ҚОСАРЛАНҒАН ЭЛЕКТР ҚАБАТЫ – екі фазаның жанасатын шекарасының бойында таратылған қарама-қарсы таңбалы электр зарядтарының жиынтығы. Қосарланған электр қабатты тудыруға электрондар, иондар және бағдарланған полярлы (меншікті диполдік моменті болатын) молекулалар қатыса алады. Қос электр қабаты металды электролитке (мысалы, мырышты күкірт қышқылына) матырғанда пайда болады. Мырыш электролитке оң зарядталған иондар беріп, өзі теріс зарядталады. Электролиттің оң зарядталған иондары металдың бетіне тартылады, соның нәтижесінде фазалардың жанасу беттерінің бойында қосарланған электр қабаты пайда болады. Зарядталған қабаттар арасында пайда болатын электр өрісі мырыштың еруіне кедергі жасайды, белгілі бір мәндерде еру тіптен тоқталатын болады. Электрод-электролит шекарасында потенциалдар секірісі пайда болады.
Тұтас алғанда қосарланған электр қабаты электрлік бейтарап, қабаттың ішінде электр өрісінің кернеулігі үлкен мәнге ие бола алады. Зарядталған беттің ауқымды және олардың арасы жақын болуы себепті қосарланған электр қабатының электр сыйымдылығы үлкен болады. Қосарланған электр қабатының түзілуі электркинетикалық құбылысты тудырады. Қосарланған электр қабатының құрылымының электрхимиялық реакциялар, электролиз үшін маңызы зор.