ҚАЗАҚСТАННЫҢ СКРИПКА МЕКТЕБІ

ҚАЗАҚСТАННЫҢ СКРИПКА МЕКТЕБІ


Қазақстандағы кәсіби өнердің дамуының өзіндік тарихы бар. Алғаш рет елімізде 1932 жылы музыкалық-драмалық техникум ашылады. Бұл техникум театр әртістері мен скрипкашы, пианист, әншівокалист және халық музыканттарын кәсіби тұрғыда дайындай бастайды. Бұл Республикамыздың мәдени өмірі үшін үлкен жаңалық болады. Қазақ мәдениеті мен өнері жаңа қарқынмен дами түседі. Белгілі композитор Ахмет Жұбанов қазақтың халық аспаптар оркестірін құрады. Онан соң алғаш рет симфониялық оркестр ұйымдастырылып, опера және балет театры мен Алматы консерваториясы ашылады.
Халқымыз үшін өте ауыр тарихи кезең болатын. Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген мұндай кезеңге қарамастан Қазақстандағы мәдени өмір өз дамуын тоқтатпайды. Әрбір шығармашылық ұжымдар мен оқу орындары үлкен ынта-жігермен жұмыс жасайды. Алғашқы қазақ опералары мен драмалық спектакльдері пайда болады. Жаңа заман композиторларының алғашқы симфониялық шығармалары дүниеге келеді. Ал халық орындаушылары болса бір ұжымда яғни оркестр құрамында ойнау шеберліктерін меңгере бастайды.
Батыс Еуропада скрипка өнерінің тарихы ХVI ғасырдан бастау алған еді. Еуропада скрипка аспабының дамуы мен оның жетілдіруіне жүз жылдан аса уақыт кетеді. Еуропа музыканттары скрипкада орындау техникасын шыңдап, бірте-бірте аспаптың репертуарын да қалыптастырады. Аспап жасаушы шеберлер, композиторлар мен орындаушылардың ондаған ұрпағы Еуропадағы скрипка өнерінің тарихын жасауда үлкен еңбек етеді.
Ал біздер үшін Еуропадағы сан ғасырлық тарихы бар скрипка өнерін аз уақытта меңгеру міндеті тұрады. Қазақ халқы үшін еуропадан келген скрипка өнерін кәсіби деңгейге көтеру оңайға соқпайды. Дегенмен, музыканттар аз уақыттың ішінде әлемдік мәдениеттің деңгейіне жету мақсатында үлкен қарқынмен жұмыс жасап, биік жетістіктерге жетеді.
Осындай қарқынды еңбектің нәтижесінде елімізде скрипка мектебі қалыптасады. 1976 жылы Айман Мұсаходжаева Белград және Югославияда өткен халықаралық сайысқа қатысып, дипломант атанады.
Айман өзінің табиғи дарыны мен қажырлы еңбегінің арқасында әлемге белгілі скрипкашы бола білді. Ол 1981 жылы Италияда, 1983 жылы Жапонияда, 1985 жылы Финляндияда, 1986 жылы Ресейде өткен халықаралық скрипкашылар сайысында лауреаттық атаққа ие болады. Айман өзінің жеке концерттерімен әлемнің ең үздік камералық және симфониялық оркестрлерімен бірге өнер көрсетіп келеді. Айман Мұсаходжаеваға халықаралық ЮНЕСКО ұйымы «Әлем әртісі» деген атақ береді. Ал 2005 жылы АҚШ-та Айман Мұсаходжаеваның есімі «Әлемнің ең үздік әйелі» атты энциклопедияға енеді.
Сөйтіп, аз уақыттың ішінде Қазақстандағы скрипка мектебі қалыптасып, әлемдік деңгейде өз орнын табады.

Музыка тыңдайық:
Айман Мұсаходжаеваның орындауында Е.Брусиловскийдің «Боз айғыр» атты шығармасын
тыңдап көрелік!

Ойлан да, айт!
Қалай ойлайсың, кәсіби скрипкашы болу үшін қанша уақыт қажет?

Біліп ал!

Айман Мұсаходжаева 1998 жылы Астана қаласында Қазақ ұлттық музыка академиясын құрып, оның ректоры болады. Қазақстандағы бұл оқу орынында мектеп табалдырығынан бастап, колледж бен жоғары білімді кәсіби музыканттар даярланады. Қазақстанның музыка академиясы әлемдегі ең беделді музыка мектептерінің арасынан абыройлы орынға ие болады. Осы академияның студенттері мен түлектері бұл күнде халықаралық және республикалық сайыстардың лауреаттары атанып, түрлі фестивальдар мен ғылыми конференцияларға қатынасып келеді. Музыка академиясының ең үздік түлектері «Солистер академиясы» атты камералық оркестрінің құрамында өнерлерін жалғастырып келеді. 2005 жылы Айман Мұсаходжаева «Солистер Академиясы» оркестрімен бірге Вашингтондағы атақты Кеннеди орталығы мен Нью-Йорктегі әлемге танымал Карнеги-холл концерт залында өнер көрсетті.

Түсініп ал! Лауреат – музыка сайысының жеңімпазы. «Лауреат» атауы Ежелгі Гректерде пайда болған. Осы атаққа ие болған түрлі сайыстардың жеңімпаздарын лавр жапырақтарынан жасалған тәж кигізіп марапаттайтын болған.
Дипломант – сайысқа қатысушыларға берілетін атақ. Бұл атақ жоғары деңгейде орындаған сайыскерлердің шеберлігі үшін беріледі.

Сұрақтар:

1. Қазақстандағы кәсіби музыка мәдениеті қалай дамыды?
2. Еуропа және Қазақстандағы скрипка өнерінің дамуында қандай ерекшеліктер бар?
3. Айман Мұсаходжаева әлемге Қазақстандағы скрипка өнерін қалай танытты?

Тапсырма
1. Қазақстанның скрипка мектебі тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Темірбектің «Шернияз» күйінің бастапқы буынын қайтала.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *