“ӘДІЛ-ЗАЙЫТ” — дастан. Негізгі желісін “Тотынама” мен “Мың бір түннен” алатын қисса-дастандар қатарына жатады. Бұл тақырыпта қазақ әдебиетінде “Әділ-Зайыттан” басқа Тұрмағамбеттің “Рауа бану”, Майлықожаның “Тотынама”, Мейрам Жанайдарұлының “Мың бір түннің хикаясы”, Қозыбағар ақынның “Ғаяр қатынның оқиғасы” т.б. дастандар жазылған. Олардағы оқиғалар желісі “Мың бір түндегі”, “Уәзір Данданның әңгімесі”, “Мәләкүл-Мауыт” әңгімесіндегі — Төрт жүз сексен тоғызыншы түн”, “Жеті уәзір, бір кәнизак” т.б. бөлімдерден алынған.
“Әділ-Зайыт” дастанының шетел қазақтары арасында да кең жайылғын нұсқалары бар. Оның бірі 1986 жылы Пекинде басылып шыққан он екі томдық “Қазақ қиссалары” кітабында жарияланған. Дастанда күйеуі қажылыққа кеткен әйелдің көлденең кездескен жігітпен көңілдес болып, оның көңілін табамын деп жүріп баласынан айырылып, абыройы төгілгені баяндалады. Негізгі кейіпкері — Зайыт әділдік пен адамгершілік үлгісін көрсетеді. Мал-мүлкі болмағандықтан, қайыр тілеп, күн көріп жүргенде бір кісі кездесіп: (ол — ғайыптан пайда болып көмектесетін әулие бейнесі) “Саған арамнан беретін он ділдәм бар, біраз күн азық болады, ал адалдан беретін бір ділдәм бар, нәпсіге разы болып, осыны аласың ба?” — дейді. Зайыт азға қанағат етіп, бір ділдә алып, оған құс сатып алады. Құстың бір қасиеті: намазшам болғанда қанатын сілкіп қалса, бір гауһар түседі (мифтік бейне). Содан Зайыт байып, қажылық сапарға аттанғанынан оқиға шиеленісіп, әйелінің мекерлігі баяндалады. Зайыт қажылықтан қайтып келгенде, баладан да, құстан да айырылған мекер әйел бәрінің қазасы жетіп, өлгенін хабарлайды. Зайыттың ұлы Баратты күңі құтқарып әкеткен еді, ол батыр болып өсіп, көп жылдан соң, әкесімен көріседі. Азғын шешесін өлімге бұйырады. Сол кезде Зайыт ақыл айтып: “Кең болсаң, кешірімді, кем болмайсың, Жақсының кім жетеді бағасына”, — деп, ұлын тоқтатады. Дастан некелі жарға адалдықты, рухани тазалықты үлгі ететін шығыстық нәзира үлгісінде жазылған.