ҚЫСТЫРМА СӨЗДІҢ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ

2.             ҚЫСТЫРМА СӨЗДІҢ ТЫНЫС БЕЛГІЛЕРІ

 

§ 50. Қыстырма сөздер (жалаң және күрделі) сөйлем ішіндегі басқа сөздерден үтірмен бөлінеді. Қыстырма сөз сөйлемнің басында келсе, үтір одан кейін, ортасында келсе, екі жағынан, соңында келсе, алдынан қойылады:

Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған (М.Әуезов). Ұмытпасам, курста бізге берілетін сабақтардың саны он (С.Мұқанов). Түнеугүні, әлі есімде, ауылдағы құс фермасына бардық. Жалған шығар бұл, кім біледі.

§ 51. Қыстырма болатын сөздер мен сөз тіркестері көбінесе мыналар:

а) Автордың түрліше сезімін: қуанышын, қайғырғанын, өкінішін, сенімін, күмәндануын т.б. білдіретін сөздер: амал қанша, несін айтасың, бәсе, әрине, рас, сірә, тегі, тегінде, асылы, бәлкім, шамасы, айтпақшы, мүмкін, бақытымызға қарай, соры қайнағанда т.б.:

Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ (Абай). Бәсе, осы сөз менің құлағыма бір тиген еді (М.Әуезов). Көл, тегі, “Дос” болып сол кісінің ныспымен аталып кеткен болу керек. Амал нешік, келдім (С.Мұқанов).

ә) Айтылған ойдың кімнің тарапынан шыққанын білдіретін сөздер:

…айтуынша, …айтқандай, жұрт айтқандай, меніңше, менің байқауымша, менің аңғаруымша, біздінше, сеніңше, оныңша, оларша, …ойынша, әлі есімде, шынымды айтайын, ұмытпасам т.б. Мысалдар: Менің аңғаруымша, сіз тарихқа көп ат салысқан сияқтысыз (М.Әуезов). Горькийше, бүкіл азаматтық ақыл-ой мен көркемдікке жол салушы да, мәдениетті құрушы да, әлемді жаңғыртушы да – еңбек.

б) Ойдың желісін, ретін (бастамасын, түйінін) білдіретін сөздер: біріншіден, екіншіден,… әуелі, алдымен, демек, сөйтіп, қысқасы, ақырында, әйтеуір, керісінше, мысалы, негізінен, негізінде, сонсын, сосын, бір жағынан, екінші жағынан,…, бір сөзбен айтқанда, былайша айтқанда, сайып келгенде т.б.

Мысалдар: Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз… Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз… Үшінші, орысты айттыңыз (М.Әуезов). Өз балаларына сонша қатал ол мені кісі баласы көре ме, әлде әке-шешесі жоқ жетім деп аяй ма, әйтеуір, бұған дейін жекіп көрген жоқ еді. Мысалы, Омбының сол кездегі зор үйі – Омбы темір жолының басқармасы – Қызылжарда жоқ (С.Мұқанов). Сөйтіп, ол Кішкене Кентай атанып кетті (М.Ғабдуллин).

в) Тыңдаушының назарын аудару үшін айтылатын сөздер: айталық, өздеріңізге мәлім, көріп отырсыз, шынында, міне, әне, қане, байқаймын, байқайсыз ба т.б.

Мысалдар: Шынында, бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні айырылуға тура келетіні анық сезілуші еді (М.Горький). Байқаймын, ол мені танитын адамға ұқсайды (М.Иманжанов). Бұған, айталық, тағы да екі литр су құямыз. Қасыңдамын, міне, келдім.

§ 52. Не, немесе, қалай, ендеше, осы сияқты сөздер де сөйлем мүшесі


болмай, айтушының (автордың) белгілі бір сезіміне байланысты қолданылғанда, қыстырма сөз ретінде үтірмен бөлінеді.

Мысалы: Не, бәрің осы баланы мүйіздей бересіңдері (Ғ.Сыланов). Осы, солдатқа жалғыз өзім-ақ кете берсем қайтеді! (Л.Толстой). Бүгін қойды кеш сауып болған ба, немене, ымырт жабылып қалыпты. Арысыңды, ендеше, арыстан жеді. Қалай, құлағың ашылды ма? (М.Әуезов)

Қыстырма бола алатын бірқатар сөздерді олардың сөйлем мүшесі болып, немесе күрделі мүшенің құрамында келіп, басқа сөздермен синтаксистік байланыста тұратын түрлерімен шатастырмау керек.  Сол жақта берілген қыстырма сөздері бар мысалдар мен оң жақта берілген қыстырма сөздері жоқ мысалдарды салыстырыңыз:


Рас, мен сізді бір рет көрдім (М.Әуезов).

Мүмкін, сәл кідіре тұрарсыз.

Айтпақшы, бүгін мен Асқарды көрдім.

Немене, шабыныңды басар деп қорқамысың?

Несін айтасың, бұл ат – осы ауылдың әйгілі жүйрігі.

Екінші,                      ел             алатын              тәсілді айттыңыз (М.Әуезов).

Әлі есімде, бір күні тауға шықтық.


Оның айтқаны рас екен.

Оның            кешігіп              жүруі            мүмкін емес.

Мен               саған            бірдеңе     айтпақшы едім.

Немене айтып отырғаныңды өзің түсінемісің!

Бұл сөзді бұрын мен естігем, қайталап оның несін айтасың.

Екінші                күні          жолдың жартысына келдік.

Бала кезде естіген ертегілерім әлі есімде.


 

§ 53. Сөйлемдегі сөздермен синтаксистік байланысы жоқ қыстырма сөйлемдер көбінесе үтірмен бөлінеді:

Ұмытып барады екем, жуырда елінен Әміржан келіп қалды. Сол ниетпен кірсем, неге екенін кім білсін, мені елеген адам болған жоқ (С.Мұқанов). Осы кезде, Құнанбайға Жексен шаққан болу керек, әкесі Абайға айғайлады (М.Әуезов).

§ 54. Сөйлемдегі негізгі ойды, не бір сөзді айқындау,  дәлелдеу, түсіндіру үшін қолданылған қыстырма сөйлемдер не сөз тіркестері екі жағынан жақшаға алынады (бірінші сөзі жалпы есім болса, кіші әріппен жазылады):

Салжігіттен (Темірбекті ол Салжігіт дейтін еді) неге қалдым? Иесі – Әбіл (әйелге бұлайша еркек атын қоюды бірінші естуім) дейтін жесір  әйел (С.Мұқанов). Бірақ менімен Раушанның (Рауза деп бірге оқитын жолдастары атап кеткен көрінеді) оқысында үлкен айырма  бар екенін сезгендеймін (М.Иманжанов).

Қыстырма сөйлем лепті не сұраулы болса, екі жағынан жақшаға алынады да, леп не сұрау белгісі жабылатын жақшаның алдынан қойылады, жақша ішіне алынған қыстырма сөйлем кіші әріптеп басталып жазылады:

Еміс-еміс естуімше, қыздың бір дұшпаны (неге дұшпан болатыны


айтпай-ақ мәлім!) қызға мен жіберетін өлеңдердің біреуін түсіріп алады (С.Мұқанов).

Жақшаға алынған қыстырмамен аяқталып тұрған сөйлемдерде леп, сұрау белгілері жалпы сөйлемге тиісті болса, олар жақшаның сыртына қойылады:

– Астапыралда (солай дейтін оның кейде әдеті болушы еді)! – деді Итбай (С.Мұқанов).

Жақшаға алынған қыстырма сөз не сөз тіркестері бөліп кететін жердегі басқа тыныс белгілері де (үтір, сызықша, қос нүкте) жақшаның сыртына қойылады:

Шыңғыстан Жақып, Шокан (жұртқа мәлім Шоқан Уәлиханов), Мақы, Махмет туады. Үлкендердің айтуынша, Қазақтың әкесі (атын ұмыттым) – ноғайлы деген жұрт (С.Мұқанов).

§ 55. Екі қыстырма сөз қатар келгенде, араларына үтір қойылады:

Рас, менің байқауымша, сіздің халық – ақын халық. Қысқасы, мүмкін, осы дұрыс та болар.

§ 56. Оңашаланған мүшемен келетін мысалы, айталық, шынында сияқты қыстырма сөзден кейін үтір қойылмайды (бұл жөнінде § 70-ты қараңыз):

Көктемде жыл құстарының алды, мысалы қаз бен үйрек, келе  бастайды. Географиялық атаулар, айталық тау аттары, бас әріппен жазылады.

Қыстырма сөзбен келген оңашаланған мүше жақша ішінде тұрса, қыстырмадан кейін үтір қойылады:

Көктемде жыл құстарының алды (мысалы, қаз бен үйрек) келе бастайды. Географиялык атаулар (айталық, тау аттары) бас әріппен жазылады.

§ 57. Мағынасы жағынан қыстырма сөздерге ұқсас келетін, дауыс кідірісімен айтылатын мынадай сөздер сөйлемнің басында не жай сөйлем ішінде үтір арқылы бөлінбейді: ал, тіпті, дегенмен, алайда, бірақ, сонымен қатар, сондай-ақ, әсіресе, тек.

Мысалдар: Ырғызбай ішінде әсіресе осы Қарашоқыға қызығушылар көп болатын. Тек не бұйырсаң да, тезінен бұйырғайсың. Абай бірақ қайындап кетті (М.Әуезов). Дегенмен мен жаңылмаппын. Мен оған күлімсірей қараймын. Ал ол өзінің келешегіне күлімсірей қарайды (М.Иманжанов). Ал Әмір болса, сол балалар ішіндегі әнші, өнерлісі болып келеді (М.Әуезов). Ол тіпті көшелі кісі боп қапты (С.Мұқанов).

Ал, бірақ, алайда, дегенмен, сонымен қатар, сондай-ақ деген сөздер жалғаулық шылау ретінде екі бірыңғай мүшенің немесе екі жай сөйлемнің арасында келсе, алдарынан үтір қойылады (§105-ты қараңыз).

 

Е с к е р т у. Бұл сөздер сөйлем басында келіп, олардан кейін қаратпа, қыстырма сөздер тұрса, екеуінің араларына үтір қойылады, бірақ ол үтір бұл сөздерге байланысты  қойылған  тыныс белгісі емес, қаратпа не қыстырма сөздің екі жағынан койылған үтірдің біреуі болып саналады: Ал, Абай аға, осы билік байлау ғой (М.Әуезов).  Дегенмен,  шынымды  айтайын, сізді танымай тұрмын. Бірақ, апа, осы екі балаңды адам етем (М.Әуезов).


§ 58. Ол – ол ма, бұл – бұл ма, ол – ол болмасын деген сияқты тіркестер, қыстырма ретінде үтірмен бөлінеді: Ол – ол ма, әңгіме одан да ұлғая түсті.

§ 59. Сөйлем мүшелерімен синтаксистік байланысы жоқ, өз алдына  жеке сөйлем сияқты қыстырма конструкциялардың да екі жағынан үтір қойылады. Ол конструкциялар көбінесе қасында, ішінде, басы … болып деген тәрізді сөздердің қатысуымен жасалады, оларды алып тастағаннан сөйлем мағынасы ойсырамайды.

Мысалы: Бір топ адам, басы Жомарт болып, егінге қарай беттеді. Газиктің рулін өзі ұстап, қасында Жақып бар, Жомарт келеді (Ғ.Мұстафин). Осы мақсатпен 1913 жылы патша әкімдері ел ішіндегі бір топ ақынды, ішінде Жамбыл да бар, Алматыға айдап әкелді (“Қазақ әдебиеті”).

§ 60. Жақшаға алынған қыстырма сөзді не сөйлемдерді енгізген кім екенін білдіру үшін редакция деген сөз немесе автордың әріптерден қысқартылып көрсетілген аты-жөні (инициалы) қойылады. Ондайда қыстырмадан кейін нүкте мен сызықша қойылып, автордың қысқартылған аты-жөні немесе редакция деген сөз бас әріппен жазылады да, жақша жабылады:

Шоқан Уәлиханов Қашқарда қалай тұруы туралы былай дейді: “Қашқардың және Алты шаһардың ғұрпы бойынша, шет мемлекеттен бұл елге келгендер үйленуге міндетті. (Кейін анықтасам, бұл әдет мұсылмандар үшін ғана екен. – С.М.). Кіші Бұхара (Қашқария – С.М.) имам Ханифке (мұсылмандар дүниесіндегі төрт мәзһәптің, орысша сектаның біреуі. – С.М.) бағынғанмен, …бұл арада уақытша үйлену толық күшінде екен”.

Бұл мысалдардағы С.М. дегендер – Сәбит Мұқановтың инициалы.

Р.Сыздықова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *