АРМАНДАСТАР ӘНІН АСҚАҚТАТҚАН НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ
Әр заман өзінің тарихи оқиғаларымен есте сақталады. Сол тарихи оқиғалар ән-жырмен өріліп, күй болып өрнектеліп отырған. Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан жеткен «Елім-ай» әні мен «Ел айрылған» күйі халықтың ашы зарын еске түсірсе, Динаның «Он алтыншы жыл», «Жеңіс» күйлері мыңдаған халықтың басынан өткерген соғыс заманынан хабар бергендей. Ал, Семей палигонынан зардап шеккен ауыр қасірет Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әні арқылы әлі де халықтың жадында сақталуда. Осындай бір заманның оқиғасынан хабар берер әндердің бірі Әсет Бейсеуовтың «Армандастар» әні. Олай болса, «Армандастар» әнінің тарихына құлақ түрелік.
Кеңестік дәуір кезеңі болатын. Өнер адамдары концерттік сапармен өндіріс орындарын жиі аралайтын. Ондағы мақсат еңбек етіп жүрген еңбекші жастарды жігерлендіру еді. Сол кезде қазақ радиосында жұмыс істеп жүрген Нұрғали Нүсіпжанов тамаша композитор Әсет Бейсеуовпен бірге кен өлкелерін, мақталы алқаптар мен бидайлы өңірлерді көп аралайды. Жүрген жерлері ән мен күйге бөленіп, ойын-сауыққа да ұласып жататын. Жастардың сол замандағы биік мақсаты мен арманын, болашаққа деген сенімін көріп қуана қайтқан әнші мен композиторға бір ой келеді. Олар көзімен көрген осындай жастардың көңіл-күйін халыққа жеткізбек мақсатта тамаша бір ән арнауды жөн көреді. Сөйтіп композитор Әсет Бейсеуовтің көңіліне бір әуен келеді. Жүрегінен шыққан бұл әуенді Нұрғали Нүсіпжановпен бірге қуаныштары қойнына симай, ақын Нұрсұлтан Әлімқұловқа тыңдатады. Нұрсұлтан Әлімқұловтың көңіліне бұл әуен қона кетіп әннің сөзін жазуға кіріседі. Бұл ән «Армандастар» деген атпен жастардың арасында тез арада-ақ тарап кетеді. Ал әнді алғаш орындаған Нұрғали Нүсіпжанов өз сезімін былайша баяндайды:
«Әннің сөзі дайын болған бойда өзім орындап радиоға жаздырттым. Бұл ән өте ойымызға қонымды, жүрекке жағымды болып шықты. Ол, тіпті, бүгінгі күнменен болшағымызға жоспар жасағандай. Қазіргі жас ұрпаққа да жігер беретіндей тамаша ән болып әлі де жалғасып келеді»
Иә, «Армандастар» әнінің өлеңін көрген бойда бірден-ақ әуені ойыңа оралып оп-оңай қосыла кетесің:
Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік. Бәріміз бір өмір жолын бастап едік. Бәріміз де жазылмаған дастан едік, Армандастар, құрдастар.
Қайырмасы:
Біз дәуірдің мөлдіреген аспаны едік
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік
Армандастар қайда, абзал достар қайда
Замандастар, қарлығаштар қайда екен
Ән тыңдайық: Нұрғали Нүсіпжановтың орындауында Әсет Бейсеуовтың «Армандастар» әнін тыңдап көрелік.
Біліп ал!
Әсет Бейсеуов – (1938-1996) композитор. Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. Қазақ эстрада музыкасының дамуына зор үлес қосқан. Әсет Бейсеуовтің «Шақырады көктем», «Мұңайма», «Алтыным», «Маралдым», «Жұлдызым», «Армандастар» т.б. көптеген туындылары қазақ ән өнерінің алтын қорына енді. Ол С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға келгенде», А.Тауасаровтың «Аса құрметті Икс» сынды спектакльдер мен «Көр тышқан мен қоян» кино фильміне, «Алдар көсе», «Жаздың соңғы күні» т.б. телефильмдерге музыка жазды. Көптеген ән жинақтары жарық көрген.
Білесің бе?
Нұрғали Нүсіпжанов – (1937) әнші. Талдықорған облысында дүниеге келген. Қазақстанның халық әртісі. Қазақ эстрада жанрының қалыптасуына зор үлесін қосқан. Н.Нүсіпжановтың ән қорында қазақтың халық әндері «Алқоңыр», «Япурай», «Дедімай-ау» және қазақ композиторларының «Кешікпей келем деп ең», «Маржан қыз», «Маралдым», «Көп қарадым суретіңе», «Сағындым еркем» сынды көптеген әндері бар. Концерттік сапармен көптеген шет мемлекеттерде Моңғолия, Франция, Ангола, Сирия, Югославия, Ауғанстан, Йемен, Португалия, Грекияда қазақ әнін насихаттап келеді.
Сұрақтар:
1. Қандай тарихи әндерді білесің?
2. Ә.Бейсеуовтың «Армандастар» әні қалай туды?
3. «Армандастар» әнінің сөзі өзіңе қандай ой салды?
Тапсырма:
1. «Армандастар әнін асқақтатқан Нұрғали Нүсіпжанов» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Сылқылдақ» күйінің жаңа буынын жаттап кел.