Әдеби ономастика

Әдеби ономастика
Дәрістің мақсаты: Әдеби ономастика мәселелері жайында білім жүйесін қалыптастыру.
Дәрістің қысқаша мазмұны. Фольклорлық ономастика әдеби ономастиканың шеңберіндегі және соның құрамына енетін жүйе болып табылады. Фольклорлық жалқы есімдер — көркем әдебиеттік мәтіндерде қолданылатын әдеби жалқы есімдерден ерекшеленетін өзіндік белгілер мен қасиеттерге ие. Ауыз әдебиеті нұсқалары халықтың ұжымдық көркем шығармашылығының нәтижесі. Фольклорлық есiмнiң семантикасы, оның қолданылу аясы, әрине, көбiнесе фольклорлық мәтiндердiң жанрлық, эстетикалық, ұлттық өзiндiк ерекшелiктерімен байланысты.
Халық ауыз әдебиеті мәтіндері мен онда қолданылатын ономастикалық бірліктер жүйесінің арасындағы жанрлық, этномәдени өзгешеліктердің өзара байланысы туралы кейінгі тарауларда толығырақ айтылады, алайда, ең алдымен, әдеби онимдердің (сонымен қатар фольклорлық) жалпыхалықтық (тілдік) жалқы есімдерден ерекшеленетін жалпы сипаттарына тоқталуды қажет деп таптық.
Әдеби ономастиканың жалпыхалықтықтан айырмашылығын екі маңызды параметр бойынша бақылауға болады:
1) ономастикалық материалдың құрамы мен сипаты бойынша;
2) онимдердің жалпыхалықтық тіл мен көркем шығарма мәтіндерінде қолданылу ерекшеліктері бойынша. Қазақтың қиял-ғажайып ертегілеріндегі антропонимдер нақты халықтық антропонимдерге жақын, сонымен қатар онда ертегілік дәу, пері, албастылардың және т.б. сипаттық, бейнелік, «сөйлеуші» аттары болып табылатын антропонимдердің «ертегілік» үлгілері берілген. Қазақтың тұрмыстық ертегілерінде де сипаттамалық «сөйлеуші» аттар аз емес, олардың бір бөлігінде образдық-стилистикалық қызметті атқаратын стильдік реңк төмен. Қазақ ертегілеріндегі антропонимдердің кейбір бөлігі, шығыс фольклоры батырлық эпостың жоғарыда аталып өткен жазба әдебиетінің ықпалы нәтижесінен, араб-парсы және ортаазиялық мәдениет антропонимдерімен байланысты. Хайуанаттар туралы ертегілерде жалқы есімдер болмайды, бірақ кейбір хайуандардың жалпы аттары белгілі бір мөлшерде онимдік қолданыс деп қабылданады. Қазақтың ғұрыптық фольклорындағы төрт түлік туралы өлеңдер ономастиконында, төрт түлік малдың пірлері-жебеушілері Шопан ата, Жылқышы (Қамбар) ата, Сексек (Шекшек) ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба аттары негізгі ономастикалық бірліктер болып табылады.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1) Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер.- Алматы, 1965 -142 бет.
2) Мәдиева Г., Иманбердиева С. Ономастика: зерттеу мәселелері.– Астана, 2005.- 240 бет.
3) Мадиева Г. Теория и практика ономастики. – Алматы, 2003.- 152 стр.
4) Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. – Астана, 2006.- 400 бет.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *