СӨЗ САЗЫ ЕРЕЖЕЛЕРІН ИГЕРУДЕ ЕСКЕРІЛЕТІН ЖАЙТТАР
Қазақ тілінде сөздерді дұрыс айтудың (дыбыстаудың) негізгі-негізгі заңдылықтарын, яғни сөз сазы ережелерін саралап көрсетпес бұрын, осы қағидаларды жақсы түсініп, дұрыс игеруге қатысты бірқатар жайттарды әңгімелеу қажет. Олардың бірі – сөйлеу үстінде сөздердің екіден-үштен топтасып, бір деммен айтылатындығы.
Сөйлеу актісінде айтылуы жағынан сөздердің бір-біріне ететін ықпалы, дыбыстық өзгерістері бір деммен топтасқан сөздердің1 ара-жігінде және өн бойларында пайда болады. Сондықтан ең алдымен “бір деммен топтасқан сөздер” дегеніміз не, яғни сөздер қандай жағдайда бір деммен, бір ырғақпен, бір ритмикаға топтасып айтылатындығын біліп алған жөн. Өйткені сөйлеу барысында қатар айтылатын кез келген сөздер бір-біріне әсер етіп, дыбыстық өзгерістерге ұшыратпайды, белгілі бір тіл заңдылығымен ғана топтасатын сөздердің аралығында немесе өн бойларында фонетикалық құбылулар пайда болады.
Қазақ тілінде сөйлем ішіндегі сөздер дауыс ырғағы жағынан әрқайсысы бөлек-бөлек айтыла бермейді, көбінесе екі-екіден немесе екі- үштен бір ырғақты топ құрап, бір деммен үндесіп, үйлесіп айтылады. Мысалы, анықтауыш пен анықталатын сөздер бір ырғақпен жымдасып, дыбыстары бір-біріне ықпалын тигізіп айтылады: айдыңгөл (жазылуы: айдын көл), сұлұуғыз (сұлу қыз), қарөлең (қара өлең), ағайдын (ақ айдын), саратан (сары атан). Сол сияқты екі сөзден тұратын күрделі етістіктер де бір ырғақты топ құрайды: келеғалды(жазылуы: келе қалды), алалмады (ала алмады), жетіппарды (жетіп барды), қолғойдұ (қол қойды). Бұл айтылғандарға мәтін арқылы мысал берелік. Мысалды жазуда әр топтың жігін бір тік сызықшамен, сөйлем аяқталып, толық тыныс (пауза) болған жерді қос тік сызықшамен ажыратып көрсеттік, демек, бір тік сызықшаның ішінде тұрған сөздер ырғақты бір топ болып саналады. Топ құрайтын сөздер шартты түрде қосылып жазылып, дыбысталу қалпы транскрипцияланып көрсетілді.
Мысалы:
Құйрұғұжоқ / жалыжоқ/ Құлаңғайтып / күңгөрөр // Айағыжоқ /қолұжоқ/ Жылаң ғайтып / күңгөрөр //
Асанқайғы толғауынан деп айтылып жүрген бұл сөздердің жазылуы: Құйрығы жоқ, жалы жоқ
Құлан қайтіп күн көрер.
11 “Сөз сазы” орфоэпиялық ережелерді ұсынған (“Ғылым” баспасы, 1983) анықтағыш құралда бұларды “ритмикалык топ” деп ”орысшалау” атаған болатынбыз. Енді “қазақшалап” “ырғақтык топ” деп атағанды жөн таптық.
Аяғы жоқ, қолы жоқ Жылан қайтіп күн көрер.
Прозаға қарағанда өлең тіркестеріндегі сөздердің топтарын ажырату оңайырақ, өйткені өлеңнің өзі ырғаққа құрылатындықтан, ондағы сөздердің топтасуы өз-өзінен шығып тұрады, оның үстіне бұған әр тармақтың ара- жігі, ұйқас дегендер де көмектеседі.
Қара сөзбен келген текстерде де сөздер топтарға жіктеліп айтылады. Мысалы, “Қарагөз” драмасындағы Сырымның мына монологіндегі сөздер былайша топтасады:
Қырықкүн // қаралығайғымен / жылаумен / кырықкүнөттү // алдағашан / өлөрмін / итөмүрден / кетермін / дебедім // әлігүнгө / менарсыз / тірімін // кімдігүтөм / нені / медеуғылам / нетілеймін //.
Бұл текстің жазудағы түрі: Қырық күн! Қаралы қайғымен, жылаумен қырық күн өтті. Әлдеқашан өлермін, ит өмірден кетермін деп едім. Әлі күнге мен арсыз тірімін! Кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін?
Ырғақтық-мелодикалық топтардың ара-жігінде әрдайым айқын сезінерліктей дауыс кідірісі (пауза) бола бермейді, анық пауза көбінесе сөйлемнің соңында, бірыңғай мүшелердің арасында, оңашаланған не айқындалған мүшелердің айтылуында, тағы сол сияқты синтаксистік жіктердің аралығында болады. Мысалы, жоғарғы тексті терең паузаларға қарай ажыратсақ, былайша белгіленер еді (бұл жерде паузалардың ара- жігіне үш тік сызықша қойылды): Қырықкүн / // қаралы қайғымен /// жылаумен қырықкүн өттү /// алдағашан өлөрмін /// ит өмүрден кетермін дебедім /// әлігүнгө /// менарсыз /// тірімін /// кімдігүтөм /// нені медеуғылам
/// нетілеймін ///.
Мұндағы бірінші пауза (қырық күн дегеннен дейінгі) өз алдына сөйлем іспетті. Сырым бұл монологінде “қырық күн” деп бөліп айту арқылы Қарагөздің қазасын, ол қазаның халық дәстүрі бойынша белгілі бір меже- мерзімі өткенін (қырқы өткенін) білдіреді де, сол уақыттың ішіндегі өзінің жан күйінішін баяндайды. Қаралы қайғымен, жылаумен дегендердің арасындағы пауза бірыңғай мүшелерді ажыратады. Қырық күн өтті дегеннен кейінгі пауза сөйлемнің соңындағы дауыс үзілісін танытады. Келесі екі пауза тағы да бірыңғай мүшелерді ажыратады да, деп едім дегеннен кейін сөйлем аяқталады. Ал мен арсыз дегеннің екі жағынан паузаның болуы оның орны ауысқан, логикалық екпін түскен бастауыш екеніне байланысты. Тірімін, кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін дегендердің арасындағы пауза олардың бірыңғай баяндауыштар екендігіне байланысты.
Міне, сөйлем ішінде осы тәріздес ырғақтық топтардың ара-жігінен өзге тұстарда да паузалар болады екен. Бұл паузалардың басым көпшілігі ырғақтық топтардың жігіне сай келеді.
Сөйлеу үстінде сөздер мынадай сәттерде бір ырғақпен айтылып, топ құрайды.
1 . А н ы қ т а у ы ш п е н а н ы қ т а л а т ы н с ө з д е р бір деммен
айтылады да, бір топқа енеді. Мысалы, қалқан құлақ, шегір көз, қара қарындаш, ақ ерке, тас жол, аямас жау, алты ай, қара аспан, ақ орамал, екі қап дегендердің алдыңғы сөздері (қалқан, шегір т.б.) – заттың түрін, түсін, сипатын, қасиетін, тегін білдіретін анықтауыштар, соңғылары – анықталып тұрған сөздер. Мұндай бір ырғақты сөз топтарының компоненттері (құрамды бөлшектері) бір-біріне ықпалын тигізеді, сондықтан олардың жазылуы мен айтылуы бірдей түсе бермейді. Жоғарғы сөздердің дұрыс
жазылуы:
қалқан құлақ шегір көз
қара қарындаш ақ ерке
тас жол аямас жау алты ай қара аспан
айтылуы:
қалқаңғұлақ шегіргөз қарағарындаш ағерке ташшол айамашшау алтай қараспан
Бұл айтылғанға мысал ретінде Абайдың мына бір шумақ өлеңінің дұрыс оқылуын (айтылуын) көрсетейік:
Аласаз / қарагөзү / айнадайын // Жүрөкке / ыстықтійіп / салған сайын // Үлбүрөген / ағетті / ашығжүзді // Тісәдемі // көрүппең / кыздыңжайын //
Анықтауыш пен анықталғыштан тұратын топтардың барлығының бірдей айтылуы мен жазылуы бұлайша алшақтана бермейді. Мысалы, алтын сағат, ағаш қасық, бұраң бел, жомарт адам, арық қой деген топтар қалай жазылса, солай айтылады, өйткені бұлардағы сөздердің бір-біріне тигізетін әсерінде дыбыстық өзгерістер болатын сәттер жоқ.
2. Т о л ы қ т а у ы ш пен б а я н д а у ы ш , б а с т а у ы ш п е н б а я н д а у ы ш , п ы с ы қ т а у ы ш п е н б а я н д а у ы ш араларына сөз түсірмей қатар келсе, жай хабарлау ретіндегі сөйлемдерде олар бір деммен айтылады. Мысалы, Біз үйге кеттік деген сөйлем Біз/үйгөгеттік болып айтылады. Сол сияқты Жолаушы тез келді дегенді Жолаушы / тезгелді деп айту керек. Мұндағы үйге, тез деген сөздер – толықтауыш, пысықтауыштар да, кетті, келді дегендер – баяндауыштар. Сондықтан тезгелді, үйгөгеттік болып үндесіп айтылады.
Кейде баяндауышқа логикалық екпін түсіру керек болады. Ондайда баяндауыш дауыс ырғағы жағынан дара айтылады да, алдыңғы сөзбен үндеспейді. Мысалы, “Еңлік-Кебек” пъесасында Кебек елден пана таба алмай, тау кезіп, тас кешіп кететінін білдіріп: “Ал / біз / кеттік!” – дейді. Мұнда кеттік сөзіне ой екпіні түсу керек, сондықтан бастауыш,
баяндауыштар қатар тұрғанмен, кеттік сөзі ырғақтық топқа кірмейді, демек, басқы дыбысы ұяңдамайды. Тағы бір мысалға мына екі сөйлемді салыстырайық: Меңгөрдім / ұзұнғайың / құлағанын // (Абай). Мен қазақпын / мың өліп / мың тірілген // (Ж.Молдағалиев). Алғашқы өлең жолында бастауыш пен баяндауыш үндесіп айтылады (меңгөрдім), өйткені мұнда көрдім сөзіне ой екпіні түсіп тұрған жоқ, ал соңғы өлең жолында мен
/ қазақпын деген бастауыш пен баяндауыш екі бөлікте айтылуға тиіс, өйткені ой екпіні өзге ұлт емес, қазақпын дегенге түсіп тұр, сондықтан меңғазақпын деп үндестірмей, мен қазақпын деп оқыған дұрыс.
3. Қазақ тілінде фраза мен идиом деп аталатын қалыптасқан тұрақты тіркестер бар, олардың көпшілігі екі-үш сөзден тұрады. Бұлар да бір деммен дыбысталатын тұтастық құрап, жымдасып, кірігіп айтылады. Мысалы:
жазылуы:
ашық ауыз
көз көрім (жер) қарға адым
қас пен көздің арасында қырғи қабақ
айтылуы:
ашығауұз көзгөрүм қарғадым
қаспеңгөздүң арасында қырғиғабақ
Әрине, тұрақты тіркестердің барлығы айтылуда бұлайша дыбыстық өзгеріске ұшырай бермейді. Мысалы, ат ізін салмады, таң сыз берді, ауа жайылды деген сияқтылар жазылған күйінше айтылады, өйткені бұларда да компоненттер арасындағы дыбыстық ықпал өзгеріс туғызбайды.
4. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана іс-әрекет атауын білдіретін күрделі етістік дегендер болады, олар да бір ырғақпен айтылады.
жазылуы:
ала келді келе алмады бармап па еді айтып берді оқып отыр
айтылуы:
алагелді келалмады бармаппеді айтыпперді оқыботұр
Күрделі етістіктердің басым көпшілігі бір деммен айтылғандарымен, дыбыстық өзгеріске ұшырамайды, өйткені бұлардың сөз аралығында үндестік заңдарына қарай дыбыс икемделуі жоқ. Мысалы, келе жатыр, бара бер, айтып қой деген сияқты күрделі сөздер жазылған түрінше айтылады.
Күрделі етістіктердің екінші бір тобы пайда көрді, қол қойды, жүрек жалғады, көз көрген, доп ойнады, асық атты, еске алды, қайқаң қақты
сияқты есім мен етістіктен тұратындар болып келеді. Олар да топ құрап, бір ырғақпен айтылады. Жоғарғы мысалдардың айтылуы былайша болады: пайдагөрдү, қолғойдұ, жүрөгжалғады, көзгөргөн, добойнады, асығатты, ескалды, қайқаңғақты.
5. Ол, бұл, сол, не деген е с і м д і к т е р м е н келген тіркестер де ырғағы жағынан біртұтас болып айтылады. Мысалы: солгезде, бұлгүндері, бұлғалада, олғыз, негерек, негеремет, неғылсаң оғыл. Бұлардың жазылуы: сол кезде, бұл күндері, бұл қалада, ол қыз, не керек, не керемет, не қылсаң о қыл.
6. О, а, я, е сияқты о д а ғ а й л а р м е н келген қаратпа сөздер бір дауыс ырғағымен айтылады да, қаратпа сөз қ, к дыбыстарынан басталып тұрса, бұл дыбыстар ғ, г болып айтылады. Мысалы:
жазылуы:
а Құдай
о керемет я қызым
айтылуы:
ағұдай огеремет йағызым
7. Б і р і к к е н с ө з д е р де бір ырғақтық топ құрайды. Олар қалай жазылған күнде де (түбірлерін сақтап немесе сақтамай) бір-біріне үйлесіп, үндестік заңдарына бағына айтылады. Мысалы:
жазылуы:
шекара
айтылуы:
шегара
күздігүні күздүгүнү
Жезқазған Жезғазған
Сарыарқа Сарарқа
өнеркәсіп өнергәсіп
кәсіподақ кәсібодақ
жанкүйерлер жангүйөрлер
орынбасар орұмбасар
дүйсенбі дүйсөмбі
өгізшағала өгүшшағала
ақиық (қыран) ағыйық
8. Қос с ө з д е р д і ң сыңарлары да бір деммен үйлесе, үндесе айтылады. Олар көбінесе түбірі сақталып, дефиспен жазылады.
жазылуы:
айтылуы:
астан-кестен көзбе-көз қолма-қол
астаңгестен көзбөгөз қолмағол
келе-келе
келегеле
қилы-қилы
қыйлығыйлы
қоян-қолтық
қойаңғолтұқ
құда-анда
құданда
азды-көпті
аздыгөптү
9. Күн күркіреу, қой қоздау, аяқ аттау, жүрек жалғау, көзі күлімдеу сияқты бір сыңары з а т е с і м, екіншісі е т і с т і к болып келетін тіркестер де бір-бірімен үндесіп, бір тыныспен айтылады: күңгүркүрөу, қойғоздау, айағаттау, жүрөгжалғау, көзгүлүмдеу. Ауа райын хабарлайтын дикторлар “бүгүн пәлен жерде жаңбыр жауұп күңгүркүрөйт” деп айтулары керек (күн күркірейді емес).
10. Бала кезі, жаз күндері, жан құштары, Алматы қаласы, Байкал көлі, аяқ алысы, көңіл қошы, күннің көзі сияқты бір сыңары тәуелдік жалғаулы сөз болып келген тіркестер де бір ырғақпен үндесіп айтылады: балагезі, жазгүндөрі, жаңғұштары, Алматығаласы, Байкалгөлү, айағалысы, көңүлғошұ, күннүңғөзү.
11 Негізгі сөз бен соған қатысты ш ы л а у с е з д е р , к ө м е к ш і е с і м д е р (қасында, ішінде, үстінде т.б.) бір ырғақпен айтылады. Шылаулардың басым көпшілігі (соң, шейін, дейін, туралы, шақты, сайын, басқа, бөтен, тым, таман, ма/ме, ша/ше т.б.) алдыңғы сөзбен бір топ құрағанымен, араларында дыбыстық өзгерістер болмайды: аздан соң, үйге дейін, саясат туралы, он шақты, барған сайын, бала ма, қыз ба. Дыбыстық өзгеріс қ, к дыбыстарынан басталатын шылаулар және көмекші есімдер мен дауысты дыбысқа немесе з, л, р, н, м, у, й, ң дыбыстарына аяқталған сөздердің арасында болады. Ол шылаулар: қарай, кейін, қарсы, қасында. Мысалы, жазылуы: кешке қарай, түстен кейін, жазға қарсы, үйдің қасында, айтылуы: кешкеғарай, түстеңгейін, жазғағарсы, үйдүңғасында.
12. Әр, кей, бір, еш деген сөздермен келген тіркестер немесе біріккен тұлғалар бір деммен кірігіп айтылады. Мысалы: әрғашан, әрғалай, әргүнү, әрғайдан, кейгүнү, кейгезде, біргезде, біргүнү, ешпір. Бұлардың жазылуы: әрқашан, әрқалай, әр күні, әр қайдан, кей күні, кей кезде, кей кезде, бір кезде, бір күні, ешбір.
13. Кім, не, қайда, қай, қалай, қайсы сияқты с ұ р а у е с і м д і к т е р і өздеріне қатысты (өздерінен кейін тұрған) сөздермен бір топ құрайды: қайдагеттің / баламау //. Жазуда: қайда кеттің, баламау? Нездейсің / көңлүм / нездейсің //. Жазуда: Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?
Кім, не есімдіктерінің септеулі түрлері де (кімнің, кімге, кімді, кімнен, кіммен, ненің, неге, нені, неден, немен) өзінен кейінгі сөзбен бір ырғақты топ құрап айтылады. Мысалы: Бұл / кімніңғолү? Жазуда: Бұл – кімнің қолы? Немеңгелдің? Жазуда: Немен келдің?
Кім, не, қайсы, қалай сияқты сөздер мынау, ол, бұл деген есімдіктерден кейін келіп тіркескенде де, бір ырғақпен айтылады: мынауыңгім, мыналаргім, бұлғайсың, мұнұңғалай, бұлғалай т.т. Бұлардың жазылуы: мынау кім, мынауың кім, бұл қайсың, мұның қалай, бұл қалай.
14. Екі-үш сөзден құралып, бір ғана түсті білдіретін к ү р д е л і сын е с і м д е р және екі сөзден құралып, бір санды білдіретін к ү р д е л і с а н е с і м д е р бір ырғақтық топ құрайды: ал қызыл (айтылуы: алғызыл), ал күрең (алгүрөң), қара ала (қарала), қара көк (қарагөк), қара күрең (қарагүрөң), он бір (омбір), жиырма алты (жермалты), он бес (омбес), қырық алты (қырығалты). Бұл жерде біз мысалға дыбыстық өзгеріске ұшырап айтылатындарын ғана келтірдік, ал күрделі сын есімдер мен күрделі сан есімдердің басым көпшілігі бір ырғақтық топ құрап айтылғандығымен, сөз аралығында дыбыстық өзгеріс болмайтындары қалай жазылса, солай оқылады. Мысалы: ақ сары, қызыл ала, ақ құба, құла жирен, он екі, он алты, қырық төрт, елу бес дегендер осы жазылған түрінше айтылады.
15. Екі сөзден құралып, бір заттың, бір құбылыстың, бір іс-қимылдың атын білдіретін (атайтын) к ү р д е л і а т а у л а р бір ырғақпен айтылады: Мысалы: ортан қол (айтылуы: ортаңғол), асық жілік (асығжілік), тоқішек (тоғішек), қой қора (қойғора), қонақ үй (қонағүй), ақ жауын (ағжауұн), тас жол (ташшол), тоқым қағар (тоқұмғағар).
Сөйтіп, ырғақтық топ құрайтындар ж е к е ж а й т і р к е с т е р болып та (қалқан құлақ, тас жол, Байкал көлі, оқып отыр, көк ала), фраза, идиомдар сияқты тұрақты тіркестер болып та (ашық ауыз, құр қол, қас пен көздің арасында), біріккен сөздер болып та (кәсіподақ, шекара, Жаңақорған), қос сөздер болып та (қолма-қол, қилы-қилы), мәнді сөз бен шылау, одағайлар тіркесі болып та (о керемет, үйге қарай, желге қарсы) келе береді.
Сөздерді дұрыс дыбыстаудың киын жерлері (қате кетеді-ау дейтін тұстар) тек жоғарыда көрсетілгендей, екі (кейде үш) сөздің аралығында ғана емес, бір сөздің ішінде де жиі кездеседі. Олар сөз түбіріне әр түрлі қосымшалар жалғаған тұстарда байқалады. Мысалы: түн+гі, қашан+ғы, түн+ге, қашан+ға, орыс+ша, жаз+са, жұмыс+шы, көн+бе+ді, көр+ін+ген деген сөздер айтылуда түңгү, қашаңғы, түңгө, қашаңға, орұшша, жасса, жұмұшшы, көмбөді, көрүнген болып дыбысталады.
Дыбыстардың бір-біріне тигізетін ықпалы әсіресе біріккен сөздер (бірігіп жазылатын) мен қос сөздердің (дефис арқылы жазылатын) аясында өте-мөте сезіледі, өйткені біріккен сөздер әрдайым бір ырғақпен айтылады. Мысалы, мына сөздер: шек ара, алма-кезек, қара күйе деп бөлек-бөлек айтылмайды, шегара, алмагезек, қарагүйө болып бір ғана тыныспен (ырғақпен), бір деммен айтылады. Осы себептен де біріккен сөздер мен қос сөздерді айтуда кететін қателіктер бірден көзге түсіп тұрады (дәлірек айтсақ, құлаққа жайсыз естіліп тұрады).
Қазақ тілінде кісі аттары, жер-су аттары, аң-құс, құрт-құмырсқа, бақа- шаян, өсімдік атаулары және термин сөздер көбінесе біріккен сөз болып келеді. Мысалы:
К і с і а т т а р ы . Жазылуы: Досжан, Сәтбай, Құланбай, Болатбек, Маржанқыз. Айтылуы: Дошшан, Сәтпай, Құламбай, Болатпек, Маржаңғыз. Қазақ тілінің ең соңғы редакцияланған (түзетілген) емле ережелері бойынша кісі аттарының көпшілігі кіріккен күйінде естілуінше жазылады. Мысалы, Сатыбалды (Сатыпалды емес), Дәметкен (Дәмееткен емес), Ұлбосын
(Ұлболсын емес), Айғыз (Айқыз емес) Нұрғожа (Нұрқожа емес), Амангелді (Аманкелді емес), Қарагөз (Қаракөз емес).
Ж е р — с у а т т а р ы . Жазылуы: Жезқазған, Талдықорған, Еңбекшіқазақ, Жаманқала, Ешкіөлмес, Қараөткел, Қараой, Жылыой. Айтылуы: Жезғазған, Талдығорған, Еңбекшіғазақ, Жамаңғала, Ешкөлмес, Қарой, Жылой.
А ң — қ ұ с , ж ә н д і к , ө с і м д і к а т а у л а р ы. Жазылуы: қарақұрт, кәріқыз (өсімдік), алақоржын (тышқан), ақиық (қыран), бірқазан (құс), өгізшағала (құс), қозықұйрық (өсімдік), қарақұс (құс), жыланқияқ (өсімдік) т.т. Бұлардың айтылуы: қарағұрт, кәріғыз, алағоржұн, ағыйық, бірғазан, өгүшшағала, қозғұйрұқ, қарағұс, жылаңғыйақ.
Т е р м и н д е р . Жазылуы: өнеркәсіп, кәсіподақ, қолөнер, үшбұрыш, төртбұрыш т.б. Олардың айтылуы: өнергәсіп, кәсібодақ, қолөнөр, ұшпұрұш, төртпұрұш (бұл мысалдар – тек қана айтылуда дыбыстық өзгерістерге ұшырайтын сөздер, ал біріккен сөзден тұратын адам, жер-су аттары, өсімдік, аң-құс атаулары мен терминдердің ішінде жазылуынша айтылатын, яғни үндестік заңдарына сай өзгеріс болмайтындары өте көп. Мәселен: Ақтай, Ұлдай, Қызылорда, аққу, бұзаубас (құрт), қолжазба т.т.
Қос сөздер де әрдайым бір ырғақпен, бір деммен айтылады да, ондағы сыңарлар бір-біріне үндесіп, қиюласып жатады. Мысалы, айтылуда: алмагезек, қолмағол, көзбөгөз, қойаңғолтұқ, келдігетті, істүссүз, құбағұп, қыйлығыйлы, күмбөгүн т.т. Бұлардың жазылуы: алма- кезек, қолма-қол, көзбе- көз, қоян-қолтық., келді-кетті, іс-түссіз, құба-құп, қилы-қилы, күнбе-күн. Әсіресе қ, к дыбыстарынан басталатын сөздің араларына ба/бе, ма/ме, па/пе дәнекерін салып қайталап жасалатын түрлерінің (қолма-қол, көзбе-көз, қарама-қарсы), екінші компоненті (сыңары) ұяңдап айтылатынын (қолмағол, көзбөгөз, қарамағарсы) қатты ескеру керек.
Сөздерді дұрыс айтуда көңіл аударатын келесі үлкен мәселе – орыс тілінен және орыс тілі арқылы өзге тілдерден енген сөздердің қазақша дыбысталу жайы. Мектептен бастап үйретіліп келген қағида бойынша орыс тілінен енген кірме сөздер қазақша сөйлеуде екі топқа бөлініп айтылуға тиіс: бірінші топқа ертеректе еніп қазақ тілінің дыбыстық заңдарына сәйкес өзгеріп қалыптасқан сөздер, сол “қазақыланған” қалпынша айтылатын сөздер кіреді. Мысалы, шай, самаурын, сиса, сәтен, бәтес, бақал, жәрмеңке, жәшік сияқты тұрмыстық зат атаулары мен облыс, болыс, шен, кеңсе, сот, газет сияқты дерексіз есімдер орыс тіліндегідей чай, самовар, ситец, сатин, батист, бакалея, ярмарка, ящик, канцелярия, суд, газета болып айтылмай, жоғарыда жазылып көрсетілгеніндей, қазақша түрінде айтылады. Бұл сөздер сан жағынан аса көп емес, сондықтан олардың емле сөздіктерінде ұсынылған қалыптарынша айту іс жүзінде көп қайшылық келтіріп келе жатқан жоқ.
Екінші топқа қазақ тіліне соңғы 50-60 жылда жүздеп-мыңдап енген, көбінесе ғылыми терминдер болып келетін сөздер жатады. Емле ережелерінде бұларды сол орыс тіліндегі қалпынша жазу ұсынылды да, олар қазақша сөйлеу актісінде жазылған түрінде айтылатын болды. Бұл
ереже түрінде қатаң ескертілмесе де, сөйлеу тәжірибемізде біршама орнығып, қалыптасты. Бұған радио мен теледидар дикторларының сөздері, мектеп пен жоғарғы оку орындарындағы мұғалімдер мен шәкірттердің сөйлеу мәнері дәлел.
Көптеген тілдердің тәжірибесінде шеттен енетін сөздер сол сөздерді қабылдаған тілдің фонетикалық заңдарына икемделіп, өзгеріп айтылады және сол өзгерген түрінде жазылады. Бұл – тіл табиғатына тән ортақ заңдылықтардың бірі. Осыған қарамастан, 1940 жылдардан бастап орыс жазуы – кириллицаны қабылдаған бірқатар түркі халықтарының тілдерінде орыс тілінен соңғы кезеңдерде енген сөздерді сол тілдегі қалпынша жазып, жазылған түрінше айту тәжірибесі орын алды. Бұған, сөз жоқ, кейде жұқалап, кейде ашық жүргізілген орыстандыру саясаты басты себепкер болды, яғни орыс графикасына көшуіміз де, міндетті түрде орыс тілін екінші тіл ретінде мектептен бастап үйрену қажеттігі де, жоғары оқу орындарында білім алудың негізі орыс тілінде жүргізілуі де – баршасы орыс тілінен енген сөздерді “бас аяғы бүтін” күйінде орысша тұлғалауға, орысша айтуға итермеледі. Тіл табиғатына қайшы келетін бұл тәртіп нормаға айналды.
Орыс тілін де едәуір жақсы меңгерген бүгінгі орта және жас буын қазақтарды бұл құбылыс көп қинамайтыны белгілі, дегенмен соңғы жылдарда шет тілдік сөздерді ана тіліміздің дыбыс заңдарына үйлестірмей айту мен жазудың тіл табиғатына қайшы келіп тұрғаны жайында әңгіме жиі көтеріле бастады, тіпті бес-он сөзді қазақша сындырып жазып, сол жазу арқылы оларды қазақша дұрыс айтудың үлгілері деп көрсетіле бастады. Мысалы: завод, машина, станция, кило деп жазылып, осы жазылуы бойынша айтылып келген он шақты сөз зауыт, машине, станса (бұл сөзді қазақша дұрыс жазсақ және дұрыс айтсақ, ыстанса болуы керек), килә/келі/кілә деген тұлғаларда көрінді. Әрине, бұл сөздерді “қазақшалау” қиынға түспейді, өйткені бұлар ғылыми термин емес, зат атаулары және олар – күнделікті өмірде ауызша сөйлеу тілінде де жиі қолданылатын сөздер, сондықтан олар бұрынғы қамыт, доға, қарындаш, сіріңке сияқты сөздердің қатарында сап түзей салады.
Қазіргі жаппай сауатты, орыс тілін де меңгерген қазақтар сөйлеу актісінде завод, машина, станция, кило деп айтулары жиірек кездесуі мүмкін болса да, бұларды “қазақы” тұлғада ұсыну осы принципті дұрыс деп санаудың үлгісі ретінде орын алып отыр деуге болады.
Бірақ, сөз жоқ, кірме сөздердің қазақы тұлғасында қолданылу принципінің дұрыстығына, оны әлеуметтік пікірдің қолдап отырғанына қарамастан, жүздеген, мындаған кірме сөздер мен шетжұрттық жалқы есімдердің (адам аты-жөндері мен жер-су атауларының) басым көпшілігі әлі де орысша тұлғасында жазылып, айтылып отыр. Мұның да еркімізден тыс бірнеше объективті себептері бар. Ол себептердің бірі – соңғы жарты ғасыр бойы қалыптасқан тілдік тәжірибемізді, яғни лексикалық, емлелік, орфоэпиялық нормаларды күрт бұзу – шым-шытырық, бейберекеттікке, сауатсыздыққа ұшырататын қаупі болса, екіншісі – ғылым салаларының
басым көпшілігінің орыс тіліндегі әдебиетпен байланысты екендігінде және әлі де көп уақыт бұл іліктестік үзіле қоймайтындығында, сондықтан математика, физика, химия, астрономия, геология сияқты көптеген салалардың мамандарына орыс, қазақ тілдерінде бір тектес (тұлғалас) терминдерді пайдалану қолайлы екендігін ескеру қажет сияқты.
Бұл екі себептің ішінде әсіресе д ә с т ү р ф а к т о р ы үлкен рөл атқарады: тіл тәжірибесінде ұзақ уақыт бойы әлеуметтік қолданыста болған сөз немесе жазу үлгісі, я болмаса сөзді айту дағдысы келе-келе бұрыс болса да, нормаға айналады да, одан теп-тез ажырау мүмкін болмай қалады. Айталық, араққа қарсы күрес науқаны жанданған кезде орысша “трезвость” деген ұғымның қазақша “салауаттылық” деген баламасы дәл де, сәтті де емес болғанымен, әдеттегі дәстүріміз бойынша осы ұғымда салауаттылық сөзін күнделікті баспасөз беттерінде үзбестен қайталап жаза берген соң, радио мен теледидардан ауыз жаппай айта берген соң, ол дағдыға айналды. Екінші мысал. Адам аты-жөндеріне келгенде, оларды екі дауыссыз дыбыстан бастап жазу атақты жазушы Ғабдол Сылановтың фамилиясын Сланов деп жазудан басталып, бұл күнде Смаханов, Смайылов, Спатаев деп жазу етек алып кетті, дағдыға айналып бара жатыр, бірақ ол дағды нормаға ауыспауға тиіс, өйткені емле ережесі мұны мүлде көтермейді.
Үшінші мысал. Әр түрлі себептермен сөздерді жазылуынша немесе жеке тұрғандағы тұлғасынша айтудың дағдыға айналу қаупі туып отыр. Бұл өте қате дағдыны нормаға айналдырмау үшін күрес – осы құралдың басты мақсаты. Демек, тіл тәжірибесіндегі дағдымен күресудің оңай еместігін байқаймыз. Әрине, дағдылардың баршасы теріс, қатеден бола бермейді. Осы себептен ондаған жылдар бойы кірме сөздерді орысша жазып, орысша айту көпшілік дағдысына айналғандықтан және ол дағды ресми норма ретінде қалыптастырылғандықтан, мұны бір сәтте өзгерту мүмкін еместігін сеземіз. Сондықтан тұлғасы өзгертілмей енген кірме сөздер орысша тұлғаланғанмен, орфоэпиялық нормаға келгенде оларды тек қана орыс тіліндегідей етіп айту шарт емес деуге болады, яғни химия, физика, электр, автобус, академия, ассоциация, брокер, валюта, глобус деген сөздерді орысша дыбыстауынша айтуға да болады, қазақыландырып, қыймыйа, еліктір, әкедемие, бірөкер, гылобұс деп айтсаңыз да еркіңіз, қайткенде да бұларды сөйлеу актісінде не таза орысша түрінде айту керек, не барлығын қазақыландырып айту керек деген орфоэпиялық қағида ұсынбаймыз. Егер қазақ жазуы өзгеріп (айталық, латын жазуын қабылдап), кірме сөздердің жазудағы тұлғасы өзгертіліп, ұсынылып жатса, сол өзгеріп жазылған түрінде немесе соған жақындатылып дыбыстау норма болмақ. Ал “орыс жазуын” қолданып отырған қазіргі күндерімізде орыс тілінен енген орыстың өз сөздері мен халықаралық термин сөздерді орыс тілі орфоэпиялық нормасы бойынша да, қазақша “сындырып” та айтуға (дыбыстауға) болады деген “екіұдай” қағида ұсынуға тура келеді.
Р.Сыздықова