. БІРЫҢҒАЙ МҮШЕЛЕР МЕН ЖАЛПЫЛАУЫШ СӨЗДЕРДІҢ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ
Тыныс белгілерін қоюға келгенде, бірыңғай мүшелерді үш топқа беліп қарауға болады: а) араларында жалғаулық жоқ бірыңғай мүшелер, араларында жалғаулық бар бірыңғай мүшелер және б) жалпылауыш сөзбен қатар келетін бірыңғай мүшелер.
§ 75. Жалғаулықсыз келген дара бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады. Бірыңғай мүшелердің санынан үтір санының біреуі кем болады.
Әр ел тұс-тұсындағы Ақбайтал, Көлденең, Жігітек, Шатқалаң, Бөкенші сияқты асу-асуларға қарай беттеді. Абай қажымай, жалықпай ылғи ғана ынтыға тыңдайтын (М.Әуезов). Оля Иванцова салмақты, ауыр мінезді, үндемейтін қыз еді (А.Фадеев).
§ 76. Жалғаулықсыз келген күрделі (жайылмалы) бірыңғай мүшелердің араларына да үтір қойылады:
Боржабай орта ғана бойлы, жуантық денелі, дөңгелек бетті, қалың ерінді, жасаураған кішірек қоңыр көзді, ұйысқан қысқа қара жирен сақалды, таңқита басқан сирек мұртты, домалақтау мұрынды, қоңыр өңді кісі еді (С.Мұқанов). Бірнеше орындық, көйлек-көншек салатын комод, оның үстінде кішкентай айна, киім-кешек салынған сандық, қабырғада ілулі сағат, бұрышта екі бұрқан – міне, бар мүлік осы (М.Горький). Осы кезде дөңгелек жүзді, қызыл шырайлы, сарғылт жылтыр шашын құлағынан асыра қайырған, жасы он сегіздерге не
жетіп, не жетпеген жас кыз келіп кірді (А.С.Пушкин).
§ 77. Жайылма (күрделі) бірыңғай мүшелердің әрқайсысының (немесе бірқатарының) өз іштерінде үтір кездесетін болса, бірыңғай мүшелердің жігіне нүктелі үтір қойылады. Мысалы:
Қала деген аты ғана болмаса, Н… қаласы екі қабат үлкен үйлер көшелерінде ғана бірен-саран кездесетін; өзге үйлерінің көбі бір қабат қана қарағай үйлер болатын; шет жақтарында ағаш үйден шым үй көп кездесетін; азғана жаңбыр себелеп өтсе, көшелерінен адам батпақтап жүре алмайтын; бірақ етек-жеңі мол; таусымақтау жерге жалпая салынған; Сібірде көп кездесетін үлкен бір деревня еді (С.Мұқанов).
§ 78. Бірыңғай мүшелердің алдыңғыларының жалғаулары түсіп қалып айтылуы мүмкін. Ол күнде де араларына үтір қойылады:
Бөкенші, Борсақ Қызықшоқы, Қыдыр, Көлқайнарға жаппа тігіп қонды да, көшпей отырып алды (М.Әуезов). Жамбыл айтыс, жырларында өз заманындағы ақындардың көбінен озық екенін танытады. Ақын, драматург, жазушылар өз шығармаларында шындық өмірді суреттейді.
Е с к е р т у. Алдыңғысының жалғауы түсіріліп айтылатын екі бірыңғай мүшені сол типтес қос сөздермен шатастырмау керек. Мұндай сөздер жалпылық мағынада айтылған болса, қос сөз болады. Мысалы: Мектебіміздің ән-күй үйірмесі бар (мұнда әңгіме бір үйірме туралы, сондықтан ән-күй – жинақтаушы атау). Мектебімізде ән, күй үйірмелері құрылды деп үтір қойып жазсақ, ән үйірмесі бір бөлек, одан басқа күй (домбырашылар) үйірмесі құрылғандығы көрінеді.
§ 79. Егер алдыңғы сын есім тікелей зат есімнің сынын білдірмей, өзінен кейінгі тұтас тіркестің сынын білдіретін болса, араларына үтір қойылмайды. Мысалы:
Мен жап-жаңа алтын сағат сатып алдым. Мұнда жап-жаңа деген сын есім алтын сағат деген тіркесті анықтап тұр. Ауылымызда қуатты су электр станциясы салынды. Мұнда да әңгіме жалпы станция емес, электр станциясы туралы. Электр станциясы дегеннің анықтауышы – су.
Мұндайда бірыңғай емес анықтауыштардың алдыңғылары өзі анықтайтын сөздің сыны емес, келесі анықтауыштың құрамындағы басқа сөздің сыны болып кететін қауіп болса, араларына үтір қойылады. Мысалы: Төңіректің бәрі де бірінен-бірі биік, қарағай жамылған ақ бас шыңдар (Ғ.Сыланов). Мұнда үтір қойылмаса, бірінен-бірі биік болып тұрған шыңдар емес, қарағай болып шығады. Ал дұрысында шыңдар бірінен бірі биік және олар қарағай жамылған. Кейде жазушы (не сөйлеуші) инверсия жасап, анықтауыш пен анықталушы сөздердің араларына басқа сөздерді қосып жібереді. Ол анықтауыштардың өзіне жалғас тұрған сөздің анықтауышы емес екені жазуда үтірмен, айтуда дауыс кідірісімен
көрсетіледі. Мысалы:
Барлық, үйге сатырлап тиген қамшы, шоқпар уық, керегені шатырлата сындырып барады (М.Әуезов). Мұндағы анықтауыш пен анықталушылар барлық үй дегендер емес, бір үйге тиген барлық қамшы,
шоқпардеген сөздер. Егер барлық деген сөзден кейін үтір қойылмаса және айтуда дауыс кідірісі болмаса, барлық деген анықтауыш үй деген сөзді анықтайтын болады. Екінші мысал: Ана, төренің Кертаңдағын мін де бар. (Р.Амангелдин). Мұнда ана деген анықтауыш төре деген сөзге емес, Кертаңдақ деген сөзге қатысты. Ана деген сөзден кейін үтір қойылмаса, “мына төре” емес, “ана төре” деген мағына шығар еді.Тағы бір мысал:
– Неғып тұрсың! – Шабайын деп ем – Кімді? – Әлгі, Кенжетайды ұратын төрені (С.Мұқанов). Мұнда да әлгі деген сөзден кейін қойылған үтір ол сөздің Кенжетай деген емес, төре деген сөзге қатысты екенін көрсетеді.
§ 80. Бір деген белгісіздік есімдігі мен соған жалғас келген анықтауыштың арасына үтір қойылмайды. Мысалы:
Жиренше таңертең Құнанбай аулына бір әдемі тарғыл тазы ертіп келді (М.Әуезов). Осы, саған бір айтатын сөзім бар.
Егер бір деген есімдік екі бірыңғай анықтауыштың арасында тұрса, ол өзінен кейінгі анықтауыштың құрамына енеді де, үтір алдынан қойылады: Баяғыда айлакер, бір қу түлкі болыпты (Ертегіден).
§ 81. Бірыңғай мүшелердің арасында қайталамайтын мен, және деген жалғаулықтар тұрса, үтір қойылмайды. Бұлар екі бірыңғай мүшенің арасында немесе бірнеше бірыңғай мүшенің ең соңғысының алдынан, я болмаса жұп-жұп болып тұрған екі бірыңғай мүшенің арасында қолданылады:
Бұлардың артында Ербол мен Баймағамбет бір бөлек келеді (М.Әуезов). Махаббат, қызық, мал мен бақ, Көрінуші еді досқа ортақ (Абай). Ол да Байжанға ауданның қазіргі және болашақтағы шаруасын білетін адам боп көрінеді (С.Мұқанов). Ырғақ – ой мен сезімнің, жан мен тәннің қосылып салар әні (Ғ. Мүсірепов).
