғашқы дыбыс, үнді [А]-ға тірейді. Философтар [А]-ны қарсылық, яғни «анти» категорияға телиді. Олар үшін [А] – қашанда қарама-қайшылық формуласы. Ал лингвистер, соның ішінде психолингвистер [А]-ның өкпеден, яғни, адам ішінен еш кедергісіз сыртқа шығатын тұңғыш өнімі дейді. «Тұңғыш лингва өнім!» Герменевтикалық үйлесім. Дүние [А]-дан басталған, даму [А]-дан басталған, [А]-дам ӨКПЕСІЗ. Бұл жерде «жақсы адам» мағынасы іске қосылады. [А]-ның арқасында өріс алады, өмір кешеді. «А, Құдай» деп қазақ «А»-сын айтып, Алласына осыдан кейін барып бас иеді…
…[Р] таңбасы алфавиттің өн ортасында, ал қазақ әліпбиінде 23-орынды иеленіп, «жекешелендіріп» алған. АР формуласында ол ең соңында, аяқтаушы ретінде тұруы керек. Дүниеге келген нәрестенің сәбилік шаққа өтердегі алғашқы мүшелінен бес жас аралығында тілді үйрену циклының ең соңғы машақаты көп, «Logo» дүниенің азабынан өтетін ақырғы «емтиханы» – осы [Р] дыбысы. Ал, біз алғашқы мүшел деп он үшті айтып жүрміз. 13 – екінші мүшел. Дауысты дыбыстардан ғана құралатын бесікте жатқан сәбидің (қырқынан шыққаннан кейінгі) «уілінен» бастау алып, екі аяғынан қаз тұрып, төрткүл дүниені кезіп кететін бүлдіршіннің тілінің шығуы, сөйлеу дүниесін меңгеруін [Р]-мен аяқтауы тегін емес. [Р] – сәбидің, бүлдіршіннің индивидумнан тұлға әлеміне өткеннің беогісі. [Р]-ға тілі келуі оның ендігі жерде [А-ДАМ] болғанын білдіреді».
Әдебиетші ғалым Н. Ахат Абай мен Шәкәрім өлеңдерінен ежелден бергі нысаны адам болмысы, адамды тәрбиелеу, жетілдіру болса, Абай бұл тарапта қазақ қоғамының жеке тұлғасын тәрбиелеудің өркениетті үлгісін сомдаған, жеке адамды түзету арқылы қоғамды түзету, адам баласының өмір сүру барысындағы үздіксіз іздену, өзін-өзі жетілдіру мәселесіне ден қойғанда ғана тіршілікте үйлесім болатындығын ақындық шеберлікпен көркем бейнелегенін ғылыми жұмыста нақты шығарманың үзінділерін дәйекпен келтіре отырып дәлелдейді. Ардың киесі сіңген Хакім Абай мен Данышпан Шәкәрім туындыларының сөз өнеріне деген айрықша сүйіспеншілігі мен ықыласын оның айшықты сөз оралымдары кейіпкерінің көңіл күйімен қоса, оның рухани ой-дүниесінің терең қырларын тануға да мүмкіндік беретінін талдап көрсетті.
Әр дәуір, әр заманда (қамшының сабындай) қысқа ғұмыр кешетін әр ұрпақ өкілдері қоғам, халық мүддесі үшін қолдан келгенін жасап, тіршілік додасында әркім әр қырынан, әр қиядан көрінуге тырысатыны табиғи жайт. Сонымен бірге таусылмастай көрінетін фәни жалғанда кісілік, тектілік, ірілік, әділдік, тазалық, дегдарлық сондай-ақ кірпияздық, майдалық, пенделікке тели салатын басқа да толып жатқан дәйістік, ұсақтық, екіжүзділік, қараулық қисапсыз-ақ. Өмір солай дейсің бе? Солай болса, солай. Таласпаймыз. Бірақ әлгі мұрындарынан тізген (тізілмей қалғандарына салауат) сиықсыздықтар ішінде айтуға ауыз бармайтын (олардан да өткен) тағы бір сорлылық бар. Ол – арсыздық. Иә, иә, кәдімгі көлгірлікпен туыстас, басы жұмыр пендемен қосыла қуанып, қосыла қайғырудан алты қыр алыс, жымысқы, ішмерез ұятсыздық. Қас-қағымда сағыңды сындырып, жаныңды жаралайтын, пұшайман етіп, күмән-күдік, өкінішке бөктіретін көргенсіздік. Мiне, осындай ақуалда ұлы бабамыз Шәкәрім көрегендiк танытып, болашақта болатын арсыздық апаттарды алдын-ала болжай бiлдi. Оның кенеттен жарқ еткен ар-ұждан идеясын мыңдаған жылдарға созылған қазақ руханиятының квинтэссенциясы (тұздығы) десек те болар.
Адам бойындағы осынау қасиеттердің қыр-сырын тереңнен толғап, байыппен баяндаған, тақырыбы жүйелі, тартымды да тағылымды Н. Ахатұлы кітабын оқи отырып, оның әр бетінен ар концепциясы төңірегінде толғаған ұлылық пен суреткерлік бітімі оқшау Абай шығармаларының үзінділерінен шөліркеп қалған қазақ рухани кеңістікке нұрлы жаңбырдай қуат дарыған сөздерін жиі ұшырасамыз. Зерттеушінің Ұлы ақынға деген осынау компилятивтік құштарлығын түсіну қиын емес. Өйткені, Абай – қазақ халқының рухани айнасы. Жер бетінен ең соңғы қазақ жантәсілім еткенде Абай сөзі оның денесімен бірге суиды. Кез келген ғылым атаулысы – рухани нұр. Білімнің мақсаты пендені шен мен шекпенге жеткізу емес, (Би болу, болыс болу өнер емес (Абай)) керісінше иманы саламат кәміл адамиятқа көтеру. Себебі рухани сәуле сіңген кеудеде қараңғылық (жаһилдік) тұрақтамайды. Ғылымның обьектісі «Іштегі кірді қашыру» болса, нәтижесі «Адамның хикмет кеудесіне» (Абай) айналдыру. Автордың да айтпақ ойы бәлкім, осы.
Қазақтың Арын саралауда, қоғамдық-саяси, әдеби үрдіс-үдерістің астарлы ағыстарын сезінуде Нұртас Ахатұлы құрғақ, сырғақ академизмге бой алдырмайды. Кітап авторы сөйлемді силлогизммен тиянақтауға, ойдан ой түюге машық. Замандастары, алдыңғы буын ағалары туралы қызықты оқиғаны ойнатып әкеп, әр сөйлемін сол тұлғаның мінез иіріміне арнай келіп, «жалған намыс қасиет емес, ар сақтаған қасиет» демекші, абыройлы өмір бізге несімен қымбат деген философияға табан тірейді. Ар категорияларын жіпке тізгендей етіп тәптіштеп талдау барысында автор әр ұғымның дүниетанымдық болмыс-бітіміне, күрделі табиғатына үңіледі. Мәселен, «Бүгінде қазақтың КІСІЛІК тәрбиесінің қаймағы бұзылған. Ғасырлар бойы қалыптасқан, сонау көшпенділер дәуірлерінен бері іске асырылып келген «шаңырақ тәрбиесі», «босаға тәрбиесі», «қосарлама тәрбие», «ата-әжелік иерархия тәрбиесі» т.б. тәрбие көздерінің көбесі сөгілді. Оған бүгінгі «темір» өркениет, бүгінгі конгломерат әлемнің маргинал дүниесі кінәлі…
Қазақ РУХ тәрбиесінде КІСІЛІК жүйеден айрылып қалуы мүмкін. Әр ұлттың, әр халықтың салт-дәстүріндегі тек өздеріне ғана тән, ұлттық кодымен берілген ерекше геналық қасиеті болады. Қазақта – КІСІЛІК, шешенде – қайсарлық, орыста – шыншылдық, немісте – мақтақам үнемшілдік т.б.», – дейді. Автор осының бәрін жай ғана баяндап шықпайды. Құрғақ суреттемейді. Жүрегі қан жылап отырып жанайқайын жасырмай жазады.
Автор мәтіні алғырлығымен, байқағыштығымен, әсіресе саяси өмір құбылыстарын жіті бақылай алатынымен ерекшеленеді. Ол қоғамымызда орын алып отырған небір келеңсіз ситуацияларды өткір әшкерелеп, өзгелер байқамаған ұрымтал тұсты қалт жібермейді. Өкiнiшке орай, қазақ елiндегi реформаларды жүргiзу сатыларының алғашқы кезеңдерiнде халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дiлi мен руханиятымен санаспайтын технократиялық ағымға негiзделген саясат басым болып, оның қаншама терiс әсерiн тигiзгенiн қазiр ғана сезiнiп жатырмыз. Мен-мендiк, қоғамдық пiкiрмен санаспаушылық, өткен тарихи сатыны толығынан терiстеу, адамдардың бiр-бiрiнен жаттануы, шен иелерiнiң жемқорлығы, екiжүздiлiк, тәкәппарлық т.с.с. келеңсiз құбылыстар тек адамгершiлiкке, ар-ұжданға негiзделген саясат арқылы ғана жеңiледi. Оны естен шығармауымыз керек деген сияқты қағиданы ортаға ұсынады. «Ар – біздің күретамырымызда! Тек өркениет күнбатысқа көшкен тұста, ренессанстық орта ғасырлардан бастап ХХ ғасырдың соңына дейінгі ассимиляциялаудан кейін оны көлеңкеге түсіріп алдық. Дәлдігінде, АР-ға өзіміз көлеңке түсірдік… Әлі күнге дейін аспанға қарап, біреуден жақсылық күтіп отыратын «құлдық» психологиямыз бар. Еркін дем алып, тәуелсіздікте жиырма үш жылдан астам өмір сүрсек те, сол кейіптен арылғымыз келмейді. Өйткені, біз үшін, біздің ұлт үшін басқалар бас қатырды, ойлады, басқарды, билік етті. Айлық «садақасымен» күн көріп отырған мұғалім, дәрігерден бастап мемлекеттің миы болар бүгінгі депутат пен министрге дейін солай. Сондықтан, бізде министр де, әкім де, депутат та, яғни, атқарушы билік пен өкілетті билік өкілдері бісмілласын тек «Елбасының айтуымен», «Президенттің тапсыруымен», «Ұлт көшбасшысының өкімімен» деп қызмет атқарады. Ертең жазатайым қателік, кемшілік болса, бәрін үйіп-төгіп бір адамға жаба салады, итере салады. Өзін сүттен ақ, судан таза етіп ақтап ала қояды. Бұл – ғасырлар бойы бізге жасалған ассимиляцияның жемісі», – дейді автор. Оған дау жоқ, дәлел керек емес. Автордың жан-жүрегін шамдандырған нәрсе бар. Көңілі қарайған. Тереңіне бойлатпайтын парасатты пайым құрылым түзілісі жатыр. Жай сөзбен қанша өрнектесең де, ащы толғағын айтып жеткізу мүмкін емес.
Ел жұртымызға пайдасы тиетін жағдайдың өзінде кез келген саладағы заңдарға еніп жатқан өзгерістер үшін ұлттық рухтың өзегі ешуақытта үзілмеуі тиіс. Қиылған жағдайда отаншылдық сана – сезімнен ажырап, ұлттық болмысынан жұрдай болған, батысша өмір сүргісі келетін, санасын сағым буған жас ұрпаққа ұлы рухты жеткізе ала алмайтын тұстар бары жасырын сыр емес. Елімізді, жерімізді сақтаудың бірден-бір сара жолы – этностық идентификация процесі мен отаншылдық сана сезімді сақтау болмақ. Отаншылдыққа жетілдірудің жолы – ұлттық тәлім-тәрбиеден, иманды да салиқалы диалогтан бастау алады. Әлбетте, бұның тереңінде ана тіліміз, иман дініміз, рухани мәдениетіміз жатыр.
Жаһандану құбылысының аршындап келе жатқан аждаһалық лебі айқындала бастағаннан-ақ есті елдер ішін жиды, ұлттық ділін қайтсе сақтап қалудың қамында. Демографиялық саясатта жартыкештік шаралардың неге апарып соғатытынын алдын-ала сезген Ресей елінің қазіргі ұстанымы кімді болсын ойлантарлықтай. Ал бізді ше? Халықтың табиғи өсімін үш есе төмендетіп алғанымызға қарамастан 20 миллиондық межеге қол созуымыз сөз бен істің алшақтығына куә боларлық жәйт. Ұлт қарашығы Мұхтар Әуезовтің «Бесігіңді түзе» деген нақылы ұмыт болып бара жатқанына көңіл құлазиды. Ұлттық діл тамыр тартатын ауыл-үйдің іргесі бекудің орнына керісінше болашағы бұлыңғыр дейтұғын айналып соғар құйын саясатқа қайта-қайта ұрынып, қатары қожырап, бәсі мен десі күннен күнге бәсең тартып төменшіктеп бара жатқаны алаңдатпай қояр ма. Қазақы рухқа қамшы сілтене беретінін күнде көріп жүрсек те оған қыңқ етпейтін мінез бізді ұшпаққа тегі ұшыра қоймас. Ұлттық ділге тікелей шабуыл кезінде Ұлттық волютамыздың реңі мен ішкі мәнінің жоғалып кетуіне ішіміздің ауырмағаны қалай? Есесіне біздің жәрәукелі, жасқаншақ қадамымыз бен пиғылымызды дәріптеп жер-көкке сиғызбай мадақтайтын дұшпанкөзге еріп Алланың құлы, Пайғамбардың үмметі, айналып келгенде ұлт өкілі болудан қалып кететініміз әлдеқайда қауіпті.
Соңғы жылдары жоғарыда сөз болған «ғаламдастыру» яки «жаһандану» жөнінде, оның қоғамға тигізер әсері жайында жүйелі ой түзіліп, сүбелі еңбектер жазыла бастады. Оған да шүкір дейміз. Себебі, осыдан он шақты-ақ жыл бұрын қазақ қауымының қарны ашып тұрған тұстарда дүниенің байлауы – тесік тамақты тығындау, болмыстың мұраты – баюдың бағаналы жолын табу сияқты болып еді.
Қазір де қоғамымыздың басым бөлігі осы мақсат төңірегінде тырбанып жатыр. Алайда көктемгі көктің сабағындай қылт еткен ұлттың дарабоз бір тобының жаһанданудың жұмырына қазақты жұтқызбаймын деп тұншыға шырылдаған дауысы тобырдың толассыз ызыңы мен тоқтамайтын дау-дамайынан үзіліп естіле бастады. Әрине, еститын құлаққа, түйсігі бар санаға… Осы көкірегі ояу, көзіқарақты зиялы топтың пайымдауынша елдің экономикалық өркендеуі де, саяси дербестігі мен рухани келбеті де ұлттық идеология мен ұлттық идеяның негізінде дамиды екен. Демек, өркениет деген өріске шығу үшін ұңғылап мұнай іздемей, ұлтты өрге бастайтын да, етектен тартып жерге түсіретін де өткен күн мен осы күннің зиялыларының идеяларын қалайша жүзеге, кәдеге асыратын сара жолдарын іздеуіміз қажет болып отыр.
Атам қазақтың «ит жоқ жерде шошқа үреді» деген сөзі бар. Осыдан шығар тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні дәл осы ұлттық рухты ояту, ұлттық ар-ожданды, намысты жану секілді халыққа бүгін ауадай қажет идеологияны, әйтеуір зиялы қауым болса, әлдеқашан қолға алатын уақыт болды. Әйтпесе, әлдебір әумесер «аруақтап» шықса, әлдебір әулекі «ұлтың құрысын, байысақ болды» дегендей дәулетіне масайрап, дандайсынып отырса, Махамбет бабамыз айтқан «ел – диуана» болмай ма? Осыны көріп отырып, қашанғы қалғимыз? Біз үшін мұны кім істемек? Біздің ұлттық дербестігіміз бен тіліміздің баянды ғұмырын көре алмай қаншама қайрап салушы сырттан, қаншама шотсалғыш іштен амал жасап жатыр? Көзіміз көріп, көк желкемізбен осыны сезіп отырып, ұлтымыздың бір бөлігі өзінің ана тілін білмек түгілі, оны мұрын шүйіре менсінбейтінін, таптайтынын, қайсыбір жастарымыз дінін адастырып, қайсыбір қандасымыздың қарттары мен туған төліне жасап отырған қастандығын көріп отырып, көзжұмбай бола береміз бе? Мұның ақыры не болады?
Осы «қасқа жолмен» тарта берсек, енді бір 30–40 жылда Сібірдің сормаңдай халықтары сияқты барлық ұлттық белгісі тек бет әлпетінде сақталған, әлжуаз, дүбәра «бай-қуатты» ел боламыз. Сонда бір кездері келер саналы, намысты ұрпақ ұрымтал тұста ұлтының үрдісін ұстай алмаған алдыңғы буын ағаларын қарғамас па екен? Бейіттерін бұзып мүрделерін қорламас па екен? Кешегі құдайсыздық һәм атеистік идея орыстың етегінен жем жеген мертік пен шартықтарды, ұлтсыздар мен тексіздерді тәрбиеледі. Соның кесірінен некесізден – жетесіз, жағымпаздан – жандайшап, тексізден – құл-құтан, зинақордан – зұлым ұрпақ дүниеге келді. Бүгінгі қазақ қоғамын жайлаған індеттің сиптомы осы.
Осы орайда автордың мына бір ойын назарға ұсынсақ: «Мені толғандыратыны: осы кезеңде, осы уақыт аралығында біз дүбара жастардың проблемасын туындатып алмаймыз ба деген ой мазалайды. Бұл кезінде Америкада «60-жылдардағы жоғалған ұрпақты» тудырып, арты үлкен әлеуметтік текетірестерге әкелгені белгілі. Сондықтан, баршамыз жабылып атқаратын іс – бүгінгі қалаға көшіп келген жастардың жаңа көзқарасын, дүниетанымын, этика-эстетикалық талғамын қалыптастыру болып табылады. Яғни, қазақтың АР-ы ендігі жерде қалалық жаңа қазақтық ракурсте қалыптасуына тірек болуы тиіс». Не болмаса, «Ұлтшыл дегеніміз кім? Бұл – өз ұлтының АР-ын бойында сақтай білген, рухы биік, санасы мен сенімі жоғары, ділі мен тілін қастерлеген жоғары ойлы адамның тұлғалық формасы. Ұлтшыл деп өз халқының мақсаты мен мүддесі үшін жан аянбай қызмет ете алатын, қиын шақта өмірін де арнайтын, жанкешті ерлік жасай алатын адамды атайды». Яғни, автор бұл жерде елдің, ділдің, тілдің сақшысы әлбетте Ар екендігін аңғартады.
Тарихта қоғамдық өзгерістердің негізіне айналып, келешек ұрпақтың тағдыры мен талайына ерекше ықпал ететін құбылыстар болатыны белгілі.
Өткен күндерге көз жіберіп, кәрі тарихтың қойнауына үңілсек, ең алдымен мұндай құбылыстар адамзат баласының білім алып, ғылым іздеуінен келіп туатынын байқаймыз. Қазақ халқы тарихының соңғы дәуірінде небір қилы замандар болды. Азамат ат жалын құшып, ер етегіне сүрінген күндер де өтіпті. Тап қазіргі уақыт қым-қуыт күйбең тіршілікке, сүреңсіз жағдайларға толы. Адамның ойы мен ішкі жан сарайы көркемділіктен, әдемілікті бағалай білуден арылып барады. Мұхтар Әуезовтің «Әдебиетті білмейтін адам толыққанды интеллигент емес» деген сөзінің заманы өтіп, бояуы өшіп, тоза бастаған секілді. Ғылым мен техника жаңалықтары қоғам ортасына үлкен өзгерістер әкеліп, жылдамдықты, нақтылықты талап етіп отыр. Адами ұлы қасиеттер, рухани тәрбие, мінездің көркемділігі тасада қалып, алдыңғы қатарға мансап қуғызған қызмет пен пайдакүнемділік шықты. Жалғызіліктілік, жеке басының қамын күйттеу, қу тіршіліктің соңында бар өмірін сарп етіп, жағымпаздылықты жалау қылу сияқты көріністер бүгінгі сұрықсыз ортанын басты белгісіне айналды. Бұл жағдайға бір мезетке мынау дүрбелең заманнан бас тартып, бір сәтке бойын аулақ салып, замана шындығына сын көзбен қараған адам куә.
Осы орайда оқырманды ынтықтырып, бүгінгі діни ахуал хақында тұшымды пәлсапаға жүгінетін Н. Ахатұлы, «Халық арасындағы сабырсыздық пен тұрақсыздық, өтірік айту мен арсыздық, жауапкершіліктің жоқтығы мен жалған жала, өсек пен екіжүзділік тәрізді рухани дерттерді дін түсінігінде бір сөзбен «имансыздық» деп атайды. Ал имансыздық ұяттың жоқтығынан пайда болатынын данышпан Абай хадиске сүйене отырып былай дәлелдейді: «Пайғамбарымыз салалаһу ғалайһи уәселәмнің хадис шарифінде айтыпты: «Мән лә хаяһүн уә лә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят өзі иманның бір мүшесі екен». Автордың күретамыр ойы, қазіргі қараңғы, аждаһа заманда оң көзіміз Құран, сол көзіміз Сүннет болуы тиіс. Әйтпегенде әп-сәтте адасып кетуіміз мүмкін деген байламға саяды. Ендеше адамнын адамшылығын кемітетін жан дерттеріне тосқауыл қойып, ұят пен иманды, көркем мінез бен ізгілікті ұстанудың амал-шарттарына жүгінуге тура келеді. Біздің қоғам өзін-өзі танудың және тәрбиелеудің бірінші шарты ретінде дінді ұстанады. Түзу жолда жүріп-тұру үшін, өзінің сұм нәпсісін құрықтау үшін құдайды тануға бет бұрады. Дін – рухтың бостандығы. Ол ең алдымен адамның өз ішіндегі надандық пен кедейлік, қорқақтық пен жағымпаздық секілді кіші пұттардан тазалануға үндейді. Сонда ғана рух нағыз бостандыққа жетіп жалғыз Жаратушыға құлшылық ететін болады. Бұл бостандыққа ие болған адам ең еркін, ең бақытты адам болмақ. Дін, Аллаға деген кіршіксіз махаббат пен берік сенім адам жанын мейірбандылыққа бастайтын бірден-бір ізгі құрал болып табылады. Екінші кезекте, адамды адам етіп қалыптастыратын, әсіресе жүрегіне тыныштық пен ізгілік сезімін сыйлайтын «құрал» ол – көркем әдебиет. Сұлу сөзбен рухани дертке дауа болатын, шығарма идеясы мен мазмұны терең әрі тәрбиелік мәні зор әдебиет атты әдеміліктің әлемі.
Әдеби шығарманың құдіреті тым күшті. Жүрегіңе жылулық дарытып, көзіңе жас әкелетін де, ар-ұятыңды тереңінен танытып, кемел адам етіп тәрбиелейтін де – әдебиет. Академик З. Қабдолов айтқандай, «әдебиет – ардың ісі» дегеніміз осы. Қоғамды, мемлекетті, әрбір жеке адамды тәрбиелеуде көркем шығарманың көлемі емес, тіпті көркемділігі де емес, мазмұны мен идеясы өте маңызды қызмет атқарады. Тілі көркем, идеясы солқылдақ шығармалар оқырманды жалықтырып жіберуі әбден мүмкін. Ондай шығармалардың шаң басып, қалтарыста қалатын бірден-бір себебі де сол – оқушының көкірек көзін ашып, салмақты ой тастай алмайтындығы. Адамзатқа берер үлгісі, ұсынар тәлімі мен тәрбиесі мол, идеясы ізгілікті насихаттайтын, оқиға желісі құдайға деген махаббатқа, барлық бауырластарды суюге деген ұлы сезімге құрылған туындылар ғана мәңгі жасаса керек-ті.
«Күрделі ойды қарапайым жеткізе білу – шеберлік» дейді ұлы жазушы Лев Толстой. Біз де бұл ретте ардың ісін арқалап, ұлт намысын қайраған, тағылым мен танымға толы, тәрбиелік мәні зор Нұртас Ахатұлының «Қазақтың ары» кітабынан негізгі айтар ойы мен идеясына сәл де болса иек артып, ой түйіндерін қорытып, қалың оқырман көпшіліктің керегіне жарап қалар деген ізгі ниетпен ұсынып жатқан жайымыз бар.
Адамның негізі анасының сүтінен, атасының қанынан, ата-бабасының рухынан, ішкен суы мен жеген асынан, жұтқан ауасы мен басқан топырағынан, естіген әні мен тыңдаған күйінен және алған білімі мен көрген тәлімінен, үйренген ілімінен болмақ. Нұртас Ахатұлы осы қағидаларды өзінің еңбек жолында темірқазық етіп ұстап келе жатқан Ардың сақшысы деуімізге әбден болады.
Бұрнағыны тізбегенде, мешін жылы мешел қалге түсіп қалжырап тұрған қазақты репрессия жарақаты реанимациядан бірақ шығарды. Қазір де қазақ жансақтау бөлімінде (өмір мен өлім арасында) жатыр. Қатты соққыдан қыруар қан жоғалтқан бұл миләттің миы шайқалып тілі күрмелді. Ендеше есінен танған қазақтың ажалына араша түсіп қаны мен жанына донор болар жанкешті арлы азаматтар қажет-ақ шіркін. Ол арлы азаматтардың қатарында Нұртас Ахатұлының орны ала-бөтен.
«Ақынның шынайы шығармашылығы, ойшылдың дуалы диалектикасы, зерттеушінің шымыр шеберлігі – ұлы ғалымды қалыптастыратын құрамдас бөліктер, міне, осылар», деген ойшыл К. Тимирязевтің сөзімен пайымдасақ, алған бағытынан таймаған, халық зердесіне киелі сәулені себезгілеп құнды мұрат тұтқан текті тұлғалардың бірі Нұртас Ахатұлының келелі еңбектерінің, қыруар қызметінің мән-маңызы ешқашан ортаймақ емес.