
Нұра – Қостанай, Астана, Қарағанды облыстарының жері арқылы өтетін өзен. Бұл атаудың шығу төркіні жайлы пікірлер әр қилы. Зерттеушілер монғол тіліндегі «нураа», «нуруу» және «нур» сөздерін бір қатарға қойып, осы сөздердің бәрін «нұра» сөзінен өрбіген немесе өзгерген түрі деп жаңылыс талдайды. Бұл сөздердің монғол тілдерінде жеке-жеке мағынаға ие, дербес лексема екендігінде мән бере қарастырғанымыз жөн. Монғол тіліндегі норах – «опырылыс», «құлау; бур. нуралта – «құлау, жылжу»; монғ. тілінен эквенк тіліне енген «нура» – «жар». Монғ. нуру – «тау жотасы, тау сілемі», «тізбегі». Ғ.Қонқашбаевтың анықтамасы бойынша: «Нұра – көлбей созылған тік бетті сай не жыра; құлама». Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде: «Су орған жыра, терең сай».
Е.Қойшыбаев монғ. тіліндегі нуру – «тау жотасы, төбесі», «нұра» және «нарын» сөздернің түбірі бір деп қарап, әрбір сөздің лексикалық мағынасы мен сырт тұлғасына мән бермеген.
Демек, «Нұра» атауы – монғол тіліндегі «нураа» сөзінің тілімізге бейімделіп, өзгерген түрі. Мағынасы «су орған арна, сай, содан аққан өзен» дегенді білдіреді.