ХАЛҚЫ АРДАҚТАҒАН ЕКІ АЛЫП – ЖАМБЫЛ МЕН ДИНА

ХАЛҚЫ АРДАҚТАҒАН ЕКІ АЛЫП – ЖАМБЫЛ МЕН ДИНА

Черкасский А. Жамбыл мен Дина

Қазақ халқының мәдениетінде сөз бен саз өнері ерекше орынға ие болған. Қазақ халқы мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір салтын ұстанған. Сол себепті халқымыз көшіп қонуға ыңғайлы киізден, теріден, ағаштан жасалған дүние мүліктер мен түрлі үй бұйымдарын қолданатын болған. Мұндай өмір салты сөз бен саз өнерінің дамуына көп ықпалын тигізді. Ал сәулет өнерінің сақталуын мазарлар мен балбал тастардан көруге болады. Бұл балбал тастар мен мазарлар өмірден өткен ата-бабаларға ескерткіш әрі өткен тарихтың белгісі іспетті. Қазақ халқында сурет салу, сахналық қойылым жасау немесе би билеу өнері жоқтың қасы. Десе де әрбір қазақ домбыра тартып, бір шумақ өлең шығара алатын өнерге ие болған.
Сөз бен саз өнері бірінен – бірі бөлінбес бір тұтас өнер. Сал-серілер қазақ халқының композиторлары атанып, әннің сөзін де, әуенін де өз жанынан шығарып өздері орындаған, сегіз қырлы бір сырлы өнер иелері болған. Ал ақын-жыраулар болса, ел-халыққа өсиет-нақыл айтып, қобыз, домбыра, сырнай аспаптарымен сүйемелдеп тыңдаушыға жеткізе білген. Иә, сөзге аса құрметпен қараған қазақ халқы «Өнер алды қызыл тіл» деп бір ауыз сөзге тоқтаған емес пе?!
ХХ ғасырда сөз бен саз өнерінің дәстүрін жаңа ғасырға жалғастырған қазақтың ұлы тұлғалары ақын Жамбыл мен күйші Дина болды. Жамбыл мен Динаның өмір сүрген кезеңіндегі болған оқиға олардың шығармашылығынан көрініс тапты. 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына арналған Жамбылдың совет жауынгерлерінің рухын көтеріп «Ленинградтық өрендерім» атты жыр жолдары халықтың да еңсесін көтеріп, жігеріне жігер қосты. Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді,
Бұлағымдай көремін. ….

Жауда қалып Ленинград,
Жаралған жоқ көнгелі! – Жасағамын өмірді
Жау біткенді жеңгелі; Саудыратып сүйегін, Топыраққа көмгелі. Қазақстан жерінен,
Тұтанғандай ел кегі,
Жолды кернеп қол кетті
Сендерге дем бергелі,
Нева алабын қорыңдар,
Ленинградтың ерлері, Ұрпаққа үлгі болыңдар, Заманымның өрнегі! ….

Ленинград ұл, қызы,
Қайыспаңдар өренім!

Ал Дина болса соғыстағы совет жауынгерлерінің жеңісіне куә болып шаттықпен «Жеңіс» күйін паш етті.

Күй тыңдайық:
Динаның «Жеңіс» күйін Дина Нүрпейісованың орындауында тыңдап көрелік!

Біліп ал !
Дина Нүрпейісова – (1861-1955) күйші- композитор. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Дина атақты Құрманғазының ең дарынды шәкірттерінің бірі болды. Дина ұстазынан үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық мектебін жалғастырды. Өз жанынан көптеген күйлер шығарды. Оның «Әсем қоңыр», «Бұлбұл», «Байжұма», «Жеңіс», «Тойбастар» т.б. күйлері бар. 1939 жылы Мәскеуде өткен Халық музыка аспаптарында орындаушылардың бүкілодақтық байқауында 1-орын алып, «Домбыраның Жамбылы» атанды.

Білесің бе?
Жамбыл Жабаев – (1846-1945) ақын, жырау. Жамбылға анасы Ұлданның ақындық қасиеті бойына дарыған. Ол атақты Сүйінбай Аронұлының шәкірті. Жамбыл жыр алыбы атанған. Ол көптеген жырларды да жатқа орындаған. Жамбыл өсиет, терме, өнегелі толғау, ұзақ дастандарды шығарып кеткен. Оның «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» атты дастандары бар. Жамбылдың халыққа танымал атақты айтыстары сақталған. Олар: Жамбылдың Айкүміспен айтысы, Жамбылдың Сарыбаспен айтысы, Жамбылдың Досмағанмебпен айтысы т.б. Сұрақтар:
1. Қазақ халқы қандай өмір салтын ұстанған?
2. Не себепті үй бұйымдары киіз, тері немесе ағаштан жасалған?
3. Сегіз қырлы, бір сырлы деп кімдерді атаймыз?
4. Жыр алыбы кім деп ойлайсың?
5. Не себепті Динаның күйі «Жеңіс» деп аталды?

Тапсырма:
1. «Халқы ардақтаған екі алып – Жамбыл мен Дина» тақырыбын оқып кел.
2. Домбырада Қазанғаптың «Құс қайтару» күйінің бастапқы буынын қайтала.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *