КЕРР ҰЯШЫҒЫ – оптикалық жапқыш немесе жарық модуляторы ретінде қолданылатын Керр эффектісіне негізделген электроптикалық құрылғы; жарық ағынының қарқындылығын басқаруға арналған тез әрекетті (іске қосылу шапшаңдығы – 10–9–10–13 секунд) құрылғы. Бұл ұяшық жарық өткізетін зат толтырылған, мысалы, екі электрод матырылған мөлдір сұйық құйылып жазық конденсатор түзетін, мөлдір терезелері болатын ыдыс түрінде жасалған. Кейбір жағдайларда Керр ұяшығында және әйнектәрізді орталар пайдаланылады. Электродтар аралығынан сызықтық полярланған жарық сәулесі өтеді, электр өрісі әсер етпейтін жағдайда сәулені талдауыш (анализатор) А бөгеп қалады (талдауыш пен поляризатор айқасқан қалыпта болады). Полярланған жарық тербелістерімен 45° бұрыш жасайтын электр өрісі іске қосылған кезде сұйықта сәуленің қосарланып сынуы пайда болады, жарық толқындары эллипстік полярлануға ұшырайды және де талдауыш (анализатор) жарықты ішінара өткізетін болады. Бұл ұяшық оптикалық кванттық генераторларды басқару сұлбаларында, ғылыми жұмыстарда, шапшаң фото- және кинотүсіруде, оптикалық локацияларда, геодезиялық қашықтық өлшеу құрылғыларында қолданылады.