КЕСКІН – нәрселердің көрінетін (кейде көрінбейтін) оптикалық және басқа физикалық құбылыстарға байланысты пайда болатын бейнесі (пішіні).
Дифракциялық кескін – электрмагниттік сәулелер немесе бөлшектер шоқтарының дифракциялары арқылы кристалдық торларды немесе өзгедей кеңістіктік периодты құрылымдарды кескіндеу.
Жорымал кескін – нысаннан (объектіден) келетін сәулелердің жалғасына қарама-қарсы бағытталған сәулелердің қиылысуынан пайда болатын оптикалық кескін. Жорымал кескінді экранға немесе фотопленкаға түсіру мүмкін емес. Бірақ та жорымал кескін өзгедей оптикалық жүйеге қатысты (мысалы, көзге немесе жинақтауыш линзаға) нысан (объект) ретінде пайдаланылады, осының нәтижесінде жорымал кескін нақты шын кескінге айналады.
Оптикалық кескін – оптикалық жүйенің нысан (объект) тарататын (шыға- ратын) және нысанның контуры мен бөліктерін қайта жаңғыртатын сәулеге әсер етуі нәтижесінде пайда болатын сурет.
Стереоскоптық кескін – заттың сыртқы көрінісі көлемді болып көрінетін оптикалық кескін.
Стигматикалық кескін – оптикалық жүйемен нысанның (объектінің) әрбір нүктесі кескінделетін, нысанның бір нүктесіне сәйкес болып кескінделетін оптикалық кескін.
Шын кескін – нысаннан (объектіден) таралып келетін сәулелердің қиылысуынан пайда болатын оптикалық кескін.
КЕСКІН ИМПУЛЬСІ (латынша «импульс – соққы, түрткі») – жеке-дара импульстік сигнал (шартты белгі, таңба).