Ономастикалық әдістер мен тәсілдер, ономастикалық зерттеулердің негізгі бағыттары мен аспектілері
Дәрістің мақсаты: Қазақ тіл біліміндегі ономастикалық зерттеулердің тәсілдері мен әдістемесі жайында білім жүйесін қалыптастыру.
Дәрістің қысқаша мазмұны. Қазақ ономастикасының даму барысындағы ономастикалық зерттеулердің басты ерекшеліктері төмендегідей: 1) негізінен антропонимдер мен топонимдер зерттелген; 2) антропонимдер мен топонимдердің этимологиясы, стратиграфиясы, құрылымдық-сөзжасамдық лексика-семантикалық топтары қарастырылған; 3) Қазақстанның көптеген аймағы топонимиялық зерттеулермен қамтылды; 4) тоқсаныншы жылдардан кейін аймақтық топонимия лексика-семантикалық, морфологиялық бағыттармен қатар, этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады.
Қазақ ономастикасының қалыптасуы мен дамуын шартты түрде былай сипаттайды: І кезең — 1949-1970-ші жылдар. Бұл кезеңде қазақстандық ономастикалық мектеп қалыптасты; қазақ топонимдері мен антропонимдері зерттелді, олардың этимологиясы, құрылымдық және лексика-семантикалық топтары анықталды; топонимиялық жүйенің стратиграфиясы айқындалды; географиялық терминдердің топонимдер жасаудағы орны мен рөлі анықталып, зерттелді; ІІ кезең — 1970-1995 жылдар арасы. Бұл кезеңде аймақтық, топонимиялық зерттеулер дами түсті; ономастикалық теорияларға назар аударылды; топонимдер мен антрононимдер этнолингвистикалық бағытта зерттеле бастады; ономастикалық зерттеулердің ауқымы кеңейді — космонимдер, зоонимдер, Қазақстан территориясындағы орыс топонимдері зерттелді; топонимиялық және антропонимиялық атауыштық уәждер анықталды; түркі-моңғол топонимиялық сәйкестіктері зерттелді; ономастикалық қолданбалы аспектілер қарастырыла басталды, транскрипция мен транслитерация негіздері жетіле түсті, жалқы есімдерді стандарттау мәселелері қарастырылды, ономастикалық сөздіктер жасалды; ІІІ кезең — 1995 жылдан күні бүгінге дейінгі аралықты қамтиды. Бұл кезеңде аймақтық топонимиялық зерттеулер өз жалғасын тапты; ономастикалық (топонимиялық, антропонимиялық) сөздіктер жасалды; топонимдер мен антропонимдердің салғастырмалы зерттеулері даму үстінде; ономастикалық зерттеулердің нысандары эргоним, идеоним, мифонимдер болуда; жалқы есімдерді зерттеуде жаңа әдістер мен бағыттар қолданыла бастады. Дескриптивті (сипаттау) әдіс – зерттеліп отырған аймақ, қандайда бір әлеуметтік орта, жазба мұралардың т.б. белгілі бір тарихи кезеңдегі жалқы есімді рет-ретімен сипаттау. Типологиялық әдіс – ұқсас ономастикалық құбылыстарды анықтау және ономастикалық универсалийлерді, заңдылықтарды әр тілде салғастыру. Компаративтік (салыстырмалы-тарихи) әдіс – бұрынғы ономастикалық жағдайды талдау, тілде жоғалған немесе белгілі бір себептермен өзгерген атауларды талдау, этимологиялық, стратиграфиялық талдаулар әдісі. Ареалды әдіс – ономастикалық зерттеу арқылы анықталатын жалқы есімдердіңқайталанушы элементтерінің, типтері мен үлгілерінің таралу аймағын анықтау, осы әдісте ономастикалық картография тәсілі де қолданылады.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1) Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі жалқы есімдер.- Алматы, 1965 -142 бет.
2) Мәдиева Г., Иманбердиева С. Ономастика: зерттеу мәселелері.– Астана, 2005.- 240 бет.
3) Мадиева Г. Теория и практика ономастики. – Алматы, 2003.- 152 стр.
4) Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. – Астана, 2006.- 400 бет.
5) Әлімхан А.Ә. Жер-су атауларының ұлттық-мәдени негіздері.- Өскемен, 2003.- 124 бет.