ҚУАТ – жұмыстың осы жұмыс істелген уақыт аралығына қатынасымен өлшенетін физикалық шама. Егер жұмыс бірқалыпты істелген болса, онда қуат N=А/t формуласымен анықталады, мұндағы А – t уақыт аралығында істелген жұмыс, ал жалпы жағдайда N = dА/dt, dА – қарапайым уақыт dt аралығында істелген жұмыс. Қуат ватт (Вт) бірлігімен өлшенеді.
Сәуле шығару қуаты – кез келген көз шығаратын сәуле энергиясының мөлшерінің осы сәуле энергиясының шығарылу (таратылу) уақыты аралығына қатынасы.
Физикалық қуат – істелген жұмыстың немесе энергия өзгерісінің әлгі істелген жұмыстың немесе энергия өзгерісі болған уақыт аралығына қатынасына тең физикалық шама. Халықаралық бірліктер жүйесінде (СИ) ватпен (Вт) өлшенеді. Техникада қуаттың киловатт (кВт), мегаватт (МВт) деп аталатын Вт-тан ірірек бірліктері де кең қолданылады: 1кВт =1 000 вт, 1МВт = 1 000 000 вт. Қолданыста кейде қуаттың жүйеден тыс бірлігі ат күші (а.к) де пайдаланылады: 1 а.к. = 736 Вт = 0,736 кВт.