ӨНЕРДЕГІ ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК БЕЙНЕСІ
Сидоркин Е. «Батыр»
Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Көрұғлы, Қарасай сынды қазақ батырларының есімдері ғасырлар бойы ұлттың мақтанышы болып ел есінде сақталуда. Неліктен дейсің ғой?! Қазақ батырлары мыңдаған жылдар бойы ұлан — байтақ туған ата мекенімізді жаудан қорғап, халықтың жауынгерлік рухын асқақтатты
Батырлардың ерлігін мадақтап жырлаған қазақ жыраулары болды. Қазақ жыраулары батырлармен бірге жауға аттанып олардың рухын көтеріп жыр айтты. Батырлардың ерлігін баяндау қазақ өнерінің барлық саласынан көрініс тапты. Дегенмен, музыка және сурет өнерінде батырлар бейнесін сомдауда өзіндік ерекшелігімен дараланды.
Күйші өзінің күйіне батырдың бүкіл болмыс-бітімін 2-3 минуттан тұратын шығармасына сыйғыза білді. Ал, суретшілер болса өзінің бір ғана суретінде батырдың ер жүрек келбетін бейнелей алды. Бұл өнер түрлері бір ғана көркемдік бейнені сомдай отыра, әр түрлі қырынан аша түсті.
Дәулеткерей «Көрұғлы» атты күйінде батырдың өжет әрі қайсар мінезін бейнелегендей әсер қалдырады. Күйді тыңдай отыра ер жүрек батырдың рухын, намысы мен жігерін көруге болады.
Ал, «Қарасай» күйін тыңдағанда қан майдандағы ұлы шайқас көз алдыңа келгендей әсерде боласың. Күйде батырдың өзі емес, оның жаумен күресі көбірек бейнеленген. Бұл шығарма шайқас үстіндегі талас-тартыс, біріне –бірі беріспей жатқан күрес, аттың дүбірі мен қиян-кескі қырғын жанталас сияқты көңіл-күйді білдіреді.
Батырлар бейнесі Евгений Сидоркиннің шығармашылығында кеңінен орын алған. Суретші эпостық жырлардағы батырлардың бейнесін сомдайды. Е.Сидоркин өзінің суреттерінде батырлардың жаумен щайқасы, аттың шабысы, үркіп ұшқан құстарды бейнелей келе, асқан жауынгерлік рухты көрсете білді. Барлық образдар қимыл үстінде болғанымен, бір сәтке тына қалғандай әсер қалдырады.
Сидоркин Е. Жекпе-жек
Суретшінің мұндай нәтижеге жетуі оның гравюра техникасын шеберлікпен қолдана білуінде. Ең басты гравюрада батырдың образы сомдалады. Суретші батырлар мен жауынгерлердің шайқас алдындағы көңіл-күйі мен ішкі жан тебіренісін, оның қимыл-қозғалысын бейнелеуге талпынады.
Күйді тыңдасаң да, суретті көріп тамашаласаң да нақты бір көркемдік бейнені көресің. Күйде аттың шабысын көбірек тыңдасаң, суретте жауға қарсы кұстай ұшуға даяр тұрған сақадай сай сәйгүлік аттарды көресің. Иә, қазақ батырларының бейнесін сомдаған музыка және суреттегі қимыл-қозғалыс бір сәтке тына қалып, өткен мен бүгінді жалғастырар мәңгілік ескерткіш іспетті болмақ!
Музыка тындайық:
Дәулеткерейдің «Көрұғлы» және Халықтың «Қарасай» күйін
«Мұрагер» фольклорлық ансамбілінің орындауында тыңдап көрелік!
Біліп ал!
Евгений Сидоркин (1930-1982) — график-суретші. Қазақстанның халық суретшісі атағына ие болған. Суретшінің басты бағыты литография және линогравюра. Е. Сидоркиннің көптеген жұмыстары кітаптарды суретпен безендіруге арналған. Суреттерінің тақырыбы: «Қазақ халық ертегілері», «Көңілді алдампаздар», «Қазақ эпосы», «Қазақ халық ойындары», «Сәкен Сейфулинді оқығанда», «Абай жолы» т.б.
Е. Сидоркиннің жұмысы қазақ халқының арасында кеңінен танымал болды. Себебі, Сидоркин еңбектері ұлттық нақышқа толы. Е. Сидоркиннің гравюралары техника жағынан қазақ текеметтері мен сырмақтарында падаланатын ақ және қара түстерді қолдануымен ерекшеленеді.
Е.Сидоркиннің көптеген суреттері Мәскеу, Лейпциг, Краков, Венеция, Будапешт сынды қалалардағы халықаралық көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Түсініп ал!
Графика – тушьпен немесе қарындашпен салған сурет өнерінің түрі.
Суретті салуда 1 немесе 2 ғана түсті қолданады.
Гравюра – графиканың бір түрі. Сурет кескінін ағаш, линолиум, тас немесе металдан ойып оны қағазға басып салу арқылы жасалатын сурет түрі.
Литография – үгітілмелі жұмсаз тасқа сурет кескінін қашап салып, қағазға басып шығаратын сурет түрі. Линогравюра – линолиумде сурет кескінін ойып, қағазға басып шығаратын сурет түрі.
Сұрақтар:
1. Таңбалы тастардағы суреттерді графика түріне жатқызуға бола ма?
2. Күйші батырлар бейнесін өз шығармаларында қалай бейнелейді?
3. Әдебиеттегі батырлар есімін білесің бе?
Тапсырма: 1. «Өнердегі қазақ батырларының көркемдік бейнесі» тақырыбын оқып кел. 2. Домбырада Құрманғазынің «Адай» күйінің келесі буынын жатта.