БІРГЕ ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР

БІРГЕ ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР

 

§ 58. Біріккен сөздерді жасап тұрған компоненттер, негізінен, түбір тұлғалары сақталып, бірігіп жазылады: асқазан, алабұға, алақоржын (өсімдік), баспасөз, балабақша, бірқатар, бірыңғай, бозбала,  бозқырау, демалыс, денсаулық, еңбеккүн, жарқабақ, кәсіподақ, кәсіпорын, қолбасшы, қолжазба, қолөнер, қолтаңба, оңтүстік, орынбасар, өнеркәсіп, өнертану, өнертапқыш, сегізкөз, солтүстік, шаштараз, суықторғай, түйетауық, уқорғасын.

§ 59. Бірсыпыра біріккен сөздер өзгерген қалпында, айтылуынша жазылады: бүгін, биыл, жаздыгүні, қыстыгүні, бүрсігүні, күздігүні, белбеу, қолғап, қолғанат, қолғабыс, қарағаш, апару, әкелу, түрегелу, мойынсұну.

Біріккен сөз болатындар:

§ 60. Топонимикалық атаулар, яғни жер-су аттары. Бұлар, негізінен, түбір тұлғалары сақталып жазылады: Актөбе, Ақжар, Алатау, Жезқазған, Талдықорған, Қызылорда, Сарыөзек, Сырдария, Баянауыл, Ұлытау, Қаратау, Жаманшұбар, Еңбекшіқазақ. Кейбір жер аттары үш сөзден жасалады да, үшеуі де бірігіп жазылады: Екібастұз, Қызылжарқұдық, Ақдаласор, Актүйесай, Алқакөлқұм, Ақбасатан. Тіпті кейде төрт түбірден құралып жасалған жер-су аттары да кездеседі: Аймысықкөккөз (тау, шоқы аты, Қарағанды облысының Шет ауданында), Ақсортопырақсай (сайдың аты, Ақадыр ауданында).

§ 61. Қазақша кісі аттары мен ру-тайпа және бірен-саран халық аттары. Бұлардың да көпшілігі, негізінен, түбір тұлғалары сақталып, бірге  жазылады: Ақбөпе, Ақмарал, Гүлжәмила, Ғалиябану, Жақыпбек, Жанбота, қаракерей, жетіру, қарақалпақ, қарақыпшақ.

Бірқатар кісі аттары дыбысталуы жағынан өзгерген күйінде жазылады: Амангелді, Жангелді, Нұргелді, Қарагөз, Ботагөз, Айғыз, Әйгерім, Жанғозы, Телғожа, Дәметкен, Ұлбосын, Айғаным.

Адамның фамилиясын немесе әкесінің атын  білдіру  үшін қолданылатын ұлы, қызы деген сөздер жалқы есімге қосылып жазылады: Мұхтар Омарханұлы Әуезов, Ғабит Махмұтұлы  Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Сара Сәтбайқызы Есова.

§ 62. Ғылым мен техниканың әр түрлі саласындағы терминдік мәнге ие болған атаулар бастапқы түбір тұлғаларын сақтап, бірігіп жазылады. Оның ішінде:

С а я с и — ә л е у м е т т і к     терминдер                 мен                     т а р и х , э к о н о м и к а ғылымдарына жататын сөздер: өнеркәсіп, кәсіподақ, бесжылдық, көзқарас, баспасөз, арақатынас, еңбеккүн, еңбекақы, жалақы, қаламақы, шикізат, қолбасы, келіссөз, қонақасы, өнертабыс, алауыздықтар (мемлекеттер, одақтастар, пікірлестер т.б. аралығындағы келіспеушіліктер), көзбояушылық, сөзбұйда (волокита деген терминнің баламасы), қосмәнділік принципі (философия термині).

Б и о л о г и я ғылымына жататын терминдер, яғни аң-құс, жан-жануар,


өсімдік, ағаш, құрт-құмырсқа атаулары және осы салаға қатысты өзге де терминдік сөздер: алабота, кәріқыз, алақоржын (өсімдік аттары), қырықаяқ, бұзаубас, қарақұрт (жәндіктер), ақиық, бізтұмсық, бірқазан, өгізшағала (құс аттары), гүлтабан, бұршаққын, тозаңқап (ботаника терминдері).

Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер (ақ, сары, қызыл, қара т.б.), немесе мал, аң-құстардың жалпы атаулары (қой, сиыр, түйе, қозы, бөрі, аю, қоян, қаз т.б.), я болмаса тау, шөл, құм, дала, су, тас, у деген сияқты сөздер болып, екінші сыңары нақты өсімдік немесе аң-кұстардың аты болса, бұлармен жасалған сөздер биологиялық терминдер ретінде қосылып жазылады (қазақ тілінің емле ережелері мен 1988 жылғы “Орфографиялық сөздікте” алдыңғы сөз анықтауыш ретінде бөлек жазылады деп көрсетілген ереже түзетілуге тиіс): құмбетеге, субетеге, қоянжоңышқа, сиыржоңышқа, түйежоңышқа, қойжусан, қызылжусан, қаражусан, қойқарақат, бөріқарақат, аюқарақат, қызылқарақат, қарақарақат, түйекекіре,  укекіре, атбұршақ, түйебұршақ, бөрібұршақ, майқаңбақ, балқаңбақ, сорқаңбақ, аққайың, қотырқайың, үлпекқайың, қызылқайың, итжуа, итбүлдірген, итбадам, итқонақ, итқұмық, итошаған, итсигек, итбүлдірген, таутеке, субүркіт, сужылан, убалдырған, убидайық

 

Е с к е р т у. Ақ, қара, қызыл, қоңыр деген сын есімдер аң-құс, өсімдіктердің түсін айыру үшін қолданылған болса, бөлек жазылады: ақ аю, қоңыр аю, қара бұрыш, қызыл бұрыш, қара жүзім, қара өрік, қоңыр қаз. Кер сөзі де түсті білдіріп тұрса, бөлек жазылады: кер ат, кер ала, кер бесті, кер жағал, кер төбел, кер марал, ал кері және керілген сөздерінің ықшамдалып барып тіркескен түрімен келген күрделі сөздер бірігіп жазылады: керауыз, керзаман, кермиық, кертақыс, кертартпа.

 

Ф и з и к а — м а т е м а т и к а ғылымдары мен өндіріс-техника саласына жататын терминдердің бірсыпырасы біріккен сөздер болып келеді. Мысалы: сегізжақ, үшжақ, көпмүше, бірмүше, көпбұрыш, темірбетон, қазаншұңқыр (котлован), майбалшық (раствор), жанармай, жағармай.

М е д и ц и н а ,  в е т е р и н а р и я   салаларына   қатысты   терминдердің бірқатары екі түбірден жасалып, бірігіп жазылады: шорбуын (артрит), соқырішек, сарысу (илену), сарауру, көкжөтел, құрқұлақ, өкпеқұрт, қоянжел.

М ә д е н и — а ғ а р т у , ө н е р , ә д е б и е т т а н у , т і л б і л і м і салаларына жататын терминдердің ішінде екі түбірден бірігіп жасалғандары едәуір: күйтабақ, қылқалам, қолтаңба,  сөзжұмбақ,  жолжазба, сегізаяқ, сөзжасам, сөзтізбе (реестр).

Спорт саласына жататын терминдер екі түбірден жасалса, біріккен сөз болады: бессайыс, онсайыс, мұзайдын, ойынсерік (партнёр), жанкүйер.

Спорт терминдері сияқты қазақша ұ л т т ы қ о й ы н а т т а р ы да екі түбірден жасалса, көбінесе, біріккен сөз ретінде қосылып жазылады. Бұлардың ішінде сын есім, сан есімдер мен зат есімдердің тіркесуімен жасалғандары көбірек кездеседі: аққала, ақсүйек, түйебас, қосқұлақ,


әуетаяқ, салматаяқ, алакүшік, алтынқабақ, бурақотан, қарабие, қарақұлақ, алтыбақан, бесқақбай, үштабан, шықетер, төртасық, бесасық, бестас, соқыртеке, тоғызқұмалақ.

Сондай-ақ кейбір ойын аттары есімдер мен етістіктердің тіркесінен жасалады, олардың көпшілігі біріккен сөз болады: балтамтап, қолсоқпақ, ханатпақ, ханталау, тисінқабақ, ал бірқатары күрделі сөз ретінде бөлек жазылады: қыз қуу, орамал тастау. Бастауыш, баяндауыш, толықтауыш мүшелері бар, сөйлем іспетті құрылымдардан жасалған ойын аттары тырнақшаға алынып, кейде тырнақшасыз әр сөзі бөлек жазылады: “ханды қара басты ”, “хан жақсы ма?”, “кім түртті?”. Бір сөздің қайталауынан жасалған немесе қарсы мәндес қос сөздерден жасалған ойын аттары дефиспен жазылады, олар да көбінесе тырнақшаға алынады: “мыршым- мыршым”, “ұжмақ-тозақ”, “хан-уәзір”.

Әр түрлі ырым, ритуал аттары да екі түбірден тұрса, бір  сөз  ретінде танылады: ақсарыбас, жолаяқ, беташар, есікашар, тұсаукесер, атұстатар, қолұстатар, батаоқыр.

Х и м и я, г е о л о г и я , м е т а л л у р г и я салаларына қатысты терминдердің бірқатары біріктіріліп жазылады: оттек (оттегі), сутек (сутегі), қостотық, теміртас (железняк), таскөмір.

А с т р о н о м и я саласына қатысты терминдік сөздер екі түбірден жасалса, біріктіріліп жазылады: көкжиек (горизонт), кемпірқосақ, оңтүстік, солтүстік, шоқжұлдыз. Бұл топқа жұлдыздардың,  шоқжұлдыздардың  аттары да жатады: Темірқазық, Жетіқарақшы, Ақбозат, Есекқырған, Үшарқар, Құсжолы.

Біріккен сөз болатын терминдерге келгенде мынадай жайттарға көңіл аудару қажет болады. Флора (өсімдік) пен фауна  (жан-жануарлар)  дүниесінің терминдік атаулары болып келетін біріккен сөздердің жасалу жолдары көбінесе мыналар:

1)   Флора мен фауна атаулары түсті білдіретін ақ, қара, көк, сары, қызыл, ала, боз деген сөздер мен жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айырылған сөздердің бірігуі арқылы жасалады. Мысалы, (алақоржын (тышқан), ақиық (құс), қарақанат (өсімдік) дегендердегі  қоржын,  иық, қанат сөздері осы атауларда өздерінің жеке лексикалық мағынасында қолданылып тұрған жоқ, алдыңғы сөздермен бірігіп барып, нақты аңның, құстың, өсімдіктің атауы болып тұр.

Бұл топтағы өсімдік атауларына мысалдар: ақбүйрек, ақбілек, ақшелек, ақсырғақ, ақтамақ, бозбұғы, бозкілем, қарабас, қарақұлақ, қарашора, қарашұнақ, қызылбас, қызылқұйрық, сарыбуын, сарысадақ,  көкқасқа, көкнайза, көксұлтан, көкшолақ.

Осы топтың жан-жануарлар атауларына мысалдар: ақиық, қарабай (құстар), ақкөз, аққайран, ақсерке, алабұға, қаракөз (балықтар), алақоржын (тышқан), қарақұйрық (аң).

2)   Бірінші сыңары түсті білдіретін сын есімдер, екінші сыңары аң-құс, өсімдіктердің жалпы атауы болып саналатын құс, ағаш, балық, құрт, шөп,  гүл, торғай, жидек, жеміс сияқты сөздер болып келген атаулар біріккен сөз


болады: қарақұс, қараторғай, қарағаш, қарақұрт, сарағаш,  сарыгүл, сарышөп, қаражидек, қызылжидек. Мұнда да өсімдіктің нақты атауы ағаш, гүл, жидек деген сөздер емес, сол сияқты құс, торғай дегендер де – нақты  бір құстың аты емес, жалпы атаулар.

3)    Бірінші сыңары әр алуан есім сөздер болып, екінші сыңары шөп, от(ы), гүл, құс, торғай, балық, тауық, құрт сияқты жалпы атау болса, олар да біріккен термин сөз болады. Мысалы: айгүл, айланшөп, бояушөп, барқытшөп, қоңыраушөп, сәлемшөп, әтіргүл, безекгүл, тарақбалық, теңгебалық, қылышбалық, күркетауық, түйетауық, тентекқұс, жыланқұрт, суықторғай.

Соңғы компоненті жапырақ, тікен, тікенек, тамыр сияқты сөздер болып келгендер де осы қатарға жатады: бабажапырақ, алтайтамыр, сужапырақ, сүтжапырақ, теңкежапырақ, әректікен.

4)    Екі сыңары да жеке тұрғандағы лексикалық мағынасынан айырылған есім сөздер болса, ол атаулар да ботаникалық немесе зоологиялық терминдер бола алады: егеуқұйрық, бізтұмсық, қаптесер, айқабақ, асқабақ, бестамақ, балмұрын, томардәрі.

5)   А. Бірінші сыңары мал атаулары (қой, сиыр, айғыр, түйе, бота, бие, қозы, ат) аң атаулары (аю, киік, бөрі) немесе балық, бақа, құс деген сөздер болып, екінші сыңары өзінің лексикалық мағынасынан айырылған сөздерден жасалған биологиялық терминдер біріккен сөз болады: аюқұлақ, аютабан, атқұлақ, атшоңқай, бақабас, балықкөз, бөрікөз, бөріқұлақ, бөрігүл, ботатабан, қозыжаурын, қозықұйрық, қозықұлақ, құсаяқ, құсқонбас, құстарақ, түйеқарын, түйеқұйрық, түйесүйек, түйежапырақ, биебау, биеемшек, биеқарын, қоянсүйек, қоянтамақ, қоянтобық.

Ә. Бірінші сыңары кейбір малдар мен аңдардың жалпы атаулары (қой, қоян, түйе, киік, балық т.б.) екінші сыңары шөп, от(ы), жапырақ, тікен, жеміс, тамыр, ағаш, қат сияқты сөздер болса, бұлардың бірігуі арқылы да ботаникалық терминдер жасалады: балықот(ы), қояноты,  бақоты, қойоты, қояншөп, қандағаш, қарағаш, қызылағаш, түйежапырақ, түйетікен, киікоты, қазоты, бөріжеміс.

 

Е с к е р т у. Белгілі бір өсімдіктің түрін (сортын) айырып атау үшін жасалған, бірінші сыңарлары мал мен аң-кұстардың жалпы атаулары (бөрі, аю, қоян, киік, қаз т.б.) екінші сыңарлары жеке өсімдіктің өз атаулары болып келетін тіркестер де біріккен сөз болады (бұлар жөнінде § 62-ты қараңыз).

 

Б. Өсімдік, аң-құс, жан-жануарлардың белгілі бір түрінің (тұқымының, сортының) атауы алдынан олардың мекеніне, түсіне немесе басқа да бір қасиет-белгілеріне қарай айтылып қалыптасқан тұрақты анықтауыштары болады. Олар анықтайтын сөзінен бөлек жазылады. Мысалы: мес бие, қулық бие, лақса бие, сарқарын бие; жөнек нар, үлкен нар, оқпақ нар. Сонымен қатар мұндай терминдік анықтауыштар екі (кейде үш) сөзден тұруы да мүмкін. Ол күнде бұл екі сөз өзара бірігіп жазылады да, анықтайтын сөзінен бөлек тұрады. Мысалы: ақбас жонышқа, ақбас  сиыр, ақбас капуста  дегендердегі ақ сөзі жоңышқаның, сиырдың, капустаның бастарының ақтығын жай ғана


суреттеп тұрған жоқ, ол бас сөзімен бірігіп, сол өсімдіктің сортын немесе малдың тұқымын айырып атап тұр. Мұндай терминдік мәндегі күрделі анықтауыштар негізінен ғылыми әдебиетте (оқулықтарда, ғылыми зерттеулерде, энциклопедия мен сөздіктерде) кездеседі және көбінесе калька жолымен жасалған аударма болып келеді: ақтұмсық қарға, алақанат бозторғай, итбас жарғанат, алаяқ мәлін, ақтөс сусар, аққабақ шымшық, бізқұйрық үйрек, сүйелтұмсық кептер, қызғылтжирен саршұнақ, қызылерін ақмарқа.

Е с к е р т у. Екі-үш сөзден тұратын күрделі  анықтауыштар ғылымдық термин болмай,  яғни түрді, тұқымды, сортты білдірмей, жай суреттеме атау үшін қолданылған болса, олардың әрбір сөзі бөлек-бөлек жазылады: Мысалы: ақ шандыр бие, ит арқа ат, бас асау жылқы, иір өркеш түйе, қара қайыс түйе, сары аяқ марқа, ақ ала мойын кептер, ұзын сирақ әтеш.

 

Биология саласының біріккен сөзден жасалған терминдері тек жан- жануар, аң-құс, жәндік, өсімдіктердің аттары ғана емес, олардың құрылысына, организміне, өсіп-өну процесіне т.б. қатысты атаулар болып та келеді. Мысалы: гүлтабан, гүлшұнақ, тозаңқап, бұршаққын, сүтқоректілер, оңқанаттылар.

§  6 3 .  Әр алуан қ ұ р а л — ж а б д ы қ ,   қ а р у — ж а р а қ ,   м а ш и н а , а п п а р а т , б ұ й ы м , ү й м ү л к і атаулары екі түбірден жасалса, біріккен сөз болады. Бұлардың ішінде бұрын пайда болған ежелгілері де, жаңалары  да бар. Мысалы, көне мылтық атаулары: алтатар, бесатар, күлдірмамай, жекауыз, бірауыз, қандауыз, жездауыз; әр түрлі үй мүлкі мен бұйым атаулары: жұқаяқ, қазанқап, жастағаш, қолғап, қуысқұлақ, музыкалық аспап атаулары: месқобыз, сазсырнай, асатаяқ, найсыбызғы, қоссаз, желғабыз; өзге де құрал-жабдық аттары: атауыз, жерағаш (соқы), тісағаш, шотаяқ сияқтылар ертеден келе жатса, мұзжарғыш, еттартқыш, қаржыртқыш, астықтиегіш, шаңжұтқыш тәрізді жаңа машина, аппарат, құрал-жабдық атаулары – кейіннен жасалған біріккен сөздер. Соңғы топтағы нақты атау болып саналатын зат есімдерді осылармен тұлғалас келетін кәдімгі анықтауыштармен шатастырмау керек, күрделі анықтауыштардың әрбір сөзі бөлек жазылады: су тартқыш колонка (қандай колонка? – су тартқыш), жүк көтергіш машина (қандай машина? – жүк көтергіш).

§ 6 4 . Әр алуан м а м а н д ы қ , к ә с і п и е л е р і н і ң аттары және белгілі бір іске (әрекетке, жұмысқа т.б. ) бейім адамдардың атаулары да екі сөз арқылы білдірілсе, біріккен сөз болады: алыпсатар, атқамінер, теміржолшы, жолсерік (проводник), өнертапқыш, қызылізші.

Екі компоненті де етістік тұлғалы болып келетін сипаттама тіркестер қосылып жазылады: көріпкел (адам), шығарыпсалма (сөз), суырыпсалма (ақындық), алыпқашпа (сөз); бұл қатарға екінші компоненті ашық райдағы етістік болып келетін тіркестер де жатады: ерғашты (болу), жүрекжарды (хабар), қағазбасты (қызметкер), жолсоқты (болу), пышақкесті (тыйылу). Етістік араласып жасалған әпербақан, ойбауырымдау (жоқтау), өлдемаған, әлімжеттік (қылу), немкетті (қарау) немкеттілік, немқұрайды (қарау), немқұрайдылық, қағазбастылық сияқты сөздердін осылайша жазылуы сөздік


бойынша реттеледі (яғни сөздіктен қарап жазу керек).

§ 65. Екінші сыңары аралық, тану, сымақ, құмар, жай, -хана, ақы,

-нама, хат, тас, бас деген сияқты сөздер болып келген тіркестер бір ғана заттың атын білдіріп (көбінесе термин болып) тұрса, біріктіріліп жазылады: халықаралық, ауданаралық, ведомоствоаралық; қоғамтану, шығыстану, абайтану; шешенсымақ; асхана, құсхана,  төлхана,  перзентхана; сапарнама, өмірнама, ғарышнама; шайқұмар, әнқұмар; жалақы, қаламақы, еңбекақы, жамбасақы, көзақы (көргеннен көзақы алған), жолақы, кіреақы (термин ретінде емес, образды фразеологизм құрамында келген ақы сөзі бөлек жазылады: табан ақы, маңдай тері); сенімхат, түсінікхат, келісімхат, мағлұмхат, сәлемхат (хат сөзі жалпы “жазылған дүние” мағынасында келіп, алдыңғы сөз сол жазылғанның сипатын білдіріп тұрса, бөлек жазылады: ашық хат, жасырын хат, жабық хат, тапсырыс хат); қоражай, саяжай, тұрақжай, қонақжай, жағажай (пляж), егінжай; ұлутас, теміртас, сутас, тақтатас, зертас, сынтас, құлпытас, обатас, этнографиялық бұйымдардың атаулары; тұмартас, есектас, құрал атауы: шаңтас (бидай бастыратын), табиғаттағы құмтас, қойтас, жартас, шағылтас (тас сөзі өзінің тура мағынасында келіп, алдыңғы сөз оның түрлі сын-сипатын білдірсе, бөлек жазылады: малта тас, дөңбек тас, жақпар тас, қайрақ тас, қабыршақ тас, шақпақ тас, серек тас, үңгір тас, тектұр тас, лағыл тас, ақық тас, меруерт тас) қалжыңбас, қылжақбас, маубас, жүдеубас, жындыбас, қаңғыбас, қақбас (бұларды алдыңғы компоненті анықтауыштық қызметте келген қауға бас, дода бас, қазан бас, қасқа бас, қалтақ бас деген жай тіркестермен шатастырмау керек); қолбасы, онбасы, мыңбасы, жүзбасы, рубасы, түменбасы, көшбасы, әскербасы, дуанбасы; қолбасшы, жолбасшы, көшбасшы (соңғыларды термин емес, жай мынадай сөз тіркестерімен шатастырмау керек: сөз басы, түлік басы, төл басы, мал басы – мал басын көбейту, жан басы – жан басына шаққанда) т.т.

§ 66. Еш, әр, кей, қай, әлде, бір деген сөздер есімдіктермен, үстеулермен тіркесіп келгенде, бірігіп жазылады: әрбір, әркім, әрқайсы, әрдайым, әрқашан, әрнеме, әркелкі, әрқайда, ешкім, ешбір, ешқайда, ешқашан, ешқандай, ештеңе, ешқайсысы, ешқалай, кейбір, кейбіреу, қайбір, бірдеңе, бірнеше, біраз, бірсыпыра, біркелкі, әлдекім, әлдене, әлдеқашан, әлдеқайда, әлдеқандай, әлдебір, әлдеқайдан т.т.

 

Ескертулер. 1. Еш, әр, кей, қай, қайсы, әлде, бір деген сөздер зат есімдермен келгенде, бөлек жазылады: әр адам, әр жылы, әр уақытта, әр жұмыс, әр нәрсе, әр күні, кей адам, кей жылы, кей уақытта, қай адам, қайсы адам, қайсы жылдары, бір адам, бір күні, бір жылы, еш адам, еш нәрсе, еш уақытта, еш жұмысым жоқ.

2.   Бір деген белгісіздік есімдігі мына сияқты тіркестерде бөлек жазылады: белгілі бір, бейне бір, екінші бір (екінші бір айтатын әңгіме), неше бір (неше бір түсінбесең де), не бір (не бір әдемі гүлдер бар).

 

§ 67. Бірінші компоненті фото, радио, электр(о), авто, аэро, кино,  гидро, агро, теле, стерео, мото, метео, био, микро, макро, квази, транс деген тұлғалар, екінші компоненті тәуелдік жалғаусыз сөз болса, әрі бұлар


қосылып, бір заттың, бір құбылыстың атын білдіріп тұрса, бірігіп жазылады. Мұндайда екінші компонент қазақ сөзі де, кірме сөз де бола береді: автомашина, автобаза, автоқалам, автосуарғыш, автотіркес, авиапочта, авиабайланыс, авиамектеп, фотоаппарат, фотосурет, электровоз, электромагнетизм, электроөткізгіш, телемеханика, телеқабылдағыш, теледидар, телестудия, телехабар, агрокомплекс, агрошаралар, биосүзгі, макромолекула, микробиология, микросинтез, трансевропалық, транссібірлік, инфрақызыл, ультракүлгін, изосызық, гипержазықтық.

 

Е с к е р т у. Электр сөзімен келген тіркестер кейде о дөнекерінсіз келеді де, осы сөзбен келген тіркес күрделі сөз ретінде танылып, электр сөзі бөлек жазылады: электр агрегат, электр барабан. Ал тәуелдік жалғаулы сөзбен тіркескенде, электр  сөзінің  бөлек жазылатыны өзінен-өзі белгілі: электр қуаты, электр станциясы.

Орыс тілінен біріккен сөз болып танылатын кірме сөздер сол қалпында (яғни орысша жазылуынша) таңбаланады: паровоз, бронепоезд, бортмеханик, бензорез, метрдотель, амперметр, бормашина, самосвал, газовоз, газогенератор.

Р.Сыздықова

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *