КҮН ЖЕЛІ – планетааралық кеңістікте Күн тәжі плазмасынан радиустық бағытта тұрақты түрде таралатын ағыны. Күн желінің қасиеттерін зерттеу жұмысымен алғаш рет американ астрономы Юджин Паркер (1927 ж.т.) айналысқан. Күннің қойнауынан шығатын энергия ағыны тәж плазмасын 1,5–2
миллион К (Кельвин) температураға дейін қыздырады. Тұрақты түрдегі қыздыру энергия шығынын сәуле шығару есебінен теңгере алмайды, себебі тәждің тығыздығы аз. Артық энергияның едәуір бөлігін Күн желінің (~1027– 1029 эрг/сек) бөлшектері өзімен бірге алып кетеді. Сондықтан Күн тәжі гидростатикалық тепе-теңдікте бола алмайды, ол үздіксіз кеңеюде болады. Күн тәжі құрамы бойынша тәж плазмасының құрамынан айырмасы жоқ (Күн тәжінде негізінен протондар, электрондар, аздаған гелий ядролары, оттегі иондары, кремний, күкірт, темір иондары болады). Тәждің түп негізінде (Күннің фотосферасынан 10 мың км тереңдікте) бөлшектердің радиус
бағытындағы жылдамдығы жүздеген м/сек дыбыс жылдамдығына тең болса, бірнеше Күн радиусындай қашықтықта әлгі жылдамдық плазмадағы дыбыс шапшаңдығына (100–150 км/сек) жетеді. Жер орбитасының маңында протондар шапшаңдығы 300–750 км/сек болады, ал олар- дың кеңістіктік шоғырлануы (концентрациясы) (1 см³ текше см-де) бірнеше бөлшектен – бірнеше ондаған бөлшекке дейін ғана болады. Күн желі өзімен бірге Күннің магнит өрісінің тұзақтарын ілестіре әкетіп планетааралық магнит өрісін түзеді. Бөлшектердің радиус бағыты бойынша қозғалысына қоса Күннің өз осінен айналуы оның қозғалысына спирал пішін береді. Жер төңірегінде Күн желі бөлшектерінің ағыны Жер магнетизмінің өрісімен соқтығысуы салдарынан Жердің (Күнге қараған жағындағы) магниттік сферасында тұрақты соққы толқынын тудырады (сызбаға қараңыз). Күн желі магниттік сфераны орағытып ағады. Күн желінің қарқындылығының өзгерісі Күнде байқалатын оталумен байланысты және Жер магнетизмінің және магниттік сфераның ұйытқуы магниттік дауылдың негізгі себебі болып табылады. Күн 1 жылда Күн желінің себебінен өзінің массасының ~ 2·10-14 үлесін кемітеді. Күннен өзге- дей жұлдыздар да «жұлдыздық желдер» болады. Жұлдыздық жел жұлдызаралық ортада ыссы газдардың «көпіршіктерін» тудырады, осы «көпіршік» рентгендік сәуленің көзі болып табылады.