САРЫ ДАЛАНЫ САЗБЕН ТЕРБЕТКЕН

САРЫ ДАЛАНЫ САЗБЕН ТЕРБЕТКЕН




Қазақтың кең даласы, жазық жайлауы талай ақындар мен сал-серілерге, әншілер мен күйшілерге ән болып ағылып, жыр болып төгілген. Сары арқа, Сары жайлау, Сары дала деп туған жер мен атамекенге теңеу айтып толғаумен болған. Ақын Жұмекен Нәжімеденов шертпе күйдің шебері атақты Тәттімбет күйшінің «Сарыжайлау» күйін тыңдап отырып жыр жолдарын төгілте жөнеледі: Күй сөйледі – тынды бәрі, Соқты теңіз көлкіп жарға. Жапырақтың сыбдырлары, Араласты толқындарға. Жата кетті бар дүние,
Иегін сүйеп домбыраға…
Иә, күй сазын ақын сұлу сөзбен өрнектейді. Сары даланы сазбен тербеген Тәттімбеттің күйі шертілгенде жер дүние, тіршілік тына қалып күйшіні тыңдағандай әсер қалдырады.
Тәттімбеттің атағы бүкіл қазақ халқына жайылған кез болатын. Ол ел аралап алыс сапарларда көп жүреді. Бірде Тәттімбет елін, жерін сағынып қайтып келе жатқан сапарында бір ауылда айтысып жатқан екі ақынның үстінен түседі. Сонда ақынның бірі тұрып: «Бұл дүниеде не өлмейді» дегенде, екіншісі: «өлмейтін тау, су, ай, күн, жер»,-дейді. Екінші ақынның жауабына риза болмаған Тәттімбет сөз сұрайды. Сонда Тәттімбет: «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», — деген екен. Айтысып отырған ақынның екеуі бірдей тұрып Тәттімбеттің қолын алады. Екі ақын келген жолаушының Тәттімбет екенін білгеннен кейін біраз аялдап қонақ болып кетуін сұрайды. Сонда Тәттімбет: «Елден ұзап шыққаныма көп болып еді. Елім мен жерімді аңсап сағынып келем. Мені жолымнан қалдырмаңыздар», — деп рұқсат сұрап көп аялдамай жол жүріп кетеді. Тәттімбет көп кідірмей өз еліне де жетеді. Бір төбенің басына шығып, қолына домбырасын алып өзінің Малайсары жайлауына арнап күй шығарады. Ол күй «Сарыжайлау» деген атпен ел арасына таралып кетеді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов өзінің «Сарыжайлау» атты өлеңінде күйді сөзбен өрнектеп, жыр жолдарын жалғай түседі: Жайлау – сары, жалқын гүлі, Сары даламен сыңсып ақты.
Көлеңкенің салқындығы,
Жылылығы күншуақтың;
Жапырақтың сарғайғаны,
Күзгі құстың сайрағаны
Жылқышы әні шалғайдағы,
Үйде қазан қайнағаны, Қосылды да бәрі,бәрі,
Исі, түсі күйге сіңген,
Жыр жолы да ағылады,
Күй секілді үйлесіммен…

Күй тыңдайық:
Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестірінің орындауында Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйін тыңдап көрелік!
Ойлан да айт!
Қалай ойлайсың, қазақтар неліктен «сары дала» немесе «сары арқа» деп жерге атау берген?

Біліп ал!
Тәттімбет Қазанғапұлы – (1815-1862) күйші-композитор. Қарағанды облысы, Егінді бұлақ ауданында дүниеге келген. Арқа өңіріндегі шертпе күй мектебінің негізін қалаушы. Алғашқы домбыра тартуды әкесі Қазанғаптың інісі Әлиден үйренеді. Анасы Ақбөпе де өнерге жастайынан баулып өсіреді. Тәттімбеттің 40-тан астам күйлері бар. «Қосбасар», «Сары жайлау», «Көкейкесті», «Сылқылдақ», «Бес төре» т.б. көптеген күйлері ел арасына кеңінен таралған.

Білесің бе?

Жұмекен Нәжімеденов – (1935-1983) ақын. Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ аулында дүниеге келген. Алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылдан бастап жарық көре бастаған. Көптеген өлең, поэма, роман, повестердің авторы. Шығармалары шет ел халықтарының тілдеріне аударылған. Ақынның «Сарыарқа», «Сарыжайлау», «Қызыл қайың» сынды өлеңдері, Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина сынды күйші-композиторлардың шығармаларына арналған «Күй кітабы» атты өлеңдер жинағы бар.

Сұрақтар:
1. Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйі дүниеге қалай келді?
2. Тәттімбеттің басқа да қандай күйлерін білесің?
3. Не себепті Тәттімбеттің күйі «Сарыжайлау» деген атпен танымал болды?
4. Ақын Ж.Нәжімеденов Тәтімбеттің «Сарыжайлау» күйін қалайша өлең жолдарымен өрнектейді?

Тапсырма:
1. «Сары даланы сазбен тербеткен» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Құс қайтару» күйінің соңғы буынын жатта.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *