ЛОГОМЕТР [ грекше «логос – сөз», мұнда бұл сөз «ара қатынас» мағынасында + «метрео – өлшеймін» ] – қозғалмалы (бұрылу бұрышы) бөлігі салыстырылатын екі электр ток күшінің қатынасына пропорционал электрөлшегіш механизм. Магнитэлектрлік, электрдинамикалық, ферродинамикалық, электрмагниттік жүйелі логометрлер қолданылады. Сызбада магнитэлектрлік логометрдің құрылысы көрсетілген; көрсеткіш стрелка бекітілген қозғалмалы бөлікке (3) айналдырғыш момент әсер етеді, оның шамасы М1 және М2 моменттерінің айырымына тең, бұл момент қозғалмалы бөлікке қатаң бекітілген жақтаулар (1 мен 2) арқылы өтетін токтардың өзара әсерлесуінен пайда болады, 1 және 2 жақтауларға тұрақты магниттің (4) өрісі әсер етеді. Жақтаулар (1 және 2) сыртқы электр тізбегімен моментсіз ток әкелушімен байланысқан. Жақтаулар бұрылған кезде моменттердің біреуі кемитін, екіншісі артатын болады. М1=М2 болған кезде тепе-теңдік орнайды, қозғалмалы бөліктің бұрылу бұрышы бойынша логометрдің жоқтауларынан өтетін токтардың қатынасы туралы пікір айтуға болады.
Логометр электр тогы күштерінің қатынасын тікелей өлшеу аспабы ретінде пайдаланылумен қатар электр тізбектерінің әрекетсіз (пассивті) параметрлерін (кедергіні, сыйымдылықты, индуктивтілікті) өлшеуге арналған аспаптардың не- гізгі құрама бөлігі ретінде де, сондай-ақ электрлік емес шамаларды электрлік әдістермен (деңгей өлшегіш, шығын өлшегіш, т.б.) өлшеу үшін де қолданыс тапқан.