ӘДЕБИЕТ ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛАРЫ

ӘДЕБИЕТ ЭНЦИКЛОПЕДИЯЛАРЫ -ақын-жазушылар, әдебиеттанушы ғалымдар, сыншы-зерттеушілер туралы библиографиялық очерктер мен әдебиет тарихы, теориясы, методологиясы, әдебиеттану терминдері мен ұғымдарын алфавитті-пәндік ретпен жүйелеп беретін ғылыми-анықтамалық басылымдар. Әдебиет энциклопедияларында ауыз әдебиетінен бастап қазіргі заманғы әдебиетке дейінгі кезең, жалпы әдеби процесс толық қамтылады. Бұнымен қатар, әдеби музейлер, ірі тұлғалардың мұражайлары, портреттері, әдебиетке қатысты иллюстрациялар, библиогр. мәліметтер де беріледі. 

Әдебиет энциклопедиялары — әлем халықтарының көбінде бар, дәстүрлі басылымдардың бірі. Оның басқа энциклопедиялардан өзгешелігі берілетін мақалалар деректер мен мәліметтерге ғана сүйенбей, еркін стильмен жазылады. Әдебиет энциклопедияларының әмбебап, ғұмырнамалық, библиографиялық, анықтамалық т.б. түрлері бар. Жарық көрген Ә.э-лері ішіндегі іргелілері: “Әлем халықтарының мифтері” (1 — 2 т., М., 1980 — 1982), “Әлем әдебиеті мен өнерінің үлкен сөздігі” (Сеул, Корея 1962), “Әлем әдебиетінің энциклопедиясы” (Токио, Жапония, 1973) т.б. 

Ә.э. Қазақстанда 20 ғ-дың 60-жылдарынан бастап жарық көре бастады. Негізінен, олар анықтама түрінде болды. Олар: «Қазақстан жазушылары. 1917-1967.» (А.,1969), «Қазақстан жазушылары: Анықтама (А.,1982), «Советтік Қазақстан жазушылары» (А., 1987),т.б. 1995 ж. А.Құнанбаевқа арналған тұңғыш ғұмырнамалық «Абай» энциклопедиясы жарық көрді. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *