КЕҢІСТІК – физиканың нысандардың ұзындықтары мен өзара орналасу қасиеттері сипатталатын негізгі ұғымы. Философиялық тұрғыдан алғанда ке- ңістік – материяның «өмір сүруінің» екі формасының бірі, екіншісі – у а қ ы т. Әрбір құбылыс кеңістікте уақыттан тыс немесе белгілі бір уақытта кеңістіктен тыс бола алмайды.
Заттар кеңістігі – оптикалық жүйелер арқылы пайда болатын заттар кескіні нүктелерінің жиынтығы.
Изотоптық кеңістік – изотоптық спиннің мүмкін болатын мәндерінің жиынтығы.
Импульстік кеңістік – фазалық кеңістіктің кіші кеңістігі болып табылатын жалпыланған импульстердің көпөлшемді кеңістігі.
Катодтық күңгірт кеңістік – төменгі қысымды газда солғын разряд кезінде катодтың маңайында пайда болатын күңгірт кеңістік.
Көпөлшемді кеңістік – фазалық жүйе күйін анықтайтын айнымалы шамалардың мәндері қамтылған аймақтың геометриялық бейнесі; әрбір нүктесіне кез келген күй сәйкес болатын айнымалылардың мәндері көпөлшемді кеңістіктің координаттарының нүктелері болып табылатын кеңістік.
Фазалар кеңістігі – механикалық жүйенің жалпыланған координаттары мен жалпыланған импульстерінің көпөлшемді кеңістігі.
Фарадейлік кеңістік – төменгі қысымды газда солғын разряд кезіндегі жарқылдан соң пайда болатын күңгірт кеңістік.