§ 82. Да шылауы қайталамай, екі бірыңғай сын есім, үстеулерден болған мүшенің арасында келсе, үтір қойылмайды. Мысалы: Тәжік – қатал да тағы табиғаттың бермесін еңбегімен еріксіз алып өскен ел. Дененің бар қозғалысы белгілі бір еңбек ырғағын тауып, тез де өнімді қимылдайды (Ғ.Мүсірепов). Қызғанышқа жеңгізген жас жүрек кінәшыл да әділетсіз (М.Әуезов). Даусы ащы да қатал, зілді де кекті шығады (Ғ.Мүсірепов).
§ 83. Да шылауы етістіктен болған екі бірыңғай баяндауыштың арасында қайталамай келсе, да-дан кейін үтір қойылады. Мысалы: Таныды да, таң болды. Жабыларсың, таларсың да, жерсің! Бұның балдызына үйленген жандарал төрені сүйетін де, сүйейтін (М.Әуезов). Сайра да, зарла, қызыл тіл (Абай).
Е с к е р т у. Құрмаласқа енген жай сөйлемдерді байланыстырып тұрған да шылауынан кейін де үтір қойылады. Мысалы: Бұл жерлерге келгенде, Биденко мен Горбунов ескі тамның түбіне бой тасалап отыра қалады да, Ваня ілгері барып жер шолып келеді (В.Катаев).
§ 84. Бір мағынаны беретін, бірақ екеуі де ашық райда айтылатын күрделі етістіктің арасында келген да шылауынан кейін үтір қойылмайды.
Ол етістіктер бірыңғай мүшелер болып табылмайды: олардың соңғысы өз алдына лексикалық мағынасы жоқ көмекші етістік болады да, алғашқысын көсемше тұлғасына салып айтуға келеді. Мысалы:
Сол кезде сен егеуді ал да жөнел. – Сен сол кезде егеуді ала жөнел. Жат та қой, бар болғаны сол. – Жатып ал, бар болғаны сол. Шал шанасынан секіріп түсіп, жүгіре басып, жаяу жүрді де отырды. – Шал шанасынан секіріп түсіп, жүгіре басып жаяу жүріп отырды. Мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды. – Мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойыла қалды (барлық сөйлемдер “Ертегіден”). Дауыл көтерілді де, төңірек ұйытқыған қалың қар болды да кетті (С.Мұқанов). – Дауыл көтерілді де, төңірек ұйытқыған қалың қар болып кетті.
§ 85. Да жалғаулығы әр бірыңғай мүшеден кейін қайталап келсе, үтір қойылады:
Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да (Абай). Жер де, көк те тұп- тұнық, қап-қара (С.Мұқанов). Бала қыран алғыр да келеді, албырт та келеді (Ғ.Мүсірепов).
§ 86. Не, немесе, я, яки, әрі, әлде жалғаулықтары әр бірыңғай мүшенің алдынан қайталап келгенде, бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады. Мысалы:
Теріскейден соққан желдің екпіні әрі күшті, әрі суық (С.Мұқанов). Я алшымнан, я тәйкемнен түсетін күннің есігі бүгін ашылғандай (Ғ.Мүсірепов). Айтып тұрғаның әлде шын, әлде өтірік. Ендеше әрі сұлу, әрі ірі, әрі жорға бурыл атты мініп жүру қандай тамаша! (С. Мұқанов).
§ 87. Не, немесе, я, яки, әрі, әлде жалғаулықтары қайталанбай, екі бірыңғай мүшенің арасында тұрса, үтір қойылмайды. Мысалы:
Есін жиғанын не оянғанын Асқардың өзі де білмейді (С.Мұқанов). Бұл жердің топырағы – құнарлы әрі қара топырақ. Бүгін біз киноға немесе театрға барамыз. Ол жолдасының сөзін қорқынышпен әрі құмарланып тыңдады.
Е с к е р т у л е р . 1. Бұл ережені немесе, яки жалғаулықтарының оңашаланған мүшенің құрамына келген жағдайындағы тыныс белгісімен шатастырмау керек. Ол туралы §70-ты қараныз.
2. Бұл жалғаулықтар қайталанбай, құрмалас сөйлемдегі екі жай сөйлемнің арасында тұрса, алдарынан үтір қойылады. Мысалы: Мұндағылар егін басына барады, немесе егіс басындағылар мұнда келеді.
§ 88. Бір сөз бірдей не әр түрлі тұлғада қайталап айтылса, араларына үтір қойылады. Олар қатар да, араларына сөз салып та келе береді.
Лаула, жан, костёрден от, лаула, лаула! Келіңдер, кел, балалар, от жағуға! Жүйткиді поезд, жүйткиді! (Н.Байғанин). Жантық-ай, бері келші, бері (Ғ.Мүсірепов). Малға апарып салсам, сиыр екеш, сиыр да мұрнын шүйіріп жемейтін (“Аяз би” ертегісінен). Ол үйінде отырса, отырсын. Солай болса, болсыншы. Молдадан оқымасаң, оқымай-ақ қой, шырағым (С.Мұқанов). Бұларды дефиспен жазылатын қос сөздермен шатастырмау
керек.
§ 89. Екі бірыңғай мүшенің арасында келетін бірақ, дегенмен, алайда, сонда да деген жалғаулықтар мен сондай-ақ, сонымен бірге деген тіркестердің алдынан үтір қойылады. Мысалы:
Абай өлеңдерінде, сондай-ақ публицистикалық әңгімелерінде баланы тәрбиелеу деген мәселеге үлкен мән берді.
§ 90. Бірыңғай мүшелердің әрқайсысынан кейін сұраулық шылаулары, болсын деген сияқты сөздер қайталап келе береді, мұндайда бірыңғай мүшелердің араларына үтір қойылады:
Тал-терегі болсын, тау қайыңы – қисықша қызылқайың болсын – барлығы да көктеп жайнап тұр (М.Әуезов). Желдің бе, қасқырлардың ба – әлдененің ұлыған үні жер-көкке сыймай тұрған сияқтанады (С.Мұқанов).
§ 91. Үн жоқ, түн жоқ; ұзын арқан, кең тұсау; бір сырлы, сегіз қырлы; апы кіріп, күпі шығып; алты аласы, бес бересі; күн демей, түн демей; о жак, бұ жағы сияқты күрделі қос сөздердің арасына, бірыңғай мүшелерге қойылғандай, үтір қойылады. Мысалы:
Ол бір сырлы, сегіз қырлы жігіт еді. Қос салт атты үн жоқ, түн жоқ жүріп келеді. Ол әңгіменің о жақ, бұ жағынан бір шығып отыр.
§ 92. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден бұрын тұрса, жалпылауыш сөзден кейін қос нүкте қойылады. Бірыңғай мүшелерден кейін сөйлем аяқталмаса, бірыңғай мүшенің ең соңғысынан кейін сызықша қойылады:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек (Абай). Бұл өлең жолдарының қара сөзбен айтылатын құрылымы мынадай болар еді: Адамның қасиеті – үш-ақ нәрсе: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек. Мұнда жалпылауыш сөз – үш-ақ нәрсе (баяндауыш). Бұл сөйлем бірыңғай баяндауыштармен аяқталып тұр.
– Бұл үйдің жаны нешеу? – деді Итбай сөз бастау үшін. – Үшеу: Балтабек, қатыны, қарындасы, – деді Бүркітбай (С.Мұқанов). Бұл сөйлемнің толық түрі: Бұл үйдің жаны үшеу: Балтабек, қатыны, қарындасы болар еді.
Сөйледі Жамбыл бәріңе:
Жасың менен кәріңе (Жамбыл).
Е с к е р т у. Жалпылауыш сөзді бірынғай баяндауыштардың алдынан келген бастауышпен шатастырмау керек. Сырт қарағанда, жалпылауыш сөз сияқты болып көрінетін бастауыштан кейін қос нүкте қоюға болмайды. Ол үшін сөйлемнің бастауышы мен баяндауышын іздестіру керек. Мысалы, Көмірдің көп шығатын жерлері – Украинадағы Донбасс, Шығыс Сібірдегі Кузбасс, Қазақстандағы Қарағанды деген сөйлемде бастауыш – жерлері, одан кейінгі сөздер – бірыңғай баяндауыштар. Ал осы сөйлемді Көмірдің көп шығатын жерлері: Украинадағы Донбасс, Шығыс Сібірдегі Кузбасс, Қазақстандағы Қарағанды – ТМД елдерінің байлығы болып табылады деп өзгертсек, бұл сөйлемде жерлері – жалпылауыш сөз, одан кейінгілер бірыңғай бастауыштар, баяндауыш – байлығы болып табылады деген сөздер болып шығар еді. Сондықтан алғашқы мысалда баяндауыштары да атау тұлғадағы зат есімнен жасалғандықтан, жерлері деген атау тұлғадағы бастауыштан кейін сызықша қойылады. Екінші мысалда жерлері деген жалпылауыш сөзден кейін қос нүкте, ал бірыңғай мүшелердің аяқталған жеріне сызықша қойылады.
§ 93. Жалпылауыш сөз бірыңғай мүшелерден кейін келсе, жалпылауыш сөзден бұрын сызықша қойылады. Бірыңғай мүшелерден кейін жалпылауыш сөз болып келетіндер, көбінесе, бәрі, барлығы, баршасы, күллісі, бірі деген есімдіктер және сан есім аралас басқа есімдер болады:
Ортасында Құнанбай, Бөжей, Байсал, Қаратай, Сүйіндік, Майбасар – бәрі бар (М.Әуезов). Жылаған Тоғжан, жылаған Бөжей қыздары, барлық қаралы көш… қаралы киім, тұл ат – баршасы осы барлық қауымның қайғысын да Абайға өзгеше терең түсіндірді (М.Әуезов). Жандармдар қораны, шардақты – бірін қоймай тінте бастады (М.Горький). Алма, Жанат – екі қыз бір анадан туғандай, бір қалыптан шыққандай, бір ауылда ер жетті (Ғ.Мұстафин). Көбі шалдар, өзгелері жастар – он шақты адам қатарласа сөйледі (Ғ.Мүсірепов).
Жинақтаушы мәнде қолданылған кейбір зат есімдер де, оның ішінде мөлшерлі сан есіммен келгендері де жалпылауыш сөз бола алады:
Екі ақсақ, бір жел аяқ – үш боздақ енді базарға қарай бет алдық (Ғ.Мүсірепов).
Е с к е р т у. Жалпылау сан есімдерінен болған жалпылауыш сөзден бұрын сызықша қоймаса да болады: Ішінде отырған Мәкіш, Салтанат, Ербол үшеуі Абайға қарсы қуана ұмтылысты. Мәкіш, Ербол екеуі Абаймен құшақтасып амандасты (М.Әуезов).
§ 94. Бірыңғай мүшелер мен олардан кейін келетін жалпылауыш сөздің арасында қыстырма сөз (не қыстырма тіркестер мен сөйлем) тұрса, қыстырма сөзден бұрын сызықша, соңынан үтір қойылады. Мысалы:
Электр станциясының салынып біткен мерекесіне арналған митингіге жас та, кәрі де, оқушылар да, бөбектер де – қысқасы, ауыл адамдарының бәрі тегіс келді.
§ 95. Бірыңғай мүшелерден бұрын тұрған жалпылауыш сөзден кейін мысалы, атап айтқанда деген сөздер келсе, олардың алдарынан үтір, соңынан қос нүкте қойылады. Мысалы:
Бірсыпыра ірі өзендеріміз, мысалы: Лена, Обе, Енисей – Солтүстік мұзды мұхитқа құяды. Адам баласының тамаша қасиеттері, атап айтқанда: табандылық, ерлік, қайсарлық – оның бойынан табылады.
§ 96. Көбінесе бірыңғай мүшелерден кейін келетін тағы басқалары, тағысын тағылар, тағы сондайлар деген сөздердің толық не қысқарған түрлері келсе, бұлардан бұрын, яғни бұлардың алдынан үтір қойылмайды, өйткені бұл жердегі “тағы” сөзі және деген жалғаулықтың қызметін атқарады. Мысалы:
В.В.Радлов, Н.Ф.Катанов, С.Е.Малов, Н.А.Баскаков т.б. ғалымдар түркі тілдерін топтауда құнды еңбектер берді (К.Аханов). Мыналар элемент болады: оттегі, темір, күкірт, сынап, цинк, мыс т.т.
Р.Сыздықова