КҮЙЛЕР ТЕҢДЕУІ, термодинамикалық тепе-теңдік күйлердегі физикалық біртекті жүйелердегі қысымды (P), көлемді (V) және температураны (Т) байланыстырады: f (Р, V, Т) = 0. Бұл теңдеу жүйенің ішкі энергиясын (U) анықтайтын кез келген үш параметрдің (Р, V, Т) екеуінің функциясы ретінде анықтайтын калориялық күйлер теңдеуінен өзгеше термиялық күйлер теңдеуі деп аталған.
Термиялық күйлер теңдеуі қысымды көлем және температура арқылы өрнектеуге р =р (VT) және жүйені шексіз аз шамаға δ(V) ұлғайтқан кезде қарапайым жұмысты (δА = pδV) анықтауға мүмкіндік береді. Күйлер теңдеуі термодинамикалық заңдарды нақты заттарға қолдануға мүмкіндік беретін қажетті қосымша болып табылады. Бұл теңдеу тек термодинамиканың бір ғана заңынан қорытылып шығарылмайды, тәжірибеден немесе заттардың құрылысы туралы түсініктер негізіндегі теория жүзінде статикалық физиканың әдістерімен есеп- теліп анықталады. Термодинамиканың бірінші бастамасынан тек калориялық күйлер теңдеуінің болатыны, ал термодинамиканың екінші бастамасынан – термиялық және калориялық күйлер теңдеуінің арасындағы байланыс анықтала- ды: (∂U/∂V)T = T(∂p/∂V)V – p, бұдан идеал газ үшін ішкі энергияның көлемге тәуел- сіз екені шығады (∂U/∂V)T = 0. Термиялық, сондай-ақ калориялық күйлер теңдеулерін есептеп анықтау үшін термодинамикалық потенциалдардың кез келгенін өздерінің параметрлерінің функциялары түрінде білу жеткілікті.
Идеал газға арналған Клапейрон теңдеуі рϑ = RT, мұндағы R – газ тұрақтысы, ϑ – 1 моль газдың көлемі; Ван-дер-Ваальс теңдеуі (р+а/ϑ²)(ϑ–b)=RT, мұндағы а және b – газ табиғатына тәуелді және молекулалар арасындағы тартылыс күшінің ықпалын және олардың көлемдерінің шекті екенін есепке алатын тұрақты шама; осылар күйлер теңдеулеріне мысал бола алады.