ҚАЙРАН, НАРЫН

ҚАЙРАН, НАРЫН

Қисамединов М. Махамбет.

Қайран елі-жұртым, қалың қазағым деп ет бауыры езіліп, халқы үшін аттан түспей күресте болған Махамбетті білмейтін қазақтың баласы болар ма?! Махамбет — жауынгерлердің рухын көтеріп жыр айтқан жорықты бастар қол басы батыр, хан– сұлтандардан қаймықпай сөз айтқан от ауызды, өткір тілді аруақты жырау.
Қазақты өзге халықтың билігінен құтқару жолындағы Махамбет пен Исатайдың орыс патша әскеріне қарсы жасалған ұлт азаттық көтерілісі көп жағдайда жеңіліске ұшырап отырады. Осындай бір сәтсіз аяқталған күресте Махамбет Исатайдай батыр серігінен айрылып, елден кетіп нағашыларының ауылын паналайды.
Қазақ жерін биліктің астына алған орыс патша әскерімен олардың ескегін есіп, сөзін сөйлеген Баймағамбет сұлтан Махамбеттің соңына түсіп тыныштық бермейді. Махамбет бір күні ел ішінде болатын бір үлкен асқа келеді. Бұл аста Баймағамбет сұлтанмен де жолығудың сәті түседі. Махамбет өзіне тігілген ақ боз үйге түспей тікелей Баймағамбет сұлтанның отырған үйіне келіп кіреді. Батыр көңілді Махамбет сұлтаннан да қаймықпай ашық-жарқын сөйлеп, өзін емін-еркін ұстайды. Баймағамбет сұлтан Махамбеттің мұндай еркінсуін өзін басынғандай сезініп әбден ашуға булығады. Сонда Баймағамбет сұлтан: «Өзің елден қашып-пысып жүріп еркінсіп сөйлеуің не теңің», — дейді. Сонда Махамбет: «Тілім улы жыланның тіліндей екі айыр. Бірі сізге тисе, бірі өзіме тиеді», — деп жауап береді. Истайынан айрылған қам көңілді ер Махамбет дәл осы жерде Баймағамбет сұлтанға арнап жырын төгілте жөнеледі:
Мен, мен едім, мен едім, Мен Нарында жүргенде Еңіреп жүрген ер едім. Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім,
Қай қазақтан кем едім? Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің,
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көкке шақыртып, Басын кессем деп едім…
Сонда Баймағамбет сұлтан: «Осылай айтпаса, ол Махамбет бола ма? Оның айтқанына шыдай алмасам мен Баймағамбет болам ба?», — деп өзінің ісінен де, сөзінен де ұтылғанын мойындайды. Орталарында отырған бидің біреуі Махамбетке риза болып: «Игі жақсылардың алдында аянбай бар өнеріңді ортаға сал. Тарт, көргенің мен білгеніңді», — дейді. Сонда Махамбет «Қайран Нарын» деген күйін төгілте жөнеледі. Жаралы көңіл Махамбет Исатайдан айрылып, елден шет айналып өзінің іштегі ащы зарын күймен шығарған екен.

Жыр мен күй тыңдайық:
Махамбеттің «Мен, мен едім, мен едім» атты толғауын Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында тыңдап көрелік!
Махамбеттің «Қайран Нарын» аты күйін Қаршыға Ахмедияровтың орындауында тыңдап көрелік!

Біліп ал !
Махамбет Өтемісұлы – (1803-1846) Бөкей ордасы Нарын құмы Бекетай аймағы (қазіргі Бат. Қазақстан обл. Жәнібек ауд) дүниеге келген. Махамбет – ақын, батыр, жырау, күйші. 1836-38 жылдары болған Исатай Тайманұлы бастаған ұлт азаттық көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы. Бала кезінен мұсылманша, орысша оқыған. 10 жасынан өлең жазған. Махамбет «Ереуіл атқа ер салмай», «Атадан туған ардақты ер», «Арғымақ сені сақтадым», «Азамат ердің баласы», «Еріскендей ер болса» т.б. шығармаларында халықтың тағдыры мен арман-мұңын жырлаған.

Сұрақтар:
1. Не себепті Баймағамбет сұлтан Махамбетпен қастасады?
2. Махамбет «Мен, мен едім, мен едім» атты толғауын кімге арнайды?
3. «Қайран Нарын» атты күйі дүниеге қалай келді?
4. Махамбеттің қандай толғауларын білесің?

Тапсырма:
1. «Қайран, Нарын» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада «Құс қайтару» күйінің келесі буынын жатта.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *