5. БӨЛЕК ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР
§ 43. Екі (кейде одан да көп) сөз қатар айтылып, бір ғана ұғымды білдіретін, яғни бір ғана затты, құбылысты, қимылды, түр-түсті, санды атайтын к ү р д е л і с ө з д е р д і ң әрбір компоненті бөлек жазылады. Олар мыналар:
Екі зат есім қатар айтылып, бір ғана затты атап, алдыңғысы соңғысының тегін (неден жасалғанын), неге арналғанын, немен жұмыс істейтінін және өзгелерінен ажыратылатын белгілерін білдірсе, олар бір- бірінен бөлек жазылады. Мысалы: ағаш шот (ағаштан жасалған шот), ат қора (атқа арналған қора), жел диірмен (желмен жұмыс істейтін диірмен), жол азық (жолда жеуге арналған азық), май шам (маймен жанатын шам), шай қасық (шай ішкенде жұмсалатын қасық) т.б.
Бұлардың қатарына екінші компоненті бау, айыл, жіп, сап, киім, қалта, май, қағаз, ағаш (“өсімдік” деген мағынада емес, зат, бұйым жасайтын материал – “древесина” мағынасындағы) сияқты зат есімдер мен олардың түрлерін (яғни сол сөз атап тұрған заттың түрлерін) айырып атайтын сапалық не қатыстық сынды білдіретін есім сөздер жатады. Мысалы, бау сөзімен келетін: аяқ бау, балақ бау, жел бау, қарғы бау, қармақ бау, тамақ бау деген күрделі сөздердің барлығында да алдыңғы компонент баудың түрлерін атайды (бұл қатарға шашбау, белбеу сөздері кірмейді, олар – кірігіп барып, бірігіп кеткен сөздер, яғни осылайша жазылуы дәстүрге айналғандар). Сол сияқты: құр айыл, төс айыл, шап айыл; бас жіп, күзеу жіп, мойын жіп, өрмек жіп дегендерде алдыңғы сөздер – айыл мен жіптердің түрлерін айырып
атайтын анықтауыш сөздер, сондықтан бөлек жазылады.
Екінші компоненті қағаз сөзі болып келген күрделі атаулардың бірқатары бір ұғымның (кейде бір кұжаттың) атын білдіреді: арыз қағаз, жолдама қағаз, куәлік қағаз, қатынас қағаз, мақтау қағаз, рұқсат қағаз, талақ қағаз, шақыру қағаз. Бұлардағы алдыңғы сөздер “қағаздың” (жазылған дүниенің) неге байланысты, не үшін берілетін (жолданатын, жазылатын) құжат екендігін білдіреді: рұқсат қағаз – бір нәрсеге (іс-әрекетке, затқа т.б.) рұқсат ететін құжат, талақ қағаз – көне атау, әйелін талақ еткенін куәландыратын қағаз т.т. Бұлардың көпшілігінің бірінші сөзі осы мағынада қағаз компонентінсіз-ақ қолданыла береді: жолдама, куәлік, шақыру, арыз т.т. Енді бірқатар тіркестерде алдыңғы компонент қағаздың сапалық не қатыстық сынын білдіретін анықтауыштар болып келеді: ватман қағаз, көшірме қағаз, қатырма қағаз. Бұл көрсетілген екі жағдайдың екеуінде де қағаз сөзімен келген тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады.
Е с к е р т у. Бұл ережеге қарақағаз сөзі бағынбайды. Ұлы Отан соғысы кезінде пайда болған бұл атауда қара сөзі қағаздың түсін де, мақсатын да көрсетпейді, майданда қаза тапқан адам туралы ресми хабардың атауы болып табылады.
§ 44. Адам, мал, айуан организмі мүшелерінің атауларын білдіретін екі зат есімнен құралған күрделі сөздердің әрбір компоненті бөлек жазылады. Олардың соңғы компоненті көбінесе жалпы атау (сүйек, жілік, қол, тіс, көз, жақ, омыртқа, бет, ет, тамыр т.б.) болады да, алдыңғы компоненті соларды анықтап, ажыратып тұрады: асық жілік, тоқпан жілік, ортан жілік; бел омыртқа, мойын омыртқа; ортан қол, сұқ қол; тоқ ішек, ащы ішек; күре тамыр, желке тамыр, қан тамыр; күрек тіс, ақыл тіс, азу тіс, сүт тіс, ит тіс, бас сүйек, төс сүйек, жақ сүйек, төбе сүйек, бет сүйек; көк желке, қыр желке, ой желке; сан ет, қол ет, қара ет, қызыл ет, сұрпы ет т.т.
§ 45. Үш зат есім қатар келіп, алдынғы екеуі соңғы сөз білдіріп тұрған заттың түрін саралау үшін айтылса, олар бөлек жазылады: үйрек бас ер, қос етек көйлек, мысық мұрт жігіт, саба құрсақ байлар.
§ 46. Түбір күйінде компоненттері бір-бірінен бөлек жазылатын анықтауышты тіркестер мен тұрақты тіркестерге етістік не есім тудыратын жұрнақтар жалғанғанда да сөздердің бөлек жазылуы сақталады, бұлар күрделі етістік немесе күрделі сын есім қатарына жатады. Мысалы: ақ таңдақ (жер) – ақ таңдақтану (жер ақ тандақтанып жатыр), қара барқын – қара барқындану, іш құса (болу) – іш құсалық, темір жол – темір жолдық (құрылыстар), ортан қол – ортан қолдай (жігіт), көп бала – көп балалы (отбасы), жоғары сапа – жоғары сапалы, шала сауат – шала сауатты, мал дәрігері – мал дәрігерлік, көп ұлт – көп ұлттық, көп жыл
– көп жылдық (еңбек), ұсақ буржуазия – ұсақ буржуазиялық.
Е с к е р т у л е р . Бұл ережені терминдік мәнге ие болған күрделі атаулардың (көбінесе зат есімдердің) қосылып жазылатын заңдылығымен шатастырмау керек. Мысалы: темір жолдық құрылыс, ал теміржолшы (соңғы сөз – мамандық иесін атайтын термин), көп жылдық еңбек, ал көпжылдық шырмауық (соңғыда көпжылдық сөзі күрделі ботаникалық терминнің компоненті болып тұр), бес жылдық оқу, ал бесжылдық (термин).
2. Бірге жазылуы дәстүрге айналған дүниежүзілік, бүкілодақтық сияқты қосылып таңбаланатын бес-алты сөздің орфограммасын емле сөздіктеріне қарап біліп алуға болады.
3. Бөлек не дефис арқылы жазылатын екі компонентті жалқы есімдерден қазақ тілі жұрнақтарымен жасалған туынды сөздер кіші әріппен қосылып жазылады: Коста-Рики – костарикалықтар, Батыс Сібір – батыссібірлік.
§ 47. К ү р д е л і с а н е с і м д е р д і құрап тұрған сөздердің әрқайсысы барлық тұлғада да бөлек-бөлек жазылады: он бір, он бірінші (қабат), он бірге (Балам он бірге шықты), он бірлерде (Ол бала он бірлерде), он екі, он екінші, он тоғыз, жиырма бір, бір мың, он мың.
Сан есімдермен жанастырыла қолданылатын жарым, есе, рет деген сөздер бөлек жазылады: бір жарым, үш жарым, екі есе, екі рет, бес есе, бес жарым, бес рет.
Болжалды сан есім жасауға қатысатын шақты, шамалы, қаралы деген шылаулар да бөлек жазылады: он шақты, отыз шақты, жүз шамалы, мың қаралы (қой), жүз қаралы (атты).
§ 48. Түсті білдіретін екі (кейде үш) сын есім қатар айтылып, үшінші бір түстің атауы болып тұрса, олар бір-бірінен бөлек жазылады: қара күрең, қара торы, қызыл ала, қызыл күрең, қара көк, сары ала, көк ала, ақ сары, ақ сұр, шұбар ала.
Жеке тұрып, барлық заттардың түсін білдірмейтін ал, құба, кер, құла, шабдар сияқты сөздермен қатар келген түс атаулары да бөлек жазылады: ал күрең, ал қара, ал қара көк, ал қызыл, ал қоңыр, қара кер, ақ құба, құла жирен, құла кер, ақ шабдар, шабдар ала.
§ 49. Малды (көбінесе жылқыны) сипаттау үшін сын есіммен қатар айтылатын төбел, қасқа, шолақ сияқты сөздер де бөлек жазылады: торы төбел (ат), құла қасқа (бие), шолақ торы (жабағы), ақ бақай (ат).
Е с к е р т у л е р . 1. Екі сын есімнен жасалып, немесе басқа сөздермен аралас келіп, малдың (көбінесе жылқының) меншікті аты – жалқы есім болып тұрған сөздер бірігіп, бас әріппен жазылады: Ақан серінің Құлагері. Менің Торытөбелім. Құлақасқа Жиренторыдан озып келді.
2. Екі түсті білдіретін бірыңғай анықтауыштарды немесе қос сөздерді күрделі анықтауыштармен шатастырмау керек. Бірыңғай анықтауыштар үтір арқылы, қос сөздер дефис арқылы жазылады. Мысалы: Қызыл-жасыл (киім) киінген жастар тобы көрінді (Қызыл және жасыл киім киінген немесе кызылды және жасылды болып киінген). Ақ, сары гүлдер алыстан көз тартады (ақ және сары гүлдер).
§ 50. Жеке тұрып сол тіркестегі беретін мағынасында қолданылмайтын қақ (тіркестегі мағынасы “екі” және “дәл”), қара (тіркестердегі мағыналары “үлкен”, “жай, күрделі емес, қарапайым” т.б.), қас (тіркестегі мағынасы “нағыз”), қыр (“артқы, соң”), сар(ы) (тіркес құрамындағы мағынасы “үлкен”, “ұзақ”) сияқты сөздермен келген тіркестердің әрбір компоненті бөлек жазылады: қақ айырылу,қақ алды, қақ басы, қақ бастан (салып қалды), қақ бөлу, қақ жару, қақ маңдай, қақ шеке, қақ төсі, қақ тілу, қара жаяу, қара жол, қара жел, қара өлең, қара сөз, қара халық, қара нөпір, қас батыр, қас маңғаз, қас сұлу (қаса сұлу), қыр желке, қыр соңынан, сар желу, сар(ы) қарын, сар дала, сары буын, сары жілік, сары уайым, сары балақ,
(бұлардың да жазылуын емле сөздіктері реттеп көрсетеді).
Е с к е р т у. Бұл қатарға қыркүйек, қақбас (“баласыз” және “жексұрын”), қаскүнем, қаскөй, қасқалдақ, саратан (ай), сарауру, саршұнақ (тышқан), сарсу (ауру), сарыбас (жылан) тәрізді бірге жазылатын сөздер жатпайды. Бұлар аң-кұс, жан- жануар, жәндік, ауру-індет т.б. атаулары болғандықтан, бір сөз ретінде танылады.
§ 51. К ү р д е л і е т і с т і к т е р д і ң әрбір сөзі бөлек жазылады. Күрделі етістіктер екі, үш, кейде төрт, бес сөзден де құралуы мүмкін: келе жатыр, оқып отыр, алып бер, келе қал, бара алмады, жүріп келе жатыр, алып беріп жібер, бара алмай қалды, жүріп келе жатыр еді, оқып отыра бергісі келді, кетіп қала жаздап барып қалды.
§ 52. Екі етістіктен бірігіп, ықшамдалып, қалыптасып кеткен әпер (алып бер), әкел (алып кел), әкет (алып кет), түрегел (тұра кел), мойынсұн (мойын ұсын), өсіт (осылай ет), бүйт (бұлай ет), неғып (не қылып), неткен (не еткен), қайткен (қалай еткен) сияқты сөздер сол қалыптасқан ықшам тұлғасында да, күрделі түрінде де қолданылады. Соңғы жағдайда екі етістік бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: Кітапханадан көп кітап әкелдім – Кітапханадан көп кітап алып келдім. Ол түрегелді де, гимнастика жасай бастады – Ол тұра келді де, гимнастика жасай бастады. – Әкет әрі! – Алып кет әрі!
Е с к е р т у. Мойынсұну, неткен, сөйтіп, өйтіп, өйткені, неғып сияқты сөздердің толық (күрделі) түрде тұлғалануынан (жұмсалуынан) гөрі осы ықшамдалған тұлғасында қолданылуы басымырақ.
§ 53. Есімдер мен етістіктерден араласып құралған, бір мағына беретін тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады: жұмыс істеу, қызмет ету, жәрдем беру, қол шапалақтау, ат қою, егін ору, жер қазу, жер өлшеу, іс жүргізу.
Мұндай тіркестердің соңғы компонентіне жұрнақтар жалғанып, туынды сөз жасалған күнде де әр сөз бөлек-бөлек жазылады: қызмет етуші, жәрдем бергіш, ат қоюшы, егін орушы, жер қазушы (адам), сөз жасаушы (жұрнақ), іс жүргізуші (делопроизводитель). Есім мен етістіктерден жасалған тіркестер
-у, -мақ жұрнақтарымен келіп, заттық ұғымды (демек, бір ғана заттың, құбылыстың, ұғымның атауын) білдірген күнде де олар күрделі сөз ретінде бөлек-бөлек жазылады. Мысалы: ду қол шапалақтау, астық жинау басталды (мұндағы астық жинау заттық мағынада жұмсалып жүр).
§ 54. Идиомалық, фразалық тұрақты тіркестердің әрбір сөзі бөлек жазылады. Әдетте мұндай тіркестер бір ғана ұғымды білдіреді, сондықтан олардың екі сөзден тұратындары біріккен сөздерге ұқсап, жазуда көп қиындық келтіреді. Терминдік мәнге ие болып, біріккен сөз дәрежесіне көтерілген бірқатар тұлғалардың о баста идиома не фраза болғандығы да (мысалы: келіссөз, көзқарас, ақсақал, атқамінер т.с.) бұл қиындықты күшейте түседі. Дегенмен идиома мен фразалық тіркес компоненттерінің бөлек жазылатындығын негізгі қағида деп ұғыну қажет. Бұлар есім мағыналы да, етістік мағыналы да болып келеді. Мысалы, есімдер: көк езу, сөз бұйда, өгіз аяң, арам ой, арам ойлы, ақ көңіл, ақ көңілді, қара ниет, қара ниетті, қара
ниеттілік, асқар тау, шалқар көл, бие сауым (уақыт) ет асым (уақыт), қозы көш (жер), тіс қаққан (бала). Етістік мәнді фразеологизмдер: тіл қату, тіл алу, тілге келу, тілін тарту, тіл өту, тіл ширату, бас ию, бас көтеру, бас салу, бас сауғалау, бас тарту, бас қатыру, бас қорғау, бас қосу, бас құрау, бел байлау, бой бермеу, бой тасалау, бой ұру, жан ұшыру, жан қию, жаны ашу, қол жету, қол қою, қол байлау, қол үзу, ат қою (“шабуылға шығу” мағынасында), ат салысу, жек көру т.б.
Етістік мәнді фразалық тіркестерден жұрнақтар жалғанып жасалған туынды сөз тіркестердің де әр компоненті бөлек жазылады: тіл алу – тіл алғыш (бала), бас көтеру – бір үйдің бас көтерген үлкені, бас қатыру – бас қатырушылық, бой ұру – бой ұрғыш, жан қию – жан қиярлық (іс), жаны ашу – жаны ашығыш, қол жету – қол жеткен (табыстар), қол байлау, қол үзбеу – қол үзбей (көмектесу), жек көру – жек көрінішті, жек көрушілік, жүз таныс – жүз таныстық, салқын қанды – салқын қандылық, бір сөзді – бір сөзділік.
Е с к е р т у. Етістік тұлғалы сөз тіркесінен жасалып, терминге айналған сөздер біріктіріліп жазылады. Мысалы: басқосулар (саяси-әлеуметтік термин, яғни белгілі бір адамдар тобының белгілі бір саяси, қоғамдық, тәрбиелік т.б. мақсатпен бас қосқан жиындарының ресми атауы), жанкүйер (спорт термині), мұзжарғыш (кеме), қаржыртқыш (машина атауы), қойтоғытпа (ауыл шаруашылық саласының термині, яғни қойға қотыр түсірмеу және қотырдан емдеу үшін қолданылатын арнаулы шараның атауы), мұзойнақ (спорт термині), өнертапқыш, өнертапқыштық, пікірталас, атқамінер, алыпсатар, ізашар, еттартқыш, шаңсорғыш (құрал атаулары). Бұлар жөнінде 58-64 параграфтарды қараңыз.
§ 55. Қыз, ер, сал, сері, батыр, балуан, сұлу, би, қожа тәрізді тұрақты эпитеттер өздеріне қатысты жалқы есімдерден бөлек жазылады. Олар жалқы есімдердің алдынан да, соңынан да келе береді. Алдынан келгенде, эпитеттер бас әріппен; ал соңынан келгенде кіші әріппен жазылады. Қыз Жібек, Ер Тарғын, Балуан Шолақ, Алдар Көсе, Ер Төлеген, Батыр Мәлік, Тентек Ояз, Кішкене Молда (соңғы екеуі Мұхтар Әуезовтің “Абай” романынан), Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Қамбар батыр, Баян сұлу, Жиренше шешен, Аяз би, Игілік би, Күреңкөз қожа (соңғы екеуі Ғ.Мүсіреповтің “Оянған өлке” романынан).
§ 56. Ұқсас жер аттарын бір-бірінен ажырату үшін сол атаулардың алдынан келетін тұрақты анықтауыштар бас әріптен басталып, бөлек жазылады: Кіші Жамантау, Үлкен Жамантау, Күнгей Алатау, Ақ Қойтас, Қара Қойтас, Орта Азия, Орталық Азия, Кіші Азия.
§ 57. Ғылымның әр алуан саласына жататын күрделі терминдердің компоненттері бөлек жазылады. Ол күрделі атаулар бірнеше тәсілмен жасалады:
1. тәуелдік жалғаулы сөзбен келеді: көмір қышқылы, тіл білімі, оқу орны, мал шаруашылығы (животноводство);
2. етістікті тіркес болып келеді. Мысалы: дауыс беру, жер аудару, шағым беру (заң термині), тыйым салу;
3. анықтауышты тіркес болып келеді: өзара әсер (философия термині),
жеке адам (личность), жәрдем ақша (пособие).
Р.Сыздықова